Дәулеткерей КӘПҰЛЫ. Жарықтық жылқы жануарым-ай…

8064

Аңсар

Толыбай да жоқ заманда, Күреңбай да жоқ,
Қазанат тұқым, кеттің бе кілең майда боп?
«Әбдіғайса шал жасаған ауыздықпенен, –
ауылға барсам, іздеймін, – жүген қайда?» – деп.

Басымнан менің аса алмай бұлт табандасын,
Жүйрік деп өткен бабамның ұрттағам жасын.
Құмарым қанбай қойды бір, тақымым толмай,
Құмарбек шапқан ер-тоқым жұртта қалғасын.

Елеңдеуменен құлақты еліме түріп,
Сонау күндерді сағынам шегіне тұрып.
«Халықтың жауы» Құмар шал қатал ед неткен,
Жез сыбызғысын ап кеткен жеңіне тығып?!

Туған жер, сені көп болды жырламағалы,
Көліңнен аққу-қаз әнін тыңдамағалы.
Әке, сен аңғал екенсің, «қожанасырлау»,
Құлынға құда түсетін тумаған әлі.

Еңіреп ерлер жетеді ел деп арманға,
Жүйріктер сүйреп жүйткиді кең даламды алға.
Құрдастарың да есімде – әлі сенбейтін
Жотасы биік сол құлын жорға болғанға.

Мінем деп талай құлынды өскенде ат қылып,
Бәсірелерді санаушы ем бас бармақ бүгіп.
Тайқызыл жорға, тағдырың қандай болды екен,
Әкеммен бірге жылаған… көштен қап тұрып?!

Заманның мынау жеткендей заңды асқарына,
Көшпелі кербез тірліктен мән қашқаны ма?
Сұлу жорғаны әспеттеп сөйлеп қайтейін
Сұлы дорбаны білмейтін қандастарыма?!

Бабын тапсам ба деп едім бабамдай жырдың,
Бүгінде жүйрік мінбедім, соған қайғырдым.
Атам басына барар ем, білмеймін, қайда,
Алаяқ аттың басына бара алмай жүрмін!

10811710_301592390033690_606821896_n* * *

Жанторсығымды жанға алған
Жүрісі шайқап жорғамның.
Таңдайға татып саумал дәм,
Таң алды атқа қонғанмын.

Өткелсіз өзен кештім де,
Жағаға шықтым жар бойлап.
Берері қиын бес күнде,
Жалтарып қайтем жанды ойлап?..

Танытып арман таң шырай,
Атымнан түсіп қалмадым.
Салымы қайтқан аңшыдай
Салымды суға салмадым.

Қабырғалатып қар кештім,
Ат кірпігіне мұз қатқан.
Қасқырдай қызыл қанға өшпін
Қорқаудың жанын сыздатқан.

Таңғы бір нәсіп Тәңірден,
Жортуыл да көп, жол қиыр.
Әкешім берген әмірмен
Ертеңім болды елге үйір.

Дәуренім осы, шіркін-ай,
Жығасын күннің түн жықты.
Тебіндеп шыққан жылқыдай
Теуіп жеп келем ырзықты!..

* * *

Сұлуторы дүние-ай, сылаң қаққан,
Кекілінің күлтесін қылар мақтан.
Сабырынан төрт тұяқ айырса да,
Сауырынан Күнікей күн аунатқан.

10818517_301592530033676_1142514598_nСылаң ұрған күндер-ай, керкекілді,
Самалымен аймалар жел бетімді.
Шолпы тағып туғанша Шолпан жұлдыз,
Шомылдырып алатын көлге түнді.

Алшағыр күн алаңсыз алшаң басқан,
Қоя салар атыңды қаңтармастан.
Алпыс екі тамырың қайнағанда,
Шілдеге ашар қақпаны қаңтарға ашқан.

Түн жылатқан сезімді таң жұбатып,
Ауыздықпен алысқан арда уақыт.
Күлдір-күлдір кісінеп бара жатсың,
Күншілдердің төбетін қарғылатып.

Торғын белде тобылғы құлпырғаннан,
Шұлғи берме асаудай, шіркін, жалған!..
Қаз омырауын тіктеген шұбар аттың
Шылбырындай сусырсың бір күн қолдан!..

Шабандоз жастық

Үкілеп мініп астыма сандал саңлақты,
Дүр етті лек, аспанды қою шаң қапты.
Жіберіп тізгін, жантая жалға жармасып,
Айғайлап келем, шақырып Абақ аруақты!

Аламан белде арманым аппақ ай қанат,
Көзді тарс жұмғам, жанарым желден тайғанап.
Бәйгетөбенің байтақ бауырын бетке алып,
Жұлдыздай аққан жарауы жеткен жайдақ ат!

Қымқырып тізгін, қамшымды бүктеп бүйірге ап,
Жүрісі қандай жүйріктердің күй-ырғақ?!
Тебініп келем, емініп келем ентелеп,
Көк дөнен көңіл көсіліп кеткен құйындап!

10815753_301592726700323_1652436075_nСыймайды сол сәт шабысты жырға өлшемің,
Мінез-мұхиттың танытып тасқын мөлшерін.
Оң қанатты алып, орамалыңды оңтайлап,
Тағдыр-тұлпардың көзін сүртерсің, келсе ебің.

