Сары ат

3296

Арал ауданы Қызылорда аймағының батыс аумағы десек, Шалқар ауданы – Ақтөбе облысының шығыс өңірі. Осынау ұлан-ғайыр өлкеде болған бірер жайға зер салайық.

Үлпеттесушім – зерттеуші, ғалым, әнші, жыршы Берік Мырзалыұлы Жүсіпов.

Жүсіп – атасы ғой. Алайда Жүсіп әкеміз деп айтады. Әкесі – Мырзалы. Екінші Дүние Жүзілік соғысқа қатысқан. Өте қарулы кісі болған. Мырзалының әкесі – Жүсіп. Бұл кісі өте қайсар қазақ болды. Ал Жақып атасы (бабасы) атақты Есет батырмен замандас болған. Қазақ тарихында Есет есімді екі батыр болған. Бірі – Тама Есет Батыр. Екіншісі – Көтібарұлы Есет батыр.

Тама Есет Батырдың жолы да, жасы да үлкен.

Бұл әңгімені бізге Берік әңгімелеп берді. Ол Жүсіп әкесінен (атасынан) естіген екен.

– Иманәлі әкеміз – молда болған. Әкесі Жақып пірадар, сопы болғандықтан, әкенің жолын бір баласы ұстаған ғой. Молда болғанмен, ақжелең жүріс-тұрысы бар дегендей… Сол Иманәлінің қолында Жақыптың «Сары ат» деген атақты жүйрік аты болған. Бір жылы Жүсіп әкем Иманәлі інісінің үйіне келсе, серілік жасап, анда мініп, мында мініп, атты әбден болдыртып тастапты. Інісіне кейіп: «Бұл не қылғаның, жануарға азар бергенің!» деп, – «Олай болатын болса, бұл жүйрік жануарды маған сат» деп, ақыры ай-шайға қаратпай інісінен Сары атты сатып алыпты. Сөйтіп, ақысына боталы түйе беріп, күлікті өзі баптапты. Бұл әңгіме солай кете берсін… Жүсіп әкем Ақбасты мен Көкаралдағы ас пен тойларда, ар жағы Шалқар мен Ақтөбенің дүбірлі думандарында Сары атты бәйгеге қосып, оздырып, талай қызығын көріп жүреді…

Бәрі де әкемнің айтуы ғой. Өзінің бес-алты жасар кезі екен. Ал Орынбасар көкесі он бір-он екіде болса керек шамасы. Шалқар жағындағы қалың Тілеу-Қабақта бір атақты ас болады. Оларды Қырдың шектісі дейді. Бізді Сырдың шектісі дейді. Екеуінің ортасында бақастық бар. Бір рулы елдің әдеті емес пе, қатар отырып, бір-бірімен шаптүртті болатын.

Содан, әлқисса, бір үлкен ас болыпты. Ол астан да бұрын, Тілеу-Қабақтың ортасында озып жүрген Ақтабан деген тәуір тұлпары бар екен. Жүсіп әкем сол Ақтабан мен Сары атты бір аста, иә бір тойда қатар салып, бағын сынаса деп жүреді екен ғой. Содан не керек, сөйткен астың реті әйтеуір бір келіпті. Әлгі асқа Сары атты екі ай бұрын жаратты дейді. Бес-алты жасар кезім, соны көзім көрді дейтін, әкем.

Ал енді ат жаратуға көзіқарақты сейіс керек. Бұл атты түнекке салып, әуелі дұрыстап бағып, семірту керек, содан соң барып терін алады. Оған бірталай уақыт кетеді. Ауыл арасындағы әжік-күжік сейіссымақтар жарамайды. Анау-мынау емес, үлкен ас. Бұл – Жақайымның ар-абыройына шабатын ат. Жан-жақтан адам іздеп көреді. Сол Шалқардың бер жағында – Құланды деген жерде бір бала бар екен. Баланың әкесі дүние салып кетіпті, өзі сейіс екен. Әкесінен үйреніп қалған үлгісі бар. Сол баланы алдыру керек деп ауыл ақсақалдары пәтуа қылады.

Ол уақытта, жан-жақтың бәрі су, теңіз. Моторлы қайықпен барып, жаңағы он алты-он жетілердегі бозбаланы алып келіп, ақысын беретін болып келісіп, қарауына Сары атты береді. Сонда сейіс жігіт: «Ақсақалдар, маған сырттан жер бересіңдер. Біріншіден – ол жерде қой баққан, мал айдаған тірлік болмайды. Екіншіден – ат жаратқан жерге ауылдағы үрген иттің даусы жетпеу керек, ауылдың қатын-қалашының қазан қырғаны естілмеу керек. Үшінші – қасыма екі бала бересіңдер» – деп шарт қойды да, Сары атты алып кетті. Бір баласы – мен, екінші баласы – Орынбасар. Әңгіменің қысқасы, айдалада ай жатады. Оңашада атпен сырласады, сөйлеседі, күндіз күтеді, түнде күтеді. Біздің білетініміз – тек аттың қасындамыз, мініп кел дейді, айналып кел дейді, шауып кел дейді, сонысын жасаймыз. Бір айдан кейін: «Ат жарады, кемеліне келді, болды!» деді. «Енді төрт аяғында болса, бұл ат шабады. Еті мен терінің ортасында ештеңе қалған жоқ. Бәрін босаттым» депті.

