Жағда БАБАЛЫҚҰЛЫ. Жылқы, жылқы, жылқылар… (жалғасы)

15525

Жылқы түсі

– Аға, бір кездері әңгіме арасында жылқының өң-түсі турасында менен артық зерттеген ешкім жоқ деп едіңіз. Жылқы малының өң-түсіне тоқталсақ қайтеді?
– Қазақ халқы барлық өң-түсті «қылаң» және «баран» деп екі топқа бөледі. Енді жылқының жалпы түсіне, ондағы бояуларға сипаттама беріп өтейін.
Көк. Қара көк, теңбіл көк, көк сұр, қызыл көк, көк бурыл, ақ көк, тарлан көк, көк тарландау, көк сұралау, қызыл көктеу, көк бурылдау. Толығырақ алам десеңдер, мен әлімнің келгенінше айтуға даярмын. Мына дәптерде анық жазығанды оқып берейін…
Қызыл. Қызыл көк, қызыл бөрте, қызыл бурыл, қызыл көктеу, көк бөртелеу, қызылылдау, дау.
Бөрте. Ақ бөрте, көк бөрте, сұр бөрте, бөртелеу, ақ бөртелеу, сұр бөртелеу, көк бөртелеу.
Сұр. Көк сұр, ақ сұр, тышқан сұр, қара сұр, сұркөжек, қоян сұр, жылан сұр, сұржекей, сұр бедеу.
Бурыл. Ақ бурыл, көк бурыл, қара бурыл, қызыл бурыл, бурылдау, бурымысақтау, борсық бурыл.
Шұбар. Теңге шұбар, секпіл шұбар, көк шұбар, қара шұбар, теңбіл шұбар, бурыл шұбар, шұбарлау, шұбармысақтау, қызылауыз шұбар, шауқар шұбар.
Тарлан. Ақ тарлан, көк тарлан, қызыл тарлан, боз тарлан, тарланмысақтау, тарландау.
Сары. Ақ сары, шикіл сары, құрым сары, ақжал сары, қаражал сары, қарақұласынан қақ жарылған сары, ақсарылау, құласарылау, жасыл сары. Бұл тұс өте сирек кездеседі. Иегінің астында, екі сулық, екі жақ, сағақ тұстарында аздаған жасыл түктер болады.
Сағал. Кер сағал, шабдар сағал, күрең сағал, сарбауыр сағал, сары сағал. «Сағал атқа мінгендей хан күпісін кигендей» деп, сағал атты мақтау, мадақтау да бар.
Торы. Тобылғы торы, керторы, керауыз торы, шымқай торы, кербалақ торы.
Кер. Ақтаң кер, құла кер, кер торы, кер құла, кер балақ.
Шағыр. Шағыр торы, шағыр қара, шағыр көк, шағыр қоңыр, шағыр жирен, шағыр бөрте, шағыр сұр, шағыр күрең, шағыр бурыл, шағыр сары, шағыр ала, шағыр шабдар, шағыр шұбар. Шағыр жылқының көз қарашығы – қара, қарашық айналасы аппақ болады, кейде осы қарашықтың айналасы жартылай ақ, кейде шапыраш көрінеді. Көз қарашығының жан-жағы түгел аппақ, не жартылай ақ көзді қазақ шағыр көз деп атаған.
Шегір. Көк шегір, ақ шегір, қара шегір, сары шегір, кер шегір, сағал шегір, шегір торы, шегір жирен, шегір күрең, шегір ала. Жылқының көз қарашыңы қап-қара, қарашығының төңірегі көк шегір, жасыл шегір түстілері болады. Бір көзі шегір немес қос көзі шегірлері болады.
Жирен. Меңсіз жирен, қан жирен, ақжал жирен, жирендеу, ақ жирен, жиренсымақтау, жиренжал жирен.
Шабдар. Ақжал шабдар, ақ шабдар, шабдарсымақтау, ақ шабдарлау.
Күрең. Меңсіз күрең, ақжал күрең, шайкүрең, күреңжал күрең, қаражал, қарақұйрық күрең, күреңдеу.
Ала. Қазақ «адам аласы ішінде, мал аласы сыртында» дейді. Сол сыртында тұрған жылқы аласы қара ала, қоңыр ала, торы ала, көк ала, ақ ала, боз ала, бурыл ала, күрең ала, жирен ала, шабдар ала, сұр ала, бөрте ала, сары ала, кер ала, құла ала, шұбар ала болады. Осынау түстерді ежелден мал баққан қазақ «сауысқан ала, ит ала» деп жіктейді. Жалпы, денесінде меңсіз, қалсыз, дақсыз жылқы кемде – кем. Осыған орай қазақ халқы «ақтылы ой, алалы жылқы» дейді.

Жағда Бабалықұлы (1917-2009), қазақтың салт-дәстүрі, ырымдары туралы мол дерек жинақтаған ғалым-зерттеуші

Жағда Бабалықұлы (1917-2009), қазақтың салт-дәстүрі, ырымдары туралы мол дерек жинақтаған ғалым-зерттеуші.

