Есіктің маңдайшасына таға ілу ненің нышаны?
Ауылдағы үйлердің, шаңырақтың тұрмыстық жағдайы қаншалықты екенін шамалайсың ғой. Тіпті бөтен үйге кіріп, мән-жаймен таныспай жатып-ақ, кіреберісте бар жағдайға қанық болатындайсың. Неге десеңіз, ауызғы үйден (біз жақта оны «сене, сенек» дейді) дәлізге кірер есігіңіз қандай «әлемге» кіреріңді байыптап беретіндей. Бір үйдің есігінің жоғары жағында бұғының бас қаңқасы мүйізімен ілулі тұрады. Бұған қарап бұл үйдің жағдайы тәуір-ақ екен дерсіз. Енді бір үйде әртүрлі металдан жасалған тағаның ілулі тұрғанын көресіз. Бұл үйден де ауызды құр шөппен сүртіп шықпасыңызға сенім мол дей беріңіз. Ал адыраспанды ауылдағы кез келген үйден кездестіруіңізге болады.
Балалық шағыңда түсінбеген, мән бермеген жайларға жылдар өте бажайлай қарайсың. Жұмбақ дүниелердің сырына үңілесің. Біз-дағы бүгін сол балалығымыздағы бір жұмбағымыздың сырына үңіліп көрсек дейміз. Онымыз – таға, есікке таға ілу дәстүрінің тарихы. Ат тағалаудың технологиясы мен қыр-сыры жөнінде де біраз әңгіме айтпақпыз…
Таға ілу дәстүрі Ежелгі Египеттен және Рим империясынан бастау алады екен. О заманда тағалы аттар аса бай адамдарда ғана болыпты. Аттардың тағасы түсіп қалатын болса, мұны сәтсіздікке, жолы болмаушылыққа балаған деседі. Ал Үндістан, Ресей, Еуропа елдерінде темір таға «бақыт тұмары» саналыпты. Әгәрәки, жолаушы көшеден таға тауып алар болса, оны үйіне әкеп, есігіне шегелеп қояды екен. Бір қызығы, жылқының тек артқы аяғының тағасын айрықша құрметтеген.
Аңыз бойынша, зұлымдық атаулы темір ұсталар мен олардың жасаған тағасынан қорқады-мыс. Сонымен бірге, таға табысқа жетуге, күштілікті, тілекті орындауға, бай болуға, отбасы махаббатын арттыруға көмектеседі деп сенген. Атақты физик Нильс Бор өз үйінің маңдайшасына ілінген таға туралы айтыпты. «Әрине, мен тағаның сәттілік әкелетініне сенбеймін. Бірақ мен оның мұндайға көмектесетіні жайлы естідім», – дейді физик.
Тағалауды алғаш рет темір және қоладан тәжірибе ретінде жасап көрген. VI ғасырда немістер, славяндар мен вендалықтар оқта-текте жасағаны мәлім болды. Гректерде ат тағалау бар екені туралы IX ғасырда айтылған. Немістер тарапынан Константинопольға (қазіргі Стамбұл) әкелінген болуы мүмкін. Ал Еуропада жаппай ат тағалау ХІІІ ғасыр еншісінде. Басты негізі сол – ат тұяғын сақтау.
Ал бұл дәстүр қазаққа қалай келді? Қазақтың наным-сенімінде бар дүние ме, әлде бодандықтың ықпалы ма?
Жылқы мен қазақты айырып қарау мүмкін емес. Ал қазақ қауымы ат тағалауды қашан бастады? Бұған қатысты деректі «Қазақ жылқысының тарихы» кітабынан (автор – Ахмет Тоқтабай) кездестірдік.
«Ат жабдықтарының ең соңғысы – таға VIII-IX ғасырларда бірнеше елде бір мезгілде қолданылған, сондай-ақ крест жорықтары тағаның дамып жетілдіруіне себепші болған дейді зерттеушілер. Еуропа елдерінде ат тағалауға ерекше мән бергені соншалық, «бір мемлекеттің тағдыры бір шегеге байланысты» деген мәтел болған, себебі «шеге тағаны сақтайды, таға атты сақтайды, ат батырды сақтайды, батыр қамалды қорғайды, қамал бүкіл мемлекетті қорғайды». Қазақта атты жорыққа шыққанда тағалаған. Қазақ жылқыларының қатты құйма тұяғы тағаны керек етпеген. Бірақ хан, сұлтан, батырлар тұлпарын көбінесе сәндік үшін алтын, күміс тағамен тағалағаны халық эпосында кездеседі:
…Тұсар ма билер, тұсар ма!