Күлтелі жалды Күнді құрықтап, Ай мініп,
Шабандоз – менмін, қиялым – одан сәйгүлік.
Делебем қозып, дегбірім кетіп делбелеп,
Санамда сол сәт бұлдырар көмбе, бәйге-үміт!

Маң дала жатыр мәресін айтып меженің,
Қамшымды сермеп, ұрандап тілді безедім.
Қаршадайынан тақымын тайға бекіткен,
Ғұмыр-бәйгенің өзімше шабандозы едім.

Кермені бірден кесіп-ақ өтіп кетердей,
Әспеттей бердім сыршыл сезімді сетерлей.
Мен сонда мынау дүбірлі өмір-додаға,
Көзімді жұмып, қойып-ақ кеткен екем ғой!

Тағдырым, бәлкім, тап болар сүргін, қарғынға,
Кермені көздеп, жалтақ жанарым, талдың ба?
Көмбеден күткен тілеулес жұртым секілді,
Тақымын қысып ажал тұр ма екен алдымда?!.

Ала құлын

Күре жолдың бойында ала бие.
Ала бие, басыңа адам ие.
Қара ниет жандардың қолыменен
Ақ жолыңа жағылар қара күйе.

Ала құлын – ақеділ періште анық,
Енең сені барады өріске алып.
Бал күніңнің базарын бодаулайды,
Тағдырыңның ноқтасын теріс тағып.

1374167208_xug29uwlsniЕнең емес, әрине, егесі оның,
(Мен де Тағдыр-иеммен егесемін).
Езуіңді ауыздық тілгілейтін,
Алдыңда ғой, періштем, көрешегің!

Тостаған көз пәктігін жасырмай қап,
Бетегелі бел жайлау, жасылды аймақ.
Ала құлын, алаңмын тағдырыңа,
Сыймай жүрген ноқтаға басымды ойлап!

Дала күйін шерткенде төрт тұяғың,
Заулап биік кетеді көк қиялым.
Бұйырғынды жазығым еске түссе,
Өкініштен өзекке от құямын!

Ала құлын ақ тұман ішінде жүр,
Қай әумесер, жаныңды түсінбегір?!
Заңғар-заңғар тауымды сағынғанда,
Күлдір-күлдір кісінеп түсімде жүр!

* * *

Жарықтық жылқы жануарым-ай,
Сен десем естен жаңылам ұдай.
Қадірің артты жалғанда мына,
Қазақты тап қып бағыңа Құдай.

10816229_301592753366987_209762885_nТағалап мінсем – таймас табаның,
Сетер ат мінбей той бастамадым.
Жұлдызымды менің биіктен жақтың,
Жұлдызтөбел мен Айқасқаларым!

Атымды босқа терлетпес те едім,
Қайғының бұлты меңдеп көшкенім.
Жігерді жанып, намыс тұтатқан
Жібекжал менен Желжетпестерім!

Тілеуін көптің бұйрық қылып,
Жасанған жауға шүйіліп кіріп;
Жалауын жұрттың жыққан емеспін,
Жаратып жуан жүйрік мініп.

Жылқыдан ұстап бір таң астырып,
Саздауыт кешпей, қырқа бастырып.
Көбеңсігенде терлетіп келіп,
Отқа да қойғам күн таластырып.

Жылқының таңдап кілең саңлағын,
Туған даламды түгел шарладым.
Бәйгенің атын шідерлемедім,
Тісеу құнанға жүген салмадым.

Атойлап қарсы оққа да шапқам,
Сетерлеп мінгем топқа да мақтан.
Алтын ер ерттеп, арқаңа тисе,
Алтынын алып, отқа да жаққам!

10818547_301592706700325_1101738511_nЖоталар жөңкіп жолдан ғажап мың,
Жайлауға көшіп қонған қазақпын.
Жақсы атты көрсем жалғыз түнде ұрлап,
Барымташы да болған қазақпын.

Жағасын жайлап гүлді суаттың,
Жылқы да бағып күнді шұбаттым.
Ат болар тайға айырбас қылғам,
Үйірін беріп бір қысырақтың.

Жал-құйрығыңды Ай сылағанда,
Үйірден құлын-тай шұбағанда;
Кең дүниеге паң қарап тұрғам
Қамыс құлақты қайшылағанда.

Отырған хандай тақтың үстінде,
Әулиесіндім аттың үстінде.
Ажалға да арман – батырымды алу
Ат жалын құшар ақ күміс күнде!

Құйындай соғып көлденең жолды,
Бәйгеден келсем – кермеде ел көрді.
Жүрегім содан «жылқы» деп соғып,
Көңілім жүйрік көк дөнен болды.

Қиялдың ұшып самғау көгіне,
Тақымым қысып тарланкөгіме;
Айызым қанбас Ақан ақындай
Бір басып алмай «Маңмаңгеріме»!

Шалқарлы далам, шұғылалы өлең,
Самалың жұтып, сұғына берем.
Құйындай жүйткіп Құлагер шапқан
Құба белімді – құбыла көрем!

72c06705b22b58b2976940b5328c462bДәулеткерей Кәпұлы

1 comment

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!