Сағынайдың асында үшінші келген Буырыл аттың баяны

5240

Былтыр, маусым айының 27-ші жұлдызында Ақши ауылының тумасы, еңбек ардагері Жанболды Хасенұлы 79-ға қараған шағында дүниеден өткен еді. Бұл кісі – менің қайын атам.

Марқұм жастайынан еңбекпен есейген әрі өмірден көрген-түйгені мол, елдің ескі әңгімесіне құлағы түрік өскен және оны көкейіне тоқи білген ауылдың қазыналы қарты еді. Биылғы жылдық асының қарсаңында бұл әңгімелердің бір парасын хатқа түсіріп, аудандық «Баянтау» газетіне ұсынғанды жөн көрдім.

Әуелі марқұмның аруағы риза болсын деп әрі ол кісінің айтқандары – халқымыздың кешегі өткені, ел аузының есті әңгімесі болған соң, жұрт есінде қалсын, бірте-бірте көмескіленіп, бара-бара ұмытылып кетпесін деген ниетпен қолыма қалам алдым. Алдымен оқырман қауым бұл кісі кім демес үшін марқұмның өмірі мен еңбек жолын қысқаша баян етейін.

Жанболды Хасенұлы 1942 жылдың 9 мамырында Баянауыл ауданының Ақши ауылында дүние есігін ашыпты. Әкесі Хасен өспірім шағында атақты Мәшһүр-Жүсіптің атқосшысы болуға жарап, аз-кем уақыт арбасының божысын ұстаған екен. Мәшһүр атасының шапағаты тигендігі ғой, Хасен ақсақал ескі өлең жырға ерте үйір болып, ел ішінің өнерпаздарына етене жақын жүріпті. Соның бір айғағы – 1930 жылдардың ауыр нәубетінде Қарағанды шахталарына түсіп жан баққан Хасен Жақыбайұлы сол жылдары Қарағанды радиокомитетінде атақты өнерпаздар Қали Байжанов, Қосымжан Бабақовтармен бірге өнер көрсеткен (Ол уақытта өнерпаздары радиодан тікелей концерт берген) Иса Байзақовпен жақын дос-жар болыпты. Сол жолдастықтың белгісі іспетті Иса ақынның шағын, қалақ домбырасын Хасен ақсақал қиын күндердегі достықтың көзіндей көріп, өле-өлгенше қадірлеп сақтап келіпті. Өкініштісі, ол кісі дүниеден өткен соң ұрпақтары бұл домбырадан көз жазып қалыпты. Біреулер қолқалап сұрап әкетіп, қайтармай қойғанға ұқсайды.

Жанболды Хасенұлы еңбекке ерте араласты. 17 жасынан трактор тізгініне ие болып, 1990 жылдардағы жаппай жүргізілген оңтайландыру науқанына байланысты совет шаруашылықтары тарағанша туған еліне қажырлы еңбегін қалтқысыз арнаған нағыз еңбек майталманы болған жан. Оның бұл еңбегін сол кездің Үкіметі мен партиясы лайықты бағалай білді. Соның айғағындай, 1962 жылы Мәскеуде өткен еңбек озаттарының Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіне (ВДНХ) қатысу құрметіне ие болған Жанболды Хасенұлы 1972 жылы ауыл шаруашылығын өркендетуге сіңірген еселі еңбегі үшін «Құрмет белгісі» орденмен (N 834146) марапатталады. Ал 1982 жылы Павлодар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының ұйғарымымен аты-жөні жазылған К-700 А тракторы арнайы беріледі. Бұл құжаттар марқұмның шаңырағында күні бүгінге дейін сақтаулы тұр. Тек, кейін, зейнет демалысына шыққан жылы атына берілген К-700 А тракторын мемлекетке қайтарып беріпті. Қыр төсінде темір тұлпар тізгіндеп, XXI партсъезд ауылында ұзақ жылдар бригада басшысы болып еңбек еткен Жанболды Хасенұлының ұжымы сан мәрте Социалистік еңбек жарысының жеңімпазы да болыпты. Соның бір белгісіндей Ақши ауылының теріскей жағындағы бұрынғы егістік жұртының ескі орны бұл күнде «Жанболды бригадасы» деп аталады. Бір кездегі ауыл еңбеккерлерінің туған жер төсінде кейінгіге қалдырған белгі ізіндей болып осынау жұрт қазір алыстан менмұндалап, үнсіз құлазиды…

Ғұмыр бойы ел ырысы үшін маңдай терін төгіп, аянбай еңбек еткен Жанболды Хасенұлы үлгілі отбасы да бола білді. Құдай қосқан қосағы Рауза Әубәкірқызы (тегі қарқаралылық) екеуі бес бала – үш ұл, екі қыз тәрбиелеп өсіріп, ата-ана бақыты мен отбасы қызығын 58 жыл бірге көрді.

