Ерғали БАҚАШ. Торы төбел ат

7469

(Әңгіме)

Бақкелді торы төбел аттың басын тартып ұстап келеді. Қамшы салдырмайтын жануар тастақ жерге келгенде тұяқтан шыққан от алакеуім кешті бір сәт жарық әлемге бояп жібергендей әсер де қалдырады.
Еті қызса бас бермейтін торының сыры Бақкелді түгілі, Ластай ауылының біраз жұртына мәлім.
Көкпарға мінген талай сері, басына ие бола алмай, жардан-жарға секіріп аман қалғандарын осы күнге дейін аңыз қылып айтады. Қойшының қыздары қыз қуарға мініп, талай бөріктілердің бөркі аспанда қалықтаған. Мәре бұзып бәйгеден келмесе де, көптеген ат баптаушының көзінің құрты болғаны белгілі. Бірақ бауырын жазып, жал-құйрығына үкі тағылып, оқтаудай жарап, тұлпарлар ортасында ойнақтаған емес.
Бақкелді кейде жалғыз атының обалына қалып жүргендей, өзін кінәлі сезінеді. Бір ауданның болмаса да, бір отбасының көз қуанышы болған жануардың жүрісі су төгілмес жорғадан артық. Басын шұлғып жұмсақ жүрісіне басқанда, қандай ұзақ жол болсын ерінбей, жалықпай қақиып үстінде отыра бересіз.
Осындай бір ұзақ жолдан Бақкелді ауылдың іргесіндегі қасқа жолдың да аяғына шықты. Үйіне таяп қалғанда, бәрінен бұрын жалбас деп ат қойған, ақ күшігі еркелеп аяғына оралды. Атын қатты қаңтарып, айналасына көз жүгіртті. Үй-жай, қора-қопсығы тете өсіп келе жатқан екі ұлы Ерғабыл мен Нұрғабылдың арқасында айнадай таза тұрады. Кейде екі ұлының ақылды, зерек болып ержетіп келе жатқанына іштей дән риза. Құдайдан солардың амандығын сұрайды. Бірақ беттеріне мақтап, дандайсытқан емес. Балалары да қаһарлы әкенің мінезінен қаймығады. Көп істі айтқызбай істеуге дағдыланған.
Жол соқты болып үйіне оралған отағасы «мен келдім» дегендей жөткірініп белгі бергенде, жаңа ғана шаруаларын аяқтап, үйге кірген қос құлыны тысқа атып шықты. Бес биенің сабасындай етжеңді келген бәйбішесі Зергүл күйеуінің дауысын естігенде жаңа түскен келіндей сызылып, не істерін білмей, абдырап қалды. Бұл қылығынан өзі ұялғандай, шымырлап қайнап жатқан қазанның қақпағын қолына алып, сорпаның бетіне шыққан көбігін ала бастады.
«Амансыңдар ма, шырақтарым», – деп құшағын ашып, балаларын бауырына басты. Он-он бестен асса да, көңілі түссе екі ұлын бес жастағы баладай еркелетеді. Ал қатуланса қаһары қамал бұзатын Бақкелдінің мінезі, балалары түгіл ауылға мәлім. Алдынан ешкім кесіп өтпеген. Ауылдың ақсақалдары да «төре» деп әзілдеп, шын ниеттерімен құрмет көрсетеді.
Ел-жұртының осынша сыйлағанына Бақкелді де лайық. Себебі, бір сөзді. Екі сөйлеп езілгендердің қатарынан емес. Жұртқа қалаған затын бере салып қарап отырады. Бәйбішесі Зергүл жолдасының бұл мәрттігін нағыз ер азаматқа лайықты мінез деп біледі. Сондықтан да Ластай ауылының барлық қарашасы Бақкелдінің төбесі көрінсе болды бойларын жияды. Жеті кластық қана білімі бар осы адамның қандай құдіреті барын кім білсін?
