Астанада Теңге ілу мен Жамбы атудың жеңімпаздары анықталды

tenge-ilu

 Елордадағы «Қазанат» атшабарында Жамбы ату мен Теңге ілуден Қазақстан республикасының ересектер арасындағы чемпионаты мәресіне жетті. Елішілік жарыстың бүгінгі жеңімпаздарымен таныс бола отырыңыздар.

 Теңге ілудің тартысты бәсекесі

Теңге ілу бәсекесі тым тартысты басталды. Еліміздің барлық өңірінің үздіктері алғашқы айналымның өзінде бірінің жолын бірі кесті. Қапысыз дайындықпен келген теңге ілу шеберлері екінші айналымға да жұбын жазбай шықты. Көптеген республикалық жарыстардың жеңімпазы,  2016 жылы жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионатының күміс жүлдегері. 2017 жылғы «Ақ бидай» VІ республикалық ауыл спорты ойындарының чемпионы, 2015 жылы Теңге ілуден өткен І ашық Азия чемпионатының жеңімпазы, ІІІ Азия чемпионатының жүлдегері Ғалымжан Ізжановтан да шеберлігін асырған жігіттер осы чемпионатта танылды. Бастапқы кезеңдерде 14,22 секунд жылдамдықпен 5 теңгені қатар ілген Ғалымжан ақтық сында 3 теңгеден өзгесін іле алмай, сан соғып қалды. Сөйтіп, биылғы Теңге ілу чемпионаты  жаңа жеңімпаз бен жүлдегерлер есімдерін анықтады.

Теңге ілуден 2018 жылғы ҚР Чемпионатының жеңімпазы мен жүлдегерлері:

1 орын – Тимур Иманғалиев (Ақтөбе облысы)

2 орын – Төлеген Серғазиев (Қарағанды облысы)

3 орын – Мағжан Жеңісов (Ақтөбе облысы)

 Жамбы атудың жампоздары

         Сұрмергендер сайысын көрерге көз керек. Құйғыта шапқан ат үстінен шірене садақ тартып, алақандай нысанаға дөп тигізген мергендер жарысын бейне бір көркем қойылым дерсіз. Сән де, шеберлік те, жүректілік те біздің мергендер бойынан менмұндалап тұрады. Республикалық чемпионатқа өз өңірінен дара шығып келген 15 мергеннің алғашқы айналымдағы бәсекесі «Қалқан атудан» басталды. Әсіресе, өткен жылғы «Алтын жебе» халықаралық турнирінің жүлдегері Тулыбеков Абзал мергеннің «Қалқан ату» сайысындағы мергендігі жанкүйер біткенге таңдай қақтырумен болды. Бұл чемпионатта бір нысанаға қос жебеден дарытқан Абзалдан басқа мерген болған жоқ.

     Сондай-ақ, биылғы елішілік мергендер сайысына Алматы қаласы атынан қатысқан  Камалова Әлияның да өнеріне талай жан сүйсіне қол соқты. Әттең, Әлияның садақ ату шеберлігіне жамбы атуға жаттықпаған мінген аты тұсау болды. Нәтижесінде, ұпай саны кем соққан Әлия «Жамбы ату» кезеңіне өте алмады. Әйтпесе, Камалова Әлия бұған дейін ұлттық садақ атудан бірнеше турнирлердің жеңімпазы атанған. Биылғы чемпионатта жүлдеге ілікпегенімен  мерген қызымыздың болашағынан білікті бапкерлер үлкен үміт күтетінін айтты.

«Қалқан атудың» екі кезеңінде жоғары ұпай жинаған сегіз саңлақ «Жамбы атуға» іріктеліп шықты. Бірақ, жалғыз кезеңнен тұратын «Жамбы ату» сайысында суырылып алға шыққан қарағандылық мерген Талғат Омарбаев қана болды. Теңселе қозғалып тұрған «Алтын жамбыға» жебесін дәл қадаған Талғат мерген ҚР чемпионатының биылғы жеңімпазы атанды. Екінші орын Абзал Тулыбековке, үшінші орын Дәурен Кеңесбаевқа бұйырды.

Жамбы атудан  2018 жылғы ҚР Чемпионатының жеңімпазы мен жүлдегерлері:

1 орын – Талғат Омарбаев  (Қарағанды облысы)

2 орын – Абзал Тулыбеков   (Жамбыл облысы)

3 орын – Дәурен Кеңесбаев (Ақтөбе облысы)

 Көкпар финалынан қапы қалмаңыз!

          ҚР чемпионатының ең қызықты да ұзаққа созылатын бәсекесі көкпар. Бес күн бұрын басталған көкпаршылар сайысы да мәреге таяп қалды. Он бес өңір командалары арасынан бірнеше күнгі іріктеу ойындарында топ жарған төрт команда ақтық кездесулерге жолдама алды. 6 шілде күні «Қазанат» атшабарында Оңтүстік Қазақстан облысы мен Жамбыл облысының көкпар командалары ҚР чемпионатының биылғы бас жүлдесін сарапқа салады. Ал, Маңғыстау облысы мен Қызылорда облысының көкпаршылары қола жүлде үшін сынға түседі.

6 шілде күні «Қазанат» атшабарында Аударыспақ, Теңге ілу, Жамбы ату, Көкпардан жеңімпаз, жүлдегер атанған спортшыларды марапаттау және ҚР чемпионатының салтанатты жабылуы өтеді.

6 шілде күні сағат 17.00-де сол «Қазанат» атшабарында Астананың 20 жылдығын мерекелеу аясында «Астана кубогы» үшін бәйге түрлерінен ат жарыстары басталады. «Астана кубогының» жүлде қоры – 20 миллион теңге. Ұлттық спорттың дүбірлі бәсекелерін тамашалаудан қапы қалмаңыздар, қадірлі жанкүйер!

Төлеген ЖӘКІТАЙ, ethnosport.kz

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Please Do the Math      
 

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>