Қостанайда ат спорты маусымы ашылды

4484

Қостанай облысы орталығының іргесіндегі Заречный ауылында орналасқан «Арғымақ» ипподромында 2017 жылдың ат жарысы ойындары маусымы ашылды. Онда көрермендер қыз қуу, жорға және тай жарыс, құнан бәйге, топ және аламан бәйге секілді ат спортының түрлерін қызықтады.

«Ат бәйгесіне тек Қостанай облысының аудандары мен қалаларынан басқа Астана қаласы, Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Атырау облыстарынан атбегілер сәйгүліктерін үкілеп бәйгеге қосуда. Ат спортының түрлері Қостанай өңірінде қазірде кеңінен тараған спорт түріне жатады. Бұл халықтық дәстүрге суарылған, оның егіз қозыдай келе жатқан спорт түрлері. Қостанай жылқыларының тұқымы республикадағы ең жақсылардың бірінен саналады. Биыл да атбегілеріміз баптаған сәйгүліктер топ жарып бәйге алады деген сенімдемін», – дейді Қостанай жылқы зауытының директоры Нәбидолла Кикебаев.

Жарысты 3 шақырымдық қысқа қашықтықтағы бәйге бастады. Онда Меңдіқара ауданының шабандозы Аблай Жусин тақымдаған тай мәреге бірінші болып жетсе, қалған жүлделі орындарды Астана мен Қарағандының намысын қорғаған шабондоздар Әділ Оразбеков пен Нұрдін Оразбековтер ауыздықтаған жүйріктері өзара бөлісті.

«Бүгінгі облыстық ат спорты маусымының ашылуына жергілікті жерден 50 шабондоз қатысып жатыр. Осы бәйгенің аясында Қостанайдың намысын алда болатын халықаралық жарыста қорғайтын жүйріктер анықталады. Бізге сол жарысқа әр қашықтық бойынша 2 сәйгүліктен қатыстыруға рұқсат беріп отыр», – дейді Қостанай облыстық ат спорты түрлері федерациясының вице-президенті Нұрбол Әбдрахманов.

Құнан бәйгеде Жітіқарадан келген Сера атты сәйгүлік, Тоқ бәйгеде Ақтөбе намысын қорғаған «Сүйніш» деген сәйгүлік алдына қара салмай келді, ал аламан бәйгенің жүлдесі – 1 млн теңгені Жітіқара ауданының шашасына шаң жұқтырмаған Неймес атты жүйрігінің жалына жармасқан шабандоз Хансұлтан Жандәулет алып кетті.

«Мен шабондоз болғаныма көп уақыт өткен жоқ. Сондада бұл бәйге мен үшін оңай болды. Аламан бәйгеде жеңіске жететініме басынан бастап сенімді болдым. Осы сенімділіктің арқасы болар, 2 қашықтықта да астымдағы сәйгүліктерім дара келді», – дейді жарыс жеңімпазы жітіқаралық Хансұлтан Жандәулет.

Ипподромның маусымдық ашылу салтанатын сауырынан су төгілмес жорғалардың жарысы қыздырды. Онда Меңдіқара ауданынан келген шабондоз Серік Смағуловтың «Қаратал» атты жорғасы мәреге дара келді.

meshit-gazezМешіт Ғазиз
argymaq.kz

(Суреттер авторға тиесілі)

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

error: Content is protected !!