Кәкімбек САЛЫҚОВ. Жылқының дүбірі

8349

Жылқының дүбірі

Сақшыдай бұлақтың басында,
Бір бейіт тұр мүлгіп.
Көнерген қыналы тасына,
Қонады түн жым-жырт.

Жан емес ол қазақ атақты,
Паш етер қылығын.
Тек қана өлерде атапты,
Ақырғы тұғырын:

«Салмаңдар тас мазар аулаққа,
Артық жер айтайын, –
Депті ол – жылқы үйір бұлаққа,
Басында жатайын.

Бір рет далама қарайын,
Тастауға қимастай.
Бір жұтым қымызға қанайын,
Қайталап құймастай.

Бір рет тұлпарға мінейін,
Ерттеулі қалсын деп.
Бір рет аруды сүйейін.
Шәрбәтім қансын деп.

Бір атым насыбай атайын,
Бітерде ғұмырым.
Сонан соң мәңгі естіп жатайын,
Жылқының дүбірін».

Күмісті ер

Арман су ұшқан құз биіктерге,
Жетем десем ойға алған үміттерге.
Көзім менің түседі ата мүлік,
Босағада ілулі күмісті ерге.

Аңсап кетіп көруге тұлпар шаңын,
Бала жастан дүбірге іңкәр жаным.
Ерді көріп ойлаймын көп болса деп,
Құлагердей, Абсенттей тұлпарларым.

Ұлым тыңда,
Айтарлық саған мәнін,
Сұңқар, тұлпар сипаты маған мәлім.
Атты күткен атақты адамдар бар,
Сәйгүлікпен құлпұртқан дала сәнін.

Кер бестіні мен дағы баптап жүрмін,
Тұлпар болар тілекпен сақтап жүрмін.
Бәйге салып, жүлде алса жануарым,
Ер қанаты осы деп мақтап жүрмін.

Жүйрік күтсем –
Ер тозбау сылтауыма,
Ерге мінсем шығамын бір тауыма.
Айға барып салт атпен жүрмесем де,
Тастап кетем осы ерді ұрпағыма.

Жорға

Су жорға жүрісінен жазбағанын,
Денесі қызған сайын маздағанын,
Таңырқап тұрғанымда,
Көрдім пай, пай!
Құс болып ұшып кете жаздағанын.

Қызықтым ілкім қияс баспағанға,
Бәйгеде бәсі берік саспағанға.
Көзімнен қуанышты жас ыршыды.
Өзгені шаңға көміп тастағанда.

Төрт тұяқ тайпалып көз ілдірмейді,
Ырғағын бұзып өзек тілдірмейді.
Беу, шіркін! Бипыл-типыл, майқаң-қайқаң,
Асау тән, босаң мінез білдірмейді.

Келісті қоян құрсақ жарағаны,
Қыл мойын қызықтырып барады әлі,
Мәреге дара жетіп қандай жақсы,
Артына анықтап бір қарағаны.

Құлагерге

Беу-беу, шіркін!
Қайран Құлагерім-ай.
Терең көл боп,
Кеппей жатқан терің-ай.
Бүкіл қазақ
аңыз етіп сақтаған,
Топырақта ай таңбалы мөрің-ай.

Сұлулардай қарғап өткен көрікті,
Оза білген,
Малда зорлық көріпті,
Жүректерге жүлде салған
Жануар,
Бір сотқардың сойылынан өліпті.

Арқаланып,
ел шуына көтерген,
Ақырғы рет,
Мәреге есен жетер ме ең.
Болсам егер
ат айдаушы Бөрібай,
Сені сақтап,
Өзім мерт боп кетер ем.

Кер бие

Сүйінбайдың Тоғызбай немересі,
«Әу» деуге әл үстінде келер есі.
Жүзге келген ақсақал тіл қатады,
Сусын берсе қасында шөбересі.

Қимай жатыр сәулелі ғажап таңды,
Өткен өмір, ұзақ көш сарапталды.
Бала-бота атасын аяласа,
Шөбереге шөккен нар қарап қалды.

Бәйгелерде «шаппай бер» ел киесі,
Тоқаң шалдың бар еді кер биесі.
«Серке тартса», «қыз қуса» ұшқыр еді,
Осы бала болады енді иесі.

Қарт тебіренді аңсатпас құмар нені,
Дүние – түлкі. Қайыра қуар ма еді.
Есеңгіреп жатқанда есі кіріп,
Кер биені ер салып шығар деді.

Қолымен де нұсқады ескертпелі,
Уа, тіршілік, тынысын екшеп пе еді.
Кісінеген даусын естіді ме,
-Терезеден, қарағым, көрсет, – деді.

Жылқышыға

Жүз құлын, жүз биеден!
Міне ғажап!
Нағыз ер, ел сүйсінткен міне қазақ.
Болашақ сәйгүліктер көбейіпті,
Құйғытып қырда тентек жүрген азат.

Жануар дала көркі жылқы деген,
Жасымнан жақты маңғаз құлқыменен.
Астымда бедеу бесті жорғаласа,
Оралар ырғағына сылқым өлең.

Серіге серік қайда сәйгүліктей,
Жүре алмас дүбір сезбей, бәйге күтпей.
«Қыз қуу» жиын-тойда жігіт серті,
Сүйесің атың жетсе мәңгі күтпей.

Сыйлы дәм, қазы-қарта артығымыз,
Оған дөп жазғы ауылдың салты қымыз.
Мас емес, жан ұйытып маужыратса,
Ұлғаяр бойда қуат қарқыныңыз.

Бәйгешіл сүйсе қазақ жылқы малын,
Құс қанат құлагерлік ғұрпы мәлім.
Құйғытып құба белге шыға келсем,
Озуға бар жүйріктен ұмтыламын.

salikovКәкімбек Салықов

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

error: Content is protected !!