Есей Жеңісұлы. Бәйге

3906

(Әңгіме) 

І

 Қиыс тұрған төрешінің қолындағы ақ жалау кілт түсіп, «лап!» дей қалғанында Ілес те тебінді. Кенет зор майданның ішіне кіріп кеткендей ойран-топыр. Қою қара шаң тұнды. Жерге шегелей қадалған тұяқтардың үні тосаң. Сан жүйрік түп көтеріле шапқанда, Жер-Ананың дәл өкпесінен тепкендей солқылдатады. Ілес әдетінше Күреңнің жалына бетін төсеп, көзін сығырайта алға тесілді. Жүйріктер дәл қазір іркес-тіркес. Енді ептеп жел жағына шығып алуға тиіс. Сонда шаңнан сәл болса да құтыласың, сарайың ашылады.

Алдындағы аттардың тұяғынан ұшқан батпақ бетіне былш етіп тигенде, Ілес бұғынып қалды. «Мыналар қайтеді-ей!» деді тістеніп. Әуелден-ақ атына қамшы басып, өзеурей алға ұмтылған шабандоз балаларға ілесе кетпек ойынан тез айныды. Кетсе кете берсін. Кімнің кім екенін көреді ғой әлі. Жарыс сөресіне осылай шаңбасар су сеуіп тастайтыны жаман. Тізілген елу-алпыс ат түп көтеріле шаба жөнелгенде, айналаң түгел түтеп кетеді. Амалсыз басыңды, көзіңді қорғайсың. Тұяқтардан ұшқан балшық бейне пулемет оғындай төпелейді келіп. Мұндайда айналымнан шығып кетпеуді ойлаған абзал.

Cансыз тұяқ дүбірі жанын шаттыққа бөледі. Табанынан басталған бір алапат қызу тұла бойының қуыс-қуысын қалдырмай аралап келеді екен. Әр қантамыры терісін жарып шығардай білеуленіп, бедерленіп алыпты. Тістенген сайын екі жағы қарысып барады.

Ілеске осы күй керемет ұнайды. Бүкіл әлем өзі мінген жүйріктің тұяғы астында қуырылып, бебеу қағып бара жатқаны ғажап! Бойына төтен желік бітіп, жүрегі біресе сол жақтан, біресе оң жақтан соғып жатқандай атқақтайды. Көзінің қиығымен қапталдағы аттың ыңғайын байқап, сәл тақым қыса қалса-ақ Күреңнің ытырыла жөнелетінін аңдағаннан артық қандай қызық бар десеңші!..

…Ілестің жүйрікке қызығуы тосыннан. Әкесі ұзақ жыл шетте қызмет істеп, жасы жер ортасына таяғанда атажұртына көшіп келген. «Қартайғанда көрген қызығы» Ілес бұл кезде небары үшінші сыныпта оқитын еді. Жаңа ортаға ол тез сіңді. Көрші үйлердің өзі сияқты тентектері екі-үш күн мұны айналсоқтап жүрді де, ақыры достасып тынды. Ілеске әсіресе Бақытхан қатты әсер етті. Бойы бір тұтам, дене бітімі құрыштай шымыр қара бала кеш түсе Бәйгежиренге мініп, жотаға шығады. Әуелі жиренді атасы жетелейді. Жота үстіндегі жазық алаңқайға жеткенде Бақытхан тізгінді өзі алып, әрі-бері қыдырыстап кетеді. Атасы сақалын саумалап, көз талдыра қарап отырады. Ауылдың өзі сияқты қарасирақтары атбегі ақсақалдың бұл әдетіне әбден бой үйретіп алған. Ешкім шақырмаса да тез жинала қояды.

Бәйге жақындағанда, балалардың бәрі желігіп кетеді. Сабағы нашар, «төрттікті» тоқсанына бір алатын Бақытханды айналсоқтап, тапсырмасын орындауға көмектесіп, жік-жапар болады. Мұрнын бір тартып қойып, алдыңғы партада тапжылмай отыратын Бақытхан да бұған әбден үйренген. Балалардың бәрі оның көңілін таппаса, ертең атасы Бәйгежиреннің маңынан жүргізбей қоятындай қорқады.

Бәйге қарсаңында атбегі қарт күрт өзгереді. Әуелі мектепке келіп, немересін директордан бір аптаға арнайы сұрап алады. Сосын бір кездері айдау болған, бұл күні біреудің жекеменшігіне өткен жазықта атын баптауға кіріседі. Бақытхан атасының айтқанын қалт жібермейді. Шап десе, шабады, жел десе желеді. Ақсақалдың қабағынан ыққан балалар таяп келуге жүрексініп, қарсы жотадан тамашалайды. Осының арқасында шеткі көшенің тентектері ат бабын әжептәуір ұғынып қалған. Атбегі қарттың әрбір әрекетін бағып, «бүгін Бақытхан Бәйгежиреннің терін алады», «бүгін суытады» десіп, абың-күбің әңгіме жасайды.

