Нәбидолла КИКЕБАЕВ: Ең керемет жылқыға ие болып отырып, қадіріне жете алмай келеміз

5488

«Адамзат тарихында алғашқы болып жылқы малын біздің ата-бабаларымыз қолға үйреткен. Әлемге тараған 250-ден астам жылқы тұқымының отаны – Қазақ даласы. Дүниежүзіне ер-тұрманды, үзеңгі мен ауыздықты танытқан біздің бабалар» деген деректерді айтып дәлелдеуге тырысқанда алдымызға жан салмаймыз. Тіпті «қазақ пен жылқы егіз ұғым», «ер қанаты – ат» деп мақалдап-мәтелдегенде аттыға сөз, жаяуға жол бермейміз. Бірақ, қазіргі таңда жылқы малына, оның тұқымын асылдандырып, оған қатысты мәселелерді шешуде қандай қадам жасап отырмыз? Жылқы шаруашылығын дамытуға мемлекет неге көңіл бөлмей отыр? Спорттық жылқыларға нақты қай министрлік жауапты болуы керек? Елімізде өтетін бәйгелердегі допинг мәселесі неге шешілмей келеді? Бұл сауалдарды танымал селекционер ғалым, «Қазақ тұлпары» зауытының директоры Нәбидолла Кикебаевқа қойып көрген едік.

— Қазіргі таңда жылқы малын асылдандыруды көп адам шет елден асыл тұқымды айғыр сатып әкеп, оны биеге қосып, содан туған құлын асыл тұқымды болады деп санайтын секілді. Ал шын мәнісінде бұл ұзақ процесс. Жалпы селекция жасау қанша уақыт алады?

— Бұл қазіргі коммерциялық заманның ағымымен жүретіндердің түсінігі. Ол жалпы асыл тұқымды деген ұғымның не мағына беретінін түсіне алмайтындардың, ол талапқа сай болуы үшін қанша уақытта, қалай жүзеге асуы керек екенін, жылқы тұқымын асылдандырудағы мақсаты не екенін анық білмейтін адамның әңгімесі. Ал бұл талаптарды мал шаруашылығы ғылымында «селекция» деп атайды.

Содан кейін ежелгі қазақ тарихында жылқы тұқымын, жалпы мал тұқымын асылдандыру деген ұғым болмаған дегенге саятын бір түсінік бар. Шын мәнісінде ата-бабамыз қай айғырды қай биемен шағылыстырғанда қандай құлын туатынын, кімнің жылқысының тұқымы асыл, қай өңірде текті жылқы көп болады дегеннің барлығын біліп отырған. Одан кейін, қай айғырдың қайдан келгені, оның қай биемен шағылысқаны, одан қанша тұқым алынғаны барлығы да хатталып-шотталып қағазға түспесе де, көз алдында, көкейінде анық сақталып келген. Бұл үрдіс ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, немере-шөберелерінің өзі «бәлен деген атамыздың бәлен деген айғырының тұқымы екен» деп айтып отыратын болған. Бұны дала селекциясы деуге болады.

Ал қазіргі жағдайда осыған жауапты министрліктеріміз бар. Әрбір министр басшылыққа келген кезде өз бағдарламасымен келеді. «Мен мына жұмысты қолға алдым, енді соңына дейін жетемін» деп келеді. Бұл үрдіс әкімдерде де бар. Олар өздері отырған уақытта тез арада жұмысынан бір нәтиже көрсеткісі келеді. Бірақ ондай қысқа мерзімде нақты нәтижесі анықталмайтын шаруалар да бар ғой. Селекция дегеніміз сондай істің бірі. Ол ұзақ уақытты талап етеді.

Мысалы қазақ жылқы тұқымын алайық. Бұл мыңдаған жылдардан бері селекцияланып келе жатыр. Адай жылқысы, найман жылқысы сияқты жылқы тұқымдары халықтық селекция арқылы дамып келеді. Бұларды айтпағанда, елімізде кейіннен қолға алынған көшім жылқысы, Қостанай жылқысы, мұғалжар жылқысы сияқты да жылқы тұқымдары бар.

