Серік СЕЙІТМАН. Тағдыр. Тұлпар.Тізгін.

11708

10668108_372395342913089_766704098_oЖақында Серік Сейітманның «Қарашаңырақ» атты жыр жинағыеың тұсаукесері болған еді. Өлеңде өзіндік ұстанымы бар ақынның бұл алғашқы да, соңғы да жыр жинағы емес екенін білеміз. Төмендегі жырлар сол кітаптан алынып, назарларыңызға ұсынылды. Ал Серікке жыр жолында тасырқамай шаба бер дейміз.

Арғымақ.кз

 

 

 

 

 

 

 

 

9df12e645746c5b7bc3cae8f8730244bКөкпар

Көк көрпе — көгалға көк серке тасталды,
Көн етік батырлар қиқулап бас салды.
Ат тұрмақ, аңның да табаны тимеген
Жапанның түзінде бір сойқан басталды.

Жібермей намысы шеткері қалуға,
Жігіт те, жүйрік те жігерін жануда.
Жалпысы таласты өзді-өзін аямай,
Ақсақал абыздан ақ бата алуға.

Томаға сыпырған қырандай күйге еніп,
Додаға түскенде тұру жоқ именіп.
Көп уақыт өтпей-ақ иуі қанды әбден,
Көп тұяқ астында көк қамыр иленіп.

Кеудеде жаны бар, қазақы қаны бар,
Көкпарда нағыз ер жан беріп, жанығар.
Суыр да шыға алмас қамалдай додадан,
Суырып серкені ап шықты жануар.

Бір қамшы салдырмай сабазың сауырға,
Бір сәтте айналып алапат дауылға.
Құйындай құйқылжып, мәрені бетке алды,
Жете алмас жел оған, тоқтатпас тауың да.

Жүйткіген жүйрікке жете алмай жел қалды,
Ұйтқыған желіңе ере алмай ел қалды.
Пейілі онсыз да көл-көсір қазақтың,
Қызыққа қанбайтын көңілінде шөл қанды.

Шалқұйрық бойында көбікті тер сасып,
«Шалсақал» бойында топырақ-жер сасып,
Шабандоз бойында Рух, Намыс тең тасып,
Кетті көз ұшында бір құйын белді асып.

Салымды шомбалдың көңілі тым шат-ты,
Қазақтың еріндей көкпарды кім шапты?
Қарагер ат түгіл, қара жер қайысып,
Долданған топырақ Аспанға мұң шақты.

Арғымақ өтті, әне, ойнақтап, ойқастап,
Азамат кетті, әне, шалықтап, той бастап.
«Қазаққа кім де – кім қастандық ойласа,
Көкпардай иленер!» дегендей ой тастап.

SONY DSCТұлпармын

Менің ділім төркіндеген Оғызға,
Менің мұңым тіл бітірген қобызға.
Ұқсамаймын,
Ұқсағым да келмейді
Өз баласын өзі жейтін доңызға.

Әр құлынның тағдырына қайғырдым,
Әр құлынды қорғап жүріп тай қылдым.
Үйірі үшін басын тіккен ажалға
Асылтұқым азынаған айғырмын.

Бестімін мен туғаннан бес түлеген,
Қалың ойдың құшағында түнегем.
Құлағымды жымқырам да
Күйлеген,
Құнажынды аулақ қуып жіберем.

Құнажынды қуғандығым – бақ маған,
Құлагердің мұрагері боп қалам.
Текті айғырдың ұрпағымын себебі,
Бел баласы-байталына шаппаған.

Алай-дүлей күн туғызса ұлы таң,
Қанаттанып, бар дүниені ұмытам.
Басқа айғырды айдап жүріп аулаққа,
Баптаусыз-аө өзімді-өзім суытам.

Күндіз Күнім,
Түнде медет Ай маған,
Қарбаластың қазанында қайнағам.
Ешқашан да
Ешкімнен де қашқам жоқ,
Қуғанымды жетіп алып шайнағам.

