Жылқы бағып, сәйгүлік баптаған аталар…

6871

Жылқы түлігі көшпелілердің ең қасиетті, ең қадірлі малы. Сондықтан қазақ тумысынан жылқымен жағаласа, жарыса өсіп, оны қысы-жазы бағып-қаққан. Жылқы малын бағудың арнайы әдіс-тәсілдерін меңгеріп, бай тәжірибе жинақтап, игі істерін ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып, дамытып отырған. Міне, осындай жылқы бағудың ерен үлгісін көрсете білген еңбек майталмандары, осы өңірдің атақты жылқышыларының еңбек жолын көпшілік назарына ұсындық.

Samat LukpanovСамат Лұқпанов 1872 жылы Орал облысы, Фурманов ауданындағы Көктерек ауылында туған. Ауыл шаруашылығын коллективизациялауға дейін жалданып байдың малын бақты. 1930 жылдан 1958 жылға дейін «Правда» газеті атындағы колхозда еңбек етті. 1941 жылға дейін шопан, одан кейін аға жылқышы болып істеді. Ұлы Отан соғысы басталғанда қарт колхозшы Самат Лұқпанов колхоз басқармасына келіп майданға аттанған жас жылқышы баққан үйір жылқыны бағуға өзі сұранған. Ақсақалдың тілегі орындалды. Ол бүкіл соғыс жылдары бойы аянбай еңбек етіп, майданға қажетті жарамды аттар өсірді.

Соғыс жылдарында төрт рет шығарылып, таратылған мемлекеттік әскери заем (қарыз) облигациялары мен лотерея билеттері елдің соғыс шығындарын демеуде ерекше маңызды орын алды. Отан қорғау қоры заемына жазылуда колхозшылар қатарында Лұқпанов Самат та аса белсенділік көрсетті. Соғыс аяқталған соң жасы егде тартқан Самат Лұқпанов тыныш демалуына болатын еді. Бірақ ол үйреншікті ісінен қол үзгісі келмеді, колхоздың жылқы шаруашылығын дамытуға бай тәжірибесін жұмсады, еңбекте жақсы көрсеткіштерге жетіп отырды. Тынымсыз еңбеккер, әсіресе, 1947 жылы ерекше көзге түсті: бағымындағы 50 биеден 50 құлын өсірді. Жылқыны қысы-жазы далада жайып бағу жағдайында мұндай көрсеткішке жету оңай емес еді. Озат жылқышының есімі Қазақстанға, тіпті бүкіл КСРО-ға әйгілі болды.

КСРО Жоғарғы Советінің Президиумы 1948 жылғы 23 июльдегі Указымен Самат Лұқпановқа Социалистік Еңбек Ері атағын берді. Колхозшылар Самат қартты өз ісін жақсы меңгергені, қайырымдылығы, ақыл-кеңес сұрап келгендерге егжей-тегжейлі жауап беріп, білгенін басқаға үйрете білгені үшін жақсы көріп, құрметтеді. Оның ақыл-кеңесі жас жылқышылардың еңбекте жақсы көрсеткіштерге жетуіне септігін тигізді. Ел абыройын асқақтатқан еңбек майталманы 1958 жылы қайтыс болды. Бүгінде ұрпақтары өсіп-өніп, Орал, Атырау өлкесінде тұрып жатыр.

Ramazan AkimovСамат қарттың шәкірттерінің бірі болған, атақты жылқышымыз Әкімов Рамазан Әкімұлы 1885 жылы Орал облысының Фурманов ауданында туған. 1933-1960 жылдары «Правда» газеті атындағы колхозда (қазір Көктерек совхозы) аға жылқышы болып істеді.

Ауыл шаруашылығын ұйымдастыру кезінде Әкімов Рамазан «Правда» газеті атындағы колхозға 55 жасында мүше болып кіреді. Рамазанның көп жыл бойы жылқы бағумен айналысқанын ескеріп, колхоз басқармасы оған қоғамдық бір үйір жылқыны табыс етті. Сөйтіп, 27 жыл бойы ұдайы жылқы бағумен айналысты, үнемі өндірістік тапсырмасын асыра орындап отырды. Осы жылдар ішінде өз ісінің асқан шебері жүздеген сәйгүлік өсірді. Ол жылқының қысы-жазы бірдей жақсы бағылып, қоңды болуына ерекше назар аударды. Әкімов Рамазан туған жерінің жайлау, күздеу, қыстаудың жайылымдықтарын бес саусағындай білетін. Мұның өзі оған өрісті тиімді етіп, рет-ретімен пайдалануына жағдай жасады.

Соғыс жылдары майдан қажетіне аянбай еңбек етіп, Отан қорғау қоры заемына жазылып, Ұлы Жеңіске өз үлесін қосты. Тамаша еңбеккер жыл сайын мал басын шығынсыз өсіріп отырды. Мәселен, ол 1947 жылы 50 биеден 50 құлын, ал 1948 жылы 60 биеден 60 құлын алды. Осының арқасында колхоздағы жылқылардың саны 1946 жылдың 1 январында 293 болса, 1948 жылдың 1 октябрінде 580-ге жетті.

Жылқы өсірудегі ірі табыстары үшін КСРО Жоғарғы Советінің Президиумі 1948 жылғы 23 июльдегі Указымен Рамазан Әкімұлы Әкімовке Социалистік Еңбек Ері атағын берді. 1961 жылы пенсияға шығып, 1971 жылы Көктеректе қайтыс болды.

Ер есімі ел есінде дегендей, бұл күнде Енбек Ерлерінің марапаттары (орден, медаль, куәліктері), жылқы бағымында ұстап-тұтқан заттары (шыбыртқы, қынды пышақ) жергілікті музей экпозициясынан орын алып, сақталып, көрермендерге кеңінен насихатталуда.

Қоғам қанша өзгеріске ұшырап жатса да, қазақтың қанына біткен қасиет –жылқы малынан қол үзген жоқ. Ата кәсіп жалғасын тауып, ауыл-аймақтардаүйірлеп жеке жылқыларын ұстап, сәйгүлік өсіруде. Арғымақтардың асыл тұқымдыларын бағасына қарамай алдырып, бәйгеге баптауда. Сондай-ақ бүгінгі жас ұрпақтарымыздың жылқы малына деген қызығушылықтарының арта түсуі, көңіл қуантады. Сабақтастық деген осы емес пе?!

AkmaralАдиетова Ақмарал,
Көктерек тарихи-өлкетану
музейінің қызметкері.

argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

error: Content is protected !!