Жылқышы. Кеше және бүгін
Балалық шағым жайлауда өткен қазақпын. Түйеміз болған жоқ. Қалған түліктердің барлығын өзіміз бағатын едік. Жылқыны қайырып келу, бие байлау, бие сауысу секілді шаруалар бала болсақ та біздің мойында еді.
Бірақ, әңгіме мен жайлы емес. Біздің жайлауға түнгі мезгілде жылқышылар көп келетін. Астарына аласұрған айғырлар мінген, саптамасына сегіз өрім дырау қамшысын сұға салған батыр тектес жігіттер. Ұзындығы есік пен төрдей атқа мінген, қарынан құрығы түспейтін жасы ұлғайған ақсақалдар да бар ішінде. Бұл кісілердің жылқы бағуы да, айтатын әңгімелері де ерекше еді ғой, шіркін! Түнгі бірден аса жылқыларын жусатып, біздің жайлауға келіп, бір шайлары мен еттерін жеп, таңғы төртте жылқы өргізтуге қайта кетуші еді. Жылқы бағу мәдениеті, қазақ жылқышысының келбеті сол кісілермен қоса кеткен секілді.
«Заман өзгерді. Барлығын көз көрді» дейміз ғой. Қазіргі жылқышылардың астында мотоцикл, қалтасында ұялы телефон. Бұл игіліктер жоқ іздегенде тез хабарласуға, төңіректі шарлап келуге расымен таптырмас құралдар. Қасқыр тартып кеткен жылқының фотосын мал иесіне шалғайда тұрып жібере салғанда замана талабына сай жылқышыларға еріксіз сүйсінесің. Таяқтың екі ұшы болатындығы секілді бұл өзгерістердің де зиянды тұстары жетерлік. Жылқыны күндіз-түні мотоциклмен қуғандықтан малдың ет жинамауы, биелердің құлын тастауы немесе сүтінің қашуы сынды құбылыстар жиілеп кетті. «Таңертең ауылға жылқы келген соң қарасам, биелерімнің жотасында бір елі шаң тұрады» деп ана жолы бір ауылдасым айтып отыр. Қазақы түсініктегы жылқышылық біздің Арқа өңірінде тек қыс мезгілінде ғана қалған болар…
Қазір ауылдарда жылқышылар жылқы басына орта есеппен 1000-2000 теңгеден алып отырады екен. Мәселен, 100 үйлі ауылдан 1000 жылқы шықса және оны 4 жігіт бағар болса қолдарына айына 250 мың теңгеден алады деген сөз. Бір қарасақ қалада жүрген қаймана қазақ ала бермейтін сомма. Жылқышылық кез-келген ауыл баласының қолынан келе бермейді. Ол үшін физикалық күш те, ыстық-суыққа төзімділік те,аңшылық түйсік және тас-қараңғы түнде немесе ат құлағы көрінбес боранды күндері жер бедерін жатқа білетін қасиеттердің де болуы шарт. Міне, сондықтан да жігіттердің көбі 50 мың теңгелік күзет жұмысына немесе басқада қара күшті қажет ететін жұмыстарды жағалап жүр. Жылқышылық өнері 22-40 жас аралығындағы 100 жігіттің ары кетсе алтауы ғана бағындыра алатын кәсіп. Мойындарына жауаптылық алып баққаннан кейін боранды күні ығып кеткен, таптырмай жоғалып кеткен жылқылар болатын болса төлемі осы жігіттер тарапынан. Сол үшін де жылқышылардың айлықтарынан алып қалып, «қара күнге» сақтайтын жеке қорлары болады. Мал иесімен келісімге байланысты орнын малдай немесе ақшалай жауып отырады. Жылқышылардың табиғаттың жіберген тосынсыйларынан өзге де мәселелері бар. Ол жаз болса маңайдағы шаруа қожалықтарының егіндеріне, шабындықтарына жылқы түсірмеу, жердің тақырлануына байланысты қос ауыстырып отыру секілді дүниелер бұл кәсіптің ажырамас бөлшегі. Дегенмен, ауыл жылқышыларының басты мәселелері тек бұлармен шектелмейді. «Қазір жұрт біреудің ақшасын санағанды ұнатады. Сырт көзге біз ақшаны жақсы табатын секілдіміз. Бірақ, біздің табысымыз ауылдағы әр үйдің жеке басына тікелей байланысты. Біреулер жылқының ақшасын айдың басында берсе, біреулер 2-3 ай кешіктіріп береді. Қолыңа қомақты қаржы бірден түсіп отырмайды. Біздің де бала-шағамыз бар екенін кейде ауылдастарымыз ұмытып кетеді. Біреулер біз солардың жылқысын тегін бағуымыз керек секілді кісімсіп барып береді» дейді Қарағанды облысы, Шет ауданының жылқышысы Жағыпар Байжанов.
Бірер жыл бұрын жол түсіп Егіндібұлақ жаққа барған едім. Орден деген кісінің үйінен дәм таттым. Сол кісі тамаша бір естелік айтты. Арқа жұртына серілігімен, әншілігімен танымал Ержан Базарбеков деген дәстүрлі әнші ағамыз бар. Орден ағайдың Ерекеңе бажалық әлде қайынғалық қатысы бар екен. Бір жылы Орден ағамыз Ерекеңе бір жылқы атапты. Соғым уақыты таянғанда мал иесі «Әлгі соғымыңды алып кет» деп Ерекеңе хабарласады. Ет десе елең ете қалатын қазақтың баласы ретінде Ерекең де екі айтқызбай жетіп келіпті. Келсе сойылған соғым жоқ. «Соғымыңды соймадым. Міне шалма. Міне, астыңа ат. Таңдағаныңды ұста да соя бер» дейді Орекең. Жаңаарқаның жазирасында ат құлағында ойнап өскен Ерекеңе бұл сын еш ауырлық туғызбапты. Атқа қарғып мініп, шалмасын тастап жібергенде құлынынан бас көрмеген бір байталдың мойынына дәл түсіріпті. Онысымен қоймай шірене тартып қалғанда шу асау байтал шалқасынан құлаған екен. Осы шағын естеліктен-ақ қазақ үшін жылқышылық өнердің, ат үсті өнерінің маңыздылығын байқаймыз.
Жалпы, ресми мәліметтерге жүгінсек елімізде жылқы саны жылдан жылға артып келе жатыр. Жылқы шаруашылы жөнінен алғашқы үштікте 2017-жылғы есеп бойынша ШҚО 322 700 жылқымен топ бастаса, Түркістан облысы 307 мың жылқысымен екінші орында, Алматы облысы 296 400 жылқымен үштікті аяқтап тұр. Иә, айтпақшы Қарағанды облысы 4-орында, 342 557 жылқысы бар.
Айсұлтан Жақыпов, Ел.кз