Арғымақтың аяғын,
Алтынменен тағалап,
Күміспенен шегелеп,
Игі жібек тұрғанда,
Арқанменен тұсар ма?..»
«Таға құдіретсіз емес…»
Әуелгі қанық болған жай осы. Одан соң ат тағалаудың технологиясын білу үшін «Қазақфильм» киностудиясындағы шеберхана қызметкері, білдей киностудияның ат әбзелдеріне жауапты боп жүрген Әріби Әрібек Дауылға жүгіндік. Әріби әуелі ақын. «Ат тағалап, атан қомдап ержеткен, Ең соңғы ақын мына мен ем бұл маңда» деген Есенғали көкеміздің жырына шамданып жүрген ақын достың жылқы дегенде шығарда жаны бөлек. Жасырары жоқ, ауылда ат ұстап көрмеген соң, таға туралы егжей-тегжейлі сұрадық.
– Кез келген нәрсе тұрмыстық қажеттіліктен туған, – дейді Әріби дос. – Таға не үшін керек? Ең бірінші, жылқы тастан тасырқамас үшін, әрине. «Арғымақ аттың тұяғы сазды басса жетілген, тасты басса кетілген» дейді. Таға әуелде тасты жерде немесе мұзды жерде пайда болған. Не де болса алғаш рет таулы жерде пайда болып, қолданылса керек. Өйткені тағаның өзі жайпақ және жайдақ деп бөлінеді. Қыста жайылыста жүрген жылқылардың қарды тебуі үшін алдыңғы екі аяғын тағалайды. Айғырдың төрт аяғын үшемшек тағамен тағалайды. Ол бір жағынан қасқырға және басқа үйірге өзінің биесін бермес үшін керек. Ал буаз бие болсын, қысыр бие болсын, жаңа қосылған байтал, дөнежіндердің алдыңғы екі аяғын тағалайды. Мұның бәрі тебіндеп жайылған жылқының тасырқамасы үшін керек. Бес жасқа дейін жылқы баласы жанын аямайды. Яғни, тағаланбаған жылқы бес жасқа жетпеген болса, ол таудан да, тастан да қайтпайды.
Мұжылған, кетілген тағаларды «қасаң таға» деп атайды. Сол қасаң тағаның балағын кесіп алып, тағаны кішкене иіңкіреп, құнанынан бастап тағалайды. Тайды ешқашан тағаламайды. Өйткені қара өлеңде «шеге тиген жүйріктей шайлықтым мен» деген сөз кездеседі. Жылқының тұяғы тұрасынан бастап үштен екі бөлігі ақтұяқ боп есептеледі. Ақтұяқ пен қаратұяқтың ортасынан, көбіне қаратұяққа жақын алып кіргізеді. Аттың ақтұяғына шеге бойлап кіріп кетсе, ол бір айдай аяғын дұрыс баса алмайды.
Тағаның ең бір құдіретті жері мынау: барымта-сарымта кезінде әбден бабына келген айғырлардың артқы екі аяғын емшек тағамен (қайырма, бүршік) тағалайды. Сосын өзі өштескен, қастасқан жерге қоя береді. Сол айғыр кез келген үйірде жүрген көбең немесе белі босап қалған айғырдың биелерін тартып алып, өзінің жеріне алып келеді. Жаз бойы мінген аттың қыстан аман, күйлі шығуы үшін көбіне емшек тағамен тағалайды. Өйткені үшемшек тағаның соғылуы қиын және таптырмайды.
Өнердің ішіндегі ең жоғарғысы – ұсталық өнер. Теміршілікті жоғары қоятын себебі – Дәуіт пайғамбардан қалған өнер деп есептейді. Қазақ қауымы Дәуіт пайғамбардың ұсталығын ұлықтаған. «Дәуіттен қалған көрік» деп, іске кірісер шебер «менің емес, Дәуіттің қолы» деп жұмысын бастайды. Темірді балқытатын көрік туралы айта кеткен жөн. Қазіргі біз қолданып жүрген көмір темірді балқытпайды. Біз жақта қарағайдың көмірімен балқытады. Алтайдың «шеге батпас қызыл қарағай» деген түрі бар. Соны жаңқалап, отқа салады. Ол әбден шоқ боп қызарған кезде үстіне су құйып кеп жібереді. Сонда ол жеп-жеңіл көмірге айналады. Атамыз сол қарағайдың көміріне темір балқытатын.