Бұлардың тарихына үңілер болсақ, Қостанай жылқысын шығару үшін 1888 жылдан бері қарай 130 жыл болды. 1951 жылы селекция жұмысы бітті деп комиссия келіп тексеріп, Қостанай жылқысын бекіткен. Сонда байқасаңыз сонау зауыттың негізі қаланған 1888 жылдан 1951 жылға дейін 70 жылға жуық уақыт жүргізілгенін көреміз.

Ал көшім жылқысына келер болсақ, Көшім өзенінің бойында, Көшім ханның жылқысынан қалған тұқым. Соны жетілдіріп, құжатын бекітіп 1920 жылдары селекцияны бастаған. Сол көшім жылқысын бекіту 1976 жылы нақтыланды. Байқағаныңыздай, Көшім ханнан қалған тұқымы нақты, күнделікті өмірде бар жылқының өзі 56 жылда нақтыланып отыр. Оның өзінде селекция жұмыстары соғысқа қарамастан, үзбей жүргізілген.

Еліміздегі айтулы жылқылардың бірі — мұғалжар жылқысы. Бұл қазақтың жабы тұқымынан шығарылған. Селекциялық жұмысы да әріден басталады. Ең төзімді, ешқандай бағым-күтімді қажет етпейтін, нағыз қазақ даласына бейімделген тұқым. Ал осы жылқы тұқымын шығару құжат бойынша 1930 жылдардан басталып, 1998 жылы жеке тұқым ретінде бекіді. Сонда 70 жылға таяу уақыт селекция жүргізілген.

Міне, қазіргі қазақ даласында ұзақ жылдардағы үздіксіз жұмыс негізінде дүниеге келген үш тұқымды айттық. Осыны түсінетін адам ғана түсінеді, ал қазіргі коммерциялық көзқараспен қарайтындар үшін жылқы тұқымын дүниеге әкелу қиын емес секілді көрінеді.

Жаңадан шығарылған тұқымның барлық төлі генетикалық жағынан бір-біріне сәйкес болып қалуы керек. Ал олай болмаса, алдағы уақытта айнып кетеді. Келесі құлынына келгенде гені айғырына немесе биесіне көбірек тартып кетеді. Ол ондай болмай, сол тұқымнан аумай түсіріп отыру үшін, төрт-бес ұрпақ ауыстыруы керек, сол тұқымдағы айғыр мен биені шағылыстыру арқылы тұқымды бекіту керек.

— Жақында Талдықорған жақта «Жетісу асылы» жылқы тұқымы, ал өзіңіз білетіндей Семейде «Жәйтап» жылқы тұқымы шығарылды деген ақпарат тарады. Жалпы осы тәуелсіздік алғаннан кейінгі қазақ жылқысының асылдандыру барысы қалай?

— Жаңа тұқым шығарылды деген жәй сөз. Жылқы тұқымы қалай пайда болатынын білетін адамдар бұл ақпараттың негізсіз екенін біледі. Мысалы «Жәйтап жылқысы» деген жылқыны Қарағандының «Шолақеспе» жылқы зауытынан сатып алып, Алматы облысында ұстап, көбейтті. Одан кейін осы Ақмола төңірегіне әкеп біраз бақты. Жылқы саны біраз көбейген соң, соны бағып отырған Жәйтап деген адамның атын беріп, соның жылқысы, жаңа жылқы тұқымы деп жариялап жіберді. Ал жылқы малынан хабары барлар бұған күлді, қазір ол жылқы жайына қалды. Жаңа тұқым шығардық деп жүргендердің бәрі осындай дүниелер.

Ал өзіміздің қазақ жылқысын асылдандыру, оның тұқымын жақсарту, селекция жасау жұмыстарына көңілім толмайды, шынымды айтсам. Себебі бұл жұмыстың барлығы мемлекет бойынша басқа деңгейде болуы керек еді. Мысалы біздің әр ұлттық ойынымыз, ат спорты бойынша соған бейім жылқыларымызды шығаруымыз керек еді. Ұзақ уақыт алса да, біз соған келтіріп жасауымыз керек еді. Қыз қууға шығатын ат пен көкпарға салатын ат бөлек. Көкпар атының түр-тұлғасы, мінез-құлқы, жүріс-тұрысы бәрі басқаша болады. Сондықтан оған бөлек жылқы дайындау керек.

