Қаржаубай САРТҚОЖАҰЛЫ, Қадыл АЙДАУБАЙҰЛЫ. Жылқы жүрісінің түрлері

11745

(Монголия қазақтарының жылқы шаруашылығы негізінде)

Жылқының жүрісі былай қарағанда, бірдей болғанмен әр аттың жүрісі әр түрлі. Ол аттың мінезіне, дене бітіміне, үйренісіне байланысты.
Жылқының жүрісін халқымыз аяң, жорға, желіс, шабыс деп жалпылама, төрт түрге бөледі.

Ayan_1Аяң. Аяңды қазақ халқы ілбу, (ілби аяңдау), сыпылдап аяңдау, ойнақтап аяңдау деп тағы сол сияқты ішінен әлденеше түрге бөліп айтады. Сыпылдап аяңдау ілбуден шапшаң қозғалыс.

Абай атамыз сөзімен айтсақ «Тымақты алшы кигізгендей» аяғын көсіліп көсем тастап, мініп бара жатқан адамның сезімін қозғап, көңілін көтереді. Атүстіндегі иесінің екі иығының қозғалысын алға ұмсындыра теңселтіп, қолды-аяққа тұрғызбай көңілді алақұйын етеді. Бұндай кезде аттың артынан қарағанда жерге төгілген құйрық су бетінде толқын атып келе жатқандай әсер қалдырады. Ал қайсібір аяңшыл аттың алды желіп, арты сыпылдай аяңдаса, кейбірі алды шапшаң аяңдап, арты шоқырақтап отырады. Бұндайды шоқырақ дейді.

Китің. Аяңның бір түрі. Мінген адамға тынышты, сәл, ырғап қана әлдилей тербеп отырады. Китіңнен жорға шықпайды. Китің кезінде аттың аяғы өреленіп қозғалады. Китің аяңның ұйқасымды әсем түрі, немесе ритмдік қозғалыс.

Жорға салдыру өнері. Монголия

Жорға салдыру өнері. Монголия

Жорға. Қой жорға, немесе китің жорға, шапқын жорға, су жорға деп бөлінеді. Қой жорға китің аяңнан шапшаң болғандықтан аяңға қоспайды. Шапқын жорға шабысқа жақын. Жүрісі тынышсыз келеді. Су жорға нағыз жорға. Халқымыз мұндай жорғалардың сауырына су құйған кесе қойып сынайтын болған. Егер кеседегі су төгілмесе «су төгілмес, су жорға» деп атаған. Китіңмен жорға жүрістерде ат оң және сол жағының алды артын бірдей көтере тастайды (түйенің желісіне ұқсас). Тек қана төрт аяғының аяқ тастауы ұйқасымды (ритмді) болса китің болады да, ал барлық денесінің қозғалысымен аяқ тастамы төрт аяғында бірдей тең әрі жұмсақ басылса жорға деп аталады.

Қазақ халқы жорға жылқыны ерекше құрметтеп, мәпелеп, той-думан, ұлы жиында мінетін болған. Хандармен ханымдар, бектер мен бегімдер, байлар мен манаптар, көсемдер мен шешендер, серілер мен серкелер көбінде жорға мінетін болған. Үстіндегі иесін құбылта тербеп, көз ұшында бұлдырата сырғи жөнелген де аттың аяқ алысы білінбей су бетінде кілкіп бара жатқандай болады. Жорға үстіндегі адамның сезім мақтанышы қозып, өзін көк жүзінде қалқып ұшып бара жатқандай сезіледі. Жорғаның жылдамдығы артқан сайын аяқ тастамы жұмсара берсе су жорға аталады. Бұндай жорғалар енесінен туғанда жорға туады. Бұл дегеніңіз табиғаттың өзі сыйға тартқан тума талант. Жорғалықты ғылымда «есірік жүріс» деп көреді. Ал шын мәнінде ақын мен жорға бір тектес. Ешкім де келе-келе ақын болмайды. Ол да тума талант. Моңғолия қазақтарында көнеден жалғасқан жорға жарыс жүріледі. Жорғаны баптау жүйрік баптаудан мүлде басқаша. Екеуінің баптау мектебі екі бөлек. Нағыз жорға үнемі туа бермейді. Ал қариялардың айтуына қарағанда, саздау жердің жылқысынан молдап жорға туады дейді. Мұны ғылыми түрде дәлелдеу қажет болар.

