Жауыр болу және оны емдеу

11835

«Жауыр болу» немесе «арқасы кету» – мініс атын дұрыс пайдаланбаудан болатын жарақат. Көбінесе, ердiң қапталы арқаны қаба ұстамағандықтан батып, аттың қапталының iсiнiп кетумен басталады. Ондайда жүнi сиреп, реңсiзденiп асқынып қыршыңқы ауруына ұласады. Жегiн құралдарының (ыңыршақ, ашамай, ер, ершік) аттың қырарқа, шоқтық, қапталын қаба ұстамаудан, аттың арқа терісі үйкеліп, түк баданасы жараланады, яғни арқасы кетеді. Соған байланысты «атыңды аясаң айылын қатты тарт» деген нақыл сөз қалыптасқан.

Емдеу тәсілі: Жарақаттанған аттың арқасына сиырдың жаңа сауған сүтiн тамыздықтата құйып, алақанмен шыпылдата отырып сiңiрген соң, ол атты ерттеп жарты күн қояды. Ертеңiнде су сiңген шымды 2-3 елiдей қалыңдықта ойып алып, аттың арқасына ет пiсiрiмдей уақыт тартса, құлантаза жазылады. Сондай-ақ, арқасы кетуді емдеуге емен, қарағай қабықтары, қозықұйрық, ақ саңырауқұлақ және қара андыз, меңдуана қайнатындыларын пайдаланады. Және кәдiмгi сары май, тiпті, мылтықтың оқ-дәрiсiнiң ұнтағын да ыстық суға араластырып арқа кеткен тұсты«суарады».

Арқасы кетуден сақтанудың төмендегідей жолдары бар: ер саларда оның басын желдiң ығына қарсы қойып, яғни арқа жүнiн жатқызып ерттейдi. Сондай-ақ, аттың арқасын сүйек сорпасымен суарып терлету, бұлақтың суық суымен жаздың жылы күндерi арқасын, бүкіл денесiн ысып жуу, терең суға шомылдыру және т.б. емдеу шаралары аттың арқасы кетуден сақтайтын ежелден қалыптасқан тәсілдер.

Арқасы кетуден сақтанудың тағы бір жолы әбзел-тұрманның тазалығын қадағалау болып табылады. Яғни ат арқасына салынатын өң немесе терлiктiң астындағы iшпек таза, әрі құрғақ болуы қажет. Сонымен қатар, арқасында жарақат бар атқа жоғарыда аталған жұмсақ қабаттарға мүйет (ойма), тығылдырық (кепіл киіз) қою және желқомдау деп аталатын тәсiлдер қолданады. Сондай-ақ, жады деген тұрман болған кезінде. «Жады – жауырдан сақтайды» деген сөз соған қаратыла айтылған.

Сақтанудың ең басты шарты атқа мiнгенде, түскенде, жүргенде, жүк артқанда және айыл тартқанда аттың қырарқасына түсетiн күш пен қысымның тепе-теңдiктi сақталуы мейлінше қажет. Атпен жүргенде, әсiресе, көп тебiнбеу, iлгерi-кейiн, оңды-солды шайқақтап, жантаймау, қоржындағы жүкті тең бөліп қанжығалау; тiпті, ат үстiнде отықтыру мен суару сияқты қарапайым талаптарды орындау арқасы кетуден сақтаудың тағы бір кепілдері болып табылады.

Халықтық тәжірибеде «жазғытұрым ердi алма, қыста ердi салма» деген қағида бар. Жол жүрiп бусанып келген атты демалдыру, атбегiлер тiлiмен айтқанда, суыту талап етiледi. Әйтпесе, ат арқасын жел көтерiп, iсiнiп кетедi. Түнде мiнiс, жұмыс, жегiн аттарының арқасына тоқым, жабу тартып, жылылап, таң асыру қажет. Жазғытұрым және күз мезгілінде таңғы және кешкi салқында бусанып, денесi қызып келген аттың ерiн мiндеттi түрде алуға тура келсе, арқасына күл шашып қояды. Үйiрден жаңа ұсталған, көптен жұмысқа жегiлмеген атты, 2-3 күн бойы жаратып, «жын тоғын бастырады», яғни жұмыс қалыбына келтiреді. Бұл да аттың арқасы кетуден сақтайтын көшпелі ортада кең тараған қарапайым тәсілдердің бірі.

003(41)Бабақұмар Қинаятұлы
«Жауыр тобындағы сырқат кiнараттарды емдеудiң дәстүрлi тиiмдi тәсiлдерi» мақаласынан ықшамдалып алынды
«Жаршы» ҚР ҰААЗО ғылыми-теориялық журналы. 1997. №6.

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

error: Content is protected !!