Ғани АМАНОВ. Арғымақ.кз порталының Бас редакторына ұсыныс

4378

Құрметті Арғымақ сайтын ұйымдастырушылар!

Жүрегі ат дүрсілімен бірге соққан әрбір қазақ баласы үшін осы сайттың қаншалықты маңыздылығы, қажеттілігі, өзектілігі, уақытылылығы және тағы да басқа пайдалы тұстары туралы айтуға сөз жетпейді.
Сайт бөлімдерінің сондай бір тапқырлықпен, талғампаздықпен және ыждаһаттылықпен аталынуының өзі бөлек бір әңгіме!
Тек айтарым, осындай азматтардың барлығына Аллаға мың тәубе, халқымыз үшін жасап жатқан еңбектеріңіз жана берсін!!!
Енді Арғымақ сайтының тұрақты оқырманы ретінде бір ұсыныс енгізуге рұхсат етіңіздер.
Сайттың Бәйгетөбе бөлімінде негізінен ат спорты түрлерінен өткен жарыстар туралы мақалалар, жаңалықтар, ақпараттар жарияланады. Мысалы, биылғы Алтын Тұлпар бәйгесінің видеотүсірілімі нәтижелері көрсетіле отырылып толық нұсқасында жарияланды. Бір жағынан бұл бейнематериал бәйгені сағынған кезде айызыңды қандыра көретін көз қуанышына айналса, екінші жағынан бәйгені ұйымдастыру мен өткізу жөнінде, бәйге жолындағы тактикалық амал-айлалар (тіптен бәйге атын қандай дайындықпен қосу жайлы десе де болады) жөніндегі таптырмайтын тәжірибелік көрнекі құрал іспеттес болды. Және ең ерекше маңызы – ол бәйге жөніндегі деректердің ресми бекітілуі, яғни қанша ат шапты, қандай ат озды, ат иесі, бапкері, шабандозы туралы статистикалық деректерге қол жетімді болды. Керемет!!! Былайша айтқанда қазақ бәйгесінің статистикалық мұрағатаның іргетасы қаланды десе де болады.
Дегенмен де осы бір оң бастама толықтай жалғасын таппай қалды. Мысалы, Қазақ хандығының 550-жылдығына орай Тараз қаласында өткізілетін бәйге туралы, оның жүлде қоры туралы хабарлама жарияланды да, ал бәйгенің нәтижелері туралы ақпарат берілмеді. Дәл сондай Қызылорда қаласында ұлттық спорт түрлерінен өткен 4 фестивальдың болатындығы және кейбір түрлерінің (теңге ілу сияқты) нәтижелері берілді де, бәйге нәтижелері назардан тыс қалып қойды.
Мүмкін оның объективті себептері де бар шығар…
Соған қарамастан ұлт құндылықтарының жанашыры ретінде келешекте осы бір мәселе оң шешімін тапса деген тілек бар, себебі қазіргі кезде қазақ бәйгесінің нәтижелері жөнінде ресми дерек көздері жоқ. Сәйкесінше, облыстық тұрмақ республикалық деңгейде өткізілген бәйгелер туралы ақпаратты сол бәйгелерге қатысқан адамдардың сөзінен, мобильдік байланыс құралдарына жазылып алынған кадрлер арқылы ғана білуге болады, осындай ақпараттық ашаршылықтың кесірінен кей кезде нақты деректердің өзі бұрмаланып («бай баласының пайдасына» дегендей), алып-қашпа сөзге әкеліп соқтыруда.
Әрине атсүйер қауым осы бір олқылықтың орнын өз бетінше толтыруға тырысып, әр түрлі әлеуметтік желілердегі (WhatsApp сияқты) байланыс арқылы қысқаша мағұлматтар жеткізіп жүр, бірақ қазіргі жан-жақты ақпараттық қамсыздандырылған заманда бұл көрген күн — күн емес!
Сәйкесінше осыған байланысты тым болмаса облыстық, республикалық деңгейдегі ат жарыстарының нәтижелері тұрақты түрде жарияланып отырылса. Әрине, қазақтың әрбір асы мен тойының бәйгесінің есебін жүргізу мүмкін емес, сондықтан да сіздің сайтта жариялануы керек бәйгелердің тізімі алдын-ала сұрыпталса.
Бұл өз кезегінде қазақ ат спорты туралы мәліметтерді жүйелендіруге мүмкіндік беріп, жалпы қазақ бәйгесі (жылқылар, атбегілер, иелері, шабандоздары және т.б.) жөнінде статистикалық дерекқор қалыптастырылар еді және осы арқылы шынайы Рейтинг құруға болар еді (әйтпесе озбаған бәйгесін оздым деген мақтансүйерлігімізден ажырауымыз қиын).
Екінші жағынан, сайттың ресми дерек көзіне айналуына байланысты оған деген қызығушылық та арта түсер еді, бұл өз кезегінде ұлт спортын насихаттуға ықпал етері сөзсіз.
Бұл мәселені ұлттық спорт түрлері қауымдастығы тарапынан бәйге ұйымдастырушыларды міндеттеу арқылы шешуге болады деп есептеймін.
Қысқасы болашақта сіздің сайтқа жүгінбей бәйге туралы ауыз аша алмайтындай болсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Қашанғы Ресейдің Ипподром ру – ына телміріп жүреміз.

Құрметпен:
Ғани Аманов
29 қазан 2015 жыл.

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!