Ал қазақтың жорғасын жоғалтып алмау мәселесі әлі күнге өзекті қалпында. қазіргі кезде таза жорғалайды дейтін санаулы жорға ауылдарда ғана бар. Қазір біз жорға деп тамашалап жүргеніміздің барлығы да орыстың желгіш жылқысынан жөндеп алған, шапқындар ғана. Сондықтан бұның да мәселесі көп.

Аламан бәйгелердің өзінде алысқа, жақынға, топ бәйгеге деп жеке-жеке жүйріктер дайындауымыз керек. Мысалы ипподромның өзінде маер, стайр дегендер бар. 3 шақырымға шабатындардың өзін ұзақ қашықтық – стайр деп атайды. Ал 1,5-2 шақырымға шабатындарды маер дейді. Біз соның барлығын бір сөзбен ғана «бәйге аттары» дейміз. Шын мәнісінде бәйгенің де дыз етпесі, ұшқыры, жақын қашықтыққа, алысқа шабатындары болады. Осының барлығын іріктеп, осыларға сай ипподромдар жасақтап, сараптап отыру үкіметтің қарамағында болуы керек. Бізде ол жоқ. Бір ғана Қостанай жылқы зауытын Президенттің араласуымен әрең сақтап қалдық. Соның өзінде 2014 жылдан бері селекциялық жұмыстар тоқтатылды да, мемлекеттік бюджеттен алынып тасталды. Енді біз өз күнімізді өзіміз көріп келе жатырмыз.

Кейінгі жылдары ақша бөлінбегендіктен, біз жылқыны құлын, тай кезінен сатуға көштік. Бұрын бапкерлерді ұстап, ат баптатып, бәйге болса «Қазақ тұлпары» зауытының атынан шабатын еді. Қазір оны да қойдық. Бапкер ұстайтын штат жоқ. Екіншіден біз өзімізге керек атақ-дәрежемізді игеріп болғанбыз. Әртүрлі салалар бойынша «Қазақ тұлпарының» жеткен жетістігі көп.

— Зауытта қазір қанша жылқы бар?

— 150 жылқы бар. 60-қа жуығы бие. Соның әр жылғы төлін сатып, сол арқылы күн көріп отырмыз.

— Жаңа «Қазақ тұлпары» өз биігіне шыққан деп жатырсыз ғой, қандай жетістіктері бар?

— Иә, жетістіктері аз емес. Соңғы он жылды ғана алып қарайтын болсақ, «Қазақ тұлпарынан» шыққан 359 жүйрік бірінші, екінші, үшінші орынды алған екен. Бұл халықаралық, республикалық үлкен бәйгелер барлығы да. Себебі үлкен бәйгелерге қазіргі кезде ағылшынның таза қандыларымен бәскеге түсе алатын ат аз. Сол аздың бірі – осы Қостанайдан шыққан тұқым. Сосын қазір жақсы дамып келе жатқан шөген ойынына да біздің Қостанай жылқысын алып кеткен, 40-тай бас. Шөген ойынына Аргентинадан бапкерлер әкеліп, Алматыда дайындаған екен, жақсы көрсеткіш көрсетіпті. Соған аргентиналықтар қызығып, тұқымын көбейтіп жатыр қазір.

— Осы жерде сөзіңізді бөлейін, негізі аламанға қай тұқым жақсы?

— Қашықтыққа байланысты, барлығы. Алыс қашықтық болса, ақалтекелер шаба алмайды, ол өзі бір сұлу, сәннің жылқысы ғой. Арабылар аламанға жақсы дайындалса солардың ішінде біраз құйрығын шаншып алып шабатындары бар. Бірақ аз. Жақындау қашықтықтарға болмаса, арабының бұты жетпейді ұзақ көсілгенге. Қостанай жылқысын жаңа айттым, ағылшынмен ауыздық тістесе алатын осы тұқым ғана. Алыстаған сайын бұларға тиімді болып келеді қазір.

— Қазір бір байқап жүрген мәселе бар. Ол – әсіресе спорт аттарын дайындауда. Мысалы Ауыл шаруашылық министрлігіне барса, «сендер спорттық жылқы жайлы айтып отырсыңдар, Мәдениет және спорт министрлігіне барыңдар» дейді. Ал ол жаққа барса, «сендер мал жайлы айтып отырсыңдар, Ауыл шаруашылық министрлігіне барыңдар» дейді. Яғни, анда да жоқ, мұнда да жоқ. Енді не істеу керек?

