Жылқы – қазақ рухының қайнар көзі

5999

Тарпаң мінезді, кісі бейнелі…

Отарлаушы өкімет қазақты рухын түсіріп, басыбайлы құл етпек үшін әуелі астындағы атын алды. Зайсан казак-орыс атаманы Н.Рябушкиннің: «Қазақ атқа мінсе есерленіп кетеді, жынданып кетеді. Атымен қашса құтылады, қуса жетеді. Атынан түсіп жаяу жүрген қазақты көріңіз, бұдан момын, бұдан бағынышты халық жоқ. Сондықтан бұл халықты атсыз қалдыру керек» деген ойлары қазақ халқын отарлаушы елдің негізгі мақсаты екенін анық аңғартады. Ел ішін аралаған миссонерлердің осы сынды сансыз жүйелі зерттеулері отарлаушы өкіметті 1929 жылғы Ұжымдастыру саясатына алып келді. Көзінің ағы мен қарасындай, жанынан артық көрген «құлағын біздей қадаған, кекілін қыздай тараған» қайран қаз мойындардың сағағынан аққан қара қанмен қазақ даласы қан сасыды. «Естіледі әлі даламнан, шыңғырған шерлі құлынның, еміс те еміс дауысы..».

«…Жылқыға еріп кеткен айғырларым,
Түскенде сен есіме қайғырамын…
Жылқыға еріп кеткен биелерім,
Босайды сені ойласам жүйелерім…
Жылқыға еріп кеткен бестілерім,
Есіктей омыраулы төстілерім…
Жылқыға еріп кеткен дөнендерім,
Басқа – бас қызға берем деген бе едім…»

«Ат — ер қанаты, жан серігі» деп ұлы даланың тарихын тұлпардың тұяғымен жазған қазақ қанатынан қиылып, жұлынынан үзілді. Қанаты қиылған сұңқар жапалақтарға жем болды. Елдің тұнығы шайқалып, шырқы бұзылды. Жауға мінсе – айбары, тойға мінсе – жайнағы, төбесіндегі байрағы, жанындағы серігі, тыныс алар көрігі, асылы хайуан демесе, малдан бөлек келімі тұлпарынан айырылып жаяу қалды.

Ғалымдардың зерттеуінше қазақ даласында 1929 жылға дейін 4,5-5 миллоннан астам жылқы болса, 1933 жылы 300 мыңға жетер жетпес жылқы қалған. Бірнеше мыңдаған жылдар бойы ұланғайыр даланың төсін дүбірлеткен тұлпарлар тұқымы құрып, қойға мінер қой торы мен тұмар бас торы шолақтар қалды. Осы саясаттың арқасында отаршылдар жергілікті халықты қораға түскен қасқырдай жұлмалады. Жер қайысқан жүйрік жылқысынан жалғыз тұяқ асыл тұқым қалмаған, еркесінен, сән-салтанатынан айырылған дала жетімдік күйін кешті. Қара балта байырғы байтақ елдің бәйтерегін – бостандық сезімін, сенімін құлатты. Атсыз қазақ еркін адам ретінде өмір сүру құқығынан біржола айырылды. Алаштың атын алды, артынан елдің ерлерінің басын алды. Қазақтың табанын тас, жанарын жас тіліп, жылқы мінезі жүндей түтілді. Ардақты жануардың сарқыны қаша-қораға қамалды. «Үстінен су төгілмес майдақоңыр жорғалардың» орнын мінсең іші-бауырыңды түсірер «дончактар» басты. Бұл жәйтті көзімен көрген Мәшһүр Жүсіп «Малсыз дала» өлеңінде:

Жылқы жоқ бұрынғыдай қостан шығар,
Күн қайда жонға барып қыстап шығар.
Бұл түрімен төмендеп кете берсе,
Әркім-ақ өзінікін ұстап қалар — деп өзегін өкініш кернеп жырлаған болатын. С.Сейфуллин «Қызыл ат» поэмасында жылқы түлігінің тоз-тозын шығарып, атқанын атып, сатқанын сатып, жұртты жаппай жаяу қалдырғанын астарлап:

Білемісің жүйрік сұлу қара айғырды?
Білемісің, әлгі жалбыр сары айғырды?
Сұр жорға ат, сүтті мама боз биені,
Соларды зиянкестер қалай қылды?
Солардың бірі жауыр, бірі қатпа,
Сұржорға ат қазір тулақ, ол енді ат па? — деп ашына, күйіне жырлайды.