Адам неге сенсе, соның киесінен қорқады ғой. Біздің ұғымда көріктен аттап кеткен адам оңбайтын болған. Соншалықты қажетті нәрсе болған ғой. Ал таға соғу, шеге соғу дегеніңіз ұсталықтың бергі беті. Ұсталықтағы ең басты нәрсе, шеберлік – ақ темір, қара темір болсын, оның суын ұстау. Бір нәрсенің суын тауыпты деп жатады ғой.
Тағаны кез келген адам соға алады. Ал оның шегесін соғу, яғни тағаның шегесін жасау әлдеқайда қиын.
Біздің Алтай жақ – тастақ жер. Сол үшін түйені де табандайды. Тағалаудың бір түрі ғой. Көн теріні үш-төрт қабаттап, кигізеді. Өгіз бен сиырды да тағалайды. Олардікін «ай таға» деп атайды. Аттың тағасы доға боп келсе, бұлардікі тағаның жартысындай болады. Атты тағалау аса қиын шаруа емес дедік. Ал сиыр мен өгізді мықты тағашылар ғана тағалайды. Сосын қошқардың, құлжаның мүйізінен өлшеп кесіп алып, оған келмесе отқа қыздырып иіп те таға жасайды. Бұны «мүйіз таға» дейді. Мұның шегесін сиырдың мүйізінен жасайды. Мүйіз шегенің ұшын қайтару үшін отпен қарып қайтарады.
Біздің дастандарда, батырлар жырында «атын төрт тағалап, бес тағалап» деген тіркестер кездеседі. Ол – жолдың алыстығын, күрделілігін білдіретін өлшем. Тастақ жер мен құмдауыт жермен жүрсе, таға тез тозады. Төрт тесігі бар тағаны екі көзді таға, ал алты тесігі бар тағаны үш көзді таға деп атайды. Біздің аттарды тік тұрып тағалайды. Ал көптен отырықтанған жерлерде дарға асып тағалайды. Не болмаса атты жығып тағалайды. «Тағашы тағашы емес, ұстаушы тағашы» деген сөз бар. Яғни, аттың қаратұяғынан мықтап ұстап тұру үшін үлкен күш керек. Бәйгеге шабатын аттарды жаңадан тағаламайды. Қасаң, ескі тағаларды тағалайды. Жаңа тағалар аттың табанын қыздырып жібереді. Бұл бәйге өтетін жердің табиғатына байланысты. Тағаға үйреніп алған аттар болады, олар тағаны сүйіп шабады. Ал тағасыз болса тасты жерде тасырқап, шаба алмай қалады. «Ер Төстік» ертегісінде:
«Алты аяқты ала атың –
Қулық бие құлыны,
Табанынан тас басса,
Маңдайынан күн өтсе,
Алты күнге жарамас.
Жеті аяқты жиренің –
Кәрі бие құлыны,
Табанынан тас батса,
Маңдайынан күн өтсе,
Жеті күнге жарамас» деген сөз бар.
Қулық бие дегеніңіз – ең бірінші туған бие. Көбінесе шағыр, көк көзді аттар күнге қарап шабады. «Ер Тарғын» жырында «құла ат қуса, құмға қаш; торы ат қуса, тауға қаш; шағыр ат қуса, күнге қарай шап» деген жолдар бар.
Батырлар жырында:
«Көк ат міндім тағалап,
Мұздан шықтым жағалап», – деген тіркес бар. Үш емшекті тағамен кез келген мұздан шауып өтуге болады.
Аттың аяғының «тұра» деген жері бар. Табанының ойық жері ғой. Кейде емшек тағалардың сыртында да қалың боп мұз қатып қалады. Сол үшін тағаламас бұрын аттың табанына көн теріден немесе былғарыдан тұяқпен бірдей ғып шаптайды, сосын барып тағалайды. Сонда тұрасына қар тұрғызбайды.
Атты теріс тағалау деген болған. Олай тағалайтын болса, өзің батысқа кетіп бара жатсаң, із шығысқа кетіп бара жатқаныңдай болады. Бұл біріншіден, ізден адастырса, екіншіден, балға теріс түседі. Бал дегеніңіз – балшының, құмалақшының қолындағысы.
