Қымызбен емдеу орталығы ашылады

5639

Жамбыл облысындағы шаруа қожалық иелері мал шаруашылығынан бөлек, туризм саласына да бет бұра бастады. Тұрар Рысқұлов ауданында «Шәушен» ШҚ фермасының жанынан қымыз дайындайтын цех салып, сауықтыру кешенін соғып жатыр. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарлады.

«Шәушен» шаруа қожалығының басшысы Сайранбай Дөненбаев тау етегінен қымызбен емдеу орталығын ашуды бұрыннан ойластырыпты. Ойға алған жобасын іске асыру мақсатында көп ізденіп, мамандарға да қайырылған.

Шаруа 2014 жылы қымыз өндіру үшін өз қаражатына жалпы құны 250 миллион теңге жылқы фермасы жобасын іске қосты. Қазір мұнда желіде екі ауысымда (күндізгі және түнгі) 250-250-ден 500 бие байланып тұр. Алдағы уақытта желіге мың бие байлау жоспарларында бар.

Тау бөктеріндегі қымызбен емдеу орталығында қолға алынған заманауи қонақ үй, сауна, бассейн тағы басқа да нысандардың құрылысы толық аяқталды. Қымыздың бағасы қарапайым тұрғындарға қолжетімді болады. Ерекше атап өтерлігі, шаруашылық басшысы мұнда Ұлы Отан соғысының ардагерлерінің қымызбен емделуіне есіктері айқара ашық, бұл ретте тегін  арнайы екі бөлме қарастырылған.

Тәжірибелі технологтар сұранысқа қарай ұлттық сусынның бірнеше түрін дайындайды. Негізінен тапсырыс Астана, Алматы қалаларынан түседі. Фермада көбінде халықтың сұранысы бойынша жуас қымыз, асау қымыз, сүр қымыз дайындалады. Қыс айларында сұраныс көбіне асау қымызға болады. Ал жазда жуас қымызға сұраныс көп. Сондықтан 20 тоннаға шақталған қоймасы бар.

 Жуырда мемлекеттің «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы 7 шақырым жерден электр желісі тартылды. Ендігі міндет – саяхатшыларды ынталандыратын бағдарлама жасақтап, туристік салада жұмыс істейтін мамандар даярлау.

Туристерді қабылдау үшін кешен EXPO-2017 көрмесінің алдында толық қуатына қосылуы жоспарланып отыр.

ҚазАқпарат

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

error: Content is protected !!