– Нағыз асыл тұқымды, қазақы жылқы жайында қанша айтсақ та қызығы бітпейтін секілді ғой…
– Иә, әрине. Мынадай деректерді оқығаным бар. ХІХ ғасырдың бірінші жартысында, қытай мен орыс қазақ жерін екіге бөлмеген кезде Еренқабырға жаққа ауып барып, қайта қайтқан найманның ішінде қаракерей, оның ішінде мәмбеттен тарайтын Отыншы Тұматайұлын орыстар қолға түсіріп, Кереку жаққа апарып қамайды. Жазығы жоқ Отыншыны шығарып алмақ болып, Аға сұлтан Алшынбай атқосшыларымен жиналып, тарту-таралғысын алып, өте сирек кездесетін қарабас дейтін атын жетектеп, Керекуге келеді. Мол тарту-таралғыны көрген орыстар Отыншының астына екі құлағы қап-қара, өзі аппақ, тұмсығы қып-қызыл, тұяқтары қызыл екі сұңқар сыйлапты. Өзі аппақ, басы қара – қарабас ат пен өзі аппақ, екі құлағы қара – қарақұлақ аттың қазақта болғаны анық. ХІХ ғасырдың соңына таман найман ішіндегі дөртуыл елінің бір мықтысы (есімін ұмытып қалғаным) қара құладан қақ жарылған жарты денесі – ақ, жарты денесі – қара атты сол кездегі Манчжурия империясының ханына сыйға тартып, ханнан өзі де мол олжаға кенеліпті.
Осыншама атырапты, елді басқара жүріп, бір кездері жау жан-жақтан анталаған тұста өзі де аумалы-төкпелі күндер кешкен қазақтың тілін, ділін, дінін, ұлттық рухын, салт-санасын, ұлттық өнерін, ұлттық болмысын, ұлттық мәдениетін, ұлттық бедерін, жалпы бүкіл рухани байлығымызды сақтап қалған – қазақтың жылқысы. Бақса байлығы, мінсе көлігі, ішсе сусыны, жесе ет-май болған жылқы жануары қазақтың бүгінгі күнге аман жетуіне өзінің мол үлесін қосты.

– Сол үйір-үйір жылқылар қайда қазір? Қалай айырылып қалдық?
– Құрыды ғой бәрі. Қазақтың кең-байтақ өлкесінің барлық жерінде де жылқы малы болған. Соның бірі – Сарыарқа өңірі. 1920 жылдары арғындардың бір шаңырағында отыз мың жылқы болған екен. Алтай, Сауыр, Тарбағатай өңірлері – жылқы түлігі мол біткен жерлер. Еренқабырға қойнауларында да жылқы малы аз болған жоқ. Осы Үшбурылда атасының асына жүз, екі жүз, үш жүз жылқы сойғандар да бар екен. Сырым Датұлының асына екі жарым мың жылқы сойылыпты. Не деген сұмдық?! Бұдан біз қазақ елінде жылқы малының мол болғанын көреміз. Ең-таңбасыз тай мен тайлақ, қой мен қозыны баққан қазақ өз малын өзгеден меншіктеп алу үшін сол малды түсі мен түгіне қарап тануды, айыра білуді айрықша дамытқан. Қазақтың осы бір ғажап, қағазға түсіп дәлелденбеген мамандығын дәлелдеу үшін бір ған құла түсті жылқыны құла құлын, құла тай, құла құнан, құла дөнен, құла бесті, құла ат, құла сәурік, құла айғыр дейді. Ұрғашы құла құлын, ұрғашы құла тай, құла байтал, дөнежін құла бие, құлынды құла бие, қысыр құла бие секілді атаулар тағы бар. Бұл айтылған екі түрлі түстеу жылқыны жынысқа жіктеу жолы.

