Қош бол, торы атым!

7977

(поэма)

1

Қазақ пенен қазанат өскен өніп,
Тариыхтың бетіне кестеленіп.
Кісінеген құлын да, менде бірдей,
Ел көшкенде қосатын көшке көрік.

Қазанат пен қазақ деп тасып қаным,
Еркөңілді ешкімге жасытпадым.
Бесігімде байбалам салып ылғи,
Бәсіремді мінуге асыққамын.

Жақын болдым жылқыға ес білгенде,
Өкінер ем қадірін кеш білгенде…
Ішкен асты қоясап жүгіруші ем,
Жылқылардың дүбірі естілгенде…

Туған жерге көрсетпей ауыр қылық,
Туған елім өсірді тәуір қылып.
Жел тақым боп жетылдым ақырында,
Талай-талай тайларды жауыр қылып…

Таулар биік көрінген бұрын маған,
Төбесінде тай мініп жығылмағам.
Алты жастан қатысып аламанға,
Шабандоз боп сан рет шырылдағам…

Туған жердың төсін сан таптағамын,
Жүйрік атты ойламай жатпағамын.
Жылқы ішінен торы тай таңдап алып,
Нағыз жүйрік осы деп баптағамын.

2

Tory atАқтайтыны үмітті маған анық,
Жүйріктердің ішінен сараланып.
Жүз ат шапқан бәйгеге қосылса да,
Шу дегенде шығатын дараланып.

Ауыл заңы бар талай сызылмаған,
Тарихтан жалғасып бұзылмаған.
Тұлпарларды көргенде құстай ұшқан,
Қазақ қазақ болар ма қызынбаған?!

Мен атыма, ат маған телінулі,
Тәнтті етпеген жақсы ат тегі кімді?!
Бәйгесіне атымның масаттанып,
Баса алмағам неше күн желігімді…

3

Дала заңы кешегі қалған кейін,
Ұмытылмай бүгінмен жалған дейін.
Біздың қазақ үкілеп, тұмар тағып,
Суреттеген жақсы атын жардан кейін.

Тарқамайтын құмарым жалқы күнде,
Одан басқа болмайтын талқы мүлде.
Құс тістеген аузымен жүйрік болды,
Алты құрлық басатын алты күнде.

Асау қудым адырда арқан алып,
Бәйгелерден қалмадым қалқаланып.
Шаң қаптырып талайды тастап кеткем,
Шабысына атымның арқаланып…

Шыға келген түріліп түрің қандай,
Қайырылып хас сұлу бұрылғандай…
Тұяғынан шығатын тас ұшқындап,
Болат балға шың төске ұрылғандай…

Жүйрік жоқ деп ойлаушы ем тең келетін,
Жарысқанның барлығын өңгеретін.
Абыройды бөліспей ағайындар,
Екеумізді бөлуді жөн көретін…

Дүбірлетіп мына бел, ана белді,
Құстай ұшып қанатын қаға берді.
Қызылсаздың қырқасын әнге бөлеп,
Қайран күндер елес боп қала берді…

4

Тамыр тартқан тереңге қайыңдайын,
Ер азығын ертеңгі дайындайын.
Мақсұт қылған Балқашқа құюуды аман,
Мен Ілеге ілестім жайындайын…

Бір үміттің соңында екіленіп,
Тарыттым алға батырлар секілденіп.
Амалсыздан қалдырдым сені ауылға,
Тағдыр бізді қойған соң екі бөліп…

Шын бабыңа келіп бір жарағанда,
Көздің жауын алушы ең қарағанда.
Сен келесің бәйгеде топты жарып,
Мен қосылдым «тіршілік-аламанға»…

Мына өмірдің қарасаң бәрі сынақ,
Өтерміз-ау өзгемен жарысып-ақ.
Көмбесіне қарай біз көсілерміз,
Аз намысқа бойдағы қарысып ап…

Маған алтын секілді құның бүгін,
Қараша үйдің жамаған туырлығын.
Жақсы екен ғой дариға-ай, жақсы екен ғой,
Менің — сәби, ал сенің — құлын күнің…

5

Жанарымнан жазықсыз жас тамар ма?!
Сағынышты бір күндер басталар ма…
Буда-буда ақшаға айырбастап,
Тізгініңді ұстаттым басқаларға…

Қалай сені қиып мен жат қыламын,
Жалау етіп жалыңды шапқыладым.
Жанарыңа қарауға шарасызбын,
Етегімді екі рет тартқыладың…

Мен барамын бір арман жетегінде,
Сен барасың біреудің жетегінде…
Менің сері күнімнің куәсі едің,
Қия алмай бір қарадым кетеріңде…

Сен ат болдың, мен де тез ержетіппін,
Тірлігімді тынымсыз тербетіппін.
Арманымның ақ туын аласартпай,
Алатаудай тым биік жерге тіктім.

Мұңымды айтып қайтейін дос-жаранға,
Дәл өзіңдей, торы атым, дос табам ба?
Туған жердің келбеті көз тұнатын,
Жәудіреген елестер қос жанарда…

Тағдырлардың талқандап тар асуын,
Тірліктердің іздерміз жарасымын.
Сағынышты басатын сағынармыз,
Қызылсаздың тұп-тұнық қарасуын…

Арман қудым алдап еш бұлтармады,
Өр-еңісі, орлары құрта алмады.
Тұлпарлармен бір туып, бірге өсіп,
Тулап қалды бойымда тұлпар қаны!

Сен де мен де іздедім басқа тұрақ,
Тірлік үшін әр пенде бас қатырад.
Сағынышты басармын өзің жайлы,
Кекіліңді бір уыс жасқа шылап…

Khaster A.Қастер Әкизаұлы
argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!