Бәйгежирен бәйгеге кететін күн – ауыл үшін үлкен мереке. Атбегі жиреннің үстін жабулап, басын ғана ашық қалдырады. Жиреннің мына түріне қарап, тіпті де жүйрік дей алмас едің. Салмағын артқы екі аяғына кезек түсіріп, жануар мүлгіп тұрар еді. Кірпігіне қонған шыбын-шіркейді қабағымен еріне жасқап, сұлық қалпынан айнымайтын. Келіні кесеге сүт құйып алып шыққанда, ақсақал әуелі аққа өзі ернін тигізіп, сосын Бақытханға беріп, артынша кесені балаларға жағалатып жіберетін. Балалардың ешқайсысы, ішінде Ілес те бар, ешқашан кеседегі сүтті ішкен емес. Еріндерімен ғана дәмін алып, ізінше ақсақалға ұсынатын. Содан соң ыдыстағы сүттің бір тамшысы Бәйгежиреннің маңдайына, бір тамшысы құйрығына тамызылар еді. Ақсақал жиренді айналып-толғанып, маңдайынан бір, құйрығынан бір сипағанда, Ілес жүйріктің құйрығындағы қылға байланған үкі шашағын аңғарып қалатын. Ақсақал үкіні қолымен қыл арасына көрінбестей етіп қайта жасырып жіберетін.

Бәйгежирен алдына ат түсірмейтін деседі. Бақытханның өзі сөзге тым сараң, бәйге жайлы там-тұм әңгімені саумалап отырып әзер аласың. Сонда да ауылдастар жиреннің жүйріктігін аңызға бергісіз етіп әңгімелейді. Тіпті жиреннің жарыс сайын өзге жүйріктерден жарты айналым алда келетінін сүйсіне айтатын. Анда-санда достарымен жинала барып, жотада керіле түсіп демалып жатқан жиреннің тұрқын тамашалайтын. Сүйегі арса-арса жануар бұл кейіпте жүйріктің жүйрігіне мүлде ұқсамайтын-ды. Бір жолы ғана Бақытхан аймақтық бәйгеден басы салбырап, бос оралды. Бұрын болмаған өзгеше мінез танытты дейді жануар. Екінші айналымның қақ ортасына келгенде Бәйгежирен кілт тұра қалып, дәрет сындырыпты. Айналасынан атойлап өтіп жатқан жүйріктерге мойын бұрып та қарамаған. Шаруасын тындырып болып, өңк-өңк желіп, бәйге жолына қайта түспей қойыпты. Бақытханның атасы сонадайдан ашу шақыра жеткен екен, атының қалпын көріп, дереу жетектеп әкеткен көрінеді. Тұс-тұстан жел беріп, бәйгеге қайта қосылуға шақырған жұртқа: «Жиренімнің алдына ат түсіп кетті, енді сүйресеңдер де шаппайды», – деп қайырса керек.

Ел арасында аты аңызға айналған Бәйгежиреннен кенет бақ тайды. Үлкен бәйгеден маңдайы жарқырап озған жиренді иесі жер шалғайлығынан жүк көлігіне басқан екен. Ауылға бет түзегенде, қарсы алдынан төпелеген нөсерге шыдамаған жирен көліктің қорабынан секірген. Ноқтасы жібермей, сіңірін созып алған. Бәйгежиреннің мертіккен хабары ауылға жүйріктің өзінен бұрын жетті. Ілес достарымен жүгіре жеткенде, көліктің үстінде созылып жатқан жиренді көрді. Атбегі ақсақалдың сақалынан жас сорғалап тұр… Ілес атты да, иесін де керемет аяп кетті. Ауылдың атанжілік жігіттері ұзын сырғауылды екі жағынан жүгіртіп жіберіп, алдыңғы оң аяғы рабайсыз салбыраған жиренді байлап-матап көліктен әзер түсіргенде, көзіне жас алмаған жан қалмаған. Жиренді ауыл содан кейін көрген жоқ. Атбегі қарт оны бір түнде арғы беттегі қырғыз ағайындарға беріп жіберіпті деседі. Кім біледі…

