Қаржаубай САРТҚОЖАҰЛЫ, Қадыл АЙДАУБАЙҰЛЫ. Бабына келген жүйріктің сыны

5526

1. Жүні жылтылдап, сағым шашып тұрады. Мұны бапкерлер «Жарықтық құндызша жылтырап тұр екен» деседі.
2. Көзі отты әрі былшықсыз келеді.
3. Аузынан анда-санда кермек дәмді, сарғыш өңді сілекей шұбырады.
4. Ұйқысы молаяды. Кермеде төрт аяқтап қалғып тұрады. Ұйқтағанда түс көргіш келеді. Өйткені қалғып тұрып оқыранады, баяу ғана кісінеген болады.
5. Мінезі кең келеді. Таңертең ұстағанда қашпайды. Кейде кермеге өзі келеді.
6. Алысқа ұрлана қарайды және нәрсені тез болжайды. Селтиіп тұрып ұзақ қарамайды, жақын жердегі қарайған-құрайғанға көз салмайды.
7. Иесін жазбай таниды. Жақындағанда қарсы жүріп мойнын созады, оқыранады, еркелеген кейіп танытады. Теуіп, тістемейді.
8. Кұйрық-жалын түйгізіп ат жіберетін жерге қарай беттегенде мейлінше қазымыр болады. Маңайындағы аттарды теуіп тістейді. Өзі жалғыз жүруді қалайды. Алып қашпайды. Өте баяу жүреді. Тұра қалып алысқа қарайды.
9. Кермеде тұрғанда үнемі күнге қарап тұрады. Таңертең күншығысқа қараса, күн мен бірге айланып түс ауған соң күнбатысқа қарап тұрады. Бабына келген ат таңертең күнбатысқа, түстен кейін күн шығысқа қарап тұруға тиісті емес. Дәл бір күнбағардай күнге қарап, күнмен бірге айналады.
10. Сідігі мөп-мөлдір су сияқты болады.
11. Таң асырған күнгі алғашқы құмалақ боғын сығып көргенде тамшы шығуға тиіс емес.
12. Еті бос, терісі кең болады. Мойын терісін шымшып ұстап тартып тұрып қоя бергенде терінің қатпары баяу жазылады. Жаясы көлкілдеп тұрады. Тырсиған қаттысы жақсылықтың нышаны емес.
13. Аунағыш келеді. Аунағанда алдыңғы екі аяғын кеудесіне тигізіп 2-3 рет асып түсіп аунайды.
14. Таң асырып жіберген кезде бірден басын жерге салмайды. Шауып барып жайылады.
15. Анда-санда күрсінетін болу керек.
16. Шауып, терлеп келген кезде бұрынғысынан биіктеп, үлкейіп көрінеді.
17. Тісінде ақау жоқ болсын. Жарылып кетілсе аламан бәйгеге қосуға болмайды.
18. Соңғы қаражарыс күні моншақ тер төгіліп тұрады.
19. Жетекке тартынып жақсы жүрмейді. Бей-жай күйде болады.
20. Құйрық-жалын түйіп, бала мінгізгенде күнге қарап тұрып үш рет есінейді. Иесіне, иесінің мінген үйір атына көз қиығын салып бір рет қарайды да, жайбарақат жүріп кетеді. Артынан қарап тұрғанда аруақтанып алшаңдай басып бара жатады.
21. Шыпылдап терлейді, шақпақ, қоң еті тұсындағы қан тамырлары адырайып көрінеді.
22. Денесінің құрыс-тырысын жазу үшін, сәл шабу қаражарыс салу жөн.

9f1a8f7afabf8d5c03eccab2e7d0f2b3Қаржаубай Сартқожаұлы,

IMG_1675Қадыл Айдаубайұлы

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

error: Content is protected !!