Ахмет ТОҚТАБАЙ. Қазақ жылқысы туралы жазба деректерде
Жылқы – қазақтың ең қадірлі малы, басты байлығы. Жылқы қазақ тұрмысында тек байлықтың ғана белгісі емес, сән-салтанаттың, сұлулық пен көркемдіктің идеалы. «Жылқы-малдың патшасы», «Жігіттің сорлысын аттың жолдысы теңейді», «Ер қанаты-ат» — дейді халық даналығы. Көшпенділер өмірінде жылқының орны орасан зор болған. Алдымен күш-көлік ретінде, сосын сусындық сүтімен, дәмді етімен құнды.
Қазақ халқының арғы тегі жайындағы мәліметтер: ертедегі грек авторлары Геродот пен Страбонда, Қытай хроникаларында, орта ғасырлдық араб, парсы авторлары мен Европа саяхатшылары Марко Поло мен Вильгельм Рубрук т.б. кезедеседі. Бұлардан қазақ салтында ең қадірменді қонағына жақсы ат мінгізу сонау орта ғасырдан бері келе жатқан дәстүр екенін көреміз.
Түркмен жылқыларын қазақтар көбінесе сән үшін мінген, немесе өз жылқыларымен будандастырған. Қазір сұлулығына қарап аузымыздың суы құритын түркменнің ахалтеке, текежәуміт, иомуд жылқыларының шығуына тікелей араб жылқысының әсері тиген. Орта Азияны VI-VIІғғ. арабтар жаулап алған кезде жергілкті түркмен жылқыларын өз жылқыларымен будандастырған. Сондықтан де Түркменстан ежелден «мәдениет шаруашылығының» отаны болған.
Ал қазақ жылқысыныңы ерекшелігі әрі артықшылығы – ол сонау ықылым заманнан табиғи сұрыптау арқылы дамыған, яғни сол жергілікті жердің өзінде пайда болып, өсіп-жетілген (ғылым тілінде автотонды дейді). Қазір көп ретте түркмен жылқысы (ахалтеке) көп айтылып, көп жазылып жүр. Қазақ жылқысымен салыстыратын болсақ екеуінің арасы жер мен көктей. Біріншісі талай мыңдаған жылдар бойы мемлекеттік шеңберде адам қолымен аялап өсірген мәдени сұрыптаудың нәтижесі де, екіншісі осыншама уақытты бастан кешіріп, біздің заманымызға келіп жеткен табиғи сұрыптаудың жемісі.
Революцияға дейінгі қазақ жылқысы туралы зерттеулер бүкіл Орта Азия, Кавказ жылқылары туралы жазылған әдебиеттерді қосқандағыдан көп және ішінде ғылыми тұрғыда жазылғандары да аз емес. Алтай мен Каспий, Ертіс пен Жайық арасын аралаған барлық зерттеушілер мен саяхатшылар еңбектерінде міндетті түрде «жылқы» туралы ақпарлар кездесіп отырады. Мұндай ауызекі айтылған үзінділерді, болмаса үлкен зерттеу еңбектеріндегі жылқыға арналған тарауларды қоспағанда тек қана қазақ жылқысы туралы сипаттамалар мен газет мақалаларының өзі бір төбе екендігі 1927 жылы Ленинградта жарық көрген «Указатель литературы по животному миру Туркестана» деген еңбекте көрсетілген. Дегенмен бұл әдебиеттердің барлығы да ғылыми тұрғыда жазылған деп айтуға болмайды. Олардың көпшілігі ең алдымен қызығушылықпен, таңырқаушылықпен қазақ жылқысын үстіртін суреттеп жазған шығармалар. Мұндай жазбаларда көбінесе жылқының бағылуы мен күтілуі, пайдаланылуы, әредік тұқымдары жайында сөз болады. Революцияға дейінгі әдебиеттердің көпшілігінде авторлар бірін-бірі қайталап, белгілі жағдайлар мен фактілерді тізіп жаза береді.
Орта Азия және қазақ жылқысы жайындағы ғылыми зерттеулер ХІХ ғасырдың аяғы, яғни 70-ші жылдардың басынан бастап, Орта Азия мен Қазақстанның Россияға өз еркімен толық қосылуына байланысты жарық көре бастады. «Военный сборник», «Русский инвалид», «Журнал коннозаводства», «Журнал коннозаводства и охоты», тағы басқа осы сияқты қоғамдық, ведомстволық, жеке меншік газет-журнал беттерінде қазақ жылқысы хақында әр түрлі дерек ақпарлар басылып тұрды.