Қамшысын төрге іліп, жеңілденген отағасы бой жазып алмақ болып құс жастыққа қарай жантайды. Көзі ілініп бара жатыр еді, Зергүлдің ыдыс-аяғының сылдырынан есін жиып алды. Сырылдаған сары самауырынның дауысы барған сайын күшейіп, буы бұрқырай түсті. Маңдайындағы терін баппен сүртіп, қаймақтап құйған күрең шайды сораптап ұрттап ұзақ ішті. Сәлден соң беторамалын төрт бұрыштап бүктеп қалтасына салды да, тысқа шықты. Есік ашылғанда қаңтарулы тұрған торы төбел ат оқыранып аяқ дыбысы шыққан жаққа қарады. Ақырын келіп тізгінін босатып, жалынан сипады. Одан сағалдырығын шешіп, жүгенін сыпырып, ақырдағы шөпке қарай жетелей жөнелді. Ер-тоқымын әбден суығаннан кейін барып алмақшы болды, талай жорға мен жүйрікті мамағашына байлаған Бақкелдінің тақымы құтты. Кілең жақсы ат мінеді. Мыңды айдаған байлардың өзі мініс атқа жарымай, шабан атпен тепеңдеп жүр. Ал Бақкелдінің бар байлығы осы торы төбел аты. Бес-алты ұсақ мал кімде жоқ дейсің? Екі ұлы ермек етер оншақты қойы, екі бұзаулы сиыры бар. Құдайдан мал байлығын емес, жан саулығын сұрап жүрген қатардағы шаруаның бірі. Сондықтан да елдің құрметіне қарай таза жүріп, ақ сөйлеуді ар алдындағы борышы санайды. Тағы бір ерекшелігі, жарлыға қамқор, жесірдің жанашыры бола білетін мейірімділігінде.
Бақкелдіге мектеп мұғалімдерінің бірсыпырасы келіп, есеп-қисаптарын тексертіп алады. Жоғарылап оқымаған демесең, нағыз зиялы адам. Он жыл мектептің шаруашылығын басқарды. Төрт-бес жылдан бері қарай оқушылардың ұсынысы бойынша сабақ беріп жүр. Яғни мұғалім. Өте белсенді ұстаз…
Торы төбелді шөпке байлаған Бақкелді үйге кірерге асығар емес. Қораның маңайында арлы-берлі жүріп алды. Содан жұлдызды аспанға қарап, ұзақ ойланды. Мүмкін өз жұлдызын іздеген шығар…
Су төккелі шыққан Зергүл: «Үйге кірсеңші, тамақ дайын», – деп дауыстады. Отағасы үнсіз ғана бас изеді. Ұзақ жолдан ат соқты ма, денесі зіл батпандай болып ауырып тұр. «Бұрын мұндайым жоқ еді, шау тарта бастағаным ба» деп аң-таң күйде үйге қарай беттеді.
Етке жаяр май дастархан жайылғанда жыланның уына суарғандай жалаңдаған бәкісін қынынан шығарды. Қылпылдап тұр. Сүрленген жамбасты жапырақ-жапырақ қылып турап, майлы жерінен аузына салды. Кешікпей сорпа да келді. Ыстығына қарамай, ауыз толтыра ұрттап, күректей алақаны мен саусақтарының арасынан аққан майды жалап жіберіп, ерекше бір сүйсініспен тамақтанды. Екі ұлы шұқып қана жегені болмаса, ауыз тигенмен бірдей. Зергүл алғаш көріп отырғандай, отағасының тамақ жесіне қатты таңқалды. «Бір аптадан бері, нәр татпағаннан қалайсың?», – деп әзілдеп еді, «Өзге жерде жүріп, ұлардың етін жесең де, дәмі болмайды екен. Бәрінен де сенің қолыңның дәмі бөлек қой», – деп ағынан жарылды. Расында да Зергүл өсіп-өнген берекелі шаңырақтың қызы. Тауып берсең гүл қылады. Кір жуып, тамақ пісіргеннен ешуақытта ерінген емес. Осы ауылдың той-томалағының дастарханы түгелімен Зергүлдің қолынан өтеді.
Бет сыйпап бата жасалғаннан кейін аз-кем отырды да, жай қозғалып «Сары бидайды» ыңырсып, сыртқа қарай беттеді. Бағанағыдай емес, қараңғылық қоюланған. Торы төбел де әбден суыған екен. Ақырдағы шөп сол күйі тұр, алыс жолдан шөлдеген болуы керек, үйінің іргесіндегі суатқа қарай жетеледі. Арқасынан ер түспегенмен, жарты күн шөпке байласаң, қар суымен жайлауға кеткен қас жүйріктей ойнақтап шыға келеді. Өзге жылқылардай емес, судың өзін тарпып, бұрқылдап жатқан жерінен ішеді.
Бақкелді шаңырағының құты саналатын торысын, қыс қатты болған сексенінші жылдың көктемінде бір айлық жалақысына сатып алған, қабырғасы көрініп, итерсең құлағалы тұрған көтерем тайды өліп қалмаса екен деп алдынан жем-шөбін аямады. «Мал баққанға бітеді» дегендей, күн жылына бастаған сайын, торы төбелдің жабағы жүні түсіп, ойнақтай бастады. Қолға үйренгені сондай, суға да шылбырын мойнына байлап жібере салады. Сөйтіп жүрген күндердің бірінде көршісі Қанатқан шалдың тайыншадай дәу қара төбеті қасқыр тартқандай қылып, артқы аяғынан тістеп алады. Содан маяның түбіне бос қоя бергенде көзіне шөптің күлі түсіп, соқыр болды. Бірақ оны Бақкелді жан баласына айтқан емес. «Атының сыры иесіне мәлім» деген осы. Тай кезінде қатты шошынып қалған. Осы күнде ит үрсе, екі жағына алақтап, бас асауына басады. Ал басқа уақытта астынан өтіп кетсең де құлағын қайшылап, үрікпейді де.
