Ағаны ардақтай білген азамат

6559

Бес күндік жалған дүниеде текті адамдар мен жылқылардың, әрбір арайлап атқан таңдары ақиқат үшін арпалыспен өтеді десем айтар ойымнан жаңылдым деп ойламаймын.

Текті адам қиналса, желден жүйрік жануарлар үш есе қиналады. Себебі қазақтың жылқыларының біріңғай электромагниттік ақпараттарды ғарыштан тікелей алатын, биолокациялық сезімталдығын әлі терең зерттеп болған жоқпыз. Осы ойымды ғылыми дерекпен дәлелдейтін болсам, қазақтың әдебиетінің терең тұңғыйығынан мына мәліметті ойланбастан айта аламын.

Нағыз қазақтардың астындағы атын алтын тақтан да, сүйген жарынан да, адал досынан да артық көретін қасиетін достарым түгіл дұшпандарым да жоққа шығара алмас.

2017 жылдың күз айларында өткен соңғы, республикалық палатының ғылыми кеңес отырысында, есімі алты алашқа әйгілі, қайтсем де қазаққа қазанатын өзіне қайтарам деп тынымсыз еңбек етіп жүрген, ауылшаруашылық ғылымының докторы, профессор Кикебаев Нәбидолла Ақанұлы, 2018 жылы Рзабаев Серікбай ағамыздың 80 жылдық мерей тойын атап өтейік деп айтқаны менің есімде.

Бала күнімде отан соғысының барлаушысы болған, көкем Зейнолладан, Алла тағаланың мейірмандығы шексіз, Алла адал құлдарының тілегін қабыл етеді деген сөздерін жиі естуші едім.

Шынындада Нәбидолла бауырымыздың тілегінің қабыл болғанына Қазақстандағы барлық ат бегілер куә болдық десем артық айтқаным емес.

Қазақтың бір туар перзенті Рзабаев Серікбай ағамыздың, жанында 38 жылдан астам уақыт бірге жүргендіктен, ағаның 80 томға сыймайтын жетістіктерін, мен сияқты қарапайым атбегіге жеткізіп айту қиынның қиыны екені табиғи заңдылық емес пе? Сондықтан да мына бір мәліметті айта кетуді жөн санадым.

Жыл сайынғы өтетін халықаралық конференцияларда, Ресейдің есімдері әлемге әйгілі ғалымдарының аузынан өз құлағыммен естіп, көзіммен көргенімді айтайын.

«За последние 80 лет в мировой практике табунного коневодства нашими отечественными коневодами была сделана эпохальная сенсация, были созданы три уникальные породы мясо-молочного направления, это Якутская, Кушумская и Мугалжарская породы. Из них две породы Кушумская и Мугалжарская находятся в Казахстане», — деген қанатты сөздер тарихымыздың мұрағатында мәңгі сақталатынына еш күмәнім жоқ.

Ал осы жоғардағы аталған Көшім мен Мұғалжар жылқы тұқымдарының авторы біздің Рзабаев Серікбай ағамыз екенін білмейтін атбегі кемде-кем шығар. Серікбай ағамыздың осы қазақтың асыл қазынасын ешбір қиындықтарға қарамастан, жанынан да артық көретінін көкірегі ашық адамдарға түсіну қиын емес.

Ағамыздың жерлесі өзінің жанында бірге жүрген шәкірті, бір сөзін екі етпей орындайтын Базарғалиев Әлібек ініміздің, жетістіктері жөнінде де бірер ауыз сөз айтпай кетсем атбегілігіме сын болар.

mugalzhar3

(Солдан оңға қарай мақала авторы Алтай Зинуллин, Серікбай Рзабаев және жас кәсіпкер мұғалжар жылқысын өсіретін «Жансая» шаруа қожалығының директоры Әлібек Базарғалиев)

Бүгінгі таңда тарпаңдардың тұқымын аман сақтап қалуға өз үлесін қосып жүрген Әлібекті Қазақстанда танымайтын атбегі жоқ деп айтсақ та болады. Ер жігіттің тектілігі сын сағатта белгілі болады емес пе?! Өткен ғасырдың 1990 жылдары ел басына күн туғанда, ұлттың рухын сақтап қалу үшін, қынабына суырған болат семсердей, жарқылдаған текті жігіттер аз болған жоқ. Солардың қатарынан біздің Әлібек бауырымыз да табыла білді. Орал қаласындағы педагогикалық институттің тарих факультетін үздік бітірген жас жігіттің орта мектептердің бірінде, ұстаз болу жоспарының күлі көкке ұшты.

Ұлттың тағдыры қыл үстінде тұрғанда, жоғары білімі бар көптеген жігіттердің ауырдың астымен, жеңілдің үстімен бас сауғалап жүргендері де аз болған жоқ. Әлібектің де жусаннан аласа, бетегеден биік болып тарих пәнінің аға оқытушысы болып жүруге білімі де, тәжіриебесі де жеткілікті еді. Жаның қиналғанда өткен ғасырларға зер салып, тарихыңды шолған сайын өнеге алатын бабаларды осындайда еріксіз еске аласың. Ұл тағдырының басына қара бұлт торлағанда, текті ұлдардың жаратушы жалғыз Алладан көмек сұрайтыны да табиғаттың заңы емес пе.

