Кешегі кентаврлардың бүгінгі ұрпағы неге кемтар болды?

8528

Біздің дәуір техника дәуірі. Неше түрлі құлтемірлер ғасырына тап келдік. Әрекетіңді емес, ойыңдағыңды жасайтын техника ойлап таптық. Адамзат жетістігінің, адамзат мүмкіндігінің шексіздігін бағындырдық. Алайда бұл адамның физикалық мүмкіндігінің тоқырауына келіп тірелді. Бұл жағдай әлеммен бірге тыныстап отырған қазақ қоғамын да айланып өтпеді.

Еуропада жылына миллиондаған адам семіздіктен зардап шегеді. Әзірге Қазақстан бұл қатарға кіре қойған жоқ. Есесіне кеше ғана сол батыс «Кентаврлар» атаған адам-жылқылардың ұрпағы бүгінде кемтар. Кемтар емей немене ел азаматтарының 50 пайыздан көбі белсіздікпен ауырады. Әрбір үш еркектің бірі простатит, өмірге әкелген ұрпағы әлжуаз. Ерте қартаяды, жүрек аурулары көп, қанқысым, буын аурулары бүгінгі адамдарда екінің бірінде кездесетін сырқатқа айналды.

Ал бұған дейін жылқы етін жеп, қымыз ішіп, ат үстінде күн көрген көшпелі елдерде мұндай аурулар болған емес. Тіпті жоқ десек те болады.

Оның сыры – атқа мінуде. Тарихтың атасы атанған Геродоттан бастап, күні кешегі Шоқанға дейін біздің ата-бабаларымыз саналатын сақтар мен ғұндардың, үйсіндер мен қаңлылардың ат үстіндегі өнері, ат спортын меңгеруі туралы тамсана жазғаны анық.

Ал 1916 жылғы көтеріліске дейін қазақ аттан түскен жоқ. Тақымы терге, алақаны тізгінге, құйырығы ерге қажалып, атпен ат болып біте қайнасып кеткен еді. 16 жылғы көтерілістен кейін қазақты аттан түсірмесе түбегейлі бағынбайтынын түсінген отарлаушылар түрлі қитұрқылықпен қазақ жылқысын қыруды бастады. 1956 жылға дейін қырық жылға жалғасқан жылқы нәубеті қазақтың астындағы атын ғана алып қойған жоқ. Ол қазақтың жанындағы рухын, бойындағы денсаулығын, алдындағы асын, ұлттық менталитетін, жиған байлығын қоса сыпырып алды.

Бұдан кейін қазақ отырса опақ, тұрса сопақ, «тәйт» десе тұратын, «шәйт» десе жүретін мәлжубас, мешеу халыққа айналды. Кешегі «кентаврлық» адам-жылқылық тарпаңдықтан із де қалған жоқ. Рухы жүнге, асы жынға айналды. Менталитеті міскін, денсаулығы дімкәс, байлығы ұшқын болды.

Мұның барлығына да «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» соқыр саясаттың кінәлі екені айдан анық. Қазақ жылқысына жауыққандары сондай вертолетпен қуып жүріп қырды, орға қамап арандатты, жалған ауру ойлап тауып, соған қарсы вакцинация деген желеумен улы дәрі егіп және қырды.

Астындағы атынан айырылған халық кешегі көшпенділік еркіндіктен, кентаврлық тарпаңдықтан, адам-жылқылық алаңсыздықтан айырылды. Ел ішін естіп білмеген аурулар жайлады.

Ат үстіндегі адамның рухы биік, көңілі сергек, жаны таза, жүрегі мәрт болады. Әйтпесе қазақ «Ат үсті – әулие» деп бекер айтпайды.

Әуелі атқа мінген жанның бар денесі қозғалыста болады. Бұл бүгінгі денеден зорлықпен тер шығарып, барлық денені зорлықпен қимылдататын кез келген фитнес орталықтарынан артық.

Екіншіден атқа мінген адамның денесіне тегін массаж жасалады. Әсіресе жайлақ атқа мінген адамның денесіне жылқы денесінің температурасы қатты әсер етеді. Бұл сал ауруынан айығудың бірден бір жолы.

Үшіншіден атқа мінген еркекте простатит атымен болмайды. Ерге отыру барысында ат үстіндегі адамның еркектік мүшесіне, аталық жұмыртқасына толықтай массаж жасалады. Соның нәтижесінде аталмыш аурудан түбегейлі сауығуға болады. Кезінде аталарымыздың Сексенбай, Тоқсанбайларды тудыруының сыры сонда.

Төртіншіден үнемі ат үстінде жүрген адам буын ауруларына шалдықпайды. Себебі атқа мінген адамның денесі үнемі қозғалыста болатындықтан барлық буыны қимылдайды. Бұл өз кезегінде топ болу, сары буын, буын ауыруларының алдын алады.

Кешегі кентаврлардың бүгінгі ұрпағы атқа мінуді экзотикалық өнер санайтын дәрежеге жетті. Ұстағанын жұлып түсер, тақымына басқанына тастай жабысар, өңгергенін өзгеге бермес, бөктергенін бөгдеге бермес құрыш білек көшпендінің ұрпағы жылқыдан қорқатын дәрежеге жеттік. Осылай жалғаса берсе Олжас Сүлейменов айтқандай «жылқы ұғымын колбасалардың сыртынан» ғана оқуымыз мүмкін.

Дегенмен ауызды қу шөппен сүрте бермей, жылқыны тым болмағанда өз денсаулығымызды қалыптастыру үшін пайдаланатын жанды дәрі ретінде пайдалануды қолға алсақ. Ол үшін тым болмаса аптасына бір рет атқа мініп, атқа мінбесек те жетелеп жүріп, солардың аурасымен тыныстап, жылқы иісін жұтсақта болар еді.

Қымыз ішіп, қазы-қарта кертіп жеу қол жетімсіз күйде. Қала маңындағы ипподромдарда бір сағат атқа міну әжептәуір қаржыны талап етеді. Ал қазақты рухтандыру үшін астына ат беріп, қанына қымыздан допинг құю керек. Бізге осы жетіспей келеді.

Erzhan ZhaubayЕржан Жаубай,
«Арғымақ.кз» ұлттық танымдық порталының бас редакторы
argymaq.kz (Сурет ғаламтордан алынды)

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!