Шабандоздың жалақысы — 10 мың теңге

4598

Қызылорда қаласына қарасты Қарауылтөбе ауылында 14 жастағы Сайлаубек Батырбай есімді шабандоз бала бар. Бәйгеге сәйгүлік қосар алдында атбегілердің өздері іздеп келіп, оған «менің атыммен шап» деп таласады. Себебі, шебер шабандоз қай атқа мінсе де, жүлдесіз қайтпайды. Сайлаубек бір маусымда жиырмадан астам жүлде алады.

Атбегілердің айтуынша, аттың бəйгеде бірінші болып келуі 50 пайыз шабандозға тікелей байланысты. Сондықтан, жылқы жарататын жандар сәйгүлікпен «сөйлесе» алатын шабандоз Сайлаубек Батырбайды іздейді.

«Бәйге маусымында өтініш айтушылар көбейеді. Тұлпар жүйрік болғанымен, оның озып шығатынына ешкім кепілдік бере алмайды. Содан ғой, аттың қыр-сырын таниды деп бәйгеге ат қосатын қазақтардың маған келетіні. Мысалы, бір тойда ат жарыс болса, сондағы тай жарысқа да, тоқ бәйгеге де, құнан жарысқа да, аламан бәйгеге қатысып шығамын. Бір аттан түсіп, екіншісіне мініп, шаба беремін», – дейді шабандоз.

Сайлаубекті әкесі екі жасынан атқа отырғызып, тақымы тастай, білегі құрыштай, жігері қылыш шабандоз етіп тәрбиелепті.

«Өзім көкпар аттарын баптаймын. Балам Сайлаубек көкпарға да, ат бәйгесіне де шабады. Бәйгеге шабуға өтініш айтқандар болса, менен рұқсат сұрайды. Кішкентайынан тайдың тұяғынан таяқ жеп өскен бала ғой, онысына қарсы болмаймын. Қимылы шапшаң, ат ерттеуді де өте жақсы біледі. Әсіресе, аламан бәйгелерге ерекше дайындалады», – дейді Ғалымбек Қожалиев.

Суыртпақтап «ставкасы» жайлы сұрап көріп едік, Сайлаубек атпен бір шауып келгені үшін 10 мың теңге алатынын айтты. Егер топ жарса, жүлденің 10 пайызын да алады екен.
Қазіргі күні Сайлаубек мамыр айындағы мерекелерде өтетін ат жарыстарға қызу дайындық жасауда.

Фото автордікі
Ибраш ӘЛИ

baq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!