Адай жылқысы 120 км-ді 8 сағатта бағындырды

8209

120 km2015 жылғы 24-26 шілде күндері Ресей Федерациясы Рязань облысы Спасск-Рязанский қаласында халықаралық ат бәйгесі өтті. Оған Ресей, Германия, Қазақстан, Финляндия мемлекеттерінен түрлі текті тұқымды аттар қосылған.
Алыс қашықтыққа шабатын ат бәйгесіне Қазақстан Республикасы атынан маңғыстаулық бес Адай жылқысы қатысып, бәрі жүлдемен оралды. Соның ішінде Маңғыстау ауданы Қызан ауылынан ат қосқан белгілі атбегі – Бұғабай Мұқырбаевтың екі жүйрігі жеңіске жетті. Олар: 80 шақырым қашықтық бойынша алғаш рет бәйгеге түскен «Бумер» аты (бәйге бала – жетібайлық Әнес Етреков) мен 120 шақырымнан «Жары» тұлпары (шабандоз – өз ұлы Бектас Мұқырбаев) І (бірінші) орынды жеңіп алды. Айта кетейік, «Жары» бұған дейін де алдыңғы жылдары осы қалада өткен бәйгеде топ жарған еді. Былтыр Францияда сынақтан өтті.
Сондай-ақ 120 шақырым қашықтықта ІІ орынды да Наталья Долгихтің «Жезкиік» атты Адай жылқысы иеленіп, қалған ІІІ, IV орындарды орыстарға беріп, V, VI орындарды тағы да Азат Қойшиев («Ойлы») пен Әбіш Етирековтың («Көкпар») Адай тұқымды жылқылары олжалады. Жерлестерінің бұл жеңістерінен жігер алған Дарья Попованың осы тектес «Чекист» тұлпарына да 80 шақырымдық сайыста IV орын бұйырды.
Біз бұл шағын ақпаратты www.probegi.info сайтында жарияланған осы бәйгені ұйымдастыру комитетінің есептік кестесінен әрең таптық:
Әлемнің алпауыт елдері назар аударып, қызыға да қызғана қарап отырған бұл жеңісімізді жариялауға өз еліміздің БАҚ өкілдері ынта білдірмеген соң, жаңалық жалпы жұртшылыққа жетпей жатыр. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін жаныма Бақтыбай Жайлау інімді ертіп алып, Бұғабай ағамыздың ауылына ат басын бұрдық. Көктен Күн сүйіп тұрған, сүйгені сонша – күйіп тұрған Қызан ауылы біздерді құшақ жая қарсы алды. Қуаныш иелерін құттықтай бардық, құрметті қонағы болдық. Таныстық. Жөн сұрастық.
KostulparЕрдің мерейін, елдің мәртебесін өсірген қос аттың иесі Бұғабай бапкердің атасы Мұқырбай да, әкесі Майрамбай да елге белгілі сейістер болған. Есін білгеннен бала Бұғабай ат үстінде өсіп, әр жылдары әртүрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып, жүлдесіз қайтқан кезі болмапты. Сонда да кейінгі жылдары елімізде, шет елдерде ат спортына деген қызығушылық пен қамқорлық бұрынғыдан да ерекше екеніне дән риза.
Ағамыз ақтарылып әңгімесін айтты, жеңгеміз ақ дастарқанын жайып ас ұсынды. Бірақ біздің аңсарымыз – әлгі аттарда, жылдамырақ көрсек екен деп қылпылдап отырмыз. Көз алдымызға жеке-жеке қорада қолдан жем жеп, су ішіп, салқындап тұрған сұлу мүсінді сәйгүліктер елестейді. Сөйтсек… ауладан, қорадан іздеп жүрген жылқыларымыз жайлауда екен. «Бақташысы бар ма?» – десек, «Өздері жайылады», – дейді… 30-40 шақырым жердегі жайлауға көлікпен жеттік. Онда да өз көзімізге өзіміз сенбедік. Жарықтық жануарлар, 45 ыстықта, шөл далада жайылып жүр. Сағат – 16:30. Таңнан бері су ішпеген. Иесі жалғыз үйір жүйріктерді сормен айдап отырып, құдық басына жинады. Суарды. Әбден шөлдегені көрініп тұр, бәрі астауға бас қойды.
Адай жылқысы қатал табиғатқа төзімді деп естиміз, соған көзіміз жетті. Бұл тұқымның ерекше бір қасиеті – шыдамдылығы. Қолдан жем бермейді. Далада өзі жайылады. Теңіздің тұзды суын іше алатын жалғыз жануар. Теңіздің суын жетіскеннен ішпейді, мәжбүрліктен ішеді. Су тапшы. Былтыр тіпті төбемізден тамшы тамбай, жұт болып, мал қырылып қалған. Биыл қайта көктем жаңбырлы, жер отты болды. Сонда да Күннің қызуы шөпті күйдіріп жіберген. Не десек те, киелі Маңғыстау даласындағы кез келген өскіннің қасиеті – құнарлылығында. Жусан, бұйырғын, еркек, изен, ебелек жеген төрт түліктің еті өзге өңірлердегі көк майсалы жасыл желекке жайылған малдың етінен әлдеқайда дәмді болады.