— Бұрын Кеңес үкіметі тұсында барлық ипподромдар Ауыл шаруашылық министрлігіне бағынатын. Ал жаңа тұқым жасау деген ауыл шаруашылық саласының жұмысы деп жазылып қойған еді. Және солай жұмыс істелетін. Себебі жаңадан танылған тұқым ипподромда сынақтан өтетін. Әсіресе спорттық тұқымдар осылай тексерістен өтетін. Сондықтан да бұл жұмыс жүйелі түрде Ауыл шаруашылық министрлігіне қарайтын еді. Енді қазір Ауыл шаруашылық министрлігіне барсаң, «Біздің жүйе өзгерген. Біз тек халықты тамақпен қамтамасыз етуге ғана жауапты министрлікпіз. Бізге ет пен сүт, нан мен май керек, басқасын бізге айтпа» дейді. Ал Мәдениет және спорт министрлігіне барсаң, «Жылқы деген не? Жылқы деген – мал! Мал қайда бару керек? Ауыл шаруашылығына баруы керек» дейді. Ал ауыл шаруашылығына қайта барсаң, «ой, ол деген спорт жылқысы ғой, демек спорт министрлігі жауап беруі керек» дейді. Міне, осындай «сен салар да, мен салар, атқа шөпті кім салар?» дегендей күй кешіп, атқа шөп салынбай, салпақтап жүргенімізге қаншама жыл болды.

— Сонда бұл мәселе осылай итіс-тартыс болып жалғаса бере ме?

— Шешімі біреу-ақ! Ауыл шаруашылық министрлігі дұрыс көзқараспен қарауы керек!

— Яғни АШМ жауапты ғой?

— Иә, Ауыл шаруашылық министрлігі жауапты. Бірақ, бір жағынан қарасаңыз, Мәдениет және спорт министрлігі де жауапты секілді. Спорттық жылқылар болғандықтан олар да бұған назар аударуы керек. Ал селекция жасау, генетиканы сақтау үшін, оны дамытып, бақылау үшін арнайы мекеме құрылуы керек екі министрлік арасынан. Ал олай жасамайды екен, Ауыл шаруашылық министрлігі толық қарамағына алып, жауап берулері керек.

— Селекционер ғалым, жылқы малының білгірі ретінде қазіргі ат спортында қолданылып жүрген допингтің жылқы денсаулығына зияндығына тоқталыңызшы?

— Допинг жылқы денсаулығына таза зиян! Қарапайым ғана айғырдың не биенің ұрықсыз болып қалуы өз алдына, ал жылқының өз жеке басының денсаулығына зияны жетіп-артылады. Және бұл допинг мәселесі жылқы шаруашылығын дамытуға залалын тигізіп отыр. Мысалы маңдайына басқан жалғыз таза қанды жүйрігін бәйгеге қосқысы келген адам, ана допинг пайдаланатындардан ұтылып қалады. Себебі допинг салған кезде қандай мәстегіңнің күші 30-40 пайызға көбейіп кетеді. Содан өлген-тірілгенін білмей шабады. Өн-бойындағы күшін сарқып шапқан соң, көзі аларып, жарты жолда құлап өліп жататыны да содан. Тағы бір зияны допинг қабылдаған жылқының миы істемей қалады. Сол кезде ол алдында не тұрса да қарамай шабатын болады. Ол болдырып, шаршап тоқтап қалу дегенді білмейді, шауып келе жатып бірден тоқтап, жығылып кететіні содан.

Қазіргі кездегі бәйге аттарына допинг қолданатыны жасырын дүние емес, менің сөзіме сенгісі келмейтіндер болатын болса, үлкен бәйгелерде жүйріктерді жинап, бәйгеге жіберетін жерде аттар апыр-топыр шаба жөнелгенде орынын қарайтын болса, толған шприцті көрер еді. Қазіргі кезде балалардың өзіне үйретіп қойған. Ат шығардан 2-3 минуттың алдында екпені салады атқа.

— Сол допингке қарсы тұра алмаймыз ба сонда?