Содан кейін даңқты атбегіге ат құтаймады. Әуелі ақсақал ел аралап жүріп, көрші Талаптыдан екі дөнен әкелді. Екеуі де мүсінді, сұлу жылқы еді. Тілікқасқа алғашқы ауылдық бәйгеден-ақ көзге түспеді. Айранқасқаны иесі біраз уақыт жұрт көзінен жасырып ұстады. Жұрт та осы жылқыдан Бәйгежиреннің ізбасарын күткендей емініп еді. Айранқасқа бәйгеге түсіп те үлгермеді. Мамыр айында қамаулы тұрған жерінен ырғып шығып, ауылды бір айналып, арқырай кісінеп шауып жүрді де, дәл үйінің шарбағына таяған тұста омақаса құлап, дереу жан тапсырды. Содан кейін ақсақал жырақтағы қойшылардың бірінен жұп-жұмыр, өте тұлғалы Қаражорғаны қалап мініп келді. Қаражорға да иесін қуанта алған жоқ. Көрші ауданнан Тапалжиренді тауып келгенде ғана атбегі қарттың жүзінен біраз уақыт өшіп кеткен сәуле қайта оянғандай болып еді. Тапалжирен десе дегендей-ақ, тұрқы қысқа, бір қарағанда жүк жылқысын еске түсіретін жануар еді. Бірақ бәйгеде түрленіп кететін. Жерге жатып қалғандай жабыса шауып, небір аламаннан жүлделі оралып жүрді. Бірақ Тапалжирен ешқашан бірінші келген емес.

Ілестің Күреңі бұл кезде бесті шығып еді. Әкесі оны тай күнінде сатып әперген. Нағыз ақылдының өзі. Ілестің қолынан қант жеп үйренген, сондықтан әрбір сәтті әрекеті үшін тәтті дәметіп тұратын әдеті. Бірде Күреңімен суаттан келе жатып, Ілес атбегі қартқа сәлем бермекке бұрылды. Қарт Күреңнің жалын, сауырын сипап көріп, танауына қарап тұрып: «Мұрны пысылдап шаба беретін, шаршамайтын жануар екен», – деген. Осы лепес Ілеске қанат бітірді. Енді Күреңіне нағыз жүйрік сияқты қарай бастады. Бақытханнан аттың бабы туралы күнде сұрай беретін болды. Бұрынғыдай Күреңді беталды жібере салмай, арқандап ұстауға көшті. Әкесі бірнеше рет бетінен қайтаруға әрекеттеніп еді, Ілес қайтпады. Сұлы беріп, судың тұнығынан ішкізіп, өзінше баптай бастады. Сабақтан қалт босай қалған сәттерде Күреңді жетелеп апарып, оттатып қайтатын. Ондайда атының балаусаны тісімен күрт-күрт үзгенін қызықтай қарап, қиялға батып отыратын. Әсіресе өзінің бәйге алдын бермей, ұрандай шауып, мәрені бірінші қиып келе жатқанын жиі елестетуші еді.

Көктем шыға, ауыл егінге кіріспей тұрып, Абас жазығында бәйге жарияланды. Дәстүрлі, жыл сайын өтетін бәйге. Ілес шындап дайындалды. Атбегі ақсақалдан көргенінің бәрін айна-қатесіз қайталады. Әуелі Күреңнің ащы терін алды. Күреңді бабымен терлетіп әкеліп, кәнігі сейістерше қабағын түйіп тұрып тердің дәмін көрді. Ап-ащы екен. Ертеңіне, сосын тағы бір екі-күн біраз жерді аралап қайтты. Соңғы күні Күреңнің құлағының түбі ғана терледі. Үйге әкеліп, атының алдына сынық шөп салмай таң асырды. Таңертең оқыранып қарсы алған жүйрігінің бабы зар күйінде деп ұқты. Іші тартылып, мүсіні айқындалып, тастай қатып қалыпты.

Бәйге күндізгі он бірде. Ілестің әуресін алғашқыда жай ойын деп жүрген әкесі бірте-бірте ұлымен бірге бәйгеге дайындала бастағанын аңғармай қалыпты. Күреңнің жалын саумалап, танауын қысып түшкіртіп, шашасынан тартып аяғын көтеріп, тұяғына үңіліп, өзі білетін және естіген ырым-сырымның бәрін істеді. Күбір-күбір етіп, әлдене айтып жүр. «Ұлымның тауы қайтып қалмаса екен» дейді ішкі тілегі. Сағат тоғыздан аса әкелі-балалы екеуі Абасты бетке алды. Ауылдан шыға бере бәйге қызықтауға бара жатқан топқа қосылды. Арасында аттарын жабулап алған шабандоздар да бар. Бәрі тастүйін болып, сараң сөйлеп, байсалды бола қалыпты. Жақ ашса, бар сырын айтып қоятындай беймағлұм бір егес бар. Қызыңқырап алған Әбен ғана даурығып, үнсіз топтың тыныштығын бұзады. Астындағы қарны қампайған торы бестісін ары-бері шаптырып-шаптырып алып: «Мен де бәйгеге қосамын!» – деп өзеуреді.