Шөл даланың «кемелері» атанған түйелеріміз де, алысқа алқынбай шабатын арғымақ жылқыларымыз да ыстық-суыққа төзімді, шөлге шыдамды келетіні содан.
«Адай жылқысы – салт мінілетін қазақ жылқысының бір тұқымы. Ежелгі Грек тарихшыларының зерттеулерінде айтылатындай, қазақ даласы – оның ішінде Арал мен Каспий теңіздері арасын мекендеген көшпелілер өмірімен етене, араласа өсіп жетілген. Адай жылқының тұқымдық эволюциялық даму жолы өте күрделі. Мініске шыдамдылық, желгіштік және бірқатарының теңбіл көк түсті болып келуі араб тұқымды жылқыларды меңзейді. Ал қарабайыр, қазанат – жүрдектігі жағынан Түрікмен жылқысы – Ахалтекенің белгілері бар екенін де көрсетеді. Жыл он екі ай жайылымды ғана пайдаланатын, қосымша азықты қажет етпейтін, ауа райына төзімді бұл тұқым күтім талғамайды. Адай жылқысының тұрқы ұзындау, шомбал және сүйектілеу, қысқа, майда жалды, көзі үлкендеу, басы жеңіл, маңдайы онша ұзын емес, бірақ кең, үлбіреген қысқа құлақты етсіз. Мойны қысқа омыраулы, арқасы түзу, сауыры солыңқы, жуан жіліншігі етсіз, мықты құйма тұяқты болып келеді. Орташа шоқтығына дейінгі биіктігі – 140,3 см, тұрқы – 142,7 см, кеуде орамы – 163,3 см, жіліншіктің орамы – 17,6 см. Еті жоғары сапалы, ет түсімі – 52-58%. Тәулігіне орта есеппен 8-11 литр сүт сауылады. Жүйріктері ұзаққа шабады, 40-50 шақырымға шаршамай еркін жетеді. Арнайы сынақтарда тәулігіне 300 шақырымды жүріп өткен кездері болған» («Маңғыстау» энциклопедиясы, 130-бет).
Ұзақ жылдар айтылмай келген Адай жылқыларының қасиеттері кейінгі кездері ғана қайта танылып жүр. Бұғабай аға оны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлттық спорт түрлерін дамытуға жағдай жасағанының арқасы деп біледі. Маңғыстау облысының бұрынғы әкімі Қырымбек Көшербаев пен қазіргі облыс басшысы Алик Айдарбаевқа біз арқылы алғысын білдірді. Қырымбек Елеуұлы алғаш рет Кендірлі кешенінде халықаралық деңгейде сынақ ұйымдастырып, Адай жылқыларына назар аудартса, Алик Серікұлы Францияда, Ресейде өткен әлемдік жарыстарға барып-келуіне жағдай жасаған. Оған себепші болған Маңғыстау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Сергей Похомов пен облыстық ат спорты клубының директоры Қанағат Сүйеубаевқа да алғысы шексіз.
Дастарқан үстінде Қызан аулының тұрғыны, ауыл шаруашылығы серіктестік басшысы Қасымхан Шораев Бұғабай ағамыздың сақи, мырзалығы туралы да айтып берді: «Жуырда ғана қызандық Қосқали Тындырғановтың ұлы бір жасқа толған тойына арнайы шақырылған айтыскер ақындар – Айбек Қалиев пен Балғынбек Имашевтың өнеріне риза болып, екі Адай жылқысын атаған екен. Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай аудан орталығында өткен ат бәйгесіне нар мая, боталы түйе атапты. Мұндай жомарттық ағамыздың ұлттық өнер мен спортқа жаны құмарлығын көрсетеді».
Бақтыбай Жайлау Қазақ хандығының 550 жылдығына орай екінші мәрте өткізілгелі отырған «Алтын тұлпар» республикалық турнирін ұйымдастырушы Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Бекболат Тілеуханға бәйгені 51 шақырым емес, кемінде 80 шақырымнан 120 шақырымға дейін ұзартуға ұсынысын жолдады. Өйткені Адай жылқыларының 50 шақырымнан кейін екінші тынысы ашылады.
Айтпақшы, ағамыз қызық оқиғаларын да айтып берді. Бәйге алдында өздері мен тұлпарларын биік бағалайтын орыс қарсыластары Адай жылқысының тұрқына қарап, кекетіп-мұқатып, шабандозынан сұрапты:
– «Жүйрігіңнің» аты кім?
– «Бумер».
– Ендеше, «Бумерің» умер болды дей бер!
Алайда астамсығандар өз халқының: «Хорошо смеётся тот, кто смеётся последним» деген мақалын ескермесе керек.
Бәйгеде өз жүйріктерін шаң қаптырып кеткен осы бір сұрықсыздау сәйгүлікке таңданудан басқа шарасы қалмаған. «Бумер» бірінші рет бәйгеге түссе де, бұл жағдай екінші рет қайталанып отыр.
Алдыңғы аламанда да дәл осындай әңгіме болыпты. Мұны естіген ақын қарындасымыз Сандуғаш Шортанова алғашында шамырқанып, артынша шабыттанып мынадай өлең жазған:

