Қаржаубай САРТҚОЖАҰЛЫ, Қадыл АЙДАУБАЙҰЛЫ. Бәйге атына байланысты салт-жоралғылар
(Монголия қазақтарының жылқы шаруашылығы негізінде)
Жарататын жүйрік атты алғаш жылқыдан сәтті күні (сәрсенбі, жексенбі күні түстен кейін) ұстап, басына ноқта салып, екі құлаш жарымдай өте жұмсақ иленген қайыстан шылбыр тағып, маңдайына сары май жағып, төбесінен сауырына дейін ақ құйып «Ақ дәмге тапсырдым, ағарып алдына шық» деп игі тілек тілеп құбылаға қаратып кермеге байлайды. Аяғына шідер салмайды, бос немесе арқандап жайылтады.
Қаражарысқа (қамау тер) шығар алдында ноқтасын алып, сол жүйріктің өзіне арналып істелген жүгенмен жүгендеп, шылбырын жүгеннің сулығына байлайды. Кекілін түйіп, құйрығын екі жарып өріп, ақ матамен байлайды. Қайсыбір тайпаларда үштен жеті бөліп өреді. Әрбір өрім сайын құйрықтың ортасына таяу бір түп бос қыл тастап кетіп отырады. Ал бұндай дәстүр орта ғасырда өмір сүрген (Шығыс Түркістанда) қараханид (қарақытайларда), моңғолдарда күні бүгінге дейін жалғасып отыр. Түп құйрығына 7 немесе 15 тал үкі (үкінің саңғыруы) тағылады, Бәйгеге шабар алдында және бәйгеден келгеннен кейін, атқа шашу шашылып таламақай болады. Шашудан ауыз тигендер «Бәйгелі болсын» деп тілеу тілейді. Жарыс жолына дейін жүйрікті кежімдеп жетектеп барады. Ал шабандоздар арнаулы ер-тоқымды атпен жүреді. Жүйрікке жайдақ мініп шабады. Көмбеден бәйге жолына шығарда жүйріктің кежімін сыпырып, шылбырын шешіп алады да баланы көтеріп «Бисмилла» деп аттандырады. Баланың маңдайынан иіскеп, «Аллаға тапсырдым, маңдайын жарылып, аман кел» деп іштей тілек тілейді. Басқалар бір-біріне «Ат бәйгелі болсын» деседі. Бәйге атына 8-12 жасар еркек балалар мініп шабады. Әйелдерді жүйрік атқа мінгізбейді. Сондықтан да қыз балаларды атқа шапқызбаса керек. Әлбетте, қыз балаларды атқа шапқызу — олардың денсаулығына да зиянды екенін еске алған жөн.
Әрбір бапкер сәйгүліктерін тіл-көзден, адамның сөзінен сақтау үшін кежімдеп (жабулап) жаратады. Кежім ақ түсті болумен қатар шашақталып, әшекейлендіріп істелген болу шарт. Кежімнің ақ түсі – аттың жүнін күн сәулесінен сақтаса, әшекейі – сұғанақтардың көзінен және сөзінен сақтайды. Көздің құрты, тілдің уы — атта емес, әсем кежімде қалады-мыс…
Шабандоз ұстайтын қамшының сабы бір қарыс, оған қосылған қарыстан тастам (35 см) мөлшеріндегі әлім-перім тобылғы немесе ұшқат болғаны абзал. Ырғай, жыңғыл, қарағанмен қамшы саптамайды. Ал, өрмесі сабының мөлшеріндей ұзындықтағы алты таспалы сиыр немесе жылқы терісінен өріледі. Жұмсақ қайыстан таспа тіліп бүлдірге байлайды. Бүлдіргенің кеңдігі баланың қолының мойынына дейін өтіп тұру шарт. Жол ортасында аттың көзінің терін сүртуге арнап бүлдіргеге беторамал байлайды.
«Жүйрік аттың бәйгесі, көптікі» дейді халқымыз. Ертеректе алдымен келген аттың бәйгесін сол елдің төресіне ұсынады екен. Ал қазіргі атбегілер бәйгесін өзі алмайды, ағайын-туғанына дос жаранына береді де той жасап, көптің игі тілеуіне бөлінеді.
Жүйрік атты сатпайды. Бұрынғылар «Ат сатқан байымайды, атты сатып алған байиды» деген екен. Қыз алуға құда түскенде сәйгүлік аттар және жүйріктер қалауға кетеді. Амал нешік адамнан артық емес қой.
Қазақ жүйрік атының сүйегін де қадірлеген халық. Сойған немесе өлген аяулы атының басын адам баспайтын жерге, шыңның басындағы жартастарға, биік ағаштың басына қоятын болған. Кейбіреулер: «Жануарым, шөлдемей жатсыншы», деп тас байлап, терең суларға батырып жібереді.