1870 жылы «Сведения о коннозаводстве Туркестанского края» (СП) деген журналда жарық көрген Н.Бахметьевтің мақаласы Түркістан өлкесіндегі жылқы заводтарына арналғанымен, автор онда қазақ жылқысының далада бағылып, табиғат аясында өсетінін айта келіп, «қолға ұсталып, үйде бағылатын жылқыны қазақтар ерекше бағалайды, оның бағасы 200 сомнан асады» — дейді. «Бірінші жыл туған құлын желіде жатады, енесін әбден суалғанша «арықтатып» отырып сауады, жас құлынның өсіп-жетілуіне көп зиян келеді. Екінші жылы таңбасы салынады. 2 жасқа келген атқа 12-ден асқан бала мінеді де, ертеден қара кешке дейін мал қайырумен болады. 3-ке келгенде нағыз ат үйрету, барлық жағынан сынау басталады» деп көрсетеді. «Жаздың небір аптап ыстығы мен қыстың ақпандатқан суығында жылқылар далада тұрады. Қазақтар тек аса бағалы аттарын жерден қазылған ықтасын шұңқырға қояды. Бір жерден екінші жерге көшіп, ұзақ жолдан кейін жылқылар жем-шөпсіз, сусыз қалады, ұзақ жолға мінілген атты иесі 5-6 сағат жем бермей қаңтарып қойды. Осының бәрі қазақ жылқысының тұрпатының көріксіздігіне, бойының кішкентайлығына, жүнінің ұзын болып өсуіне әкеп соқтырады» деп жазады зерттеуші. «…Қазір орыстардың ықпалымен қазақтар қысқа, аз мөлшерде болса да шөп дайындайтын болды…» — дейді Н.Бахметьев
Автор қазақ жылқысының қандай шөп жейтінін дәл айтады: «Қаратаудың баурайында жабайы сұлы өседі.., ковыль-боз,тимофеева трава – бидайық, жоңышқа мен бедені баулап қысқа дайындайды…»
Н.Бахметьев Европа және орыс жылқышыларына мүлдем таңсық жорға жылқылар туралы таңдана жазады: «…Бұл сорттың (жорғаның) қалай шыққанын кім білсін. Жол жүруге мұны қазақтар да, сарттар да өте жоғары бағалайды. Әсіресе, алыс жолда өте тамаша, жүрісі жайлы» — дейді автор. Орта Азияның тағы бір жақсы жылқы тұқымы қарабайырдың қалай шыққаны жөнінде:
«…Арғымақ айғырды қазақ биесімен шағылыстырады, бірінші туғаны арғымақтан айнымайды. Тек үшінші туғаны ғана бүкіл Орта Азияда құрметтелетін қарабайырды береді…»
Н.Бахметьевтің мақаласы қазақ жылқысы жайында мамандардың көңілін аударған алғашқы еңбектердің бірі болды. ал А.Вилькинстің 1885 жылы «Журнал коннозаводствада» жарық көрген «Заметки о лошодях Туркестана» атты еңбегі қазақ жылқысы жөніндегі нақты фактілермен құнды. «Далада үнемі болып тұратын апатты мал шығындарына қарамастан, — дейді автор, — мыңдаған, тіпті 10 мың жылқысы бар қазақтар бар. Орынбор, Троицк, Петропавловск, Омск қалаларының базарларында қазақы жылқы жылма-жыл көп мөлшерде сатылған. Осының әсерінен шекарадағы орыс саудагерлері мен кулактары қазақы жылқы тұқымын өсіре бастаған. Сибирь қалаларындағы қазақ аттары жегілген орыс тарантартары мен тройкалары жылдамдығымен кімді де болса таңдандырады». Орыс деревнясындағы қолға ұсталып, тұрақты жем-шөп жеген қазақы жылқы бұрынғыдан зорайып күш-қуаты артып, көбінесе жегуге өте таптырмайтын көлік болған. «Орта Азия халықтарының ішінде атты алысқа шабуға үйрететін қазақтар мен түркмендер 25-тен 40 верстке (1 верст-800 м) дейін ат шабысын ұйымдастырған. Ал, Әулиеата қазақтары ұзындығы 100 верстік бәйге ұйымдастырып отырған. Бәйгенің соңында қалған аттар мәреге 4-5 сағатта әрең жеткен». Мақалада мынадай қызық фактілер бар: «..мұндағы жігіттер қиналмай-ақ Қазалыдан Орынборға (1000 верст) бір атпен шығып, қайтарында екінші атпен 24 күн ішінде қайтып келеді…» Мынадай бір деректерге қалайша көңіл аудармассыз: «Ташкент пен Орынбор арасына, қосарға бір ат алып, 18 күн ішінде барып қайтқан. Сондықтан граф Зубовичтің бүкіл Европаны таңқалдырған Вена мен Париж аралығын 15 күнде жүріп өткен сапары мұндағы қазақ жігіттерінің көпшілігің қолынан келеді…»