Ауылдың әкімі қырға шығып, ел араламақ болып, бірінші орынбасарына Бақкелдінің торы атын сұратқан. Ел басқарған адамда ат жоқ дейсіз бе? Бірақ әкім өз сәйгүлігінен гөрі, Бақкелдінің торысына құмар, араға адам салып, сатып алмақ ниетін білдірген. Оған Бақкелді оң қабақ танытпады. Себебі, ісінен сөзі көп басшыны жақтырмайтын. Іштей басыма ауыр күн туса да, торы төбел атты әкімге сатпаймын деп, өзіне-өзі уәде берді. Тумысынан бір сөзді адам, сөзінде тұрды. Жетпістің желкесіне таяп қалған әкесі аты жаман аурумен төсек тартып жатып қалғанда, қаржыдан қысылғанымен, маңдайына басар торысын әкімге сатпады. Екі аралықта жүріп, Бақкелдінің босағасын тоздырған бірінші орынбасарды ит терісін басына қаптап, үйінен қуып шықты. «Сырты – түк, іші – боқ, ақшалы адамға сатпайсың ба», – деп сөз бастаған Зергүлді тыйып тастады.
Бақкелді сатудан аянып отырған жоқ. Тек жылқының қадірін білетін, астындағы атына қойнындағы қатынындай мейіріммен қарайтын, тақымы жақсы адамға сатқысы келді. Оның да өзіндік себебі бар. Қай бір жылы аталас туысқан інісі Еркінге торы төбелді бір ай бағып беруді тапсырды. Ат құлағында ойнап өскен Еркін торы төбелге қатты қызығатын, қолқалап сұрауға ағасына батпайтын. Енді міне, өз еншісіне алғандай әкетуге асықты. Ауылға келген сайын ағасының шаңырағына түсіп, жеңгесінің жылы-жұмсағын жеп, екі сөзінің бірінде торы төбелді тілге тиек етіп жүрді.
Еркін ақкөңіл, адал азамат, бірақ ат байлар ұлы жоқ. Соны сылтау қылып, ащы судан ұрттап қояды. Бақкелдінің үлкен ұлы Ерғабылды бірде інім, енді бірде балам деп бауырына басады. Сосын көз жасына ерік береді. Қойшы, әйтеуір ішіп алған күні әбден мазалайды. Ондай кезде Бақкелдінің мінезін білетін Зергүл Еркінді алдап-сулап өзі шығарып салады.
Бір күні таңертеңгі шайда Еркін ағасының ауылына түсті. Шай-тұз, ұн алғалы келгенін қысқаша баяндап, Ерғабылды бір апта мал қарауға көмектесіп жіберуін сұрады. Азамат боп қалған баласын жібергісі келмесе де, інісінің көңілін қимады. «Сен дайын тұр, мен базардан заттарымды аламын да, алып кетемін», – деп құйған шайды шала ішіп, көшеге қарай беттеді. Содан кеште бір-ақ келді, аздап қызара бөртіп алған, жеңгесінің сау кезіңде ертіп кетерсің деген сөзіне көнбеді. Бұл кезде Бақкелді үйде жоқ еді, Ерғабылды артына мінгестіріп, үйді айнала сала шаба жөнелді. «Жазым болмаса игі еді» деп зәресі ұшып Зергүл қалды. Жеңгесінің «Ешқайда бұ¬рылмай үйіңе бар, келін жалғыз, қорқып қалмасын» деген сөзі Еркіннің назарынан шығып кетті. Ауылды өрлей бере, көне танысының үйіне түсті. Көптен кездеспеген кәнігі достар әрнені айтып, мылжыңдап ұзақ отырды. Ерғабылда сабыр қалмады. Сонда да ағасының көңіліне қарап, үрпиіп отыр. Еркіннің мына түрінде үйіне бара алмасын сезді ме, көне досы Ерғабылға: «Үйіңе қайта ғой, ағаң бүгін жол жүре алмайды. Біздің үйге жатып тынықсын», – деді. Өзінің де күтіп отырғаны осы еді, Ерғабыл үйіне қарай ұшты. Іле-шала атының бауырына түсіп Еркін жетті. Қып-қызыл мас. Ақкөңіл жеңгесінің «Атыңнан түсіп, демал» деген сөзі құлағына кірмеді. Бар ойы Ерғабылды алып кету. Мас адам тіл алушы ма еді, ақыл айтқан ағасына тіл тигізді. Бақкелді қарап қалсын ба, екі бүктеп құлындай дауысын шығарды. Масқа да жан керек екен. Бет-аузын қан жапқан күйінде қашып әрең құтылды.
