В.И.Даль: Орал сәйгүліктері

9840

DalТарих ғылымдарының кандидаты Жәнібек Исмурзиннің «Dana Kaz» журналында жарияланған «Есенгелді бай тарихы толық танылды ма?» атты тарихи-танымдық мақаласынан үзінді:
Жазушы В.И.Даль «Казак Луганский» есімімен «Северная пчела» басылымының 1834 жылғы 9-10 қарашадағы №255-256 сандарында «Скачка в Уральске» атты мақала жариялайды. Онда 1834 жылы 17-20 қыркүйекте Орал қаласында болған ат жарысты тәптіштеп жазады. Алдымен башқұрт, қалмақ, қазақ аттарының тұқымдарына талдау жасайды. Шепке жақын жерден нағыз қазақ жылқысын таба алмайтынын, ол үшін дала түкпіріндегі шекті, жағалбайлы, адайларға бару керек, тіпті Ішкі ордадағы Жәңгір ханда да нағыз қазақ жылқылары көп емес дейді.
17 қыркүйектегі ат жарысқа Орал казак әскерінің наказной атаманы, әскери кеңсе мүшелері, билеуші сұлтан және құрметті ордалықтар қатысқан. Аттар шабатын 3 шақырымдық айналымның сырты екі ормен қоршалған. Алдымен Орал казак-орыстарының 23 сәйгүлігі жарысқа түсіп, қалмақ казак Бурчи Чурюмовтың аты 18 шақырымнан тұратын 6 айналымды 23 минутта шауып өткен. Мұның артынан қазақтардың 30 тұлпары 21 шақырымнан тұратын 7 айналымдық жарысқа түскен. Жеті айналымды 20 минутта шауып өткен билеуші сұлтан Баймағамбет Айшуақұлының арғымағы мәреге бірінші болып келген. Ол сыйлыққа 120 сом алса, екінші болып келген казак Нагацкин 90 сом, үшінші – Горынин 70 сом, төртінші – Джембеков 50 сом, бесінші келген сұлтан Махмұт Алғазыұлының тұлпары 40 сомға ие болған.
Үшінші күні, яғни 20 қыркүйекте түстен кейін сағат 5-те алдыңғы жарыста бәйгеге ие болған қазақтар мен казак-орыстардың аттарының барлығы ағынды аттардың жарысына бірге қатысқан [Казак Луганский. Скачка в Уральске. 8-13 бб.]. Сонымен бірге В.И.Дальдің 1835 жылы 19 қаңтарда «Северная пчела» газетінің №15 санында жарық көрген «Скачки в Уральске и Оренбурге» деген мақаласында да ат жарыс туралы қызықты деректер келтірілген.
tulparАлдымен Оралдағы ат жарысқа тоқталады. 17 қыркүйектегі бәйгеде казак-орыстардан 14, қазақтардан 34, барлығы 48 тұлпар бақ сынаған. Түстен кейін сағат 4-те көпшілік халықтың жиналуымен өткен ат жарыста алдымен казак-орыстардың аттары бәйгеге түскен. Мәрені алғаш кескен казак Чамбы Нимаевтың сәйгүлігі 18 шақырымнан тұратын 6 айналымды 24 минутта шауып өткен. Осыдан кейінгі қазақ аттарының бәйгесінде сұлтан Күсепқали Орманұлының арғымағы 21 шақырымдық 7 айналымды 28 минутта шауып өтіп, мәреге бірінші келген. Жанындағы аттардың бәрін жалаушадан жарты шақырымнан астам қалдырып, озып кетуіне орай 500 сомға жуық бүкіл сыйлық Күсеп сұлтанның бір өзіне берілген.
Ал Орынбордағы ат жарыс 1 қазанда Жайықтың арғы бетіндегі Айырбас сарайынан 6 шақырым жерде өткен. Бәйгеге қатысуға қазақ, татар, башқұрт және казак-орыстардан 150 ат келген. Оларды 30 аттан бес бәйгеге бөлген. Әр айналымы 4,5 шақырымдық 4 айналымнан тұратын 18 шақырымдық алғашқы бәйгеге 30 ат қатысқан. Бұл бәйгені Батыс бөліктің билеуші сұлтаны Баймағамбет Айшуақұлының арғымағы 26 минут 40 секундта шауып өтіп, мәреге бірінші болып келген.
Осы тұлпарға В.И.Даль «12 жасар торы ат Байұлы бірлестігіндегі Алаша руының жылқы үйірінен шыққан. Бұл ат өткен жылы Ішкі ордада сұлтан Жанбөбек Бекғалиұлының қолына тиген. Ол екі рет бәйгеге қосып, екеуінде де бірінші келіп, бір үйір жылқы, түйе және кілем ұтып алды. Одан Жәңгір ханның қолына өтіп, онда әр айналымы 8 шақырымнан тұратын 6 айналымдық (48 шақырым – Ж.А.) бәйгеде бірінші келіп, 15 түйе ұтып алған. Содан соң сұлтан Шыңғали Орманұлына өтіп, оған бір үйір жылқы ұтып берген. Кейін сұлтан Күсепқали Орманұлына өтіп, оған Оралдағы ат жарысында бірінші келіп 470 сомды сыйлаған, одан кейін Тәуке сұлтан мен билеуші сұлтанның қолынан екі рет бәйгеге түсіп, екеуінде де бірінші келген, ал енді соңында осылайша Орынборда үздік шықты. Сөйтіп, 17 қыркүйек пен 1 қазан аралығындағы 14 күн ішінде ол төрт рет бәйгеге түсті, оның үстіне 300 шақырымға дейін бір жерден екінші жерге жүріп өтті» деген сипаттама береді [Луганский В. (Даль В.И.). Скачки в Уральске и Оренбурге // Северная пчела. – 1835. – 19 января. – №15]. Сөйтіп, таза қазақ жылқысының мықтылығын мойындаған жазушы өз таңданысын жасыра алмайды.

Сайтқа дайындаған Нұртас Сафуллин

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!