Сөреге жиырмаға жуық ат тізілді. Ілес көзін ашқалы бері тек арбаға жегіліп келе жатқан көк атын Жанат та бәйгеге қоспақ. «Мұның не?» дегісі келіп тұрды да, Ілес үнсіз қалуды жөн көрді. Өзі жайлы жұрттың не ойлайтынын қайдан біледі? Бір шетте Тапалжирен тұр. Қойшы Ерманның Жіңішкежирені де бәйгеден дәмелі жүйріктің бірі. Кәрім шал шабандоздарға әуелі айналымның шекарасын белгілеген қарақшыларды көрсетті. Басына жалбағай ілінген бір-бір діңгек. Бір айналым екі шақырымға жуық. Бұлар тоғыз айналым жасауға тиіс. Аттар дүр етіп шаба жөнелгенде, Ілес өзінің ой құшағында тұрып қалғанын аңғарған. Дүбірге қосыла ырғыған Күреңнің жалына жабысып барып әзер түзелді. Тізгіннен мүлде айырылып қала жаздапты. Тез есін жиды. Тізгінді сол қолына жинап үлгеріп, Күреңнің басын тартыңқырады. Атбегі ақсақалдан естігенін істеп, тежеп отырды. Әбен далақ-далақ етіп, ә дегеннен алға кетті. Атының басын қоя берген, арғы аталарының бірінің есімін дауыстай бақырып, ұрандап барады. Қамшыны басынан асыра бұлғап-бұлғап қояды.

Жарты айналым өтпей-ақ жиналған жұрт даурығып кетті. Бәрі Күреңді нұсқап, әлдене деп айқайлайды. Ілес ести алар емес. Өзі де бәйгеге тұңғыш түскен бала емес пе, ел-жұртқа көбірек алаңдай бермеу керек екенін жадына мықтап түйіп алған. Ілесе шауып, оза берген Мәдидің дауысы ғана оны әлемге оралтты. «Әй, Ілес, атыңның тартпасы үзіліп кетіпті!» деді Мәди даусы қарлыға. Ілес қатты қорқып кетті. Дереу тізгін тартты. Күрең баяу шабыстан текірекке ауысқанда, астындағы бәйге ердің бұлғаң-бұлғаң билеп келе жатқанын бір-ақ сезді. Жерге қарғып түсті. Әкесі де шауып жеткен екен. Дереу өз атының айылын шешіп алып, Күреңнің еріне мықтап тартты. Ілеске сырғыған әр сәт жылдай болып көрінді. Алғашқы айналымды тауысып бара жатқан аттарға асыға көз тастады да, әкесінің әмірін күтпестен қарғып мінді.

Тебініп қалып, Күреңге қамшы баспаққа әрекеттенді де, тез тоқтады. Қамшыламауға тиіс. Егер қазір атының қарқынын қатты үдетіп алса, тежеу қиын болады. Бірінші айналымды көш соңында аяқтады. Жұрттың көз алдынан жалғыз өтіп бара жатқанда: «Әй, Ілес, қоя сал, саған бүгін бәйге жоқ», – деген дауыстар құлағын тұндырды. «Көресіңдер әлі!» деді тістеніп. Тақымын тағы қысыңқырады. Күрең үдете түсті. Сүт пісірім уақытта аттардың соңына ілікті. Алда Тапалжирен, Жіңішкежирен, Мағаудың қарасы және Барысбайдың Қарагері, Керімбайдың Ұшқыры кетіп барады. Үшінші айналым тұжырылар тұста Ілес арттағы қалың топтың бел ортасына кірді. Күрең бір сарынмен ұрып келеді. Құлағының түбіне қол жүгірткен, әлі жіпси қоймапты. Мұнысына Ілес қуанып қалды. Бабы дұрыс деген сөз. Әбен де осы тұста екен, сорпа тері шыққан торысын бас-көзге төпелеп, балағаттап барады. Сонда да ұрандауын қояр емес. Мына түрімен торы қазір тоқтап тынары анық. Зорығып қалмаса болғаны жануар…

Аттың басын қазір қоя беруге болмайды. Қалай дегенде де шыдауға тиіс. Өз есебінше, соңғы айналымда ары кетсе алты-жеті ат қалады. Басқасының бәрі әншейін қара көбейтер екенін біледі ғой. Бұлардан бірқауым жер алда кетіп бара жатқан бес аттың мейманасы бөлек. Солар жанынан өткенде жұрт қышқырып-пысқырып, ұрандап, айқайлап қалады да, арттағы бұлар таяғанда келемежге көшеді. Кәдімгі қысыр қалжыңдар.

Ерманның осы сәт өз шабандозына: «Қанат, басын тартыңқыра, әлі үш жарым айналым бар», – дегенін құлағы шалып қалды. Алдағы бесеудің қарқыны сәл баяулағандай болды. Бірте-бірте аралық қусырылып, Қарагердің түйілген құйрығы көріне бастаған. Ілестің бойын кернеген қорқыныш бір сәт дүр ұшқандай, оның орнын әлдебір күту, еміне күту сезімі баса қойыпты. Сөйткенше болмай, қуып жеткені бар, басын тежегені бар, оншақты ат түйдектеле қалды. Жұрт демін ішінен алып, тым-тырыс тынған. Сол түйдек үздік-создық қалпы, бірін-бірі ұзатпай тағы бір айналымды артқа тастады. Ілес Күреңді бел ортада ұстады да отырды. Әзірге сыр бермей, денелерінен жылт тамшы білінбей келе жатқан – қос жирен ғана. Басқаларының көзіне тер құйылып, алқына тыныстап, қалжырай бастағаны білінеді.