Міне, содан бері Бақкелді Еркінді үйіне жолатпайды. Өз қателігін мойындағаны былай тұрсын, ағасынан таяқ жеген күні түнде торы төбел атты қазыққа жығып, қамшының астына алған. Ішін соғып тұрғанда оң жақ бүйіріне қарасаңыз бас бармақтай томпақ көзге анық көрінеді.
Ел ішінде «Бақкелдінің әкесінің ауруы қиын екен. Торы төбел атын базарға алып шығыпты» деген сөз желдей есіп кетті. Шынын айтқанда торы төбелге көзі түспеген малшы жоқ. Бәрі бәйгеге қос деп Бақкелдіге кеңес те берген. Бірақ Бақкелді жалғыз атын бәйгеге жаратуға құлықты болмаған. Тек міністің аты деп қана қабылдаған. Енді, міне, дәулеті шалқыған Әбдірасыл деген малшыға сатты. Әбдірасылдың торыны сатып алуының өзіндік себебі бар. Былтыр Ақтастың жазығындағы үлкен тойда айқай-шу шықса торы төбелдің ауыздығымен алысып, бас бермей кететінін өз көзімен көрген. Сонда іштей қызыққан. Оны қырағы Бақкелді бірден сезген болатын.
Бір ғажабы, торы төбел ат екі-үш рет қашып келді. Мал екеш малға да үйренген қорасы ыстық сияқты. Әбдірасылдың Бердібек деген мырза баласы базарға мініп келіп, көшенің тұсынан өткенде үйге қарап кісінегенін көрген Бақкелді: «Әй, есті жануарым-ай!», – деп жанарына жас алған. Торыны сатқаннан кейін Бақкелдінің атқа құмарлығы бәсеңдей түсті. Әкесінің ауруы да күннен-күнге асқынып, өңі солғындай бастады. «Бас дәрігер артқы жұмыстарына дайындала беріңдер, ауру қанға өтіп кеткен. Біз қолымыздан келгеннің бәрін істедік», – деп ашып айтты. Дәрігердің айтқаны айдай келді. Бір апта өтер-өтпесте таң рауандап атып келе жатқанда отыз жыл мектеп бас¬қарған асықтай қара шал жарық дүниемен қоштасты. Соңғы сапарға бүкіл ауыл тайлы-таяғымен жиналып, шығарып салды. Өлім де сын. Жақсы адамның қазасы бүкіл елдің жанына батады екен.
Бақкелді әкесі өмір бойы қасында жүретіндей сезінетін. Тауы құлап еді, еңсесі түсіп шөгіп кетті. Ардақтап шақырған той-томалақтың өзіне де бұрынғыдай бара бермейді. Тек өзімен-өзі қалып, азаннан кешке дейін «Құран» кітапты парақтайды. Жұма сайын әкесіне құран бағыштап, Алладан иман тілейді. Шынын айтқанда, Бақкелдіге әкесінің қазасы өмірдің жалған екенін тағы бір рет дәлелдеді. Ғұмырдың мәні мен сауабы тек қана иман екенін жете түсінді. Үлкен аталарының заманның қиын-қыстау кезінің өзінде бес уақ намаздарын қаза қылмағанын әкесінің аузынан талай естіген, сол бабаларының тақуалығын енді жете түсінгендей болды.
Ел арасына «Әбдірасылдың бәйгеге жаратып отырған атын ұры алып кетіпті» деген сөз тез тарап кетті. Бұны естіген Бақкелді үйде отыра алмай көшеге шықты. Өңі сұрланған Әбдірасылдың өзі кездесе кетпесі бар ма, аман-саулықтан бұрын: «Әрең қолға түсірген торыдан айырылдым. Іздемеген жерім жоқ. Бұл ұрыларға заңның өзі тыйым сала алмай отыр. Себебі, үкіметтің өзі ұры», – деп төтесінен бір-ақ кетті. Малшылардың көзінің құрты болған торы төбел ат сөйтіп қолды болған күйі ізім-қайым жоқ болды. Көрдік-білдік деген жан баласы жоқ. Кейде Бақкелді түн ортасында әлде бір тылсым елестің түрткілеуімен оянып кетеді. Түсіне торы төбелге мінген әкесі кіреді…

DSC_0012-256x300Ерғали Бақаш, жас жазушы

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

error: Content is protected !!