С. Сейфуллиннің сол кездегі озбыр саясаттың жылқыға қырғидай тиюуінің ақыры «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген нәубет, қансыратқан аштыққа әкелгенін ашық әшкерелейтін Бейімбет Майлин қабырғасы қайысып:

Кереге басы құр ноқта,
Құлынсыз қаңырап тұр ноқта,
Сән-салтанат баяғы,
Қалды әдіре бір жақта, — деп шырқырады.

Бірақ қызыл империяның қырғыны үдей түсті. Ілияс Жансүгіров азалы Ақан серінің зарын арқау етіп, Құлагердей сәйгүліктің қанды басын құшып отырып қазақтың қайта оралмас тұлпарлары мен атқа мінер аруақты азаматтарын жоқтап:

Құлагер қош-қош атым, жолдасым-ай,
Мен білдім, түнесем де тұрмасыңды-ай.
Тигізбей топыраққа жоғары іліп,
Сақтармын өле-өлгенше қу басыңды-ай! — деп қаңыраған қазақ даласын күңірентті.

Атсыз қалған қазақтың асқақ рухына қылбұрау түсті. Туа біткен күш-қайрат текті жауын көргенде терісіне сыймай тасып, талқан қып, беттескенін бұзып-жармай толас таппайтын, қас жауын қанжығасына байламай қаһары қайтпайтын, ата қонысын апай төсімен қорғаған, ажарынан сарабдал ақыл-ой аңқыған, атын естігенде аруақтанып, намысымыз нұрланатын батыр ерлер рухы көмескі тартты. Сол ХХ ғасыр басынан басталған қазақ рухын таптау, жылқының қадірін кетіру, ел есінен жылқы архетипін өшіру күні бүгінге дейін жалғасып келгені шындық.

Жылқы қазақ рухының символы. Атқа мінген қазақ қос қанатты сұңқардай қомаданып, көңілі өсіп, айбаттана қалады. Жылқының адам бойына күш, рух сыйлайтын қасиеті бар. Ол – намыс, ұлттық сана-сезім, тектілік. Сонымен қатар атқа мінген қазақтың мыңдаған жылдық арғы түпсанасындағы жауынгерлік рухына қозғау салары хақ. Демек, жылқы малы қазақтың санасындағы ұлттық коды, архетиптік арқауы.

«Қазақ жылқы мінезді» деген ежелден келе жатқан сөздің өзі қазақтың психологиясындағы жылқымен етене жақын қасиеті екенін аңғартады. Міне, қанына сіңген «жылқы мінезіне» шамасы жетпесін  анық ұғынғаннан соң да отаршылдар жылқыдан ажыратуға барын салды.

«…Жолбарыстай шұбарды,
Таңдап бір мінер ме екенбіз?
Сол шұбарға мінген соң,
Қоңыраулы найза алып,
Қоңыр салқын төске алып,
Қол төңкерер ме екенбіз…» — деп Ақтамберді жырлағандай ат көрегенде арқасы шымырлап, делебесі қозбайтын қазақ жоқ.

Жылқының болмысын терең түсінген бабаларымыз жылқының көңіл өсіріп, «жал бітіретінін» жақсы білген. «Балаң жасық болса жылқы бақтыр, тентек болса қой бақтыр» деген мәтел көп нәрседен хабар беретіндей. Кеңес кезінде жылқыға шектеу қойып, қой өсіру саясаты да «тарпаң мінезді, кісі бейнелі» тұлғасынан қой баққан момын елге айналдару. Сырым Датұлының ұстазы, он екі ата Байұлының аға биі Бөкен би өмірі атқа мінбепті. «Көңілім өсіп, желденіп кетеді, асып-тасып елімді, жұртымды ұмытып кетем, көзім ісіп, жақсы-жаманды айыра алмай қаламын», — деп өгізді ерттеп мініп жүретін кісі екен. Шерлі ақын Шортанбай Қанайұлы:

«…Мың-мың жылқы айдаған,
Сары қазы шайнаған.
Қымызын судай сапырған,
Оны ішкен соң мас болып,
Аюдайын ақырған…»,-деп жырлауы да сөзіміздің түйінді айғағы болатындай.