Сегізінші айналым басталған қарақшы тұсынан өткенде жеті ат бірден кейіндеді. Танауларынан ырс-ырс дем шығып, кейбірінің езуінен қоп-қою көбік ағып, шабандоздарының қамшы төпелегеніне қайрат көрсете алмай, созыла шапқан күйі қала берді. Ілес бүкіл дүниені ұмытқан. Бәйге алдында өзін-өзі қайрағаны, әрбір сәтті ақылға бағындыруға тырысқаны – бәрі-бәрі адыра қалыпты. Есін бір жиғанда өзінің тізгінді қоя бергенін, қос жиреннен қамшы бойы алға шыққанын аңдады. Әлі толық бір айналым бар, ендеше мұнысы не болғандағысы? Тізгінді тартыңқырады. Қос жиренмен қайта қатарласты. Жұрттың бәрі орнынан тұрып кетіпті. Ілестің көз тастауға мұршасы болған жоқ. Сөйтсе де, қалың топтың қиқуынан әкесінің дауысын жазбай таныды. «Ілетай, бірінші бұрылыстан басын қоя бе-ер!» деп тұр екен.

Шыдамы бәрібір жетпеді, тізгінді жібере салды. Күреңнің көзін сүртуі қажет екені есіне сап ете қалып, бүлдірге мен саптың ұшы аралығына байлаған ақ матаны пысықтай ұстап, алға созды. Күреңнің көзіне тер құйылып кетіпті. «Шыдашы, Күреңім, шыдашы!» деді жалынып. Тұла бойын өксік қысып алыпты, не жылап, не ширығып келе жатқаны белгісіз. Тапалжирен қатарласқан, Жіңішкежирен сәл қалыңқы. Қос бәсекелес шабандоз – Жұлдыз бен Қанаттың не ойлап келе жатқанын кім білсін, екеуі де жамбастарын қоқита, үзеңгіге аяқтарын шірене тартып, алға емініп алған.

Мәреге аз ғана қалды. Енді екі қарақшыны айналып өтсе болды, тіке тартып, жұрт алдынан бір-ақ шықпақ. Бұрылыстағы қарақшыны айнала бере, Тапалжиренді мінген Жұлдыз жұртқа тік салды. Ілес аңырып қалды. Егер соңғы қарақшыны айналатын болса, Тапалжиренге жете алмасы анық. Жұлдыз бәйге шартын қатты бұзды, бірақ ойланып жататын уақыт қайда! Күреңнің Тапалжиренмен қапталдаса шапқанын аңғарып, қамшыны басып-басып қалды. Қанат та Жіңішкежиренді тура салыпты. Тәуекел! Құлағы бітіп қалыпты. Өз даусын өзі еститін қалы жоқ, бірақ «кәне, кәне!» деп айғайлап келе жатқанын біледі.

Үш жүйрік мәреден іркес-тіркес өтті. Ілес қиқулаған жұрттың неге даурығысып жатқанын ұқпады. Өз білуінше, әйтеуір үшінші болған жоқ. Жіңішкежирен сәл артта болатын. Екпінін тежей алмай, қалың жұрттың тұсына шауып барған Күреңінің басын арыға әзер бұрып, бірден тоқтамауы керек екенін ойлап үлгергенше болған жоқ, оны ат үстінен біреу жұлып әкетті. Көрші Дәулетбек ағасы екен, дереу алдына қондырып, кері шапты. «Бәйге біздікі! Бәйге біздікі!» деп еліріп келеді. Ілес әрі-бері бұлқынып көріп еді, Дәулетбектің құшағы тастай екен, тырп еткізбеді. Әкесінің де жайдақ атпен тартып келе жатқанын сонда байқады. «Аруақ! Аруақ!» деп тамағы жыртылғанша айғайлап келеді. Жете бере, Ілесті ат үстінен ол да жұлып алсын! Көзді ашып-жұмғанша Ілес жұрт құшағында қалды.

Осы бәйге бар аймаққа аңыздай тарады. Ілестің Күреңі өзге аттардан бір айналымға жуық қалып тұрып, бәйге алдында келгені шартарапқа түрліше, бояуы қанығып жетіп жатты. Әкесі шашылудай-ақ шашылды. Бас бәйгеге тігілген жеті тоқтының басы жеті күн өтпей мүжіліп бітті.

