Ахалтекелер оңтүстікте де өсіріле бастады (ВИДЕО)

5318

Түрікменнің атақты ақалтекесі оңтүстікте де өсіріліп жатыр.
Түлкібастық шаруалар жаратылысы ерекше сұлу аттың санын көбейтуді осыдан үш жыл бұрын қолға алған еді. Қазіргі таңда жылқы зауытындағы Қамбар ата түлігінің басы 200-ге жеткен. Қожалықта ат спорты клубы да жұмыс істейді. Атбегілер осылайша елімізде кенжелеп қалған саланы дамытуға ден қойып отыр.
Қанат Садықов фермадағы әрбір аттың мінезін жақсы біледі. Өйткені көбі – көз алдында туылған құлындар. Жылқыларға жорға жүрісі мен биіктікке секіртуді де өзі үйреткен. Мұндағы барлық сәйгүліктің шыққан тегі мықты.
«Асылтұқымды жылқылардың 7 атасын жіпке тізіп отыру маңызды», — дейді маман. Ал «Аман» есімді сәйгүліктің арғы атасы осы өңірге алғаш келген ақалтеке тұқымы екен.

«Бұл – «Аман» деген айғыр. Ол Пятигорскіде өткен байқауда чемпион атанған. Биіктікке секіруден де чемпион болған Ташкентте. Бұл қазір 12 жаста. Осының тұқымын алып жатырмыз. Бұлар сәл нәзіктеу. Жақсы күтім керек» — дейді жаттықтырушы Қанат Садықов.

«Фасункала», «Магнат», «Тайсон», «Сыйлық», «Азгир», «Тәжмахал», «Астролог» асылтұқымды жылқылардың есімдері осылай тізбектеліп кете береді. Барлығы да – атына заты сай сәгүліктер. Тектіге тән тәкаппар жүрісі мен сұлулылығы кімді де болсын тәнті етеді. Жылдамдығына шаң ілеспес сәйгүліктерді ауыл балалары бәйге мен көкпарға үйретеді.

«Бұл жануарлардың жан дүниесі өте бөлек. Тіпті дауыс көтерсең, ренжіп қалады», — дейді атбегі. Шыңғысхан алтын түстес мына «Карл» есімді сәйгүлікті құлын кезінен бас білдірген. Құлаған кезі де болыпты. «Бірақ ат жалын төсейді, сондықтан мертікпейсің»,- дейді ол.

«Анда-санда бұндай жағдайлар болады. Аттың тұяғы жеңіл болады дейді, ауырмайды. Есектен құласаң, бір жеріңді ауыртасың, аттан құласаң, жеңіл түсесің. Бүгін азанда жіберуіміз керек еді, аунатуымыз керек еді. Біз тазалап, дайындап қойдық. Енді құтырып тұр. Секіріп үстімізге шығып жатыр» — дейді атбегі Шыңғысхан Төлтай.

Фермада түрікменнің ақалтекесімен бірге таза қанды ағылшын сәйгүлігі және дон жылқылары да бар. Тіпті тәпелтек бойлы пони да әкелінген. Оларға жеміс-жидекке дейін беріледі. Қазақ жерінде туылған құлындардың алды талай дүбірлі додада топ жарып үлгеріпті.

«2016 жылы Алматыда Апсент жарысында 2-орынды алған аттарымыз бар. Қазақ хандығының 550 жылдығында бәйгеге қатысқанбыз. Сол жерден өзіміздің жылқы зауытында дайындалған жүйріктеріміз дәрежелі орындар алып қайтқан» — дейді зауыт директоры Жеңіс Садықов.

Жылқы зауытында ат спорт клубы да жұмыс істейді. Манеж әлем стандартына сәйкестендіріліп салынған. Фермадағы жылқылар биіктікке секіру мен мәнерлеп жүруге бейімделген.
«Жастардың арасында ат спортына қызығушылық өте көп», — дейді мамандар. Алғашқы кезде тек асылтұқымды жылқы санын көбейтуді көздеген атбегілер бүгінде елімізде кенже қалып бара жатқан жылқы шаруашылығын дамытып отыр.

Авторлары: Қанат Жүнісбеков, Ерболат Әбіш, Нұрмахан Бекмұратов
24.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!