Өз заманында Ақжайықтағы дауылпаз ақын Махамбеттің:

…Жауға шабар қазан атым сайлаулы,

Алдыаспаным қайраулы,

Амалым не екі қолым байлаулы, деген сатқындық пен әділетсіздіктің арбауына түсіп, дәрменсіз күй кешіп жүрсе де, елінің ертеңі үшін бір Алладан үмітін үзбеген батырдың отты өлеңдері ұрпақтарына кез келген тығырықтан шығатын ұраны болып қалды.

Дана халқымыз қашан да жылқыны табиғаттың эталоны мен барометрі деп, ал ақындары мен атбегілерін тектіліктің символы деп санағанын біздер жақсы білеміз.

Сол қасиетінен айнымаған текті ұлдың аузынан текті сөз шығады дегенде рас екен, Серікбай ағасының шашбауын көтеру үшін, өзінің білім алған ордасы деп санайтын, Орал қаласына арнайы келіп, ағаның 80 жылдық тойын осы қаладан бастасақ қайтеді деп, өз ойын ортаға салды.

Ақжайық өңіріндегі атбегілер де Әлібектің ұсынысын бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ешбір талқыға салмастан бір ауыздан қолдай кетті. Тектіліктің құдыреті деген осы емес пе, ағайын.

Ал біздің Әлібек ініміздің анасының ақ сүтімен, әкесінің тәжірибесімен қанына сіңген тектілігі жанына маза берген жоқ. Алайда, зұлымдыққа жаны шыдамаған жас жігіт, ақиқат майданының бел ортасынан бірақ шықты. Бауыржан Момышұлы атамыз айтқандай: «Отан үшін отқа түс, күймейсің!» — деген, сол қасиетті сөзі рас екен.

2017 жылы Орал қаласында қараша айында арнайы ұйымдастырылған, халықаралық төрт түлікті асылдандыру бағытында өткен байқауда «Жансая» шаруа қожалығы Мұғалжар жылқысының генефондысын сақтап қалған, республика бойынша ең үздік жылқы шаруашылығы деген атаққа ие болып, алтын медальмен марапатталды.

mugalzhar1

 Аға деген інімді жаным десең болады,

Ойлы тұған ұлыңды ғалым десең болады, деген өлең жолдары осындайда айтылса керек.

mugalzhar2

«Жансая» шаруа қожалығының бүгінгі жетістігі түгел бір ғасырды қамтып жатыр. Осы күнге жету үшін басын тасқа да, жарға да ұрып, бармаған жері, баспаған тауы қалған жоқ. Ғасырлар бойы жиналған рухани құндылық еш уақыттада оңайлықпен келмеген. Әлібектің елінің ертеңі үшін көрген бейнеттерін, ақын Шынболаттың сөзімен айтатын болсақ:

…Болмайды екен кейде жанды қинамай,

Болмайды екен жоғалғанды жинамай,

Басқаларды сыйлау үшін, ағайын,

Болмайды екен өз-өзіңді сыйламай…

Осы бір шумақ өлеңнің өзінен текті адамдардың қандай қиындықтарға тап болса да, еш уақыттада мойымайтынын түсіну қиын емес.

Әлібектің бүгінгі таңдағы жетістігін, Серікбай ағамыздың мерей тойына бүкіл Қазақстандағы атбегілердің атынан жасаған сыйлығы деп қабылдайық.

Ал Әлібектің жеке өміріне келетін болсақ: «Азамат қазанатымен сұлу, әйел азаматымен сұлу», деген теңеуге лайықты, қазақтың тектілігінің шашасына шаң жұқтырмай, екі ұлы мен бір қызын мәпелеп өсіріп отырған, бақытты отбасы екенін де мақтанышпен айта аламын.

Серікбай ағаммен де, Әлібек ініммен де бүгін қалай мақтансам да қақым бар.

Сөз соңында айтарым, анамнан алты айлығымда шала туған мақтаншақ, ең жаман жігіт мен болайын. Ал қазақтың барлық жігіттері Ақжайықтың ақ шағаласы атанған, ақын Ақұштап Бақтыгереева апамыздың арман қиялдағандай: «Қазақтың ұлдары шетінен ұлағатты ғалым болсын, қыздары шетінен инабатты, өнерлі болып, қазақ көргенсізге зәру болсын».

Серікбай ағамның өмірі ұзақ болып, 80 жыдық мерей тойы тойдан тойға ұласа берсін. Баршаңызға да Алла жар болсын!

altai-zeinnullinАуыл шаруашылығы ғылымдарының кондидаты, жоба жетекшісі

Алтай Зинуллин

zeinullin_altai@mail.ru

Орал қаласы

argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!