Енді атамның айтқан әңгімелеріне келейік. Бұл әңгімелерді ол кісі әкесі Хасен Жақыбайұлының аузынан естіп, жадында тұтыпты. Әкесі Хасен атақты Қаз дауысты Қазыбек бидің алтыншы ұрпағы Мәди Бәпиұлымен таныс-біліс болған кісі екен. Оның бір айғағы ер Мәдидің Атбасар түрмесінен қашып келе жатып, Хасеннің үйіне түсуі. Ол кезде 1885 жылы туған Хасеннің отыздағы, Мәдидің отыз беске қараған шағы болса керек.

Хасен ақсақал бұл оқиғаны: «Жаз айының іші еді. Бір күні ел орынға отыра бере сап етіп Мәди келе қалды. Астына мінгені есік пен төрдей қара ат, жетегінде және бір аты бар екен. Атттан түсіп, үйге кіріп, төрге озған Мәди: «Ел шетіне әдейі кеш батырып келдім, таң қараңғысында аттанамын», – деді» деп бастап, баяндайды екен. Сөйтіп түн ішінде қазан көтеріп, қашқын ерге дәм берген Хасен шаңырағы Мәдиді таң бозында аттандырып салыпты. Бір ғажабы, бұл әңгіме: «1914 жылы Мәди (Атбасардан – Е.Т.) Қарқаралыға қайтады. Жолда белгілі феодал Шорманның жылқысынан «байдың малы жаудың малы» деп екі жүйрік ат мініп кетеді», – деп жазған қазақтың тұңғыш музыкатанушы ғалымы Ахмет Жұбановтың дерегімен сәйкес келеді. (Жұбанов А. «Замана бұлбұлдары» Алматы. Дайк-Пресс. 2001. – 172-бет)

Жанболды Хасенұлы қазақтың ұлы ғалымы Қаныш Сәтбаевтың өзінің Әлима атты апасынан туғандығын әркез мақтанышпен айтып отырар еді. Өзі болса жиені Қаныш жайлы жазылған кітаптарды оқып, жинап жүретін. Сондай еңбектердің бірі жазушы Медеу Сәрсекенің «Қазақтың Қанышы» атты кітабын бір барғанымда маған берген еді.

Жанболды Хасенұлынан естіген құнды әңгімелерімнің бірі – аталарының Буырыл атының хикаясы. Бұл Буырыл Құлагердің өлімімен үш жүзге әйгілі болған Сағынайдың асында үштің бірі болып келіп, қазақ даласында өткен ұлы бәйгелердің тарихына есімін болат тұяғымен еш өшпестей қашап жазып кеткен өз заманынының айтулы арғымағы болған желдіаяқ жүйріктердің бірі. Алайда Буырылдың есімі ел есінде қалғанымен оның иесінің кім болғандығы, Сағынайдың асына қалай барғандығы хикаясы еш жерде айтылмайды. Тек Шорман елінің атынан қосылып, шапқандығы ғана жұрт есінде қалған.

«Құлагердей» даңқты дастан жазып, сақара саңлақтарына сұлу жырдан өлмес ескерткіш қойған ұлы ақын Ілияс Жансүгіров те негізгі егесті Құлагер мен Көктұйғынның арасында өткізіп, жүйрік қаламын Буырылға бұра қоймайды, тек кәрі күліктің атын ғана атай кетеді. Осылайша Буырылдың Сағынайдың асына қатысу хикаясы ғана сақталып, өңге дерегі кейінгіге жетпей қалғандай көрінген. Өйткені күні бүгінге шейін ел ішінде алдыңғы үш бәйгені бөліскен Батыраштын Көктұйғыны мен Айтбақының Күреңі ғана айтылады да, Буырыл жайы ел жадынан ұшты-күйлі өшіп кеткендей әйгілі жүйрік жайлы ешбір мәлімет ұшыраспайтын. Сөйтіп жүргенде бұл әңгімені сонау жылдары Жанболды Хасенұлының аузынан кездейсоқ естіп қайран қалып едім. «Қолжазбалар жоғалмайды» дегендей жақсы әңгіме де өлмейді екен…

Кейін бұл естігендерімнің кейбір тұстарын қайынатамның аталас інісі Тұрғанбек Байділдиннің айтуымен толықтырып алдым.

