Дәуірлермен бірге тыныстаған түлік

11106

Ежелгі дәуірлерде-ақ қазіргі Қазақстан аумағы жылқының қолға үйретілген мекені болғандығын археологиялық қазбалар дәлелдейді. Солтүстік Қазақстандағы Ботай мәдениеті энеолит дәуірінде (б.з.б. 4 – 3-мыңжылдық), Арқайым ескерткіштері орта қола дәуірінде (б.з.б. 2-мыңжылдық), Қазақстанның барлық аймақтарынан кездесетін арий, сақ, ғұн кезеңдерінің ескерткіштері (б.з.б. 1-мыңжылдық – б.з. 2 ғ.) ежелгі Қазақстанда жылқының қолға үйретіліп қана қоймай, бұл малдың ерекше қастерленіп, әдет-ғұрыптық рәсімдердің ажырамас бір бөлігіне айналғанын көрсетеді.

Арийлер кезеңі

ariilerАрийлер жылқыны ерекше құрметтеген. Ғалымдар арийлерде жылқының үш түрлі тұқымы болғанын анықтады: тауда жүруге ыңғайлы аласа жылқы, ұзақ жүруге ыңғайлы шыдамды қазанат және қазіргі Түрікменстанның ақалтеке жылқысының арғы тегі саналатын ұшқыр тұлпар. Әсіресе, арийлер арасында ұшқыр тұлпарлар қатты қадірленген. Әлемде алғаш рет екі доңғалақты арбаны ойлап тапқан арийлер оған ұшқыр тұлпарларын қос-қостан жегіп алып, сары далада сағымша жүйткіген.
Қазақстан аумағында арийлер қалдырған құнды мәдениет ескерткіштері өте көп. Олардың көпшілігі – жартастарға салынған суреттер. Суреттерден арийлердің дүниені қалай түсінгені, қандай рәсімдік билерді билегені, қалай аң аулағаны, қандай мал баққаны, екі доңғалақты арбалары, абыздар мен батырлар туралы түсініктері, т.б. туралы толық мағлұмат алуға болады.

Сақтар кезеңі

sakiАл сақтар Алтайдан Дунай өзеніне дейінгі кең байтақ аймақта үйір-үйір жылқы өсіріп, ат құлағында ойнауды өнер дәрежесіне көтерген. Сақтардың балалары мен әйелдеріне дейін ат үстінде соғысу тәсілдерін жас кезінен жетік меңгеріп, көрген жұрттың зәресін ұшырған. Олардың қанқұйлы жорықтарынан соң, Еуропада, Кіші Азияда, Жерорта теңізінің бойында, Мысырда атпен бірге жаратылған кентаврлар туралы аңыз тараған. Ежелгі грек мифологиясындағы жауынгер әйелдер – амазонкалар туралы аңыздар да осы сақ әйелдерінің бейнесінен алынған деген пікір бар.
Қалай болған да, жылқыға салт мінуді қас өнерге айналдырып, оны әскери әдіс-тәсілдермен шебер ұштастыра білген сақтар өз заманының ең қуатты еліне айналған. Олар өздерінің жаңа жерлерді жаулап алуына, тіршілікке қажетті байлықтарға кенелуіне жағдай жасаған жылқы баласын аса қатты құрметтеп, жан серігі санаған.
“Олар аттарына да мыстан кеудені жауып тұратын сауыт кигізеді, – деп жазады ежелгі грек тарихшысы Геродот, – ал жүгендерін, шылбырын алтынмен әшекейлейді” Сақтардың патшалары, қолбасшылары мен батырларының тек өздерінің бас киімдеріне ғана емес, мінген аттарының төбесіне де лауазымдық белгі –жыға таққаны туралы деректер бар. Олардың қайтыс болған хандарды, ханзадаларды, батырларды т.б. жерлегенде, оның жан серігі болған атын жанына бірге қою ғұрпы да “иесіне аты о дүние де серік болады” деген сенімнен пайда болған.