— Бар әрине. Әлемдік деңгейдегі тәжірибелер бар. Мысалы дамыған елдерде допингтен тексеруді ат бәйгеге шабарда жасамайды. Керісінше ұтқан алғашқы аттардың қанын алып, допинг сынамасына жібереді. Оларда жүлдені біз секілді бірден бере салмайды. Әуелі бәйгеден ұтты деген сертификатын беріп, халыққа жариялайды. Бірақ жүлде жаңағы алынған допинг сынамасы таза болса ғана беріледі. Бұл ол жақта жолға қойылған. Атын бәйгеге қосып отырған адам да, қанша допингпен ұтса да, бәйгені ала алмайтынын біледі. Сондықтан да ол мүмкіндігінше допингке жоламауға тырысады. Біз әлі ондай мәдениетке жете қойған жоқпыз. Бұл бірінші жағы, екінішіден – жылқы, бәйге өткізу деген үлкен, беделді, ықпалды адамдардың қолына өтіп кетті. Сондықтан да оның аттарына батылы жетіп допинг сынамасын жасауға ешкімнің дәті бармайды. Соның салдарынан допингтен тексерудің бәйге аттарына қатыссыз болып жүргені де сондықтан.

— Бізде допингтен тексеретін орталық та жоқ шығар?

— Негізі бар. Алматыдағы Спорт академиясында адамдардың допинг сынамасын тексеретін зертхана бар. Сол жерге жылқыға салатын допингті анықтайтын құрылғыны сатып алып қойып қойса болады. Сол жерде тексере береді. Бірақ, бізде сол тексеріп, шыққан нәтижені ашық айта алмайды ғой.

— Енді әңгімені жылқы мәдениетіне қарай бұрсақ. Неге біз жылқының қадіріне жете алмай келеміз? Неге бізде жылқы мұражайы жоқ?

— Бұл саланы біраз білем деп айта аламын. Мысалы Мәскеуде Темириязев атындағы академияда орыстардың жылқы музейі бар. Өте үлкен, жылқы бейнеленген кішкентай төсбелгіден бастап неше түрлі алып жылқы мүсіндеріне дейін осында. Англияның жылқы мұражайын да аралап көрдім. Баяғы 3-4 жүз жыл бұрын ағылшын жылқысы бір үш айғырдан тараған, олардың бірі осы ұлы даланың, қазақы жылқының айғыры, оны варварлар айғыры деп атаған, бірі араб, тағы бірі түркімен айғыры болған. Олар өз жылқыларының осы үш айғырдан тарайтынын мақтан етеді. Музейде сол туралы ақпараттың бәрі тұр.

Қай елге барсам да сол елдегі жылқы музейлерін аралап көру әдетім. Барлығы да жылқы малын ерекше дәріптейді. Оларда жылқы шаруашылығы дамымаған болса да, жылқылары әлсіз болса да олар дәріптеп отыр. Ал біз керісінше ең керемет жылқыға ие болып отырып, соның қадір-қасиетіне әлі жете алмай келеміз.

Ал бұл мәселені елімізде де көтергелі біраз болды. 130 жыл тарихы бар бізде үлкен жылқы зауытының ғимараты тұр. Соны музей жасағымыз келеді. Облыс әкімдері, министрлер ауысқан сайын айтамын, бірақ нәтиже жоқ. Қостанайда аздап орталықтан алыстау болып қалуы мүмкін, бірақ музей жасауға әбден болады. Құрылыстың сапасы да әзірге жақсы.

— Жәдігерлер жиналмайды дейтіндер де бар ғой.

— Қате пікір. Экспонат біз ойлағаннан да көп жиналады. Халық өзі үшін әкеп беруге дайын. Ата-бабасынан қалған үзеңгі, ер-тұрман, айыл-тартпаға дейін музейге беруге дайын отырғандар бар. Бұның барлығы мемлекет тарапынан қолға алынып, үкіметтің қолдауымен іске асатын дүние. Жылқыға жаны ашитындардың бәрі айтады, бірақ орындалмай қалып жатыр.

— Осы мәселемен қатар жүрген тағы бір ақсап тұрған дүние бар. Бұл да бағанағы спорттық ат секілді. Екі министрліктің арасында тартысқа түсіп жүр. Ол еліміздегі иппотерапияның жетілмей жатқаны..