 ІІ

 Бүгінгі бәйгенің жөні бөлек. Күреңді тұңғыш рет үлкен додаға қосып отыр. Баяғы аңыз-бәйгеден кейін үш рет аудандық бәйгеден екінші келгені, аймақтық жарыста топ жарғаны есеп емес. Бұл жолы алды алты-жеті көлік ұтып алған арғымақтармен бақ таластырмақ. Жарыс жолы да ұзағырақ – жиырма бес шақырым! Аттың аты ғана шыдар! Ауылдан бәйге өтетін жерге асықпай, қона жүріп жеткен.

Ең қызығы, осы бәйгеге әкесі бастап елікті. Мұрнының астынан ызыңдап ән айта жүріп, Күреңді баласымен бірге баптаған. Тіпті аттың бабы туралы екі-үш кітапша тауып алып, қоймай аударыстырды.

Дегенмен Күреңнің қазіргі қарқыны жаман емес. Ілес сағат тілімен қозғалған түйдек топтың оң жағын ала, атын сырттата шауып, көз алдында кетіп барады. Ұлының мына отырысына сүйсіне қалды. Шұқынып, ізденіп, аттың бабы жайлы күнде бірдеңе біліп келетіні бар. Бүгін де сонысына бағып, Күреңіне шаң иіскетпей, топырақ қаптырмай, тізгін тартып отырғанына қалай сүйсінбесін? Жалғыз қарасының ақылдылығына қайран! Оның жасында өзі ат баптамақ түгілі, аты-жөнін анық білмегені аян…

«Әне кетті, міне кеттімен» отырған жұртқа қызық керек. Ойбайын салып ысқырып жатқандар да, тамағын жыртып айғайлап жатқандар да көп. Көз алдарынан шоғырланып өткен топтың тұманы сейіле бере-ақ екі-үш борпаңбай жолдан шығып қалды. Тіпті біреуінің аты бас бермей, дөң үстіндегі қалың адамның ішіне қойып-ақ кеткені… Қызуқанды біреу орысшалап келістіре балағаттап, әлгінің атын қамшымен тартып жіберіп ырғытты. Ол үшін бәйге тәмам.

Ілес Күреңді алдыңғы топта ұстауға тырысты. Әзірге шабыс біркелкі. Көзімен атағы алысқа кеткен Бозжігітті, Көкдауылды, Ақтұмарды, Самғакерді іздеді. Бірақ ұйлығысқан топта біреуді біреу біліп болатын емес. Пырс-пырс демалған жүйріктер біреу әмір беріп қойғандай, қатар шауып келеді. Осы қалыпта бірі қалып, бірі озатындай көрінбейді.

Іркес-тіркес шабыс бес айналымға дейін сейілген жоқ. Бірақ Ілес Күреңнің аяқ алысынан бір кәдік байқағандай. Аяқтарын түйдек-түйдек тастайтын жүйрігі білгенінен жаңылғандай, созалаңдай шауып барады. Ақырын-ақырын кейіндей бастағандай ма? Алтыншы айналымда Ілес өзінің алдыңғы топтан тәп-тәуір артта қалғанын байқады. Бұл не болғандағысы? Тағы да сырттай шауып, екі жағына кезек үңіліп, атының аяғына қарады. Жоқ, бәрі аман. Бірақ бұл жолғысы бұрынғы шабысына ұқсамайды. Өзінің білуінше, Күрең он бес шақырымға дейін сыр білдірмесе керек еді ғой…

Өмір додасына қосылып көрмеген жас бала Күреңінің нағыз жүйріктер арасында алғашқы қарқынға ілесуге барынша тырысып баққанын, бірақ сол қарқынның бұрынғыдан өзгерек, жылдамырақ екенін байқамаған-ды. Бұл жарыс ауыл арасының жарысы емес-ті. Бәйге жолына шыққан елуден астам аттың жиырма-отызы он шақырымнан асқан соң-ақ барлығып, демі тамағына кептеліп, кейіндеп қала беретіні заңдылық болатын. Атыңды қанша шаңнан аулақ ұста, бас-көзге төпелеген кесектен алып қаш, бәрібір шын жүйріктер қосылған аламанның табиғаты да, талабы да басқаша еді.

Ілес осыны түсінген жоқ. Созылып барып, Күреңнің көзін сыйпады. Тер құйылып тұр. «Ә-ә, бабын келістірмегенмін-ау» деп кінәні өзінен таба қойып, тердің дәмін алды. Жоқ, ащы емес. Енді тоқымның астына қол жүгіртті. Ол тұс та малшынып тұр. Бұл білсе, Күрең мұнша терлемесе керек еді. Бәйге алдында жайдақ шаппақ болып тұрып, ер салғанына да өкінді Ілес. Бірақ бұл қауырсындай жеңіл бәйге ер ғой. Аты да сыралғы.

