Рахат Жақсыбай: Финалда біздің көкпаршылар қырғыздармен ойнаса да — осы әңгіме туындайтын еді

5967

Жақында ІІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өз мәресіне жетті. Әлемнің 80-ге жуық елі бақ сынаған додада Қазақстан екінші орынға ие болды. Дегенмен осы ойында өнер көрсеткен көкпаршыларымыздың төңірегінде шыққан шу қоғамды біраз дүрліктірді. Осы мәселеге қатысты ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры Рахат Жақсыбаймен сұқбаттасқан едік.

— «Ұлттық спорттың» атқарып жатқаны жұмыстарынан бастасақ.

— Ұлттық спорт қауымдастығы 6 түрлі спорт бағытын біріктіреді. Олар – Жамбы ату, Көкпар, Аударыспақ, Теңге ілу, Бәйге және Құсбегілік.

Қазір екі бағыттағы жұмысқа басымдық беріп отырмыз. Біріншісі –еліміздегі ұлттық спорт насихаты; рухани жаңғыруымыз бар, басқасы бар — солардың жастар арасында таралуын қамтамасыз. Екіншісі – ұлттық спортымызды халықаралық деңгейге шығару.

Осы орайда — біз өткізетін ел ішіндегі чемпионаттар, жасайтын өнімдеріміз, жүргізетін іс-қағаздарымыз — барлығы да ішкі нарық үшін, яғни ішкі сұраныс үшін бейімделген.

Ал, Азия чемпионаты, кеше өткен «Алтын жебе» халықаралық турнирі, алда өтеді деп жоспарланған Бүркітшілердің халықаралық шарасы – барлығы да ұлттық спортты халықаралық деңгейге көтеру үшін жасалып жатыр.

Биылғы жылдың соңына дейін бізді күтіп тұрған дәстүрлі шаралардың бірі – «Алтын тұғыр» ұлттық спортты дамытуға үлес қосып жүрген азаматтарды марапаттау рәсімі. Сонымен қатар, алдағы кезек күттірмес мәселелердің бірі – төрешілердің біліктілігін арттыру. Бір сөзбен айтқанда — осы жылдың соңында оқу-оқыту жағына көбірек көңіл бөлуді жоспарлап отырмыз.

— Төрешілерді оқыту дегеннен шығады, өткендегі ІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында да төрешілер мәселесі сөз болды. Біздің төрешілердің құрамға кірмеуінен біраз спортшыларымыз тиісті бағасын алмай қалды…

— Көшпенділер ойындарында, әсіресе аударыспақта — барлық төреші сол фестивальді ұйымдастырушы елдің өкілдерінен болды. Расымен, біздің елден барған төрешілердің құрамында да төрелік жасауға біліктілігі жететін мамандар болған еді. Бірақ, ұйымдастырушы тарап өзге елден төреші қосуды қаламаған секілді, әйтпесе бізден өзге елден келген төрешілерден де бір-екі адам қосуға болушы еді.

Ал елімізде төрешілер мәселесі 100 пайыз шешімін тапқан деп айта алмаймын. Сондықтан осы жылдың соңынан бастап тура төрешілерді оқытуды, біліктілігін арттыруды қолға алмақпыз. Бұл мәселеге төрт тарап та мүдделі. Олар – спортты дамыту дирекциясы, министрлік, спорт комитеті және біз – Ұлттық спорт қауымдастығы.

— Қайдан оқытасыздар? Мысалы, аударыспақтан Орта Азияда қазақтардан мықты сайыскер жоқ. Демек осы спорт түрі бойынша мықты төреші де бізде деген сөз. Ендеше біздің төрешілерге үйрететін төрешіні қайдан табасыздар?

— Ұлттық спорттың олимпиадалық спорттан бір ерекшелігі –олимпиадалық спорт жүйеге қойылған, барлық қатысушы бір тәртіп пен ережеге бағынады. Тіпті кез келген ел олимпиадалық спорттан федерация ашамын десе, оған барлығы дайын тұр. Ал дәстүрлі, ұлттық спортта барлығын өзің — өзің үшін жасауың керек. Себебі ұлттық спорт — ұлтқа ғана тиесілі. Сондықтан да, спортшыдан бастап, төрешіге дейін өзің оқытып, өзің дайындауың керек.

Біз мұндай баспалдақтан өткенбіз. Өзіңіз білетіндей, біздің ел Қазақ күресін әлемдік деңгейге көтерді. Қазақ күресі федерациясын құрған кезде барлығы өзімізде дайындалды. Тура осы тәсілмен, бізде бәйгеге қатысты мамандарды, аттың бабын білер атбегілерді, бәйгеге шабатын шабандозды; тіпті — қандай атқа қандай салмақтағы, қандай жастағы бала шабуы керегін оқытатын мамандар бар. Сол сияқты, қай спорт түрі болмасын, ол – көкпар ма, аударыспақ па, жамбы ату ма – бәрібір — сол спортқа қатысты дайындап шығатын мамандар бар. Қазір Ұлттық спорт қауымдастығы осындай мамандар мен оқитын азаматтар арасын үйлестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

— Жақсы. Ендеше жақында өткен Көшпенділер ойындарына ойысайықшы. Көкпарға неге екінші құрамды апардыңыздар?