Марқұм Жанболды Хасенұлы Буырыл аттың баянын былайша бастар еді: «Қаржастың ішінде Талас деген ел боламыз. Таластан Елқонды, Байқонды, Кенжебай туады. Біз соның Елқондысынан тараймыз. Елқонды батыр адам болған екен. Қалмақпен жаугершілік заман. Мына Баянауыл мен Май ауданының түйіскен тұсындағы «Қалмақ қырылған» аталған жерде қалмақпен қырғын соғыс болып, қазақ қолы жеңіп, сол ұрыста Елқонды атамыз қалмақтың он алты жасар сұлу қызын олжалапты. Сол қалмақ шешемізден Қобылан, Имеңке, Жаманқара, Туатай атты төрт ұл туады. Осы төрт ұлдан тараған ұрпақ ел ішінде «төртқара» атанған. Біз соның Қобыланы боламыз. Бір жылы Сағынайдың асына сауын айтылып, Сүйіндік-Қаржас елі ұлы жиынға күн ілгері қамдана бастапты. Ол заманда асқа саба жиып, топқа түсер өнерпазы мен балуанын сайлап, бәйгеге қосар атын баптап, игі жақсысы сән түзеп, айрықша салтанатпен барады екен. Құлболды-Қаржастың атынан күреске атақты Жақып балуан түсетін болып ұйғарылыпты. Ат бәйгесіне Құлболды елі Айтбақының Күреңін қосатын боп уағдаласыпты. Қаржаста Күрең тұлпардай анық дәмелі ат болмай, Мұса мырза қалың жылқысынан жүйрік таңдатуға атақты Күреңбай сыншыны алдырады. Сол заманда Шорман тұқымына бірнеше мың жылқы біткен екен. Алайда, көп жылқыны аралап көріп, дәмелі дегендерін алдынан түстеп өткізген әулие сыншы мұның ішінде ұлы бәйгеде топ жаратын ат жоқ деп кесіп айтыпты. Айтарын айтып еліне қайтқан сыншы жолай Таластың жылқысына соғады. Кезек Елқонды ұрпағы Ержан қажының жылқысына келгенде, көп күлікті асықпай аралап келе жатқан ұлы сыншының қырағы көзі қалың қылқұйрықтан бөлек жайылған Буырылға түсіпті. «Жануар шабатын ат екен, жерге қаратпас, осыны апарыңдар», – деген деседі Күреңбай. Ат иесі Елқонды тұқымы Ораз деген кісі екен. Атының қартайып қалғанын көлденең тартыпты. Күреңбай сонда: «Әлі күші бойында, бір шабарлығы бар, бабы келіссе, бағы ашылып тұр», – деп аттанып кетіпті. Ат сынының әулиесі әлгіндей деген соң, Ораз атсейіс аянып қалсын ба – кәрі Буырылды жарата бастайды. Сөйтіп, Қаржас елінің атынан кәрілігіне қарамастан Буырыл шабатын болып келісіледі».

Осылайша кәрі Буырыл бәйгеге қосылып кете барады. Ел аузында бұл бәйгеге үш жүзден аса ат қосылған дейді. Ілияс ақын өзінің «Құлагер» поэмасында 1300 сәйгүлік шапты деп жырлайды. Қалай десек те бұл бәйгеге сол заманның аузымен құс тістеген небір дүлдүлдері қатысқан. Бір өкініштісі аттардың неше шақырымға айдалғаны жайлы нақты мәлімет жоқ. Бір әңгімелерде жетпіс шақырым, енді бірінде тоқсан шақырым, тіпті жүз жиырма шақырымға шапты деген деректер ұшырасады. Солардың ішіндегі шындыққа жанасатыны жетпіс шақырым дер едік. Өйткені ол заманда ат бәйгесінің негізгі қашықтығы күндік жер яғни жетпіс шақырым болған. Мұны маған 1980 жылдары, бала кезімде, XX ғасырдың 20-сыншы жылдарының нәубетіне дейін байлардың бәйгеге қосқан атының шабыскері, бүгінгінің тілімен айтқанда өз заманының кәсіби шабандозы болған Сейтен Бекбосынов деген ауылымның әңгімеші ақсақалы айтқан еді.

