Америкалық көкпаршылар елімізге келуге ниетті

3280

ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы кеңсесіне АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігінің өкілдері арнайы келіп, қазақтың ұлттық спорт ойындарына деген өз қызығушылықтарын білдірді.

«Негізінде, америкалықтардың біздің ұлттық ойындарымызға қызығушылық танытуы алғашқы рет емес. Бұған дейінгі Астанада өткен ұлттық спорт ойындарын АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігінің өкілдері әлденеше мәрте тамашалап, жеңімпаздарды марапаттау шараларына қатысқан. Ал, бүгін ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының кеңсесіне арнайы келген АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігінің мәдениет жөніндегі атташе орынбасары Мэтью Вилсон мен мәдениет бағдарламаларының үйлестірушісі Тоғжан Мұқатаеваның негізгі мақсаттары қауымдастық ұжымымен жүзбе-жүз танысу, әрі келер жылы елімізде ұйымдастырылатын ұлттық спорт ойындары туралы мәліметтер алу екен» – дейді қауымдастық қызметкері.

Қонақтармен жүздесуді жүргізген ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының вице-президенті Рүстем Күлшебаев қауымдастықтың осы кезге дейінгі ұйымдастырған халықаралық, республикалық деңгейдегі көкпар, аударыспақ, асау үйрету, теңге ілу жарыстары жайлы айта келіп, елшілік өкілдеріне нақты өтініштер жасады.
Рүстем Бейсенұлы меймандарға келер жылы өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрме аясында шетелдіктерге ұлттық спорт ойындарының бірнеше түрін тамашалатудың жоспары жасалғанын, соның ішінде ең шоқтығы биігі – көкпар ойынынан Әлем чемпионатын өткізу күнтізбелік жоспарға енгізілгенін мәлімдеп, осы чемпионатқа америкалық көкпаршылардың қатысуына ықпал жасауларын өтінді. Себебі, әлеуметтік желілерде көкпар додасының мұхиттың арғы жағында да дүркіреп, салымды шеңберге салып қиқуласып жатқаны мәлім. Сол көкпаршылармен байланыс орнатуға жәрдемдесуін, сондай-ақ, егер біздің елдегі халықаралық көрме кезінде америкалық дәстүрлі ойындар түрін көрсетуге ынталылар болса, қауымдастықтың оларды қызу қолдайтынын айтты.
Сонымен қатар, елшілік өкілдеріне алдағы өткізілетін ұлттық спорт түрлері семинар-кеңестеріне қатысып, ұсыныс-пікірлерін айтуларына мүмкіндік барын жеткізді. Бұл өтініштерді елшілік өкілдері қуана құптап, іс орайына қарай ықпал жасайтындарына уәде берді.
ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының кеңсесінде ұлттық ойындарымыздың өрісін кеңейту мақсатында өткен осындай жылы жүздесу соңында меймандарға естелік кәде-сый тарту етілді.

argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

error: Content is protected !!