Ақселеу СЕЙДІМБЕК. Жылқы өнімдерінен жасалатын бұйымдар

10913

BulkynshakБұлқыншақ

Бұлқыншақ – жылқы терісінен жасалатын ыдыс. Бұлқыншақты жасау үшін жылқы сойғанда артқы санын шашасына дейін мес қылып бітеу сылып алады.
Содан соң терінің көк еті мен шелін тазартып, сан жағын арасына шүберек салып тігеді. Оны «ұшың» деп атайды. Тарамыспен немесе жылқының құйырық қылымен тігеді. Тігіс бұлқыншақтың түп жағына келеді. Терінің сирақ тұсына келетір тар жағына лайық ағаштан тығын жасалады да, ішіне күл толтырып, тығындап көлеңкеге кептіреді.
Әбден кепкен тері қайтып көнге айналады. Содан соң күлін төгіп тастап, ыдысты ыстайды. Әрі қарай ыдысты шәймен жуып, ішіне бірнеше күн ашыған айран құйып қояды. Оны «шикі дәмін алу» деп атайды. Одан кейін пештің ысын жинап алып, оны суға араластырып теріні біраз уақыт соған салып қояды. Оны «құрымдау» дейді. Содан соң ыдыстың ішіне қайнаған сұйық май құйып шайқап алып, әрі қарай пайдалана беруге болады. Бұлқыншақты керегенің басына бауынан іліп қояды. Салт атпен жүргенде ердің алдыңғы қасына ілінеді немесе сол қанжығаға байланады. Жаяу адам иығына асып жүреді.
Бұл ыдыс малшы қауымның ыстық күндерде айран, шалап, қойыртпақ құюына мейілінше қолайлы.

Тулақ

TerisiТулақ дегеніміз – тайдың терісін шикідей керіп кептірген көн төсеніш. Сондықтан оны тайтері деп те атайды. Тулақ жасау үшін, жаңа сойылған тайдың терісін шелінен, көк етінен арылтып, тазалап алады. Егер тері өте майлы болса, аққұс (күйдірілген әк тас, известь), ащы (сортаң топырақ, тұзды көлдің сазы) жағып, майын алады. Терінің майын алу үшін құстың саңғырығын да жағады. Содан кейін теріні тегіс жерге немесе тақтайға керіп, шегелеп тастайды. Әбден кепкен тері қатайып көнге айналады. Теріні күн көзінен таса, көлеңкеде кептірген абзал. Кепкен терінің үстіне бөстек, көрпе, жержастық салып, төсеніш ретінде пайдаланады.
Жүн сабағанда тулақты төсеніш ретінде пайдаланады. Егер сабайтын жүн көп болса, бірнеше әйел бірігіп сабайды. Жүн сабарда, сабап болған соң көмектескен адамдарға шашу тамақ береді. Оны тулақ шашу дейді.

Тұяқ-тақа

TuiaktakaТұяқ-тақа – аяқ киімге байлап алып, саз, лайсаң, шалшық жермен жүруге қолайлы мүлік.
Көктемде қар еріп, жер лайсаң тартып, мал қораның төңірегіне сарсідік жиналады. Мал жайғаған кезде, малшылардың аяқ киімдерінен су өтіп, лас болмау үшін арнайы тақа (платформа) байлап жүреді. Оны ағаштан немесе жылқының тұяғынан жасайды.
tuiak-tahaЖаңа сойылған жылқының төрт тұяғын ажыратып, жуып, тазалайды да, алдыңғы аяқтың тұяғы мен артқы аяқтың тұяғын жұптап, бірнеше жерінен тесіп, қайысты айқастыра өткізіп байлайды. Одан кейін төңкерілген тұяқтардың алдыңғы жағын көлденең тесіп, сол тесіктер арқылы аяқтың өкше жағына келетін тұсына қайыстан тұйық бау тағады. Оны өкшелік деп атайды. Етіктің тұмсығы келетін тұяққа ұзындығы бір құлаштай қайыс бау тағылады. оны мұрындық деп атайды. Сол мұрындық арқылы тұяқ-тақаны аяқ киімге шандып байлап алады.
Пайдаланып болған соң тұяқ-тақаны үйге кіргізбей, сыртқа тастап кетеді. Тұяқ-тақаның жасалуы оңай. Әрі осы күнгі малшылар қауымына аса қажет-ақ!

Шарық

shakhaiШарық – теріден тігілген қарадүрсін аяқ киім. Оны кейде шәркей деп те атайды.
Шарықты үш түрлі теріден жасайды. Бірінші, иленбеген шикі (шылғи) теріден жасалады. Оны көн шарық деп те атайды.
«Білімдінің беті – жарық,
Білімсіздің беті – көн шарық» — деген мәтел бар.
Немесе,
«Көк арбаға мінерміз,
Көн шарықты киерміз» — дейді Қалнияз жырау.
Екіншісі иленген қайыстан тігіледі.
Үшінші түрі терінің түгі сыртына қаратыла тігіледі.
Шарықтың бұл түрін жылқының сауыр терісінен, құйрығының түбінен тігеді. Сондай-ақ өгіздің маңдай терісі мен пұшпағы, түйенің өркеш терісі де пайдаланылады.
Жаңа сойылған жылқының сауыр терісін алып, шелін, көк етін тазартып, түгі өкше жағына жататындай етіп пішіп, арнаулы ағаш қалыпқа салып, жиектерін бүгіп, бір елідей жерден баулық өткізетін тесіктер тесіп, қайыстан бау тағып қояды. Әбден кепкеннен кейін қалыптың үлгісіне келеді. Қазақтың «Көн қатса – қалыбына» деген мәтелі содан шыққан. Бірнеше күннен кейін шарықты қалыптан шығарып, табанына киізден ұлтарақ салып, аяққа киіз байпақ, сыртынан жарғақ байпақ немесе жүннен тоқылған шұлық киіп, одан кейін ғана шарықты киеді.
Шарықтың баулары өкшелігінен шығып тұрады. Бауларының ұшымен балтырды айқыш-ұйқыш шандып, байлап қояды.
Біршама киілген шарыққа көк шөптің сірісі жұғып, жылтырап әрлене түседі. Халық арасындағы «Бір тышқанда екі құйрық» деген жұмбақтың шешуі – осы шарық.
Шарық үй ішінде, ауыл ішінде жүріп-тұруға қолайлы, жайлы аяқ киім. Жасалуы да оп-оңай.

Көзілдірік

kozildirikҚыста күннің ашық кездерінде немесе жаздың ыстық аптабында малшылардың көзі қарығып, ауырады. Бұл әсіресе малшы қауымы үшін үлкен азап. Осындай бейнетке қарсы бұрынғы малшылар жылқының тұяғын өңдеп, көзілдірік пішінге келтіреді. Сонсоң жұқарта жонып, көздің жанары келетін тұсына пышақ сыртындай жіңішке жолақ ойып қояды немесе жылқы терісін шикідей жібітіп, түгін ұстарамен сыпырып тастап, көздің тұсынан көлденең тіліктер түсіреді. Тері тобарсыған кезде тіліктердің арасындағы жолақ тілімдерді күн көзіне көлбеу бағыттарға бұрып, қисайта кептіреді. Осындай көзілдіріктерді екі жағынан жұмсақ шүберекпен ызылған бау тағып, көзге киіп алады. Олар көзді қарығудан сақтайды.

Aqseleu SeidimbekАқселеу Сейдімбек, «Қазақ әлемі» кітабынан

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!