Ақыры күн еңкейе көгжілтім тартқан көкжиектің көкшулан шаңын шүйкедей соза, шудадай шұбата, андыздай шапқан аттар да көрінеді. Үш жүз аттан төрт ат қара үзіп келе жатады. Қарақшыдан көз көрім жерде Жыландыөзек деген жалпақ ойпаң бар екен. Сол сайға алдымен бір ат түседі, соңынан үш ат іркес-тіркес құлайды. Алдыңғы баран ат өзектен шықпай қалады да, үш ат сайдан қайқаң етіп өте шығады. Кейін ел сайдан шықпай қалған аттың балтаға жығылған Ақан серінің Құлагері екенін естіп дүрлігеді. Әрі қарай бұл оқиғаны Ілияс ақынның жырымен баяндайық:

Алтайдың қосқан аты асыл аруақ,

Көк аты Батыраштың келді зарлап.

Дауысы баласының азар шығып,

Шырылдап өте шықты «Бегайдарлап».

 

Аяғы бұраң қағып, бота маймақ,

Айтпақтың күреңі өтті «Төлебайлап»

«Шормандап» кәр, шораяқ бурыл өтті,

Лап ұрып, қозып кетті, жұрт айқайлап…

Ілияс ақын нақты жырлағандай, мәреден әуелі Батыраштың көк аты, екінші Айтбақының Күреңі, үшінші болып Буырыл өтеді. Мұны «Шормандап» кәрі, шоряқ буырыл өтті», – деп поэма авторы анық жазады. Қазақ поэзиясының Құлагері атанған жыр дүлдүлі осылай жырлаған соң, Буырылдың шын иесінің есімі ұмытылып, кейінгі тарихқа Шорман тұқымының төл аты болып енгенге ұқсайды. Ал шынтуайтында бұл Елқонды Ораздың аты екен.

Десек те Ілияс Жансүгіровтың «Құлагері» көркем туынды, сондықтан автор жалпы Қаржас елінің атынан қосылған Буырылға мініп шапқан баланың аузына бір заманда сол елдің бас иесі болған атақты Шорман бидің есімін салған сияқты не ақынға дерек берушілер осылай жеткізген болса керек. Сөйтсек, әсте олай емес екен, бұл жерде бәйге тарихынан қалтарыс қалып қойған бір әнтек сыр бар болып шықты. Оны Жанболды Хасенұлы мен оның туысқан інісі Тұрғанбек Байділдин былай баяндайды:

«Ораз Буырылға, атқа жеңіл деп, Елқондының Туатайынан тараған он бір жасар Әубәкір деген баланы мінгізіпті. Әубәкір «р»-ға тілі келмейтін сақау екен. Қарақшыға жеткенде «Ораз» деуге тілі келмей, «Ояз, Ояз!» деп ұрандап өте шығыпты. Бұған ел жақсыларымен бірге бәйгені тамашалап отырған Мұса мырза Қаржастың құты Шорманның аруағына сиынбай, орыс ояздың атын шақырды деп қатты шамданыпты. Сөйтіп Буырылдың бәйгесін бергізбей тастаған екен», – дейді.

