Көкпектінің теміртақым жігіттері темір тұлпар мінді

6015

Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына орай шығыстағы кәсіпкер азаматтардың ұйымдастыруымен Төлегетай Сүйіншұлы мен Кетбұға ноянның құрметіне өткен тойда ұлттық спорттың әр түрінен жарыстар өтті.
Батыр бабалардың асына жиналған жұрт әуелі қазақ күресінен сынға түскен сом білекті балауандардың айқасын тамашалады. 20 палуанның ішінен суырылып шыққан төртеуі ақтық сында қарым-қабілеттерін көрсетті. Үшінші орынға тігілген 300 мың теңгені өскемендік Талғат Әміренов алды. Ал, бірінші орынға талас әйгілі Айбек Нұғымаров пен Мұхит Тұрсыновтың арасында өтті. «Қазақ барысының» 2013, 2014 жылдардағы жеңімпаздары айқасқанда көрермендер республикалық деңгейде өтіп жатқан аса ірі айқасты тамашалағандай күйде отырды. Нағыз барыстардың, арыстардың айқасы. Айбек алып күштің арынын байқатса, Мұхит әдіс-амалдың түр-түрін көрсетіп бақты. Ақыры екі бүк, бір жартылай жеңіспен бас жүлдеге тігілген темір тұлпарды Мұхит әкетті. Екінші орынға арналған 500 мың теңге Айбектің қалтасында.KokpektiЖекпе-жек сарайында өткен күрес аяқталысымен жұрт Меновное атшабарында өтіп жатқан ат ойындарына қарай ағылды. Бұл аста көкпардың жүлдесіне де темір көлік тігіліпті. Оны ақтық сында тарбағатайлықтарды ұтқан көкпектіліктер тақымдарына басты. Үшінші орынға тігілген жүлдені Ұланды ұпаймен ұтқан өскемендіктер алды. Екінші орын Тарбағатай көкпаршыларында.
Ал аударыспақ бәсекесі негізінен ұландықтар мен жармалықтардың арасында өтті. 60, 70, 80, 90 келі салмақтың бәрінің ақтық айқасына осы екі ауданның азаматтары шықты. Барлығында ұлан ауданы азаматтарының мерейі үстем болды. Ал абсолютті салмақтағы айқаста Тарбағатай азаматымен тартысқа шыққан тағы бір ұландық азамат Ермек Жәкішев өзінің ептілігімен ел ықыласына бөленді. Бұл жарыстың бір өзгешелігі көкпар мен аударыспақта салым салып, жеңіске жеткен ойыншыларға жекелеген азаматтар қалталарынан жүлде тағайындап, сыйлық жасап отырды. Ұлттық өнеріміздің өркендеуіне бұл да бір игі бастама екен деп түйдік.
Айтыс пен бәйге десе тамырында қаны туламайтын қазақ аз ба?! Атшабарда жиналған жұрттың делебесін қоздырып, 21 саңлақ шаң көрсетті.
Аламан бәйге!
25 шақырымды бағындыру үшін жүйріктер атшабарды 10 айналуы керек. Алдыңғы 4-5 айналымда көрермендер іштен тынып, әр жүйрікті қалт жібермей бақылап отыр. Басқалардан қара үзіп шыққан үш ат соңғы аттарды басып озды. Тек алтыншы айналымда екінші лектегі тобын жазбай жүрген қатардан суырылып бір ат шықты. Ел назары сонда. Бұл кезде алдыдағы үштіктің біреуі жарыс жолынан шығып, екі ат жарты айналымға алыс кеткен. Мынаның шабысы алты айналымды артқа тастаған атқа ұқсамайды. Бейне жарыс жолына жаңа шыққан жылқыдай, тың. Тоғызыншы айналымда екінші аттан озғанымен ақырғы айналымда бірінші атты басып озуға үлгірмеді. Әттең шабандоз аттың басын кеш жіберді десіп сан соқы жұрт. Бұл екінші орын алған Катонқарағай ауданның жүйрігі болатын. Бірінші болып Семей қаласының жүйрігі мәреден өтіп, бас жүлдеге тігілген темір тұлпарды әкетті. Үшінші болып мәре сызығын Ұлан ауданы, Алмасай ауылының жүйрігі кесіп өтті.
Ұлттық ойынның қызығына тоймаған жұр, атшабармен қимай-қимай қоштасты.

Мұратхан Кенжеханұлы, «Дидар» газеті,
(Суреттер Мұратхан Мамырбекұлының жеке қорынан)

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!