Соғыс кезіндегі жылқылар
Айбынды қызыл әскер құрылған алғашқы күннен бергі тарихи документ, кітап пен фотоальбомдарды парақтай отыра, тіпті кейбір киноленталарына да мұқият көз салсаңыз оның әр беті, әр кадры талай даңқты оқиғаларға қайта «жан бітіреріне» тағы да куә боларыңыз сөзсіз. Азамат соғысы жылдары атты әскерлеріміз басқа әскерлер құрамында жас Совет өкіметін қорғады.
Азамат соғысының бастапқы кезеңінде-ақ атты отрядтардың әскери қимылдары жалпы атты әскер жас Қызыл Армияның жауларына шешуші соққы беретін бірден-бір сенімді күш атты әскер екенін сол кезде-ақ көрегендікпен аңғара білген РКП (б) Орталық Комитеті, міне, сондықтан да атты әскер құрамаларына ерекше маңыз беріп отырды. Оған партиямыздың Орталық Комитеті Ұйымдастыру бюросының циркулярлық хаттары куә бола алады. Онда барлық партиялық ұйымдарға қызу үндеу тастаған мына сияқты: «Атты әскерлер бөлімін құруға көмектесіңіздер. Барлық коммунист-шабандоздарды советтік кавалерия ячейкаларын ұйымдастыруға тартыңыздар!» деген ұрандар жазылған-ды. «Пролетарлар, атқа мініңдер!» деген ұран да сол уақытта туындайды. Қызыл Армия құрамында енді эскадрон, атты әскерлер полкы, бригада мен дивизиялар құрыла бастайды. 1919 жылы 26 июньде Қызыл тулы 4-ші және 6-шы атты әскер дивизиялары бірігіп, 1-ші атты әскер корпусын құрайды да, ал сол жылғы 19 ноябрьде Оңтүстік майданға жарияланған бұйрық бойынша осы атты әскер корпусы негінзде С.М.Буденный басшылық еткен 1-ші Атты армия құрылды.
1-ші Атты армия кавалеристері жас Совет өкіметін жан-жақтан қыспаққа алған әр түрлі жаулармен мыңдаған километр бойынша қырғын соғыс жүргізе отырып, революциялық батылдық, ерлік, жалынды патриотизм, табандылық танытып қандай да қысылтаяң шайқаста жеңе білудің теңдесі жоқ үлгісін көрсетті.
1-ші Атты армия қатарынан Совет Одағының Маршалдары Г.К.Жуков, К.К.Рокоссовский, К.А.Мерецков, С.К.Тимошенко, К.С.Москаленко, А.А.Гречко, А.И.Еременко, авиация Бас маршалы П.Ф.Жигарев, армия генералы А.В.Хрулев, И.В.Тюлепов және басқа да көптеген көрнекті әскери қолбасшылар шықты.
***
…Ұлы Отан соғысы жылдары Совет Армиясы әскери қару-жарақ пен әскери техниканың барлық түрімен жарақтанған-ды. Алайда техникамен бірге майданда (армияда) еліміздің жылқы заводтары мен колхоз-совхоздары жіберіп отырған көптеген жылқылары пайдаланылады. Жылқы армияның барлық түрінде сенімді жүк көлігі болды. Сықырлаған аяз бен аласұрып, ұлыған борандарда, көктемгі және күзгі лайсаңда, орманды-батпақты және таулы жерлерде, басқа да осы сияқты машиналар өте алмай жатқан жерлермен – жылқы жануары әскерлерді жаяу қалдырмады. Жүздеген мың тонна жүк соғысып жатқан армияның алдыңғы шебіне осы аттармен жеткізілді.
Осы соғыс жылдары советтік партизан қозғасылында да жылқы орасан зор роль атқарды. Ұлы Отан соғысы жылдары партизандар өміріндегі жылқының алатын орны мен маңызы жайында партизандар құрамаларының командирі екі ерт Совет Одағының Батыры атанған С.А.Ковпактың былай дегені бар: «…Партизан соғыстары жағдайында ешқандай двигатель, ешқандай машинаң, жылқыны ауыстыра алмайды. Біріншіден, машинаға жанар май қажет, ал жылқыға азықты қайдан болсын табуға болады. Екіншіден шу бәсеңдеткіштің ең жетілген түрі де мотордың гүрілін тұншықтыра алмайды, ал біз аттардың тұяғын шүберекпен орап алып жау гарнизондарының жанынан 50-100 метрге дейін дыбыс шығармай өтіп кете беретінбіз. Үшіншіден, машинаға арнайы жол салу керек, ал біз мүлде жолсыз жерлермен, ұйытқыған боран, үскіріктерде, тіпті самолет ұша алмайтын тұмандарда, түнде – 50-60 километрлік асуларды алып жүрдік».
Ұлы Отан соғысы жылдары совет Армиясында кавалериялық және механикаландырылған – атты корпустар жасақталды. Олар майдандарда ерлік көрсете жаудың тірі күштері мен техникаларын құртты, олардың гарнизондарына шабуыл жасап, тылдарына дейін ойран салып қайтып отырды.
Советтік кавалеристер Подмосковье даласында қаһармандықпен ерлік үлгісін көрсете отыры, азамат соғысы батырларының даңқын арттыра түсті. 1-ші Атты армияның даңқты әскери дәтүрінде тәрбиеленген советтік кавалеристер өзінің әскери жолдарын 1941 жылы Москва қабырғасынан бастап, төрт жылдық қанды соғыстың от бүріккен күдерін бастан кешті. Олар Отан үшін жан пида етіп, жау қолынан Кавказды босатуға және гитлершілдерді Сталинград түбінде талқандауға, Украина, Белоруссия мен Карпаттағы соғыстарға, Румыния, Венгрия, Чехословакияны азат етуге және Берлинге шабуыл жасауға қатысты. Біздің қаһарман жауынгерлеріміз көгілдір Дунай, Ширсе мен Эльба жағалауына келгенде ғана «аттарының ауыздығын алып суарды». Ұлы Отан соғысы тарихына кавалерия корпустары, дивизиялары, полктары, эскадрондары мен даңққа бөленген кавалерия қолбасшылары – П.А.Белов, Бауыржан Момышұлы, Л.М.Доватор, И.А. Плиев, Н.С.Осликовский, Н.Я.Кириченко, В.К.Баранов, И.В.Тутарин, С.В.Соколов, А.Г.Селиванов, В.В.Крюков және көптеген басқалардың есімдері алтын әріппен жазылды.
«Ер қанаты» жинағынан. Алматы — 1987. «Қайнар» баспасы
Құрастырған — Жанболат Аупбаев