Адай текті жылқылар

«…Ресей жерінде өткен ат жарысында біздің кескінсіздеу, кіп-кішкентай жылқыларымызды орыстың атбегілері менсінбеді. 90 шақырымдық бәйгеде 3 атымыз бірдей алғашқы болып келгенде, біздің сәйгүліктердің төзімділігінің сыры неде деп қайта-қайта сұраумен болды»

/Қазақ атбегісінің әңгімесінен/

Табиғаттан тұрпайылау тұрқы бар,
Жем мен судан қандыра алмай бір құмар.
Мекен еткен Маңғыстаудың даласын,
Адай текті жылқылар.

Теңіз суын енесіндей емгенін,
Төзімділік һәм ерлікке тең дедім.
Тұп-тұщы су ішсем-дағы
Өмірдірдің
Татып жүрмін кермегін.

Сорлы жерді жалап жүріп өседі,
Қыста аяз, жазда аптап кешеді.
Жылы ұяда отырсам да
Маңдайдың,
Соры бар-ау бес елі.

Жерсінбейді шөбі шүйгін даланы,
Маңғыстаудан бойына нәр алады.
Бәйгелерде небір дүл-дүл шаңына,
Ілесе алмай қалады.

Сілкіп тастап сорпа болған көк терін,
Дайын тағы марқайтуға текті елін.
Болса да айуан
Тұлпарынан Адайдың,
Үйренерім көп менің.

Berik D.Берік ДАУЕНОВ
Ақтау-Қызан-Ақтау

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

error: Content is protected !!