Зуфар Сейтжанов. Қазақтың эпикалық жырларындағы ат сыны

6532

Көшпелілер өмірінде жылқы түлігінің орны ерекше болған. Жылқы – ер қанатына айналған қасиетті мал. Жақсы ат – астыңдағы көлігің, жан серігің, халықтың ас пен тойы бәйгесіз өтпеген. Жүйрік ат елдің де, ердің де даңқын шығарып, көздің құты, көңілдің қуанышына айналған. «Жылқы – малдың патшасы» ретінде халық тарихымен бірге сіңіп, біте қайнасып кеткен. Ал жаугершілік заманда қолына қару алып, жауға қарсы аттанған азаматтардың бір тірегі – астындағы аты болғаны мәлім.

Орта Азияда жылқы өсіру тарихы біздің заманымызға дейінгі 4000 жылдыққа барады екен. (У.Н.Ковалская, М. 1977 жыл, 18-бет) Бұл сан ғасыр көшпелі өмір сүрген қазақ халқының тағдыры жылқымен тікелей байланысты болғанын көрсетеді. Сол себепті сәйгүліктер жайында халық неше түрлі аңыз-әңгіме, мақал-мәтел, өлең-жыр шығарып тұлпарларды мадақ еткен.

«Ер қанаты, ел бұлағы» болып есептелетін жылқы түлігіне деген сүйіспеншілік өзгеше болған. Халық әдебиеті, соның ішінде эпикалық жырлардың көбінде-ақ батыр мен оның аты ерекше көркемдік құнмен жырланған. Өйткені, батырдың жеңісі атпен байланысты. Сондықтан эпоста батыр атына ғажайып сипат дарытып, киелі сәйгүлік етіп суреттейді. Қобыландының Тайбурылы, Ер Тарғынның Тарланы, Алпамыстың Байшұбары, Ер Көкшенің Ақтанкері, Көрұғылының Ғираты, Қамбардың Қара қасқасы, Құбағұлдың Құлашасы, Жоямергеннің Дилдашы – бәрі «алты айшылық жерді алты аттап өтетін» жүйрік, болдыруды білмейтін, төзімді, қиын-қыстау шақта кеңес беретін ақылды, қауіп-қатер төнгенде түстерін өзгертіп, жаудың келе жатқанын алдын ала білетін қасиетті жануарлар ретінде көрсету дәстүрге айналған. Мұндай ерекшелік түркі-моңғол халықтарының эпосына тән ортақ құбылыс. Эпикалық жырларда аттарды сөйлетіп, ақылды етіп мінездеудің сыры ежелгі тотемдік түсініктерден бастау алары анық.

Әр уақыт жақсысын таңдап мінуді мақсат еткен халқымыз жылқы түлігінің жүйрігі мен жорғасын да жақсы ажырата білген. Сондықтан, эпикалық жырларда тұлпардың тұлға-бітімі көрініс тауып отырған. Яғни сәйгүліктердің сын-сипаты, бағып-қағуы, баптап жаратуы жыршылар назарынан қағыс қалмаған. Тіпті жаңа туған құлынға дейін назар аударған.

«Қобыланды батыр» эпосында Құртқа жылқы ішінен көкала биені таңдайды. Себебі оның ішіндегі құлынның нағыз тұлпар болатынын біледі.

«Көроғылы» эпосында Көроғылы боз биенің құлындауын асыға күтеді. Өйткені осы биеден туған құлын шашасына шаң жұқпайтын жүйрік болып, Көроғылының болашақ тұлпары болады. Оның тұлға бітімі жырда былай беріледі:

Құлынның мойыны ұзын, қамыс құлақ,

Тірсекті, жайпақ сауыр, құйрық шолақ.

Деседі омырауы байтақ өріс,

Жұлдыздай екі көзі жанған шырақ.

Бұл Ғираттың құлын кезіндегі сипаты. Құлынның әр мүшесінен нағыз жүйріктің бітімін көресіз.

«Ер тарғын» эпосында Тарлан аттың сипаты тартымды бейнеленеді. Оның да түр-тұрпатынан жүйрікке тән белгілер байқалады.

Батыр – ел тірегі. Ол ер мен жерді қорғайтын адам болғандықтан, оның сәйгүлігі де осал болмауы керек. Қан майданда қасқайып жаумен шайқасу үшін атының әрі мықты, әрі жүйрік болуы басты шарттың бірі. Енді бірі атты әсірелеп дәріптеу батырды даралап көрсетудің көркемдік тәсілдерінің бірі. «Қамбар батыр» эпосында Қара қасқа аттың сын-сымбаты Қамбардың сөзі арқылы берілген:

…Мойның алтын таяқтай,

Қамыстай екі құлағың.

