Қазақтың бәйге түрлері мен оны өткізу дәстүрі

19584

Ат жарыс көшпелі халықтың мәдени-дәстүріне енген ат ойындарының негізгі түрі, әрі атбегілердің білімі мен шеберлігі сынға түсетін үлкен оқиға. Қазақ танымында ат жарыстың көптеген түрлері бар. Атап айтқанда: аламан бәйгеүдемелі бәйгеайғыртайқұнанжорға жарыс, т.б.

Ат жарыстар қалыптасқан дағды бойынша ас-тойларда ұйымдастырылады. Оның билігі елге беделді ақсақалдарға жүктелген. Олардың бірі көмбеге, екіншісі мәреге жауапты болған.

Әрі бәйгенің әділ һәм адал болуы үшін әр рудан адамдар бақылап отыруға құқық берілген. Өткізіліп жатқан ас-тойды басқарушыны кіреші деп атап, ол барлық ат ойындарының (бәйге, аударыспақ, көкпар, т.б.) әділ өтуіне жауапты адам ретінде бекітілген.

Жүйрік аттың тізгінін ұстаған баланы шабандоз немесе ат шабар деп атаса, аттарды мәреге алып барып жіберуші адамды ат айдаушы дейді. Бәйгеден шауып келген аттарды ұстаушы адамдардыдаяшы дейді және жүйріктердің шауып жетіп даяғышы қолына ілігетін межені көмбе деп атаған.

Яғни, көмбе аттардың шауып келіп тоқтайын жері. Көмбеге  жүйрік аттарды тосып алуға ыңғайлы, биіктеу, айналасы толық көрінетін қыратты жер таңдап алынады.

Ертеде ат жарысы басталар алдында, басына қызыл орамал байлап, қолдарына бақан ұстаған адамдар жар салып жүйріктерді бір жерге жинайды. Бұны ат шығарушылар деп атайды.

Жиналған аттар тізіліп көмбе-төбеде тұрған көпшіліктің алдынан өтеді. Атаққа шыққан дара жүйріктер басқа аттардан бөлек жалғыз-жалғыздан жүреді. Кіреші тағайындаған асаба адам ол жүйріктерді мақтап-мадақтап таныстырады. Қазақы дәстүр бойынша көптің алдынан өткен жүйрікті иесі тіл-көз тиіп кетпеуі үшін кежімдеп (денесін толық жауып) алып өтеді.

Көптің алдынан жүйріктер тізіліп өткен тұста атбегілер бәйге аттарының бабын байқап, аяқ алысын аңдап, қай жүйріктің маңдайы жарқырап, озып келерін ой мөлшермен табады. Дәл тапқан адамның атбегілік өнері жоғары бағаланады.

Ең соңында көмбеге жауапты адам бұл жолғы ас-тойға қанша жүйрік жиналғанын, сондай-ақ, алыстан ат терлетіп кімдердің келгенін, ат жарыс өтетін қашықтықты, бәйгеге тігілген сыйлықты жариялап, аттарды айдауға ұлықсат етеді.

Көмбеге жауапты адам шабандоз балалардың көзінше көмбенің мәре сызығын белгілеп, оған арнайықарақшы немесе белгі (басына жалау байлаған ұзын діңгек, т.б) орнатады.

Көмбе-төбенің басында тұрған қарауылшы жүйріктер кеткен жаққа қапысыз қарап отырады да, жүйріктердің шаңы көрінгенде, «ат келе жатыр» деп жар салады. Сол сәтте барлық ойын-сауық, сайыс түрлері тоқтатылып, көпшілік бәйге төбеге жиналады.

Бәйгенің алдында келе жатқан ат иесінің жақтастары қиқулап, ұран салып жүйрікке дем береді һәм шабандоз баланың рухын көтереді

Ал, ат ұстайтын даяғышылар (төрешілер) саны той иесі тағайындаған жүлде санымен бірдей болады. Яғни, даяғышы ұстаған атқа ғана бәйге беріледі. Қаралықпен жолдан қосылған немесе ат ауыстырылған болса, ондай жүйрікті даяғышы ұстамайды. Ұстаса, жамандыққа жақтасқан болып шығады.

Ат айдаушы. Бәйгеге қосылған жүйріктерді, бәйге шабар немесе ат шығар жерге дейін аман-есен жеткізуге тағайындалған адамды (адамдарды) айтады.

Міндеті –  жарысқа қосылатын бәйге аттары мен шабандоздарға бақылау жасап, жол ортада келеңсіз жағдайға ұрынып қалмауын қадағалайды. Бәйге кезінде әртүрлі қаралық, қастандықтардың алдын алады. Сондықтан ат айдаушылар адал адамдардан таңдап алынады. Кейде ат қосқан ру, тайпалар бір-бір кісіден ат айдаушы тағайындайтын дәстүр де бар.

Ат айдаушылар бәйге аттарын жібергеннен кейін соңынан еріп отыруға міндетті. Олар жол бойында жүйріктен жығылған балаларды міңгестіріп келу, оларға көмек көрсету сияқты жұмыстарды атқарады.