Жетіп алып, жеті жауды жеңгенмін,
Бақытымды үйіріммен тең бөлдім.
Танымайтын құрық дейтін ұғымды,
Тұлпар текті Қазақ деген елденмін.

Гүлдей жайнап құлпырғанда Алашым,
Айдай әлем аңтарыла қарасын.
Тұяғымның дүбірімен оятам,
Үйірімнің ұйқыдағы санасын.

Арғымақ

4454_w500_resizeАрғымағым!
Тимей менің жастыққа жар құлағым.
Тұяғыңның дүбірін ести қалсам,
Қара түнді, көзі ілмей, таңға ұрамын.

Шұбар айғыр!
Арналады өзіңе Құралай-Жыр.
Құба жалың көзіме елестесе,
Ет жүрегім қалмайды жыламай бір.

Тұлпарым-ау!
Сағыныштың сазды әнін шырқадым-ау.
Қанатымнан айрылдым қапияда,
Маңдайымның соры да тым қалың-ау.

Қанатым-ау!
Ішім-күйік болғанда. Дала-қырау.
Көзіңдей ғып төріме іліп қойдым,
Тізгінінде жүгеннің нала тұр-ау.

Сағым Күлік!
Жазғаным жоқ бұл жырды жаным күліп.
Сауырыңа бір қамшы салдырмадың,
Қамшы-саптай ғұмырдың мәнін біліп.

Қазынам-ау!
Бұл өмірге жүрмейді базына-дау.
Бауыздалар сәтіңде
Үйіріңе,
«Қош бол» айтып дауысың азынады-ау?!

Тас қамалым!
Үйіріңді иірді қас қабағың.
Аман болсам,
Көктемде отау тігіп,
Отбасымды дәл сендей басқарамын!

Тағдыр. Тұлпар.Тізгін.

— Шала қазаққа ұқсамай жат елдегі,10432206_654602737939104_1625572255_n
Тобылғы сап қамшыны әкел бері, —
деді дағы,
Жүгендеп жабағыны,
Шу асауға мінгізді әкем мені.

Қарғып міндім нық ұстап кескінімді,
Жарбаң қағып, жабағы осқырынды.
Мөңкіп-мөңкіп, ол мені жығып салды,
«Сәттерім-ай, дедім мен, — ескі күнгі!»

«Әкеңнің…» деп басталар ұран айтып,
Намыс кернеп, ұмтылдым тұра қайтып.
Орынымнан тұрсам да,
Амал қанша,
Жанарымнан мөлтілдеп құлады-ай шық.

Жармастым да жалына қос қолыммен,
Әдістерді қолдандым еске кірген.
«Неге мынау тулауын тоқтатпайды?…»
Шеше алмадым жауабын, шешпедім мен!

Мұндай жойқын болар ма қатаң заңдар?..
Әл-дәрменім қалмады асауды алдар.
Әкем сол сәт шыр-пыр боп айқайлады:
«Тізгінді тарт!
Жалында не шаруаң бар?!».

Үмітімнің үкісін үлбіретіп,
Қолым создым тізгінге дір-дір етіп.
Құбылмалы күй кешіп жатқан шақта
Сыпырылды аяқтан құрғыр етік.

Бірақ оған аудармай назарымды,
Үйретумен әлекпін жабағымды.
Тізгін тартып, жүгенмен жұмыс жасап,
Әлгі асауды көрмедім бала құрлы…

Жырын жаттап жалынды сан ақынның,
Қиялданып түнімен, таң атырдым.
Бұл жағдаят басымнан өткен кезде
Бар болғаны жетіде болатынмын.

Десем-дағы сол шақта жас-кішіңмін,
Барлығына иландым бақ-құсымның.
Өсе келе, өмірді кеше келе
Тағдыр – тұлпар екенін нақ түсіндім.

Талай жайды түсіндім жете содан,
Ат мінбеуге тырыстым өте шабан.
Тізгін жайлы санама сабақ еккен,
Қарыздармын қашанда, Әке, Саған.

Seryk-SeitymanСерік Сейітман «Қарашаңырақ» кітабынан

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.