Ақбасты. Қалың ағайын, жұмыла жұрт. Жүсіп әкем, «Иә, сәт!» деп атының қасында тұр.

– Ал, енді мен бұл атты қалай жараттым, сендерге соны көрсетейін – деп жігіт ортаға Сары атты шығарды.

Сары ат есек сияқты, екі құлағы салбырап, сүдіні қашып, жынынан айрылған бақсы құсап, сүмірейіп қалыпты. Аттың сыртына келіп, қолымен сипап, сауырын бір бұрап, екі бұрап қайтадан қолын алып жіберді. Сонда терісі бұралған қалпында тұрып қалды. «Міне, ағайын, еттен тері ажырады» депті жас сейіс. Сөйтеді де, екі сауырдың тұсынан қос қолдап, жұдырықпен ұрып-ұрып қалады. Сол кезде Сары ат екі құлағын қайшылайды. Өстіп-өстіп бірнеше қайталап, қалай жаратқанын көрсетіп жатты. «Тек, ертоқым салатын шоқтықтың тұсынан алақандай жерді ала алмадым» депті. Онысының себебін әкем айтады: Иманәлі әкеміз серілік жасап жүрген уақытта, жануарды ыссылы-суықты етіп мініп, аттың арқасы кеткен екен ғой.

Ат әбден бабына келіп жарады. Енді тек түнде күзету керек. Сонымен жем-суын беріп, байлап бағады. Ал кешке бос қойып, түнімен өзі күзетіпті. Күзетудің мәнісі: бәйгеге шабардың алдында озатын ат, өзіне сенетін ат, алаңы жоқ, сыриып, төрт аяқты жіберіп тастап, бейқам ұйықтайды екен ғой. Шын сейістер аттың ұйқысын тыңдайды. Сейіс адам атты жаратып, бүкіл жағдайын жасап болғаннан кейін атты өзі күзетеді. Құдайы жар болса, аламан бәйгенің алдында аттың ұйқысы тыныш болады екен. Ал енді алдында сүрінетіндей жағдай болса, иә ат шошиды, иә пысқырынады, иә аяғын жинап алады. Әйтеуір бір белгі береді! Сары ат таң атқанша бейқам ұйықтап шықты дейді. «Алла, жар болсын!» деп сейіс баланы сый-сыяпатын жасап еліне қайтарыпты. Енді тек Шалқарға жету керек.

Сары ат – біздің рудың ортасында озып, бәйге алып жүрген ат қой. Шалқарға Ақтабан атпен бәйгеге түсуге бара жатыр. Жүсіп әкем әдетімен оншақты шалды ерте шығып, ауыл-елді аралап, жылы-жұмсағын жеп жүр. Асқа бір жетідей уақыт қалды. Атқа шабатын ересек бала – Орынбасар. Орынбасар көкемізді ағасының баласы – жетім бала деп анда барса да: «Орынбасаржан, мына құйрықтан асап жібер», мында барса да: «Мына майсөктен аузыңа сала ғой» деп жылы-жұмсақтың астына алыпты…

Ат шабатын күні баланы не істейді? Құлқын сәріден ерте тұрғызады да, үстіне күпі кигізеді. Күпінің сыртынан кендір арқанмен шандып, байлап барып атқа мінгізеді. Бәйгі атының шабандоз баланың ішін соғып тастамау үшін жасалатын әдіс қой. Сары ат өте биік ат, бірақ басы жұмсақ. Алдынан шеңгел кездессе де, арық кездессе де, қарғып түсе береді.

Сонымен, Орекеңді шандып байлап, «Иә, сәт!» деп жібереді ғой.

Бәйгеге ат қосу – қазақтың қанына шабатын кезі. Намыс та – сонда, аруақ шақыру да – сонда, жылау, төбелес, бәрі – сонда. Атты қосуын қосып алып, шалдар құмалақты шашып жіберіп: «Алдында келе жатыр! Алдында келе жатыр!» деп жерден қанасы қарыс көтеріліп отырады. Бір уақытта «Жалғыз қазыққа байланды, жалғыз қазыққа байланды!» деп зарланады. Сол кезде марқұм, Жүсіп әкем шыдай алмай орнынан ұшып тұрып, кезіп, жылап, қайта-қайта құмалақ салыпты…

***

Сөйле, Берік.

