Сыншының баласы

8866

Ел аузында «Сені торы айғырдың баласы деп кім айтар, мені Толыбай сыншының баласы деп кім айтар?» деген қанатты сөз бар. Мұндағы Толыбай сыншының қай Толыбай екендігі анық айтылмайды. Тарихта «Ақтабан шұбырынды» заманындағы қазақ пен қалмақ арасындағы 35 жылға созылған қанқұйлы соғысты 17 мың жолдық тарихи «Елім-ай» жырымен суреттеген атақты батыр һәм ақын Қожаберген жыраудың әкесі де «Толыбай сыншы» атанған. Сол Толыбай сыншы да ел қорғаны батырлығымен қатар зергер-ұста, балташы, дихан, емші, аңшы, құсбегі, атбегі, сөзге шешен, ақындық қабілеті мол кісі болыпты. Қожаберген жырау жырында өзін « Керейде Толыбай сыншының кіші ұлы едім, жырларым қазақ жұртын елжіреткен» деп таныстыратыны бар. Ел ішінде «Толыбай сыншы айтыпты» дейтін талай нақыл, қанатты сөздер көп кездеседі. Оның Қарабас есімді ұлы сынықшылық өнерінің арқасында өзі қолға түсіп пенде болған кездерінде үш рет кіріптарлықтан құтылып аман қалыпты. Мүмкін, біздің төмендегі әңгімеміз осы Қарабас сыншы туралы болар, оны ашып айта алмадық.
…Бұл кезде Толыбай сыншы дүниеден өткен кезі екен делінеді. Атақты бір байдың қозыларын бағатын, мойыны ырғайдай, тұрқы ат үркітетін, жортуылда олжадан түскен бір бала болыпты. Күндердің күнінде байдың бір атқосшысы осы баланың иен далада бір аттың қу бас сүйегін құшақтап отырып «Сені торы арғымақтың басы деп кім айтар, мені Толыбай сыншының баласы деп кім айтар?» деп жылып отырғанын көріп байға келіп айтыпты. Бұны естіген бай хабарға қуанып кетіпті. Қуанғаны- сыншы баланың қасиетін пайдаланып өз атағын шығармақ болыпты.
Баланы сынамақ болған бай өзінің барлық жылқысын 8 жасар баланың алдынан өткізіп «осылардың арасында тұлпар бар болса көрсет» дейді. Байдың жылқыларын көріп болған бала байға қарап тұрып былай депті:
Жылқың көп екен,
Көңілің тоқ екен.
Жайлауың көк екен,
Шыққаны сылдыр бір шөп екен,
Қолында шынында бір жүйрік жоқ екен… – депті де суда ағып бара жатқан жылқының жас тезегін көрсетіп тұрып «Япырмай, мынау қай тұлпардың боғы екен?» дейді. Жер қайыстырған көп жылқысының ішінен бір тұлпар шықпай көңілі пәс болып, сағы сынған бай сыншы баланы ертіп су басына қарай тартыпты. Біраз елді аралап, талай жылқыларды көріп жүріп, бұлар сары ала атты саудагерге кездесіпті. Бала байға саудагердің астындағы атты көрсетіп ым қағыпты. Көрер көзге көрікті арғымақты сатып алмаққа аңсары ауған бай ауызынан сілекейі шұбырып, көрерге көркі ұсқынсыз болса да амалсыз саудагермен саудаласып сары атты иемденіпті. Бұны көрген жұрт атты көріп байды келемеш қылыпты. Бірақ баланың сыншылығына сенген бай олардың мазағына мән бермепті. Сары ат балаға тапсырылыпты. Сыншы бала «Бес жыл баққанда толығады» деп атты ешкімге көрсетпей бағуға кірісіпті.
Күндер зулап, айлар адымдап, жылдар жылжып өте беріпті. Бесінші жылы болғанда елде бір үлкен тойда ат шаптырылатын болыпты. Бұл кезде бала баққан аттың тұлпар екендігі айқындалып, қос құлағын қайшылап, тұяқтары тасты жонып, томағасын сыпырған қырандай ұрынып нағыз бабына келіп тұрған кезі екен.
Аламан бәйгеде «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» дегендей, сары ала тұлпар әп- дегеннен- ақ атылған оқтай алға шығыпты. Жарым жолдан өткенде сары ала атына теңдеп алған екі қалта құмды пышақпен тіліп тастап заулапты. Тұлпар желдей есе жөнеліпті.
Көмбеге таялып келгенде сары ала тұлпардың басын тартып тоқтату қиын болыпты. «Тұлпарды тоқтатайық» деп алдынан шыққан даяшыларға бала «Ұстамаңдар, өзі тоқтайды» депті де топты айнала еркін самғапты. Төбені үш айналаннан кейін бала байдың алдына келіп:
Елу жылқың әне тұр,
Тұлпар мінген тұрар ма?
Енді мені сұрар ма?
Құдай тас-төбеңнен ұрар ма?
Тұлпар тобын табады,
Ер жігіт елін табады… – депті де еліне қарай ат басын бұрыпты. Бай өзінің мықтыларын атқа қондырғанмен сары ала тұлпардың шаңын жұтып тезек теріп қала беріпті…
Елде тұрмысқа шыққан Толыбай сыншының қызы бар екен. Сол әйел таңертең елін жинап алып «Мен түс көрдім, бір дүбір құлағыма келді. Інім қапастан қашып келе жатқан сияқты. Жеті жерден жібек арқан керіңдер. Тұлпар алты қабат арқанды үзсе, жетіншісінен үміт жоқ. Сондықтан, соңғысын биіктеу ұстаңдар. Інім содан ұстап қалып аман қалар ма екен?»-деп тапсырыпты.
Келесі күні екпіні тау құлатар дауылдай, дүбірі жер сілкіндіріп сары ала тұлпар жетіпті. Алты қабат арқанды үзіп соңғы арқанға жеткенде үстіндегі бала арқанға асылып аман қалыпты, ал тұлпар жетінші арқанның астынан өтіп барып екпінімен тасқа соғылып мерт болыпты. Сөйтіп, Толыбай сыншының баласы ақылдылығымен және жұрттан асқан өнерімен жауынан аман құтылып еліне келіпті. «Тұлпар тобын табады, ер жігіт елін табады» деген сөз содан қалыпты…

Ел аузынан жинаған
Жетібай ЖЫЛҚЫШЫҰЛЫ
«Жаңа өмір» газеті

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!