Қазақ халқы үшін маңызы

manyzyҚазақ халқы арасында әлі күнге дейін сақталған ат тұлдау, яғни, қайтыс болған адамның мінген атын тұлдап жіберіп, бір жылдан соң асында сою ғұрпын сақ заманынан сақталған дәстүрдің жалғасы деп есептеуге болады. Айбынды атты әскерінің көмегімен қаһарлы елге айналып, Еуразия құрлығында үстемдікке қол жеткізген, сөйтіп адамзат өркениеті тарихында өшпес із қалдырған кейінгі ғұндар, Түркі қағанаты, Шыңғыс хан империясында да жылқы малы қатты қадірленген.
Осы мемлекеттерді құраған тайпалардың негізінде ұйысқан қазақ халқының дүниетанымында, ділі мен тілінде жылқыға қатысты өзгеше философиялық және мәдени жүйе қалыптасқан. “Адам – жылқы мінезді” дейді қазақ халқы. Бұған “жылқы – малдың патшасы”, “жігіттің сорлысын аттың жолдысы теңейді”, “ат – ердің қанаты” т.б. жүздеген мақал-мәтелдерді қоссаңыз, қазақ халқының адам мен оның жан серігі атына біртұтас әлем ретінде қарағанына көз жеткізуге болады.
Адамның азамат қатарына қосылуының өзін “ат жалын тартып мінді” деп бейнелейді қазақ халқы. Жас баланың алғаш атқа отырғанын атап өту рәсімі – тоқым қағар тойынан бастап, адамның бұл өмірден өткенінің белгісі ат тұлдауға дейінгі бүкіл пәнилік тіршілікті жылқымен байланыстырған қазақтар біреумен жауласса “ат құйрығын кесіскен”, біреудің алдында кінәлі болып қалса “ат-шапан айыбын төлеген”. Сыйлы қонаққа ат мінгізу, күйеу жігіттің қалыңдық алуына алғаш барғанда ат байлауы, ұрыс кезінде жау қоршауында қалған қолбасшыға ат сүйек беріп құтқару, т.б. дәстүрлер, атқамінер, атқосшы, атшабар, т.б. лауазымдар жылқының қазақ халқының шаруашылығында ғана емес, әлеуметтік өмірінде де үлкен мәнге ие болғанын білдіреді.

Адам серігі

Қазақ халқы жылқыны, ең алдымен, ел қорғаны ердің жан серігі деп дәріптеген. Ұлттық мифологиядағы иесі қысылғанда тіл бітіп, ақыл айтатын adamnyn serigiтұлпарлар (мыс., “Ер Төстік”, “Алтын сақа”, т.б. ертегілерде), батырлық жырлардағы Қобыландының Тайбуырылы, Алпамыстың Байшұбары, Қамбардың Қарақасқа аты, бергі заман батырлары Исатайдың Ақтабаны, Амангелдінің Шалқасқасы иелерімен бірге жыр-аңызға айналып, ел құрметіне бөленген.
Қазақ халқының әскери жорыққа төзімді жылқы тұқымдарын көптеп өсіретіні туралы деректер Ресей және Еуропа зерттеушілері Н. Бахметьевтің (1870), С. Вогактың (1873), А. Гердердің (1875), А. Вилькинстің, т.б. еңбектерінде жазылып қалған.
19 ғ.-дың 80-ж.ж. Австрия подполковнигі А. Дандевильдің Орынбор даласына арнайы сапар шегіп, Австрия армиясы үшін 3000 қазақ жылқысын сатып алғаны туралы дерек сақталған. Қазақ даласында өсірілген жықлылар 1-ші, және 2-ші дүниежүзілік соғыс майдандарына көп алынған. 1945 ж. 24 маусымда Мәскеуде өткен Жеңіс парадын КСРО маршалы Г. К. Жуков Қазақстанның Луговой (қазіргі Құлан) жылқы зауытында өсірілген Араб есімді ақбоз ат үстінде қабылдауының өзінде символдық нышан бар еді (қ. Абсент).

Сендік шырай

astana1-articleLargeЕкіншіден, қазақ халқы жылқыны спорттық ойын-сауықтарда (қ. Аламан бәйге, Бәйге, Құнан бәйге, Жорға жарыс, Көкпар, Аударыспақ, Ат омырауластыру, Ат үстінен тартыс, Жамбы ату, Қыз қуу, Салма ілу, Күміс ілу, т.б.) азаматтың мерейін асыратын, сал-серілік пен сәнділіктің шырайын келтіретін текті жануар деп есептеген. “Жылқы сәндік үшін, түйе байлық үшін” деген мақалдың мәні осыны мегзейді. Қазақ халқының алыс қашықтыққа шабатын аламан бәйгелер ұйымдастыратыны туралы орыс саяхатшылары тамсана жазады. Мысалы, А. Вилькинистің 1885 ж. “Журнал коневодства и коннозаводства” басылымында жарық көрген “Заметки о лошадях Туркестана” деп аталатын мақаласында мынадай пікір айтылады:
“Орта Азия халықтарының ішінде атты алысқа шабуға машықтандыратын қазақтар мен түрікмендер 25-тен 40 верстке (1 верст – 800 м) дейін ат шабысын ұйымдастырған. Ал Әулиеата қазақтары қашықтығы 100 версттік бәйге ұйымдастырып отырған”. Осы мақалада тағы бір қызғылықты пікір бар: “…Ташкент пен Орынбор арасына қосарға бір ат алып, 18 күнде барып қайтқан. Сондықтан граф Зубовичтің бүкіл Еуропаны таңқалдырған Вена мен Париж аралығын 15 күнде жүріп өткен сапары мұндағы қазақ жігіттерінің көпшілігінің қолынан келеді”.

