Абсент – ғасыр жылқысы

13225

Ел атағын ер шығарады,
Ер атағын жақсы ат шығарады

Ат айналып қазығын табар
Ер айналып елін табар.

/Халық мақалы/

«Абсент» – қазақ жерінде туылып, аты әлемге танылған, аты аңызға айналған жылқы. Ықылым заманнан бері қазақ жерінде дүбірлеп өткен талай тұлпардың ішінен аты әлемге мәшҺүр болған Абсент сияқты тұлпар сирек болар. Бүкіләлем ат білгірлерінің Абсентті «ХХ ғасырдың ең жұлдызды жылқысы»немесе «үш мәрте Олимпиада жүлдегері» деп мойындағаны тегін болмаса керек. Сонау кездері 1960, 1964, 1968 жылдары Рим, Токио және Мехико қалаларында өткізілген XYII, XYIII, XIX Олимпиадалық ойындарының жүлдегері болған Абсентті бүкіләлем біледі. Он екі жыл бойы әсем жүрістен бүкіләлемде алдына қара салмаған ақалтеке тұқымдас осы қара айғырдың «Абсент» деген есімі, жылқы сүйер қауым арасында осы күнге дейін әлі аңыз болып келеді.

Абсенттің шыққан ата-тегі де жай жылқы болмаған. Оның әкесі – Мәскеудегі Қызыл алаңда 1945 жылдың 24 маусымда өткізілген Ұлы Отан соғысы жеңісіне арналған парадта бас қолбасшы Георгий Константинович Жуков мініп шыққан ақбоз айғыр еді. Ол – жүрісі ойын өнерінің бәрін жақсы меңгерген, ойнақтай басып, мәнерлі жүретін,тұла бойында бір мін жоқ, қылшық жүні жылт-жылт ететін, бауыры жазық, алдыңғы аяғы тіп-тік, артқы аяғы бота тірсек, басында қырым ет жоқ, қаз мойнын иіп, тәкаппарлана қарағанда көзі оттай жайнап тұратын, жалы-құйрығы сүзілген ақалтеке тұқымдас «Араб» есімді ақбоз айғыр болатын.

1950 жылы С.М.Буденныйдан (Мәскеуден) Жамбылдағы №49 жылқы зауытының атына шұғыл телеграмма келеді. Онда Араб-Қазбек (Араб)арнайы вагонмен жіберілетіні айтылған еді.

Сонымен бұрынғы Луговой жылқы зауытына көктем шыға, яғни 1951 жылы Кеңес Армиясы Орталық спорт клубынан жіберілген Араб-Қазбек келіп, бұрынғы «Араб» есімін қайта алады. Енді Араб Луговой жылқы зауытында тұқымдық айғыр ретінде пайдаланыла бастайды. Биелердің ішінде әкесі – Керкенже, шешесі – Аққыз деп аталатын таза қанды ақалтеке тұқымдас «Баққара» есімді сары бие бар еді. Ақбоз түсті Араб пен Баққара атты сары бие шағылыстырылып, зауыттың арнайы журналына жазылады. Келесі жылы, яғни 1952 жылы Баққара құлындайды.

 Абсенттің шежіресі

Абсент, 1952 жылы туылған, тұқымы ақалтеке, түр-түсі – қара

Шешесі: Баққара, 1944 жылы туылған, түсі: сары

Әкесі: Араб (Қазбек), 1930 жылы туылған, түсі: ақбоз
Шешесінің шешесі: Баян-Дална Шешесінің әкесі: Керкенже Әкесінің шешесі: Атагуш Әкесінің әкесі: Ақ Ишан (Дор Сашлы)
Шешесінің шешесінің шешесі: Барокко Шешесінің шешесінің әкесі: Дор-Байрам Шешесінің шешесінің шешесі: Түркмения Сұлуы Шешесінің шешесінің әкесі:Қызыл Ә-Ш-Ш: Ә-Ш-Ә: Ә-Ә-Ш:Дурды Ә-Ә-Ә:Меле-Чеп

Атқораның өжіресінде тұрған сары бие Баққараның қасынан күйедей қап-қара құлынды көргенде жылқышының барлығы «япырай, ақбоз бен сарыдан да осындай шымқай қара туады екен-ау»деп қатты таңғалған екен. Жаңа туылған құлынның атын «Абсент» деп қояды. Талай тұлпарды түлетіп өсірген қазақ жерінде «Абсент» өмірге осылай келген еді.