Зерттеуші жергілікті халықтың аттың қандай жүрісін ұнататынын да қалыс қалдырмайды. Дала үшін ең жақсы жүріс «хода» (біздің ойымызша бұл «аяң» болу керек, себебі қазақ ат таңдағанда жол жүргенге ыңғайлы аяңы бар ма екен өзінің деп жатады). Автор бұл жүрісті Европа әлі білмейді, себебі бұл қолдан жасалған аллюр – атты жүріске үйреткеннен бастап осы әдіске үйретеді, осы жүрісіне қарап ат бағаланады деп көрсетеді. Европалықтар «рысь» (желу) пен «галопты» (шоқырақтау) жақс көрсе, «хода» (яғни аяң) осы екеуінің арасында сияқты деп пайымдайды. Бұл жерде бір ескерте кететін жай европадлықтардың аттың жүрісіне арналған терминдері мен қазақша баламалары бір-біріне сәйкес келмейді. (Екеуін салыстыру үшін екі жақты бірдей білетін маман керек).
Мақалада «ат жарату, сынау» өнеріне біраз орын берілген. Автор қазақ, түркмендердің ат жаратуы мен Европа тренингісінің тәсілдерінің ұқсастығына тоқтала келіп, жалпы «ат сынау өнері» Европаға Шығыстан келмеді ме екен деген ой тастайды. Шындығында, бұл өнердің Шығыстан шыққанын В.Б.Ковалевская жазған (Конь и всадник, М. «Наука», 1977, 51-59 беттер) ежелгі Хетт заманынан келіп жеткен «Киккули тренингі» ғана дәлелдеп тұрған жоқ па.
Бұрынғы қазақ шабандоздарының баптауынша ат 40-60 күннің арасында жарап дайын болады, бұл европалық әдіспен салыстырғанда анағұрлым тез. «…Аттың жараған, жарамағаны әр түрлі тәсілмен анықталады. Түркмен атпен 15 шақырымды шауып келеді де, су ішкізеді, егер ат екі-ақ рет жұтып, судан басын алса ат дайын. Қазақ жаратылатын аттың тезегін қатты қысады, тіпті одан бірнеше тамшы ылғал шықса да ат әлі дайын емес деп есептеледі, өйткені әбден жаратылған аттың тезегі құрғақ болу керек…» — дейді тағы. А.Вилькинс жоғарыда аталған мақаласында. Зерттеушінің бұл арада халықтың арасында көп жүріп, атбегілерінен сұрастыра отырып жазғанын байқаймыз.
Арғымақ – батырдың жан серігі, аттың ішіндегі ең бір асылы ретінде суреттеледі. Өткен ғасырда орыс ғалымдары жылқы тұқымдарын зерттегенде «арғымақ» дегенге ерекше назар аударған. «…Арғымақ – қазақтың кермееттей жақсы көретін бағалы жылқы тұқымы. Далада өткен небір тарихи оқиғалар осы арғымақтың атымен байланысты. Арғымаққа атақты қазақ жырауы Нысанбай тұтастай одалар арнаған…» — деп жазылған 1898 жылы жарық көрген «Православный Вестниктің» 2-санында (Туркестенский сборник, 423 том) «Лучшие породыкиргизских лошадей – Аргымак»-деген мақаласында.
Қазақтар жаугершілік заманда тар жол, тайғақ кешулерде аттың екі қасиетін ерекше бағалаған деп көрсетіледі мақалады, дәл осы қасиеттер арғымақтың бойынан табылған. Арғымаққа мінген көшпенділердің әлемдегі ең жақсы атты әскері болған. Арғымақты қолға түсіру үшін қазақтар нендей қиындықтар болса да қорықпаған, қандай кедергі болса да тоқтамаған, «құлақ естіп, көз көрмеген» айла-әрекетке барған деп жазады зерттеушілер. Абылай қалмақпен соғыс кезінде әрбір түтінге арғымақтан бір бие, бір айғырға салық салған. Ханның бұл сұрыпталған табынын орыс ғалымдары «Жемчужина ханства» (ханның інжу-маржаны) деп атаған.