– Шалдардың көріпкелдігі мықты ғой: «Алдынан бір ат өтті» деп құмалақ салып, бәйге даласындағы жағдайды біліп отырыпты. Ол уақытта қазіргідей айналып шабу деген жоқ. «Шу» дегеннен көз көрмеске кетеді. «Алдынан бір ат өтті, екі ат өтті». Бір уақытта құмалақшы: «Жалғыз қазықтан босады» деді. Не болған деңіз? Жағдай былай болыпты. Сары ат көз көрмеске ұзап шығандап кетіпті. Қабақтың Ақтабаны қарасын көрмей далада қалады. Ұзап кеткеннен кейін, бірталай жерге барғанда, кешегі жеген сөк, май – осының бәрі баланың ішін ауыртады. Әбден тоғы шайқалады. Негізі, баланы әуелден-ақ атпен бірге жарату керек екен ғой. Бірақ олай болмаған. Жаратпақ түгілі, қайта тамақпен мелдектетіпті.

…Жүсіп деген әкеміз кемпірін сабайды екен. Сонда иманды болғыр: «Мына Орынбасарға тамақ берген жоқсың. Күніне үш рет тышпаған бала бала бола ма?» дейді екен ғой. Мінезді адам: «Сен жетім балаға тамақты дұрыс бермейсің» дейтіні да. Содан, Орынбасар ағамыз едәуір ұзап, біраз жерге барғанда, іші ауырады, кешегі май-сөктен маза кетеді. Сол кезде, терге шомып келе жатқан атты қаңтарып тастап, аяқтан бастап шандыған арқанды шешеді. Екіленіп келе жатқан ат, тері үгітілмей, тізгіні ердің басында, қаңтарулы қалады. Бала түгел шешініп болады. Күпіні тастайды. Содан әр бұтаның түбіне көкеміз мықшияды ғой.

…Болдым деген уақытта, бір ат өтеді. Жаңағы желаяқ Ақтабан екен. Артынан ат жеткен соң, бала жаңағы күпісін қайта киіп, арқанды орап, енді мінейін десе, жануар ұршығынан айналып, үзеңгіге аяғын салдырмайды. Дүбірге қызып тұр ғой. Өзі еңгезердей биік ат. Жармасып, өлдім-талдым деп жүріп, әйтеуір ерге қоныпты. Шауып келе жатқан атты қаңтармайды екен ғой. Тоқтаған жағдайда да ауыздығын алып жіберсең, жердегі шөптен бір-екі жұлып, талмап жіберсе, терін үгіп, арман қарай алып кете береді екен. Ал мұны қаңтарып тастаған соң тері қатып қалған. Қайтадан аяғын үзеңгіге іліп, дүбірге қосыламын дегенше алдынан екі ат өткен екен. Сары ат намыстанып, біреуінің шоқтығына аузын салып, оңдырмай жұлып алыпты. Келесі кезекте алдындағы Ақтабанның сауырына аузын салып, одан да бір жұлып алыпты. Сөйтіп, қалып-қалып, ақыры үшінші болып келіпті. Сол астан кейін Сары аттың бағы қайтыпты. Бәйгі-байрақта озып жүрген жүйрікті, өзінің сыбағалы бәйгесін алып болғаннан кейін, топқа көп сала беруге болмайды екен ғой. Жүсіп әкеміз Сары атты Шалқардағы Ақтабаннан оздырамын деп жүргенде, жануардың бағы байланыпты. Содан кейін ана бәйгеге салса да кейін келеді, мына бәйгеге салса да кейін келеді. Ақыры Сары атты бәйгеге қосуды қойыпты.

Жүсіп әкем Сары атын серік етіп, Ақтөбе, Шалқар, Ақбастының ортасында жолаушылап көп жүреді екен. Бір күні сондай жол жүріп келе жатқанында, Жүсекеңді қарақшылар қамайды ғой. Өзін байлап тастайды, астындағы атын тартып алады. Түннің ортасында босанып шығып, жақын маңдағы бір ауылға барып, адам алып келем дегенше, қарақшылар кетіп қалған екен. сүйегі мен терісі ғана қалыпты. Түнде Сары атты сойып, етін жарым-жартылай асып жеп, қалғанын алып кетіпті. «Сөйтіп, ауылға Сары аттың ноқтасы мен жүгенін ғана алып қайттым» дейді екен ғой, марқұм күлігі есіне түскенде көңілі босап.

Жүсіп деген әкеміз сондай болған – деп аяқтады Берік әңгімесін.

Құрметті оқырман, бұл Сары ат жайлы хикаяны бұған дейін Берік Жүсіптің өзінің жазуымен де ұсыған болатынбыз.

Темірхан Момбекұлы-Түркістан,
Жазушы, велосаяхатшы.
Argymaq.kz

Басты сурет: Алпысбай Қазығұлов, «Аламан»

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!