Қазақтың түпсанасындағы жылқының қасиетін түйсіну ерекшелігі жалпы елдің менталитетіне тән. Жылқы қасиетін толық бағамдай білген бабаларымыз ұрпақтарына жылқының асау, өр рухты мінезін дарытуды мақсат еткен. Ырымдап тұлпардың тұяғы тиген жерді ойып алып бесіктегі баланың жастығының астына қойған. Тұсауын кесерде «Тұлпардай жүйрік бол, сұңқардай ұшқыр бол» деп тілек тілейді. Екі жасында атасы, не әкесі аттың алдына алып жүріп ауыл-ауылды аралатады. Үш жасқа толысымен ашамайға отырғызып, дуалы қарттардан бата алады. Бала алғаш ашамайлы атқа мінгенде генетикалық жадын жаңғыртып алар батасы:

Асқар, асақар таудан өт,
Айдын шалқар көлден өт.
Жеті ықылым елден өт,
Құс қанатын талдырған,
Қу мекиен шөлден өт.
Жолсыз жерде жолбаста,
Қолсыз жерде қол баста – дейді.

Осынау батаның астарында сақ-массагеттерден бастап кешегі алты алаш баласына дейінгі күллі жауынгерлік рух тұтасып жатқандай. Бала жеті-сегіз жасқа толғанда жылқышылар қосына апарып тастайды. Сол жерде бала асау үйретіп, жылқышыларға ас дайындап, бір-екі жылдан кейін түнгі күзеттерге шығып, ыстық пен суыққа бірдей төселеді. Жасы он үшке толғанда астына атын сайлап, өзіне арнап қару-жарақ соқтырады.

Жылқы бағып өскен бала төзімді, өр, алғыр болып өседі. «Жесір қатын дау шақырады, үйірлі жылқы жау шақырады» демекші көздің құрты болған жылқыға қызығатын ұры-қарылар аз болмайды. Ондайда жасынан «Ұрыдан жылқы айырған, жаудан қарымта қайырған» айбатты да қайратты азаматтар өсіп жетіледі. Көкірегі оттай жалынға толып, екпіні оттай лаулайды. Атқа шауып үйренген бала тақымы мықты, бойы ширақ, төзімді әрі ержүрек, қиқу-доданың сынына шыңдалған, ат құлағында ойнайтын, жылқының қыр-сырын меңгеріп, болашақта ата-баба жолын қуған жаунгер болып өсері сөзсіз.

…Жылқыда жатып Қобыланды,
Екпіні оттай лаулайды…

…Бала күннен тартып мінсең ат жалын,
Онда сенің көкірегің от жалын…

Қазақ сахарасының қатал табиғатына шыңдалған бір-біріне сайма-сай сәйгүліктері мен ерлерінің ерлігі тамсандырудан тынған емес. «Бурыл аяқ басқан жер, ойыла басып, солқылдап», от шашқан жанары «қорықтан жанған шырақтай», «алты жұлса алты күндік аштыққа шыдар, жеті күн су татпаса шөлдемейтін, арқар жон арқасынан аяз өтпейтін», «жануардың бағасы, бір тайпа елдің құнындай» алып арғымақтары мен алпауыт азаматтары қарт тарихтан жалғасып кешеге дейін жетті. Б.з. 46-127 ж.ж Скиф патшасы Атей Филифке «Сен адамдармен соғысуға үйретілген Македондықтарға патышалық етесің, ал мен аштықпен, шөлмен күресуге үйренген скифтерге патышалық етемін» деуі арғы тарих пен кешенің үйлесіміндей көрінеді.