Арғымақтың шығу тегі, ешбір басқа тұқыммен араласпаған таза қандылығы жағынан түркмен жылқысы болғанымен қазақ даласындағы табиғи орта мен климат, қазақ тұрмысының қиын жағдайлары төзімділік пен шыдамдылыққа, алыс қашықтықтарға шабуға, аштыққа төзуге бейімдеп үйреткен. Мақалада екі таза қанды түркмен жылқысы (ахалтеке) мен үш таза қанды қазақ арғымағының сын жарысы туралы баяндалады. Жарыс ережесі бойынша олар 5 верст қашықтықты 4 рет (барлығы 20 верст) айналып өту керек. Бірінші верстте бес ат та бас түйістіріп бірге келеді (көрсеткен уақыттары бірдей – 1 мин. 20 сек.), екінші версте түркмендер алға жұлдызша ағып шығады, екінші верстің аяғында арғымақтар қалып қояды. 2 верст қашықтықты түркмендер 2 мин. 12 секундта, арғымақтар 2 мин. 15 секундта шауып өтеді. 3-версттің бойында бір арғымақ екі түркмен жылқысымен иық тірестіре отырып 6 мин. 5 секундта келеді, қалған екі арғымақ 6 мин. 10 секунд уақыт көрсетеді. 3-шы айналымда бір арғымақ жарты дене бойы алға шығады да, қалған екеуі түркмен жылқыларымен бас түйістіріп бәрі бірге келеді. 2-ші айналымда бірінші арғымақ 6 мин. 20 секунд, ал бірінші түркмен жылқысы 6 мин. 28 секунд, енді бір түркмен жылқысы мен арғымақ 6 мин. 35секунд, үшінші арғымақ 6 мин. 55 секунд уақыт көрсетеді. 3-ші айналымда бірінші арғымақ 6 мин. 55 секунд, екінші арғымақ 7 мин. 5 секунд, бірінші түркмен жылқысы 7 мин. 10 секунд, үшінші арғымақ 7 мин. 20 секунд уақыт көрсетеді. 4-ші айналымда үш арғымақ та алға шығып, түркмен жылқылары қалып, 4-ші айналымның ортасында бір түркмен жылқысы мүлдем жарыстан шығып қалады да, екінші түркмен жылқысы әбден шаршап, мәреге зорығып жетеді. Көрсеткіштері мынадай:
1-ші арғымақ 7 мин, 2-ші арғымақ 7 мин. 5 сек., 3-ші арғымақ 7 мин. 15 сек., түркмен жылқысы – 7 мин. 50 сек.
Жарыстан соң әбден қызып алған арғымақтарын тоқтатудың өзі біраз қиындыққа түскен қазақтардың «аттарының көзінен от ұшқындап» тұрады.
Арғымақтардың ұшқырлығы жайында жазушы В.Железновтың Жайық қазақтарының тұрмысы жазылған «Казак Василий Струняшевтың басынан кешкендері» деген мақаласы бар. Мұна В.Струняшев екі арғымаққа мініп қашып шығады. Ол айлы түнде шағыл ішімен өкшелеп қуған қуғыншылардан қашып, 200 верст шабады, сөйтіп аман-есен құтылады. «…Мұндай ғажайып ерлік тек арғымақтың ғана қолынан келеді, себебі шаршау дегенді білмейді, жылдамдығын үдетпесе кемітпейді, ал егер күші бітсе сол жерде құлап түсіп өледі».
Арғымақтар жайында орыс зерттеушісі ХІХ ғ. аяғында қазақтардың табынында бұл асыл тұқымның мүлдем азайғанын, құрып бара жатқанын қынжыла жазады. Қазіргі таңда ата-бабалар мінген қазақ жылқысының інжу-маржанын «қайта тудырып», жылқы заводтарының бірін тек арғымақ өсіруге арнаса, сөйтіп әлемдік аренаға шығарса халқымыздың мерейін өсірер еді дейді.
Ахмет Тоқтабай
(«Ер қанаты» жинағынан. Құрастырған Жанболат Аупбаев)
Ассаляму әлейкум! Осы ағамыз Абсент туралы жазған кiтабын қайдан тапсақ болады??? +77004270107