Алдыңғы топ көз ұшына кетті. Ілес дүрмекке ілесіп, тебініп-тебініп қалды. Қалғысы келмейді. Өкпесіне өкшесі солқ ете қалғанда, Күрең кенет жаңа жылдамдығы қосылған жеңіл көліктей ытырылар еді. Бұл жолы өйтпеді. Танауы өрескел пысылдап, тынысы жиілеп, көзі шарасынан шыға алайып, ауыздығын күтірлете шайнай берді.

Ілестің күткені осы ма еді? Бұл бәйгені асыға тосып, тіпті маңдайы жарқырап озып келгенін түсінде көріп, жақсылық қана күтіп тұрғандай елегізіп еді-ау… Күреңі қалың топтың ішінде сыр бермей келіп-келіп, соңғы айналымда сүзіле шабатынына сеніп еді. Көкдауыл мен Ақтұмар құйрық тістесуге жарамай, будақ-будақ шаң иіскеп қала беретіні қайда?

Шабандоз бала тұңғыш рет шабыс үстінде атын сабалады. Ашуға булығып, барлыға бастаған атын төпеледі келіп. Қамшыны қанша ауырсынса да, Күрең «барым осы, ием» дегендей созылған үстіне созыла шауып, ақырындаған үстіне ақырындай берді. Ілес жылап жіберді. Қыстыға дауыстап, өзінің сүйікті Күреңін балағаттап алғанын да ұққан жоқ. Көзінің алды бұлдырап, ештеңе көрінбей кеткенде ғана оң қолының жеңімен көсілте сипап алды. Ешкім көрмеген шығар.

«Әй, балақай, атың құлайды қазір, шығып кет, шығып кет» деп дауыстаған қапталдағы төрешінің даусын естімегендей, ерегесе сабалап ұзай берді. Кім біледі, Күреңінің екінші тынысы ашылып кетер. Қай кітаптан оқығаны есінде жоқ, адамдар да, хайуандар да екінші тынысы ашылса, бұрынғысынан да мықты жүгіріп кететін еді ғой.

Ілес адам баласын мына өмірде үміттің ғана үнемі алға сүйрей беретінін түйсінбеген-ді. Қанаты қайырылып, дүниенің барша тауқыметінен ес жимай жатса да адам бір үмітке сенер. Басқан аяғы кері кетіп, барар жер, басар тауы қалмағанда да пенде кенет алдынан сайрап жол шыға келетіндей елегізер. Ең аяулы, ең ардақты асылынан көз жазып қалса да, қылышы тасқа шабылса да, соңғы тиынын санап беріп тұрса да үміт дүниесі бұлдырап елес беріп, себезгілеп сәуле шашып, «өлме, өлме» деп азапты ертеңге тағы жетелейтінін бала шабандоз қайдан ұқсын… Жас өскен сайын үміттің қасына үрей қосақталып, күткен нәрсеге күдік теліп, шарадай басты шақшадай етерін жүре, көре түсінер-ақ. Әзірше оның жеңіскер санасына Күреңінің мына шабысы сыяр емес. Құстай ұшып, мәренің сызығын бірінші қиып өтуге тиіс емес пе еді? Жеңілу деген… о-ой, атамаңыз, алашты алаңдатқан аламанда топ соңында қалу деген…

Ілес өкіріп жылады. Атын сабалауды да қойды. Жалына жатып алып, өкіре берді, өкіре берді. Адам баласының мың ғасырлық қасіретіне мелдектеп тойған, жанардан үзіліп түскен миллион-миллиард тамшыны өлермендікпен сіміріп жатса да шөлі еш қанбайтын қара жер селт еткен жоқ. Ілес Күреңнің бірте-бірте текіректеп желіп кеткенін де аңғармады. Қазіргі сипатында байғұс ат әбден қалжыраған-ды. Екі езуінен ақ көбік ағып, басы салбырап, ауыздықты тістеуге де шамасы жетпей, аяқтарын әр жерден бір тастап, іркіле берді, іркіле берді.

Ілес басын көтеріп, көзін сүртті. Абырой болғанда, бұл айналымның адамдардан алыс беті екен. Ендігі жүрісінен ештеңе өнбесін түсініп, жолдан шыға бергенінше, қасынан алға кеткен топ өте берді. Бір айналым артта қалғаны ма сонда? Әлі де сегіз ат түйдектеліп кетіп барады екен. Ілес еміне қарап, Бозжігітті тауып алды. Аты аңызға айналған жануар мойнын қаздікіндей соза түсіп, кең тыныстап, еркін самғап барады. Бір уақ өзінің бәйгеге қатысушы екенін тарс ұмытып, Ілес дереу тамашалаушыға айналып кеткенін сезбей қалды. Бозжігіттің үстіндегі шабандоз тас-түйін. Аттың басын ірке ұстап, өкшесін өкпеге тигізбей, аса бір ұқыптылықпен шауып барады. Ілес қатты қызықты. «Сол Бозжігітке мен мініп шапсам-шы» деді іштей.