Ат ұстаушы немесе кірешілер. Бәйге аттары, яғни жүйріктер  көмбеге келгенде, әрбір атқа бір-бір ат ұстаушы тағайындалады. Кейбір өлкеде бұларды кірешілер деп те атайды.  Жүйріктер көмбеге топталып келген жағдайда ат ұстаушы адамдар  жаңылысуы мүмкін. Осындай жағдайды бақылап төрелік айтатын адамды кірегі деп атайды.

Ат ұстаушы кірешілер өте адал болуы керек. Жүйрікті дұрыс ұстамаса жанжал туындап, кейін ру мен тайпа арасына жік түсіп, бүлік туындауы әбден мүмкін.

Көтермешілер. Ұзақ шабыстан кейін көмбеге тұмсық тіреген жүйріктер шаршап, қарлығып, соңғы күшін сарқып келеді. Осындай қарлығып келе жатқан жүйрікке тың рух беріп, көмбеден көтеріңкі күймен өтуіне көмектесетін адамдарды көтермешілер дейді.

Бұл іске тағайындалған адамдар шауып келе жатқан жүйрікпен қатарласа шауып, қиқулап ұран салып күш береді. Мұндай дүбірлі қиқуға дағдыланған сақа жүйріктер шабысына шабыс қосып, ауыздық таласып келе жатқан жағдайда басып озып, көмбеден арындап өтеді.

Көмбе. Бәйгеге қосылған  жүйрік аттарды ұстайтын межелі жер. Көмбе сөзінің шығу төркініне тоқталсақ: ерте кезде көшпелілер жүйріктер шауып келіп тоқтайтын жерге бағалы зат (алтын, күміс жамбы, тай тұяқ, қой тұяқ алтын бұйым, т.б) көміп қоятын болған.

Көмбеге қандай зат көмілгенін ешкім білмеуі тиіс. Тек аламан бәйгеден озып келген аттың иесі қазып алады. Нендей зат көмілгенін халық содан кейін барып білетін болған.

Бұл дәстүр бір жағынан бәйгенің құпиялығымен қызықты болса, екіншіден, сыйлықтың жасырын болуы атбегілердің нәпсісіне қолайлы.

Қарақшы. Көмбе орналасқан орынның жер жағдайы жазық, бағыт ұстайтын мүмкіндік жоқ болса, алыстан шауып келе жатқан жүйріктер жаңылып, теріс бағытқа шауып кетпес үшін көмбе жасырылған жерге арнайы белгі орнатады. Бұл орнатылған белгіні «қарақшы» дейді.

Қарақшыға басына құрым киіз немесе жалауша байланған ұзын сырық ағаш таңдап алынады. Оны көмбе маңына шаншып қояды.

Бәйге шабар (ат шығар). Жүйріктер айдалып барған соң сәл тынығып алып, одан соң тізіліп тұрып жарыс жолына шығатын, яғни, көмбеге қарай бет алатын жер.

Бәйге шабар жерге барған соң ат айдаушылар шабандоз балалардың дайындығын бір қабат тексеріп шығады. Айыл-тұрман, жүген-қамшы, желқом-тоқым қатарлы жүйрік жабдықтарының жарамдылығын байқайды.

Соңында жарыс жолына шығатын жүйріктерді бір сапқа тізіп қояды да белгі береді. Бұл белгіден соң бәйге аттары зымырап жолға шығады.

Жарыс жолына шығарын сезген сақа жүйріктер тыпыршып, ширыға бастайды. Сондықтан тәжірибелі шабандоздар жел жаққа ертерек шығып алады.

Бәйге шабардан ат шыққан кезде көп жылқы ұйлығып шабатындықтан қауіпті жағдайлар орын алуы мүмкін. Әсіресе, ат тұяғынан көтерілген тасборанның салдарынан шабандоздардың  көзіне құм, тас жауып та жатады. Сондықта айлалы шабандоздар топтан бөліне шабады.

Жүйрікке бәйге беру дәстүрі. Аламаннан озып келген жүйрікке міндетті түрде бәйге беріледі. Бәйгенің түрі көп. Тарихи деректерде:  тоғыз тайтұяқ алтын – тоғыз күміс жамбы немесе тоғыз түйе, тоғыз құлынды бие, тоғыз мауыты кілем, тоғыз торқалы киім, тоғыз мақпал киім, тоғыз тон, тоғыз шапан, тоғыз торпақ сияқты тоғыз түрлі бұйым берілген.

Егер осы бір тоғыздан біреу берілсе, «бір тоғыз» немесе тоғыздан үшеу берілсе «үш тоғыз» деп атаған. Тіпті бай-дәулетті әулеттер тоғыз тоғызға дейін бәйге беретін дәстүр болған.

Көп жағдайда ат иесі үшін бәйге маңызды емес, жүйрігінің топжарып озып келуі маңызды. Өйткені, жүйрік аттың арқасында өзінің және руының аты асқақтайды. Сол себепті, бәйгені ат иесінің жақтастары қыл үстінде бөліп алысып отырған.

Beken K.Бекен Қайратұлы

namys.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!