Жылқы – қазақтың жалындаған рухының қайнар көзі. Айтыскер ақын Бекарыс Шойбеков бір айтысында: «Атқа мінген кезімде менің өзім, таққа мінген адамды менсінбеймін» дейді. Қазақ пен жылқы рухы, жылқы мінезі толықтай тұтастықта. Қазақ жылқыға мал деп қарамайды, «бітімің жануар болса да, келімің кісіден кем бе еді?»деп жылқыны биік мұратқа ұмтылған адамның көмекші жан серігіне балайды. Жылқының еркіндік сүйгіш өр мінезін, шөптің асылын жеп, судың тұнығын ғана ішетін кербездігін, өз нәсіліне шаппас тектілігін, үйрін басқаға бермеу жолында өлімге дейін баратын қайсарлығын, үйірін ит-құсқа бермес тарпаңдығын, жақсы-жаманды түйсініп қоятын сезгіштігі сынды небір асыл қасиеттерін ұрпаққа ұғындырып, кейінгіге аманат еткені Асқар Сүлейменовтың «қазақ жылқыдан жаралған» деген қисынды ойына еріксіз жетелей береді.

Жылқыны алғаш қолға үйретіп, рухани тұтастықта тәрбие құралына айналдырған, «аттың жалында, түйенің қомында өскен» қазақтай жылқы қасиетін танып білген халық жоқ. Бұл сөзіміз әсерлеу емес, нақты тұжырым. Он тоғызыншы ғасырда Француз және Испан жазушылары жылқы түстерін түгендеумен шұғылданып, 60-тан асырған екен. Ал, Арабтар бар жоғы 49 түске жеткізген. Жылқытанушы ғалым Ахмет Тоқтабайдың «Қазақ жылқысының тарихы» еңбегінде келтірген деректе жылқының түсін 350-ге жеткізеді. М.Преображанский, А.Добросмыслов қазақтың жылқы түстеріне байланысты сөздердің көптігі сонша орыс, еуропа тілдеріне аудару мүмкін еместігін айта келіп, арнайы зерттеу қажеттігін сөз етеді. Баран түсті жылқылардың өзі торы, шабдар, жирен, күрең, кер, қара, қоңыр болып жетіге бөлінсе олардың әрқайсысының 28-30 түс атаулары бар, ал қылаң топтың көк, сары, бөрте, құла, шұбар, бурыл, ала сынды жеті түсінің әрқайсысының 49 түске дейін түс атаулары бар. Бұл деректің қазақ жылқы тануындағы теңдессіз білімі мен генетикалық жадының беріктігі таңдай қақтырады. Біз бүгінде бабалар білімінен көз жазып қалғаннан көп нәрседен хабарсызбыз. Ілияс Жансүгіровтың Құлагерді сипаттауындағы:

«Тәует бас, қамыс құлақ, қураған жақ,
Құлан жал, бұлан мойын, қой жұтқыншақ.
Қоян жон, жазық жая, жауырынды,
Құс топшы, қос шынтағы қалыңырақ» — деген өлең жолына таңырқап, дал боламыз. Бірақ бұрын жылқының бұндай сипаттарын кез-келген ауылдағы қазақ қариясы айтып бере алатын болған.

Бекен Қайратұлының «Қазақтың атбегілік өнері» кітабында жылқының сыртқы мүше атауларының 94 атауын келтіреді. Бастың 21 түрін, көздің 10, қарынның 5, кекілдің 8, еріннің 6, мойынның 6, сауырдың 9, тістің 6, танаудың 8, жалдың 6, құлақтың 15, құйрықтың 8 түрін келтіреді. Ал, аттың жүрістерінің өзінің 30 түрлі атауы бар. Аяңның 5, желістің 4, жорғаның 12, шабыстың 5 түрін атайды. Бүгінде атқа қатысты ойындардың 5-6 түрін ғана білеміз. Ал «Қазақ жылқысының тарихы» кітабында атқа қатысты ойындардың 50-ден астам түрін көрсетеді. Бәйгенің тай жарыс, құнан бәйге, тоқ бәйге, құр бәйге, аламан бәйге; Көкпардың тулақ тарту, лақ тарту, серке көкпар, тана көкпар, айналма көкпар, мәре көкпар; Әскерилендірген ойындар салбұрын, ат ерттеу, салма, қайыс тарту, теңге ілу т.б, құрық тастау, шалма лақтыру, табақ тарту, мүше тарту сынды көптеген ойындар толып жатыр.