Zhelis_3Желіс. Қазақ желісті зар желіс, бөкен желіс, шоқырақ желіс деп бөледі. Зар желіс бөкен желісті аттың алдыңғы екі аяғының басымы ауыс, артқы екі аяғының басымы тең сияқты болып көрінеді. Бөкен желісті жылқы тым аз болады. Бұл жүріске шапқан аттың өзі әрең ілесіп отырады. Қазақ жылқысы тәулігінде 100—150 км жерді тек осы зар, бөкен желіспен жүріп өтеді. Шабыспен мұндай алыс жолды ала алмаймыз.

Chabys_4Шабыс. Жылқы малының ең шапшаң қозғалысы. Еті қатқан, күші мығым, сартап боп жақсы жараған атпен орта шабыспен 50-60 км жер алады. Соңың өзінде ұзақ уақытпен емес. Жылқының осы жүрісін көшпелі халық бар сән салтанатқа, көңілін көтеруге, бәсекеге пайдаланып келді. Иесінің атын шығарып, атағын дабырайтатын, бағын өсіретін, дәулетін тасытатын осы шабыс.
Шапқан кезде аттың аяқ тастауы алысқа кетіп, қозғалыстың қуаты артып, аяқты тастау (аяқ алысы) күші ерекше қосылады. Шабыстың шапшаңдығы артқан сайын аяқ тастауы көз ілеспес жылдамдықпен түсіп, көтеріліп отыратын болғандықтан үстіндегі адам шабыстың қозғалысына төзе алмай шаршап қалады. Сондықтан, ат шапқан кезде ер үстінде малынып отырып алмай үзеңгіні тіреп, сәл көтеріліп орналасады.

Иә, осы үзеңгіні бабаларымыз біздің жыл санауымыздан бұрынғы ІІІ-І ғасыр арасында ойлап тапқан Олан Хуннулар еді. Осы үзеңгі арқылы біз адамзат өркениетіне үлкен үлес қостық. Адамзат үзеңгілі болғаннан кейін ғана ел болуға, империя құруға аяқ басты. Аттың аяң, желіс, шабыс, жорғасын жаттықтыру жетілдірумен қатар жорғадан басқа жүріске бабаларымыз жануарды үйретіп келген. Атыңызды әсем бастыртып әйдік етіп үйрету өз қолыңыздан келеді. Ол сіздің шеберлігіңізге байланысты. Халқымыз төмендегі әдісті көп қолданады. Атқа жүріс үйреткенде өзінің барғысы келетін жаққа немесе үйірінің артынан ұмтылған сол бір кезін шебер пайдаланып жүрісіне салады. Сөйтіп, сол жүріске мүлде үйретіп жібереді. Ол жүріс, оның мінез құлқына (этологиясына) қалыптасады. Ол үшін жас кезінен бастап үйрету жөн. Жас ұлғайған сайын жүріс үйренбейді. Сөйтіп, атқа шебер жүріс үйретуге болады. Әсіресе қызу қанды аттар жүрісті шабшаң үйренеді. Өйткені олар соншама темпараментті, жеңілтек, өзін ұстай алмайтын құбылмалы жануарлар.

Желіс пен жорғаға мініп жатқаныңызда, ер үстіне тік отырып жүрісін бұзып алмау үшін тізгініңізді тең ұстап ыждағатпен қарап, қылып еткен қозғалысын қате жібермей түзеп отыру жөн. Егер тізгінді дұрыс алып жүре алмасаңыз, не қатты, не бос ұстағаннан жүріс бұзылып, әсем жүрісінен айырылады.

9f1a8f7afabf8d5c03eccab2e7d0f2b3Қаржаубай Сартқожаұлы,
Қадыл Айдаубайұлы

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.