«Кісі малына қызықпа» деген әке ақылы миына сарт етті. Бірақ мұндай сәтте Бозжігіттей жүйрікке қалай қызықпассың? Жануардың қанаты бар шығар, сірә! Ілес өзін танығалы естіген жүйріктің дабысы әлі басылған емес. Бүгін де қалың сәйгүліктің арасында самғап барады, ұшып барады, тұяғы жерге тимей қалықтап барады. Ілес енді Самғакерді іздеді. Самғакер сыр беріп алыпты. Алқымы терге бөккен. Қасынан тез өте шыққан жүйріктерге қызыға қарап, Ілес ақыры жолдан шықты.

Шоқырақ-шоқырақ желген Күреңнің күйі күй емес. Ілес қарғып түсіп, айналымның ортасына қарай жетелей жөнелді. Аялдатуға болмайды. Иә, Бозжігіттей айтулы жүйрік болмаса да, Күрең өз аты ғой. Ішін өрт кеулеп жатқандай, қызып барады.

Ілес Күреңді ұзақ жетеледі. Бірте-бірте жүрісін тым баяулатып, Күреңнің тері кепкенше күтті. Мәреден Бозжігіттің жеке-дара өткеніне де, жұрттың даурыға қышқырып-айқайлағанына да қараған жоқ. Елдің мына қуанышы, мына дәурені өзіне қатыссыз екенін түсініп, сабылып жүрді де қойды.

Әкесі де ұлына жақындамады. Жалғызының жылап жүргенін, қазір барса қатты қысылатынын білді. «Жүрсін, біраз уақыт өзіне келсін» деді. Сонда да көз ұшында атын жетелеп жүрген Ілесті таса етпей, қайта-қайта тауып алып отырды. Дәл қазір ұлына ақыл айтудың қажеті шамалы. Зерек қой, бәрін де түсінген болар. Өмірдің де нағыз бәйге екенін ұққан болар. Бір топтан маңдайың жарқырап озып шыққанмен, келесі бір топтың шаңын иіскеуге де шамаң жетпейтінін сезген болар. Өмір дегеннің ешқашан жеңіс бола бермейтінін осы бастан білгені дұрыс. Жеңіліп көріп, жауырынымен жер иіскеп көріп қана ұлы жеңістерге жол ашар. Өзінің ойпыл-тойпыл өмірлік жолында сәтсіздік те, мұң мен қайғы да аз болған жоқ. Соның бәрін осы жалғызы, артынан ілескен қарасы жуып-шайып кетті ғой. Құдайдан сұрап алған жалғызы…

Ілес жақындағанда, әкесі қарсы жүрді. Баласы жылап берекесін алмайтынын жақсы біледі. Сонда да жұбатуға іштей сөз іздеп келеді. Ілестің беті айғыз-айғыз екен. Аттардың тұяғынан ұшқан шаң жаспен қосылып, қызарған көзін ғана жылтыратып кетіпті.

– Балапаным, атыңды суыттың ба? – деді түк болмағандай. Ілес Күреңнің тізгінін ұстата салып, сырттап кетер деп күтіп еді, жоқ, көзіне тік қарап тұр екен. Әке іштей сүйсініп қалды. Ұлының көзінің түбінен жалт ете қалған от сүйсінтті.

– Төһ, бетіңе бес ит тойғандай болыпты ғой, – деп қалтасынан беторамалын алып, айғыз-айғыз бетін сүрте бастады. Ілес қолын қақпады. Әкесі баласының жылағанын жұртқа білдіргісі келмей сүртіп жатқанын анық түсінді. Екеуін:

– Е-ей, мақтап жүрген жүйрігің осы ма? Бәрінің артында қалды ғой, – деп барқыраған дауыс жалт қаратты. Ауылдас жігіт. Сылқия тойып алыпты. – Ауылда бәйге бермей жүруші едің. Қайсы ал шетке шығып озғаның?! Ауылдың масқарасын шашып…

Ілес әкесінің не дейтінін күтті. Қатты тістеніп, тісін шықырлатты. Шамасы жетпейді, әттең… Бірақ әкесі үндеген жоқ. Қайта езуіне күлкі үйіріп, атты бір нұсқап тұра берді. Ауылдас жігіт ана-мынаны айтып, ара-арасында сөзін балағатпен тұздықтап, атын ойнақтатып біраз іркілді де, қолын сілтеп шаба жөнелді. «Өй, бүйтіп ауылдың атын шығарғандарды ұрайын, жұрттың шаңын қауып!» деп айқайлап барады.

Сәлден соң әке мен бала әбден шалдыққан атты жетектеп, тойлы ауылдан ұзай берді.

EseiЕсей Жеңісұлы,

argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!