«Махаббат сыйлаған таға»
Үшқоңырдың үшінші қоңырының етегінде, Әріби достың үйінде ат тағалаудың қыр-сыры туралы әңгіме естідік. Ескі, қасаң тағалардың бірнешеуі бар екен. Әлгінде айтқан көрігі де сақтаулы тұр. Атадан қалған мұра. «Атамның иісі бар» деп, қайта-қайта иіскейді.
Қош, бір мақала жазу барысында таға жайлы көп жайға қанық болдық. Мәскеуде бір жыл оқып келген бір досымнан орыс халқының тағамен байланысы туралы сұрап едім. Онда да кез келген үйде ілулі таға тұратынын айтты. Тіпті тағаға ұқсатып тоқаш пісіріп, таға орнына іліп қояды екен. Әбден шіріп кеткенше тұратын көрінеді. Құдайға шүкір, таға ілсе де біздің қазақ мұндай обалдыққа барған емес. Тәрізі, дүкеннен сатып ап жеп жүрген тағаға ұқсас бәліштер де сол орыс халқынан келген болса керек.
Тағы бір қызық жай: АҚШ-та Нью-Плимут деген қала бар. Қалаға тағылған лақап атау – «Әлемдегі ең үлкен таға». Неге-дүр, қаланың құрылысы кәдімгі тағаға ұқсатып жасалған.
Біздің оңтүстіктің қазақтары нағашыны «таға» деп атайды. Бұл да қызық жай. Басқа өңірдің адамдары үшін құлаққа тосын естіледі. Бұның кәдімгі тағаға қатысы жоқ па екен деп, оның да түбіріне үңілдік. Сөйтсек, парсы тілінде «тағ» сөзі туыс деген мағына береді екен. Ал «ашы» – қыз бала мағынасында. Ертеректе бұл сөз барлық жерде солай айтылып жүрген де, кейін «т» дыбысының орнын «н» дыбысы басқан-мыс. Оған тағы бір дәлел – тығыз-нығыз. Иә, бұл біз айтып отырған тағаның омонимі ғана болып шықты.
Қаратабан студент кез. Жастық шақтың бәрі – махаббат маусымы. Досым бір сұлуға ғашық екен. Өзінің айтуынша, қыз да «үйірге қосылмаған», ғашықтың көзі түссе де, сөзі түспеген уыз екен. Біздің досқа да жүрдім-бардым көнбей жүр. Әйткенмен ынтық жүрек одан қайтпайды. Алып-ұшып барады да тұрады. Қыстың аяғы, жер алақаншықтанып жатқан кез екен, досымыз әлгі аруға жол тартып бара жатады. Тротуардан қашқақтап, әдейі қара жермен жүріпті сол күні, Құдая тәуба. Кенет аяғына әлдене ілініп, орала көтеріліп, алдына топ етіпті. Сөйтсе, таға. Кәдімгі таға! Өзі де ат тағалап ер жеткен, жазбай таниды. Іле көтеріп, қалтасына сүңгіте қояды. Сол күні әлгі ару да досымыздың көңілін қабыл алыпты. «Таға жолыққанда соны ырымдап едім» дейді досым.
Таға турасында тағы бір қызық әңгіме естіп едім. «Қашқан қоян жатқан қоянды іле кетеді» дейді, соны да жаза кетелік. Ауылда өскен, «ат тағалап, атан қомдап ер жеткен» ақын досымның бірі айтқан әңгіме.
Әрине, біздің қазақ жоққа сене бермейді. Үйіне таға іліп қойған таныс-білістерден сұрағанымда, оны не үшін ілгенін өздері де білмейтін болып шықты, шынында. Бұл сол бодандықпен келген наным секілді көрінеді.
Қытайда тұратын қазақ бауырларымызда мұндай дәстүр жоқ екен. Қазақтың байырғы салт-дәстүрін мықтап ұстанатынын ескерсек, бұл да бір себеп. Дегенмен, қазақтың ат әбзелдеріне аса қатты көңіл аударғаны, оларға құрметпен қарайтыны әлі күнге сол қалпы. Бәлкім, сол үрметтің бірі шығар. Асқар Сүлейменовтің өзі де үйіне таға іліпті дегенді естіп едік. Соны анықтау үшін Асекеңнің жары Әлия Бөпежанова апайымызға хабарласып едік, оны растай алмады. Дегенмен ат әбзелдеріне ерекше құрметпен қарағанын, жылқы десе Асекеңнің әңгімесі таусылмайтынын айтты.
Таға туралы әңгімені қалай айтсақ та, жағалы алтын ердің тұлпары күміс тағалы…
«Ақ желкен» журналы, №1