— Спортта екінші құрамның не жастар құрамасының бақ сынауы тәжірибеде бар. Мысалы, халықаралық ойындарда біздің боксшылар екінші, үшінші құраманы апарып, сынап жатады. Бұл да солай. Әрі, біздің спортшылар ешқандай атақ алып, спорттық дәрежесін көтеріп, квалификация алмайды. Бұл ойын шынын айтқанда, қазақ пен қырғыздың тойы секілді ғана нәрсе. Сондықтан бұл ойынға үшінші құрама барса да, өзгеріп кетер ештеңе жоқ. Бірақ, соған қарамастан, жалпы есептегі екінші орын – маған өте жақсы көрсеткіш сияқты.

— Неге атсыз бардыңыздар?

— Бірінші мәселе – ұлттық спортты атсыз елестету мүмкін емес. 90-95 пайызы тікелей атпен байланысты. Ал аттың тасымалы, жем-шөбі тіпті ел ішінің өзінде қиын. Оларды шетелге апару одан да үлкен мәселе.

Ал, «неге атсыз бардыңыздар?» деген сұраққа келсек, біз ат жоқтан атсыз барған жоқпыз. Ұйымдастырушы тараппен әуелдегі келісім солай болған.

— Әлеуметтік желіде ат сұрап жазған хаттарыңыз жүр ғой?

— Ол екі тараптың келісімінен кейін жазылған хат. Қырғыз тарапы бізден арнайы хат жазуды сұрады. Қағаз жүзінде болсын деп.

qat

— Ал сол хатта «бізде дайын ат болмай қалғандықтан» деп көрсетілген. Бізде ат дайын болмай қалу деген шынымен бола ма?

— Қазақстан құрамасының аттары ел чемпионатында болды. Ал одан бөлек қосымша аттар қолда тұрған еді. Егер «өз аттарыңмен келіңдер!» деген болса, біздің сол қосалқы аттарды алып баруға мүмкіндігіміз болды.

Биыл жарыстар бірінен соң бірі жалғасып кетті де, ат демалтуға уақыт болған жоқ. Ертең қорытынды ойыны болатын «Ұлы дала рухы», ел чемпионаты, жастар чемпионаты бірінен соң бірі жалғасты. Жалпы жастар чемпионатында сегіз  команда  ғана қатысты. Сондықтан кейбір облыстар ат бабына байланысты жарыстан тыс қалды. Себеп – аттары шаршап қалды. Спортшылардың бәрі дайын, тек аттар жарамады.

Ал Қырғызстанда алғашқы күні техникалық себептерге байланысты түсініспеушілік болғанымен, артынша ұйымдастырушы тарап ат берді. Және берген аттары сондағы қырғыз көкпаршыларының, командада ойнап жүрген аттар болды. Олар бізді ғана емес, көкпарға қатысқан басқа 10 елді де атпен қамтамасыз етті.

— Өзбекстан құрамасынан жеңілуіміздің себебі неде?

— Мен Көшпенділер ойындарына бардым. Бірақ алғашқы күндерден кейін елге қайтып кеттім де, Қазақстан мен Өзбекстан ойынын тура алаңнан көрген жоқпын. Бұл – бір, екіншіден – Өзбекстанда көкпар тартатын көкпаршылар Қазақстаннан аз емес. Үшіншіден – Өзбекстан спорттық держава болудың алдында тұр: және осы көкпардан — «бузахши», «улак тартыс» деп аталатын ойын түрлері арқылы Азиядағы алғашқы бестікке кіретін белді мемлекеттің бірі. Төртіншіден – Өзбекстан ат әбзелдерін дайындау, оны экспорттауда алғашқы орында. Және бір қызығы, Қырғызстан мен Қазақстанды ат әбзелімен қамтамасыз етіп отырған бірден бір ел — осы өзбектер. Ендеше Өзбекстанды көкпарда мүлде аутсайдер деп қарауға болмайды.

Осы жолғы ойында біздің құрама АҚШ-тан не Франция құрамасынан жеңіліп қалған болса, мен түсінер едім. Мысалы мен француздық құрамамен таныстым. Оладың өздерінің horseball деген ойындары бар. Көкпарға келгендердің барлығы сол ойынның өкілдері. Олар да — ат үстінде мықты, ойынға деген физикалық қабілеттері бар. Бірақ олар серке емес, доппен ойнайды. Себетке доп лақтырады. Міне, сол командамен ойнап, жеңіліп қалса, айтуға, намыстануға болатын еді. Сосын, өзбектермен арадағы есеп сонша алшақ емес – 5:4 болды. Демек, өзбек құрамасының басымдығын мойындауға болады.

— «Өзбекстаннан жеңілу арқылы қазақтар финалда қырғыз құрамасымен кездеспеуді көздеді» дегенге не дейсіз?

