Көкпар десе қаны қызған қазақпыз

4890

Егемендігімізді алып, етек-жеңіміз жиылғалы ұлттық құндылықтарымызбен қайта қауышқанымыз рас. Әсіресе, жылқы мінезді халқымыздың тұрмысымен біте қайнасқан, қанымыздағы қайсарлықпен, тарпаңдықпен үндескен көкпар ойыны дала қазақтарының ғұрпынан қай заманда да жоғалған емес. Бүгінде қала қазақ­тарының да шабытпен кірісетін, сүйіп тамашалайтын ойынына айналды. Бұл сөзімізге талай додаларда жеңіс тұғырынан көрініп жүрген «Астана» көкпар клубы дәлел.

Елорданың іргесіндегі Көктал тұрғын алабында қоныс тепкен клубтың сайыпқыран шабандоздары күн сайын дайындық үстінде. Ат жалында көк серкені тақымдаған жігіттердің тартысы делебеңізді қоздырып, қаныңызды қыздырары анық. Оның үстіне, өзіңіз қазақ болған соң…

Ауыздықпен алысқан, «шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ», жарау жануарлар қандай додаға да екпіндей енсе, бұзып-жарардай. Он екі өрім қамшыны езуге қыстырып, қылқұйрықты қос өкпеден тебіне желіп, тақымдағыны қазандыққа құлаштай лақтырғыңыз келеді-ақ. Әрине, астаналық оғ­лан­дардың қимылына көңіліңіз тол­мағандықтан емес, олардың шеберлігіне сүйсін­гендіктен. Содан кейін қазақ болған­ды­ғыңыздан…

Клубта бүгінде он екі шабандоз, он төрт жылқы бар. Шетінен «сен тұр, мен атайын» көкпаршылар. Ыңғайы соқса болды, қақшып алатын құрыш білектілер. Айтайын, сом тұяқты Сарышаянды тізгіндеген – Арслан Қабжанов, қимылы шалт Шахтың үстіндегі – Данияр Ғалинұров, Галидей деп ата­латын қара­герді мінген – қара күштің иесі Рүс­тем Мақұлов, Ферариді тақымдаған – Бауыржан Айтмағамбетов, Қарабалта айғырды кісінетіп жүрген – Қуаныш Рысмағамбетов… Шетінен спорт шеберлері, клубтың мақтаныштары.

«Жігіттердің бәрі сан сыннан сүрінбей өткен таңдаулылар. Қай-қайсысына да сеніммен қараймыз. Ең бастысы, баптары келіссе болғаны. Сол үшін еңбек етіп, жатпай-тұр­май жаттығудамыз. Сәуір айында Оңтүстік Қазақ­стан облысында үлкен республикалық турнир болады. Қатысып, бағымызды сынап, жүлделілер қатарынан көрінуге үміттіміз. Әзірге дайындығымыз ойдағыдай», – дейді бапкер Нұрсұлтан Амангелдинов.

«Астана» көкпар клубының бүгінге дейінгі жетістіктері де аз емес. 2012 жылы ел біріншілігінде, келесі жылы Азия чемпионатында топ жарғандары бар. Одан кейін де талай додаларға түсіп, жүлделі орындарды қанжығалады. Масайрап, мастанатын біздің көкпаршылар емес, қайта алға ұмтылады. Қазақтың төл өнерін дамытуға, биіктетуге күш салады.
Клуб басшысының орынбасары Дулат Нагубаевпен тілдесудің сәті түскен. «Қуануға тиіспіз, дәстүрлі ойынымыз даму үстінде. Тәуелсіздігіміздің арқасы ғой» дейді ұлт құндылықтарына жанашыр аға. «Бүгінде әр аймақтың өз клубы бар, біреуін осал дей алмаймыз. Бәрі де мықты бәсекелестер. Жаңағы дамып жатырмыз деген сөзімнің тағы бір дәлелін айтайын, қазіргі таңда түркі тілдес елдердің көпшілігінде көкпар ойыны ілгерілеу үстінде. Халықаралық додаларда олардың әуселесін байқаймыз. Кәнігі көкпаршылардан кем соқпайды оларың да», – деп ағынан жарылды Дулат Сәбитұлы.
Клуб өкілдерінің айтуынша, нағыз көкпар енді басталады. «Биыл – қой жылы. Қой жылы той жылы болайын деп тұр. Той болған соң, әрине, көкпар болады. Тартысты додаларда топ жара береміз» дейді олар.

Асхат РАЙҚҰЛ, “Астана ақшамы” газеті

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

error: Content is protected !!