Құла төбел

Құла төбел

– Құла түсті жылықының өң-түсіне қарай жіктеп бересіз бе?
– Жіктейін. Ақ бас құла, айқасқа құла, шиқасқа құла, шиқасқа төбе құла, төбел құла, айтөбел құла, шағыр төбел құла, шағыр құла, шегір құла, шегір төбел құла, ақшеке құла, ақжелке құла, сағал құла, ақтанау құла, ақиек құла, ақомырау құла, ақтұмсық құла, құлан иек құла, ақсағақ құла, аққаптал құла, ақсауыр құла, ақтаң құла, ақалақұла, ақ жал құла, жал-құйрығы қара құла, жарма жал құла, майдажал құла, құланжал құла, құбажал құла, жалы мінер жағына жығық құла, жалы қамшылар жағына жығық құла, шолақ құйрық құла, сымпыс құйрық құла, қысық құйрық құла. Бұл бұдан әрі де кете береді. Мінер жақ алдынан ақтұяқ құла, мінер жақ артынан ақтұяқ құла, мінер жақ алдынан ақжұлақ құла, мінер жақ артынан ақжұлақ құла. Мінер жақ алдынан ақөкше құла, мінер жақ артынан ақөкше құла. Мінер жақ алдынан ақбақай құла, мінер жақ артынан ақбақай құла, мінер жақ артынан алаяқ құла, мінер жақ алдынан ақаяқ құла, мінер жақ артынан ақаяқ құла. Егер де мінер жақ екі аяққа айтылған түстеулерді қамшылар жақ екі аяққа айтса, осы өң-түстерді қайталай береді. Егер алдында тұрған құла жылқының төрт аяғының бірінде не екі, үш, төртінде осы айтылған өң-түстерді қалай қайталанса, сол өң-түсті жаза баспай айту керек. Өйткені, осыны айта отырып, өз малыңды өзіңе қайтара аласың. Малды өң-түсіне қарап иелік етуді қазаққа қаншама ғасырлық мал шаруашылығы үйретіп кетті. Мал түсіндегі өң-түс, бояудың құбылмалы қасиетін жақсы білетін қазақ табиғаттың осы қасиетіне орай, мал түсін түстеуді де сан алуан түске құбылтып атай да біледі. Мысалы, құла ала құла, аққұлалау, сары құла, қызыл құла, қызыл құлалау, қаражал, қарақұйрық құла, сымпыс құйрық құла, шалқұйрық құла.
Қазаққа мал түсін түстеу, айыру, тану, анықтау, жіктеу, бөлу, іздеу, ұстау, байлау, матау, бағу, міну, сауу, сату кезінде қателеспей иелік ету үшін керек болса да, осы мамандықты үйренуге мәжбүр еткен төрт түліктің ала-құла өң-түсі деуге болады.

– Ал осы қолға қарайтын жануарлардың ала-құла болуы қайдан пайда болды?
– Иттердің арғы тегін зерттеген ғалым Томарк Тостың айтуынша он үш буыннан кейін қасқыр мен ит бөлінеді. Демек, иттің арғы тегі – қасқыр. Ал қасқырлар бірыңғай көк бурыл болып келеді. Қолдағы иттер қандай? Біркелкі түсте емес, ала-құла, алуан түсті. Қазақстандағы жабайы мысықтар бірыңғай құла бурыл. Ал қолдағы мысықтың түсі ала-құла. Біздің жерімізді мекен ететін қояндар екі түрлі. Бірі аққоян, екінші – көкшеқоян. Ал қолға қарайтын қоянның түсі ала-құла. Жабай шошқалар бірыңғай сұрбурыл. Қолдағы шошқалар ала-құла. Жабайы ешкілер бірыңғай сұр бөрте. Ал қолдағы ешкілер ондай емес. Қойдың арғы тегі саналатын арқар, құлжа, мүплиндер бірыңғай құла сары, қолдағы қойлар алуан түрлі. Сиырдың арғы тегі мен қодастардың өң-түсін алар болсақ, бірыңғай қара қоңыр. Қолдағы сиырлардың түсі саналуан.

pr12– Тарпаң қандай болып келеді, суреттеп бере аласыз ба?
– Тарпаңның жалпы табиғи өң-түсі белгісіз. Қазақ жылқысының негізгі тегі керқұланның өң-түсі құла сары, кер құла, құла кер, жалы келтелеу, тықырлау, жал мен құйрығының өң-түсі қара, тұмсық жағы қылаң иектеу, сағақ түктері қара қылшықтылау, төрт аяғы қолаңсасына дейін ор түкті, тұяғы қара жұмыр болып келеді. Үй жануарларының арғы тектері бірыңғай өң-түсте болса да, қолға қараған малдың алақұла болу себебі, олар миллиондаған жылдар бойы адаммен бірге жасасып келеді. Адамнан шыққан небір иістерді, үн-дыбыстарды сезеді, сіңіреді, айқай-шу, мінез-құлық, адамдардың сұғыңқы көздері, зорлық-зомбылық, айдау, қамау, байлап-матау, мініп-түсу, сатып, сауу, «тәңірім малды жеу үшін берген» деп, малдың көзінше соны бақыртып сою тағы бар. Содан да болар, үй жануарларының бойында тітіркену, жирену, қорқу, сескену, қауіп-қатерден қашу, құтылу секілді нәрселер болады. Қасірет-қайғы шегу үй жаунарларының жүйкесін тоздырып, қанын өзгертіп, оның биологиялық болмысын, мінез-құлқын өзгертіп, оның түгін ағартпайды дейсің бе? Табиғаттың жаратқаны бойынша бірыңғай өң-түске ие жануарлар қолға келгенде оның табиғи болмысына қолдан өзгеріс жасалмағаны анық. Менің жорамалым бойынша, малдағы ала-құлалық тек адамның кесірінен болды.

0a421182cd374d3e6c392f6bf66479d4Сұхбаттасқан
Қасымхан Бегманов, «Халқы мықтының — салты мықты»

1 comment

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

error: Content is protected !!