«Боз айғыр» күйінің шығу тарихы

9005

Негізі, күй жайдан-жай шығарыла салмайды. Ол адам жанының ішкі толқынысынан, сезімінен пайда болады.
Ғұн дәуірінен келе жатқан «Боз айғыр» күйінің шығу тарихына тоқталасақ.
«Өткен заманда бір байдың жылқыларының ішінде Боз айғыры болады. Боз айғыр жылқылардан ұзап, алысқа кетпей шет жақта жайылып жүреді. Бір күні жылқыны ұрылар айдап кетеді. Боз айғыр үйірімен бірге ұрылардың қолында үш күн болып, төртінші күні өздерін айдап келе жатқан адамдардың бөтен екенін сезіп, ауылға қарай қашып, иесіне келеді.
Боз айғырдың үйірінен бұлайша бөлініп кетуі тегін емес екенін сезген байдың баласы айғырды жүгендеп жылқының соңынан қуады. Жылқыға жетіп, алдын орап, үйірді кейін қайырады. Ұрылар балаға жан-жақтан лап қойып, ортаға алмақшы болғанда Боз айғыр үстіндегі баланы бір шетке алып шығады.
Бала ұрыларға бір бүйірден тиісіп, бір-екеуін құлатады. Ұрылар баланы тірідей ұстап жәбірлегісі келеді. Бірақ олардың бұл ойына бала да, Боз айғыр да көнбей ұрылардың тағы екеуін құлатып, кейін қарай бет бұрғанда, ұстай алмасына көздері жеткен ұрылар садағымен баланы атып, санынан жаралайды. Бала жаралы санын белбеумен таңып алып, ұрыларға өшіге қайта тиісіп тағы да екі-үшеуін құлатып, кері қайтады. Жолшыбай бір төбенің басына жетіп, өзі аттан түсіп, жүруге шамасы келмей қансырап жатады да, атты қоя береді. Боз айғыр босанған бойда ауылға тартады.
Боз айғырды көрген бай қамығып: «Балам өлген екен, енді не болса да ізіне түсіп іздейін»,– деп айғырға мінгенде, Боз айғыр байға бас бермей, тауда қалған балаға қарай ала жөнеледі. Келсе, шынында да, бала өліпті. Баласының өліміне қайғырып, жылап-еңіреп бай далада отырғанда қасында тұрған Боз айғыр оқыранып қоя береді. «Тағы да ұрылар келіп қалған екен», – деп бай зәресі кетіп орнынан ұшып тұрса, бір салт атты жалғыз жолаушы екен. Ерінің қасын ілген домбырасы бар. Әлгі жолаушыға бай болған жағдайды түгел баяндайды. Сонда жолаушы:
– Шіркін, жануарым-ай! Ат болса осындай, ер болса сенің балаңдай болсын.
Жақсы ат ер сүйегін далаға тастамайды деген осы да. Балаңның ерлігіне астындағы аты сай екен. Жақсы ат жаман жігітті де ер етеді деген бар ғой. Мына жағдай дәл соған сай келеді екен, – деп қолына домбырасын алып бір күйді тарта беріпті.
Күй күңірене барып аяқталғанда үнсіз отырған бай:
– Замандас! Мына тартқаның қайғылы саз болды ғой? Атын не дейсіз? – депті. Сонда күйші:
– Жануарға, мына тұрған Боз айғырға разы болып, соған арнап тарттым. Өйткені бұл айғыр болмаса сенің балаң қайда қалар еді, сен балаңды қайдан табар едің, – депті».
Осыдан бастап бұл күй ел арасында «Боз айғыр» аталып, тараған көрінеді.

Нұрперзент Домбай, “Күй құдіреті” мақаласынан

1 comment

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

error: Content is protected !!