Абсент – тек туған елі Қазақстанның ғана атағын шығарған жоқ, сонымен бірге ақалтеке тұқымының да абыройы мен даңқын асқақтатып, бүкіләлемге паш етті. Ақалтеке жылқы тұқымының тәкаппарлығы мен сұлулығы, осы Абсент арқылы халықаралық танымалдыққа ие болады.

Әлемнің төрт бұрышын түгел аралап, он екі жыл бойы алдыңғы топтан көрінген асыл текті Абсенттің туған жерге оралуына тек Мехико сапарынан кейін ғана сәті түсті. Кеңес Одағының әр шеттегі мемлекеттік жылқы зауыттарынан атақты айғырдың ұрығын алуға рұқсат сұраған телеграммалар жиі келіп жатты. Солардың бәріне бірдей келісім беру мүмкін емес те еді. Бірақ арасында сонау Латвиядан өз биелерін арнайы вагонмен алып келіп, Абсентке шағылыстырып алғандар да болған. Дегенмен «Луговой» жылқы зауытының өзіндегі ақалтеке тұқымдас биелерден 1970 жылы – он жеті еркек, төрт ұрғашы, келесі 1971 жылы – алты еркек, он екі ұрғашы, ал 1972 жылы – жеті еркек, сегіз ұрғашы құлын алынады. Ал Борис Васильевич Бардинның мәліметтері бойынша, Абсент тұқымдық айғыр ретінде алты жыл пайдаланылыпты. Осы жылдар ішінде Абсенттен 60-тай құлын алынған екен.

1975 жылы Абсент ерекше бағымға алынғанмен, оған қатерлі дерт төніп, талай жылғы күнделікті жаттығулар, одан кейінгі тұяқты жуу үшін үздіксіз аққан сулар өз дегенін істеді. «Жақсы ат аяғынан қалады» дегендей, көп ұзамай-ақ Абсенттің тұяғы ревматизм ауруына ұшырағандығы белгілі болады. Атақты тұлпар Абсент 1975 жылы 2 ақпан күні мерт болып, 1976 жылы мамыр айында қабірінің дәл қасынан мәрмәр тұғыр үстіне екі жарым тонна қара қоңыр мыстан соққан ескерткіші орнатылады. Әлемді талай жыл бойы таңғалдырған «Абсент» тұлпарлартарихына аты өшпестей болып жазылып қалды. Ол өз тұқымдастары сияқты жегеннің тісінде немесе жемегеннің түсінде кеткен жоқ. Заманында тағдырдың еркесі болған «есті жануар» жылқы өнерін сыйлайтын жұрттың көз алдынан мәңгілік кетпейтіндей болып мыс мүсінге айналып мәңгіге қалады. Ол туралы ақиқат ұрпақтан-ұрпаққа аңыз болып айтылып келеді.

Қас тұлпар Абсенттің өмірден кеткеніне де жарты ғасырға жуық уақыт болып қалыпты. Атам қазақ «ат аунаған жерде түк қалады» деп бекер айтпаса керек. Шіркін, енді бүгін «мыңнан тұлпар» болып шыққан Абсенттен алынған алғашқы құлындар және олардың немере, шөбере, шөпшектері немесе олардан тараған басқа да ұрпақтары бар ма екен деп жүйелі түрде зерттеу жүргізіп, одан өрбіген тікелей ұрпақтарды түгендейтін маман болса ғой! Сонша жылдар өтіп, уақыт озған сайын Абсенттей қара айғырдың өнері, ғажап тағдыры ұмытылып бара жатқандай. Өйткені қазіргі кезде одан тараған сәйгүліктер бар ма, бар болса олар қайда жүр деген мәселемен арнайы айналысып жүргендер жоққа тән. Қалай дегенмен ауызды қу шөппен сүртуге де болмас. Абсенттің ізі әлі жоғала қойған жоқ. Абсенттен өрбіген сәйгүліктер екені нақтыланбаса да, осы күндері оның ізін жалғастырып, ат спортының «Әлемдік» талай жарысында өз жүлделерін алып, әлемге танытып жүрген небір ғажап сәйгүліктер баршылық. Атап айтатын болсақ, ондай жануарларға «Ақал-Теке», «АлтынСуТек», «Абсент» асыл тұқымды жылқы зауыттары мен жеке атбегілердің жылқыларын жатқызуға болады.

Khairat I.Ауыл шаруашылығы ғылымдарының

кандидаты, доцент Қайрат Жәлелұлы Исхан

argymaq.kz

1 comment

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

error: Content is protected !!