Есенғали РАУШАНОВ. Қаракөк айғыр туралы баллада

8863

Ақша бұлт ақ батсайы жаулық па еді,
Жұлқиды әйленкес жел әулікпелі.
Үйірден көрінбейді қаракөк ат,
Құдайың беріп қапты-ау, сәурік торы.

Ұранын шақыртатын дүйім елдің
Пырағым, кімге ол үшін күйінермін.
Сүркектеп желі айналған қойторының
Сүмпиген сұлбасына сүйінер кім?

Үріп бір соқса боран үдемелі,
Үйірін шырқ үйіріп жүрер еді.
Ол емес байталсырап лағып кеткен,
Түзде қап, тұсап қойсаң түнегелі.

Қорада қайтарардай қарымтасын,
Ақырға салғандайын бар ынтасын.
Томар бас келбетіңмен, торы шобыр-ай,
Сен маған тұлпарларды сағынтасың.

Қалтырап түні бойы сабат қарда,
Білдіріп айғырлығын таң атқанда,
Қутыңдап қулық қашса күйі келген,
Тымпыңдап қуу үшін жаратқан ба?

Қарасам болмысыңа бойлап анық,
Сен емес бәйге алатын тойға барып.
Шобырды мінгенменен, тұлпар болмас,
Одан да тұлпар жайлы ойланалық.

Ақ қасты ер, жез жалатқан өмілдірік,
Жібекпен сүрттім қатқан теріңді үгіп.
Жапқаным – жабағы жүн киіз емес,
Түрікмені қалың кілем төгілдіріп.

Әбзелі жараспайтын басқа малға
(Музейде, қазір бәрі астанамда).
Сөз болдың маслихат құрғанда ел
Неше бір жайсаңдар мен қасқаларға.

Сөгіліп қыс көбесі тұрған өктем,
Сол жылы ерте келді құмға көктем.
Ай бойы жиендерде жатып алды
Сары шал базаршылап Сырға кеткен.

Өзімше суыттым мен Қаракөкті,
Таң ата-ақ тарттым ұстап дала бетті.
Қыз – алқа, сабау – кірпік жанарынан
Мен өптім, содан кейін самал өпті.

Өзгелер «бұл қалайлап» қараса да,
Дестік біз той иесіне оңашада:
«Серке үшін күріш еккен шептіктер бар,
Сен бізге тайынша caп тамашала».

Басталды қызу дода қырғын салым,
Дірілдеп көкжиекте гүл-гүл сағым.
Ширатып атты аспанға шын жүйріктер
Шылбыр ғып есіп алып қырдың шаңын.

Мәстегін басына ұрып, талға байлап,
Кей жігіт күйіністі «арман-айлап».
Қамшыны қараш өрме тістеп алып,
Біз кірдік бір бүйірден андағайлап.

Шал-шауқан жігіттерге атты беріп,
Шаң-тозаң құм кілемін жатты көміп.
Шағырмақ жұлдыздайын іңірде аққан
Шаңқан боз көкпарды іле ақты келіп.

Жөнелді Қаракөк те ытырылып
(Қиын-ды одан жылқы құтылуы).
Аулақта өз-өзінен тулап алды
Құйымыр құла байтал құтырынып.

Сүрінді ат, омақасты сонда кенет,
Ес жидым өзімді өзім зорға демеп.
Алқынып, бүйірін соғып жатыр тұлпар
Бұлбұлдай түсіп қалған торға бөлек.

Жылқының жігін танып білер бүгін
Бапкердің байламына тірелді мұң.
Ағима шапан киген атсейіс шал
Сипайды күп боп кеткен шідерлігін:

– Балам-ай, қам екен ғой Қаракөгің,
Енді кеш, бір иласын табар едім.
Көктемгі өткіншіге арзымайтын
Азбан бұлт алды бүркеп дала көгін.

Ағат іс жасапсың-ау сен, қарағым,
Ұшырдың абыройдың желге бәрін.
Бапкердің өресі тар болса, атқа
Кеңдігі неге керек кер даланың.

Соңғы амал, жабырқама секем алып,
Алалы жылқы айдап өт, жеке қалып.
Дүбірге шыдамайды зылт арғымақ,
He өліп, не түрегеп кетері анық.

Өмірдің өсіп шыққан гүлі дара,
Мезгілсіз шынымен-ақ жұлына ма?
Хас пырақ жатқан дөңнен өтті шұбап,
Тас тұяқ сәйгүліктер құбылаға.

Осы сәт бар дүниені ұмытқам-ды,
Бұл сурет есте мәңгі тұрып қалды.
Ышқына ұмтылды да ең соңғы рет,
Мәңгіге қайран тұлпар сұлық қалды.

Қалтырап бал құрағы қаралы өңір,
Мен жатсам кош айтқалы саған, Өмір,
Соңғы рет сом тұяқ-жыр болып өт сен,
Дүбірлеп тынсын мына дала-көңіл.

eсенЕсенғали Раушанов

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

error: Content is protected !!