Төрт аяғың қазықтай,

Төңкерген кесе тұяғың.

Сұлулығың сүмбедей,

Жылқыға бітпес жануар,

Сымбатың мен сияғың – деген жолдардағы әдемі теңеулер мен баламалар Қара қасқа аттың жүйріктігін айқындай түседі.

«Шора» эпосында Шора ат таңдау үшін жылқыға барады. Жылқы ішіндегі Шұбарды бірден ұнатады. Оның жүйрік екенін таниды:

…Басы аспанға қараған,

Бауырынан жараған,

Барыстай құйрық тараған,

Мойыны алтын таяқтай,

Піскен алма сабақтай – деп сипаттайды.

Эпикалық жырларда аттың сынынан гөрі шабысына, яғни жүйріктігіне көбірек мән берілген. Бұл эпикалық дәстүр басқаша айтқанда эпостың ел қорғау идеясынан туған қажеттілік.

Батырға жақсы ат қандай қажет болса, сәнді, мықты ер-тоқымның болуы да оның айбатын асыра түседі. Батыр жәйлақ атқа мініп жауға шаппаған. Керісінше жорыққа мінер жақсы атқа арнайы ер жасатып жабдықтаған. «Қобыланды батыр» эпосында Тайбурылға «алты жаста ақтатып, өзіне өлшеп Бурылдың алтыннан тұрман тақтырды» дейді.

Ер-тоқым тұрмыстың бір сәулетті бұйымы болғандықтан халық оларды алтын, күміс сияқты қымбат металлдармен әшекейлеуге ерекше көңіл бөлген. Халық мәдениетінің таңбасы эпоста қалған.

Ақжонасұлы Ер Көкше,

Ақтанауға барады,

Алтын тұрман, ер-жүген,

Атқа тегіс салады – деген жолдар осыны аңғартады.

Сәйгүліктердің сәнін келтіретін мұндай алтын, күміспен өрнектелген ердің ажар-айшықтарын тот баспайды. Және ұзақ уақыт әдемілігін жоғалтпайды. Бұдан шығар түйін – батыр мінген аттың ер-тоқымы алтынмен апталып, күміспен қапталады. Мұндай ер-әбзелдер халқымыздың этнографиялық-естетикелық таным-талғамын да байқатады.

Жыршылар эпикалық жырлардың кейбірінде аттың сын-сипатын арнайы таныстырса, кейбірінде уақиға арасында айтылып отырады. Бірақ атсыз батыр жоқ, батырсыз ат жоқ. Батыр мен аттың тағдыры бір-бірімен тығыз байланысты. Сондықтан эпоста батыр атының бабы мен сыны тартымды жырланып отырады. Батырлық эпостардағы батыр мінген тұлпар сыны бертінгі кездің, яғни 18-ғасырдағы жоңғарларға қарсы күрестегі батырлар мінген аттардан да байқалады.

«Қабанбай батыр» жырында Қабанбайға лайық аттың тұлғасы төмендегідей болғанын көреміз:

…Жалы жібектей болсын,

Қасқа тісі күректей болсын,

Жігері бабына келген түлектей болсын.

Белдемесі қанатты болсын,

Жаясы жалпақ алапты болсын.

Тұяғы жұмыр болсын,

Денесі шымыр болсын.

Құтқармайтын қуғанды,

Қайыспас мінер тұғыр болсын.

Құйрығы төгіліп тұрсын,

Талданып сөгіліп тұрсын.

Самсаған қалың жорықта,

Мүсіні жұртқа көрініп тұрсын – деп жорыққа мінер жақсы аттың белгілерін санамалап тұрып айтады.

Батырлардың серігіне айналған таңдаулы аттарының болуы эпикалық жырлардың көбіне тән сипаттың бірі болғанын көреміз. Батырға лайық ат таңдау мотиві көптеген түркі-моңғол халықтарының эпикалық жырларында кездеседі. Эпикалық жырларда аттарды әсірелей шалқыта жырлау шығармаға өзгеше әсер дарытады. Тыңдаушыны баурап, эпостың көркемдік-естетикалық қуатын арттыра түседі.

Батырлар мінген арғымақтар туралы өзге де мақалаларды мына жерден оқуға болады.

Zufar S.Зуфар Сейтжанов, «Іле кеші» газеті, 2005 жыл.

Төтешеден крилицаға аударған Ержан Жаубай, argymaq.kz

Мұқаба сурет: Ш.Захидовтың «Қазақ-жоңғар шайқасы» картинасы.

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.