— Бұл ойын өткеннен бері айтылып келе жатқан әңгіме ғой. Қанша жерден «әділетсіздік болды», «төрешілер қарау жасады», «әдейі жеңілді» десе де, соңында 5:4 деген есеп қалды ғой. Әрине, біздікі жастар құрамасы болды. Ал өзбектердегі сақа ойыншылар. Бірақ анық бір нәрсе бар: финалда біздің көкпаршылар қырғыздармен ойнаса да — осы әңгіме туындайтын еді.

— «Бізді дайындықсыз алып барды» деген әңгіме шығарды көкпаршылар. Тіпті оның видеосы да тарады. Шынымен дайындық болмады ма?

— Біріншіден, биыл өтеді деген республикалық, халықаралық, әлемдік жарыстар жыл басында бекітіліп, күнтізбелік жоспарға еніп, оған оқу-жаттығу жиындары өткізілетіні мемлекеттік деңгейде бекітіледі. Және оның өзінің белгіленген мерзімі бар, тек сол бойынша өтеді. Ал біздің көкпаршылар арасында, әсіресе халықаралық жарыстарға қатысатын спортшылар арасында мұндай оқу-жаттығу жиындары өтті.

Екіншіден, әлеуметтік желіде тарап жүрген — ескі видеолар. Осы ахуалды тиімді пайдаланып, сол видеолардың кеңінен тарауына мүмкіндік берді.

Үшіншіден, біздің көкпаршылар автобуста отырғанда келіп сөйлеген қырғыз көкпаршысын көрсеткен бір видео жүр ғой. Ол мәселені қазып, артынан дау туғыза берер болсақ, тереңдей береміз, сондықтан әңгімені осы жерде тоқтатқым келеді. Ал алдағы уақытта қырғыз көкпар федерациясымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін боламыз.

— Жақсы. Өткен жылы біраз елдің ұсынысымен, біраз елдің қатысуымен Халықаралық көкпар ережесіне өзгеріс енгіздік. Елімізде өткен Әлем чемпионаты сол өзгерген ережемен ойналды. Бірақ осы жолы Қырғызстан Көшпенділер ойындарындағы көкпарды баяғы ескі ережемен ойнатты. Алдағы уақытта айыр қалпақ ағайынмен осы мәселе бойынша жұмыс істеу керек шығар?

— Көкпар ережесіне жасалған негізгі өзгеріс — қазандықты алып тастап, шеңберге ойнау болатын. Ал қазандық соңғы 20-25 жылда пайда болған дүние. Ал шеңберге ойнау баяғыдан қазақ пен қырғызға ортақ еді. Сосын, спортта ережені өзгертіп отыру халықаралық тәжірибеде бар. Сондықтан, «мынау міндетті түрде қазандықта ойналсын», не «міндетті түрде шеңберге ойнау керек» деген ұстаным жоқ. Тағы бір мәселе — осы жолғы Көшпенділер ойындарының ережесінде қырғыздар: «халықаралық көкпар ережесімен өтеді» деп атап көрсеткен жоқ. Керісінше, «Қырғыздың көк-бөрі ережесіне сай өтеді» деп жазған болатын. Сондықтан бұл ойында айтарлықтай ереже бұзылды деп ешкім айта алмайды.

Бәлкім болашақта екі елдің де ережесі қатар жүретін болар. Мүмкін, апробациядан өткеннен кейін — біздің нұсқа өзінің тиімділігін дәлелдеп, көбірек елдер қатысатын болар. Халықаралық дәрежеде қауіпсіздігі жағынан шеңберге ойнау сұранысқа ие болар мүмкін. Оның барлығына уақыт керек. Алдағы 4-5 жылдың ішінде бір жағына шығып қалады деп ойлаймын.

— Ұлттық спорт — көп салалы. Біразын тілге тиек еттік. Алдағы уақытта қандай жаңашылдық болады бұл салада?

— Мынадай бір тәжірибені байқадық жақында. «Алтын жебе» турнирін өткізген кезде дәстүрлі жамбы атуды ұйымдастырдық. Бұл мергендерімізге жаттығу болса, қарапайым халық үшін жарыстың бір түрі болды. Сол кезде дәстүрлі садақ атуды қарапайым халық арасында дамытуға болатынын байқадық. Оған үлкен алаңның керегі жоқ, көп шығынды да қажет етпейді дегендей. Осы бағытта жұмыс жасауды қолға алмақпыз.

Сосын, көшпенділер ойындарында біздің құрам арқан тартудан күміс жүлде алды. Ал біз оны жәй — тойларда, айт, наурыз мерекелерінде көңіл көтеру үшін ғана ұйымдастырып жүрміз. Шын мәнінде бұл ойын әлемде спорт саналады. 51 елде арқан тарту федерациясы бар. Осы бағытта жұмыс істегіміз келеді.

Үшінші, қазақ жыр-дастандарында кездесетін найза лақтыру деген жауынгерлік өнер бар. Осының түріктерде сақталған нұсқасы бар екен. Соны біз де қолға алып, дамытқымыз келеді.

— Әңгімеңізге рахмет!

erzhan-zhaubaiЕржан Жаубай, Baq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.