— Иә, мен мұны «тұлпартерапия» деп аударып, қолданып жүрмін. Бұл мәселені қазіргі кезде балалары даун ауруымен, тірек-қимыл жүйесі ауруларымен, балалардың церебралды сал ауруымен ауыратын ата-аналар ғана көтеріп жүр. Ал шын мәнісінде Денсаулық сақтау министрлігінің құзырындағы дүние. Себебі бұл ат спорты емес, салт мініп жүретін жүріс емес, кәдімгі емдеу мақсатында ғана пайдаланылады. Бұған да емдеу техникасы ретінде қарау керек. Сол үшін үкіметтен ақша бөлініп, арнайы бағдарламасы жасалуы тиіс.

Кейде бізге ауруханалар келеді, «осындай сырқат балалар бар, біз соларды емдеу мақсатында аттарыңызды пайдалансақ деп едік» деп. Ал жылқы ұстайтындардың бәрінде балаларды емдеу мақсатында ат ұстауға құқығы жоқ. Қазір баланы атқа мінгізіп, ол бірдеңеге ұшырап қалса кім жауап береді? Атқа мінген баланың қасында арнайы дәрігер мен ат бағушы бірге жүруі керек. Біз де сол, келісім бере отырып, атбегіні қасына қосып береміз. Біз барлығын өз мойнымызға аламыз, ат әбзелімен бе, жайдақ па, жуас ат па, ат бапкері ме, барлығы біздің мойнымызда. Бірақ бала денсаулығына жауап бере алмаймыз. Сондықтан да бұл саланың жауапкершілігі Денсаулық сақтау министрлігі тарапында болуы керек.

Дегенмен бұл мәселе де жоғарыда айтқан спорттық аттардың кебін киіп отырғаны жасырын емес. Не Ауыл шаруашылығы министрлігі қарамағында емес, не Білім министрлігінде емес, не Денсаулық сақтау министрлігінің құзыретінде емес, халықтан сұраныс бар, бірақ үкімет тарапынан ескерусіз қалып отыр.

Қазіргі кезде осы сала бойынша тұрақты әрі ауқымды жұмыс жасалып жатқан бір өңір ол – Өскемен. Олар қазір иппотерапиямен айналысқысы келетін адамдардың өзін оқытатын мүмкіндік алды. Егер еліміздің кез келген жерінен жылқымен емдеуді қолға алғысы келген адам болса, сол Өскеменге барып, үйреніп қайтуларына болады. Себебі қазір иппотерапиямен емделгісі келетіндер саны күн санап артып келеді. Қанша қымбат болса да, ақшасын төлеп емделуге дайын адамдар көп.

— Әңгімеміздің барысында байқағаным жылқы төңірегіндегі әңгіменің барлығы да айналып келіп үкіметтің қолдауына тіреліп отыр. Ал неге үкімет осыны түсініп, қолдау көрсетпейді?

— Әңгіме басында да мен аздап айтқанмын бұл жайлы. Біздің үкіметтің салалар бойынша ұзақ жылдық бағдарламалары жоқ. Мысалы 50-60 жылдан кейін біз қандай жетістікке жетеміз деген меже болуы керек. Ал біздегі бағдарламалардың көбі 3, 5 жыл арасында, ұзағанда 7 жылға барады. Ал сол аз ғана уақыттың ішінде нәтижесі көрініп үлгермейтін нәрселерге жаңадан келген басшылар, министрлер жоламайды. Нәтижесі тез көрінетін, жарқ етіп шығатын дүниені ғана жарыққа шығаруға құштар олар.

Екіншіден бұндай қысқа мерзімдік дүниенің көбін субсидия арқылы жасайды. Ал сол субсидияның өзін тиімді жұмсауды әлі меңгерген жоқпыз. Соның салдарынан жылқы шаруашылығы, қоғамға керек сала дамымай отыр. Сондықтан ел дамуында ұзақ уақытты қажет ететін салалар бойынша қандай басшы ауысса да, мемлекеттің бағдарламасы өзгермеуі керек. Кім келсе де алдыңғы басшының жасап кеткен ісін, сол тоқтаған жерінен ары жалғастырып кететіндей жүйе болуы керек.

— Әңгімеңізге рахмет!

Erzhan ZhaubayЕржан Жаубай, Baq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!