Ақселеу СЕЙДІМБЕК. Жылқы күзеу

11116

Көкек айы ортасынан ауып, аяқты мал көк қуалай бастар шақта жылқы түлігін ауыл маңына иіріп, бір сәтті күнді жылқы күзеуіне арнайды. Қалыптасқан дәстүр бойынша, әдетте, тай, құнан, құнажын, байтал, сондай-ақ қысыр қалған биелер күзеледі.

Тай күзеу:
Тай атаулы еркек-ұрғашысына қарамай күзеледі. Ол үшін жалын сыпыра күзеп келіп, уыс толар шоқтық қалдырады. Кекілін қысқарта теңестіріп қояды.ал құйрығын түбіне дейін сыпыра күзеп келеді де, ұшынан ғана «шыбын қағар» шашақ қалдырады.

Құнан күзеу:
Құнанның кекілін шырпып қана теңестіріп қояды. Жалы тай кезіндегідей сыпыра күзеледі. Ал құйрығын күземейді.

Құнажын байтал күзеу:
Кекілі мен жалы құнанша күзеледі. Ал, құйрығы жоғары жағынан «жол көрсетер» деп аталатын екі кертік қалдырылады да, құйрық шыбығын «шыбын қағар» шашақ қалғанша сыпыра күзейді.

Қысыр күзеу:
Қысыр қалған биенің «бойын түзеу» үшін кекілін төгілте қалдырып, жалын сыпыра күзейді. Құйрығын жоғары жағынан үш бунап күзеп, ұшын шырпып қана тегістейті.

Соғым жылқыны күзеу:
Ат болсын, бие болсын соғымға арнап жіберерде жалын сыпыра күзеп, құйрығын тірсегінен келтіріп, шорт кеседі.

Тұлданған (қаралы) атты күзеу:
Көне заманнан жеткен рәсім бойынша, иесі өлсе, мінген атын жыл уақытында иесінің асына сою үшін жал-құйрығын күзеп жібереді. Тұлданған аттың күзелу тәсілі соғым жылқысын күзеуге ұқсас. Айырмашылығы, тұлданған аттың кекілін жоғары көтеріп, төбесіне мықтап түйеді де, ұшын бірлестіре шырпиды. Тұлданған аттың үстіне адам шықпайды. Яғни жыл уағына дейін мінілмейді.
Қалыптасқан дәстүр бойынша құлынды биелер, айғырлар, жаз жайлайтын бедеу биелер, мініс аттары күзелмейді. Қазақ құйрық-жалды жылқы малының көркі деп есептеп, оған айрықша мән берген.

Aqseleu SeidimbekАқселеу Сейдімбек, «Қазақ әлемі» кітабынан

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

error: Content is protected !!