Байлық мөлшері

jylky uiriҮшіншіден, дәстүрлі қазақ қоғамында байлық мөлшері тек жылқымен ғана өлшенген. Жылқысының саны 5000-нан асатындар ғана бай санатына жатқызылған. “Біздің асыл дүниеміз бір ғана жылқымыз, – деп жазады Мұхаммед Хайдар Дулат, – ләззат алатын асымыз – ет, сүйетін шәрбатымыз – қымыз… қызық көретініміз – өрістегі жылқымыз”. Халықтың жылқы малына қатысты осындай ерекше ықыласы, кең байтақ жайылымдардың болуы, жылқының қыста тебініп өзі жайыла алатындығы, т.б. факторлар қазақ даласында бұл түліктің көп өсірілуіне себеп болған. 1880 ж. Австрия-Венгрияда 3,5 млн., Германияда 3,3 млн., Францияда 3,0 млн. жылқы болса, 1879 ж. Қазақстанның бір ғана Орынбор облысында 1,8 млн. жылқы болған. 20 ғ.-дың басындағы нәубеттерден кейін 1920 ж. Қазақстанда 8 млн-нан астам жылқы қалғандығы туралы ресми дерек бар.
Шын мәнінде, ұлттық байлық саналған осыншама жылқы Кеңес үкіметінің солақай саясаты салдарынан 20 ғ-дың 30 ж.ж. қырғынға ұшыраған

Атбегілік

Tsengel90Жылқы тұқымын асылдандырудың, сәйгүлік болар жылқыны тай күнінен ажырата білудің, ат баптаудың қыры мен сырын жетік білетін мамандарды халық арасында атбегілер немесе атпаздар деп атаған (қ. Атбегілік).
Атақты Толыбай сыншыдан бастап, Оңтүстік Қазақстанда ғұмыр кешкен Мақұлбек, Жетісуда ғұмыр кешкен Бақай сынды атбегілер туралы аңыздар әңгімелер халық жадында сақталып қалған. Танымал жылқылар Дәстүрлі қазақ қоғамында жүйрік жылқы тек иесінің ғана емес, бүкіл рудың, аймақтың мәртебесін өсірген. Олар туралы әндер мен күйлер шығарылып, есімдері халық жадында ұзақ сақталған. Мысалы, бүкіл Қазақстанға танымал Құлагер, Жетісуға мәлім болған Көкбайтал, Оңтүстік Қазақстан мен Қырғызстанның біраз жеріне даңқы жеткен Қараат, 20 ғасырдың 60-жылдарындағы Б. Кітапбаевтың Құланқарасы, Бұланқарасы, Желмаясы, т.б.

Жылқы түрлері

kermedeҚазақ халқы жылқы малын үш топқа бөлген. Белгілі этнограф М.Бабажановтың 1871 ж. Ресейдің “Журнал охота” (№6, 7, 11, 12) және “Журнал коневодство и коннозаводство” (№4, 5, 6) басылымдарында жарық көрген мақалаларында қазақ халқы өсіретін жылқыларды үш топқа бөледі:
Күшті, еті тығыз аттар. Ауыр жұмыстарға, жүк тартуға, көші-қоңға пайдаланылған;
Жүрдек аттар. Күші мығым ат пен бәйге атының арасындағы, салт жүріске жарамды жылқылар;
Жүйрік аттар. Осы соңғы топтың өзін автор қарғыншыл ат (2, 4, 8 верст қашықтыққа ғана шабатын ұшқыр ат), қашағаншыл (бұл да аз қашықтыққа, асауды қайыруға пайдаланылады), шын жүйрік ат деп бөледі. Зерттеушінің бұл пікірі қазақ халқының жылқы шаруашылығындағы белгілі бір жүйе болғандығын қуаттайды. Қазақтар бәйгеге қосатын жүйрік жылқыларды тұлпар, арғымақ, сәйгүлік деп әлпештеп, ерекше күтімге алған. Ал ауыр жүк артуға, алыс жолға төзімді жылқыны қазанат деп атап, оны да ерекше бағалаған. Ал еті мен сүті үшін өсіретін қалған жылқылар жабы деп аталған.

e-history.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

error: Content is protected !!