Жылқы шаруашылығын дамытып, өркендету өкіметтің ішкі саясатының негізгі бір саласына айналуы тиіс. Екі ғасырға жуық отарлық тепкіде болып, езілген халықтың рухын көтеретін, жанарылары жасқаншақтаған азаматтарымыздың арқасына жал бітіретін де жылқы. Көз жазып қалған көптеген мәдени құндылықтарымыздың да орнын толтыратын осы жылқы. Жылқыға байланысты бай лексикон мен қалыптасқан ұлттық ойын түрлері генетикалық жадымызды жаңғыртып, еңсемізді тіктеуде алар орны орасан. Психоанилитик ғалым К.Юнгтің шәкірті:«Ұжымдық бейсаналық» ел (ру) өмірінің нәтижесі, ол барлық адамға тән, ол қанмен беріледі және жеке психикада өсіп жетілетін негіз» («Коллективное бессознательное» является итогом жизни рода, оно присуще всем людям, передается по наследству и является тем основанием, на котором вырастает индивидуальная психика») — деген тұжырымына ден қойсақ, қазақтың ұжымдық бейсаналығындағы, яғни санасының арғы түпкіріндегі жылқы тектес қасиетін әрбір жеке ұрпақтың психикасында қайта өсіп жетілдіру арқылы ұлт рухы қалпына келері сөзсіз. Түпсанамыздағы жылқы архетипін жаңғырту – көмескі тартқан айбынды асқақ рухымызды жаңғыртудың кепілі. 1940 жылы маршал Чойболсынның «Қазақтың астында аты, қолында қамшысы тұрғанда бұл халыққа ештеңе істей алмайсың» деген қанатты сөзін ескеруміз керек. Әр қазақ атқа міну керек. Сонда ғана Қошантай Қойбас ақындай:

«…Жылқы ішінде шұбармын,
Шұбарға таққан тұмармын.
Өзім шұбар болған соң,
Ойнап бір топтан шығармын…» — деп айта аламыз. Құлағы салбыраған мәстектей мінезсіз күйімізден айғамыз.

Атқамінер деген сөз бар. «Қазақ бұлай деп физикалық мүмкіндігі бар адамды айтпайды. Елдің ішінде ақыл-тәжірибесі артқан, аузына аталы сөз қоған адамдар қарына атбас алтын қамшы іліп, астарына арғымақтан ат мініп, елдік шаруаларға араласуға шыққан. Ұлттық мүдденің қажетіне дайын, рухы күшті адамдарды атқамінерлер деп атайды» — дейді ғалымдар. Жылқыға байланысты халқымыздың ұшан-теңіз дәстүрлі мәдениетін меңгеруіміз керек. Республикамызда этнографиялық жылқы заводтары ашылу керек. Жылқытану институттар ашылып, жылқы шаруашылығына қолдау жасалу керек. Жылқы музейлерін ұйымдастырып,жылқы туризмін қолға алып, Елбасы айтқан «Атқа міну мәдениетін» қолдау алдымыздағы кезек күттірмейтін міндетіміз.

Жігер Нұрдәулетұлы, магистрант. 

Argymaq.kz

2 comments

  1. Нұрали Жанида 15 Желтоқсан, 2020 at 22:11 Ответить

    Жігер Нурдаулет мақалаң өтте күшті, керемет маған өте қатты ұнады, қазағымыздың ұмытылып кеткен дәстүрлерді қайта жаңғыртуға өз үлесіңді қосқан мықты азамат. Біздің сендей қазақи, рухты азаматтарымыз кобейе берсін. Сонда қазақтығымыз ұзақ жасайды. Денің сау болсын азаматым!!! ??

  2. Айжан 17 Желтоқсан, 2020 at 11:12 Ответить

    Жігер. Мақалаңды жанұямызбен оқып шықтық. Қазақты жылқы малынсыз елестету мүмкін емес ….Биіктен көріне бер.Отаным,қазағым деген азаматтар көбейе берсін . Алға!!!

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.