Әдетте қарақшыдан өтіп бара жатқанда ат үстіндегі бала өз руының ұранға шыққан атақты бір адамының атын шақырады яки кей жағдайда ат иесінің есімін ұрандап өтеді. Мәселен, менің XVIII ғасырдың аяғында жасаған арғы аталарымның бірі Баймырза деген кісі Ұлы жүзде өткен бір атақты астың бәйгесіне ат қосып, ол жүйрігі көмбеге қара үзіп бірінші келіп, үстіндегі бала мәреден «Баймырзалап» өткенде әкесі Қараша атымды атамадың деп баласына реніш білдірген екен. Кейін мұның соңы әкесі балаларына енші бөлгенде жылқысының құты, жұрт – жалына бозторғай ұялаған деп аңыз еткен Құрқылтай торының үйірін Баймырзаға бергісі келмеуге дейін әкеп соғады. Ұлы жүздегі осы шетін оқиғадан кейін атқұмар бабамыз малының құтын үлкен ұлы Жанмырзаның еншісі еткісі келген екен, алайда Жанмырзаның көңілі басқа айғырдың үйіріне ауып, әкесінен соны қалап тұрып алып, амалы таусылған Қараша Қалыбекұлы Құрқылтай торының үйірін еріксіз Баймырзаға қиыпты. Кейін өз заманының мыңды айдаған жылқылы байы, ат сырының асқан білгірі болған, есімімен Арқаның ұзын аққан бір өзені аталған (Теміртау мен Елорданың арасындағы Баймырза өзені) Баймырза ұрпағынан бергі дәуірде де атақты атбегілер көп шыққан. Соның бірі – Баймырза Қарашаұлының бұл күндегі атпаз ұрпағы, халықаралық Ақалтеке федерациясының вице-президенті (Президенті Түрікменстан президенті Ғұрбанғұлы Бердімұхамедов), Ақалтеке тұқымын сақтау және өсірумен айналысатын Орта Азиядағы ең ірі шаруашылықтардың бірі – «Dacor» жылқы зауытының иесі, әу баста он алты нәсілден тараған барша Ақалтеке тұқымының толық иегері (коллекционері) Нартай Бекбосынов атты азамат. Әңгімеміз жүйріктер мен атбегілер жайында болғандықтан, бабалар жолынан айнымаған бұл кісіні де осы заманның белгілі атбегісі ретінде айта кетуді жөн көрдік.

Баймырза әңгімесін мысалға келтіргеніміздей – ат бәйгесі қазақтың аруағы мен бағының cыналар кезі, сондықтан маң далада марғау жатып, мал баққан елдің қанын қыздырып, қай-қайдағысын қоздырған төтен оқыстар – дау-шарлар, бас жарылып, көз шыққан жаппай төбелестер сақара жұртының сайын даласын дүбірлеткен ұлы астарда әредік-әредік көрініс беріп, оқтын-оқтын болып тұрған. Ілиясша айтсақ, «Саптаяққа сиіп өлген Сағынайдың» асы, басы – ат өліп, соңы – кісі өлімімен аяқталған осындай қанды астардың бірі болған. Бұл тұс – қазақтың орысқа біржола қараған бодан кезі, сол себепті мұндай ұлы жиындардың өту тәртібінің құзыры патша шенеуніктерінің дәргейінде болған. Соның айғағындай, Сағынайдың асына да соңынан жарақты жасағын ертіп, ояз бастығының өзі келеді. «Құлагер» дастанында да асқа астамси келген ояздың орысқа кіріптар, басыбайлы қазақты басынып билеп-төстеуі, оңды-солды жарлық шашып, момын жұртты зәрлі законмен үркітіп-қорқытып зіркілдеуі нанымды баяндалады. Мұса мырзаның «Буырылдың иесі Ораз атсейіс мен тұрғанда асқа әмір жүргізген оязға жағымпазданды, әкесі Шорманның есімін ұрандатпай, «Ояздап» өтті» деп ашу шақырғанының себебі осы екен.

Сөйтіп қартайғанда небір жылмиған жүйріктер, жер апшысын қуырған кілең қу тұяқ саңлақтар қатысқан Сағынайдың асында ақтық шабысын сарқып, бәйгеден үшінші келген Буырыл тұлпар аста-төк мол астан өзіне тиеслі ақырғы бәйгесін ала алмай, әбден қартайып, тулақ болып өліпті. Ал атақты Ақан серінің бесті күнінен бар қазаққа бәйге бермеген, «Баспа бас қызға бермес жануары» – Құлагері Батыраштың балтасына жығылып, қапыда өледі. Қай заманда болсын, қазақтың ат пен адамының жүйрігіне көлденең қазық көп болған ғой…

Осы әңгімені көкірек көмбесінде ұмытпай сақтап, кейінгі ұрпаққа қаз қалпында жеткізіп кеткен Жанболды Хасенұлына Құдай рахмет қылсын! Марқұмның нұры пейіште шалқығай! Маусымның 26-шы жұлдызында Ақши ауылында берілетін жылдық асы қабыл болсын!

Ерлан Төлеутай

әнші, өнертанушы. Баянауыл ауданының құрметті азаматы

Argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.