Сембіғалидың «сәйгүліктері» (ФОТО)

4783

(Суретші жайлы сыр)

Сембіғали Абзалбекұлы десем, көз алдыма оның шығармасындағы жылқылар образы келеді, көкейге Қамбар ата бейнесі қоса түседі. Ғасырлар бойында мал өсірумен, ұзара көшіп, тежеле қонумен тірлік еткен елдің ұрпағы – жануардың ішіндегі адамға ең ыстығы, қадірлісі аттың бағасын өзгеше түсініп, ерекше сезінген, жылқы мінез суретші елестейді.

Ол – еркіндік символы, ер қанаты жылқыны (түу, о баста) шығармасына кілт қылып алды да, «Сыншы», «Ертең бәйге», «Бұғаусыз тұлпар», «Аңшылар», «Сұлтан Бейбарыс», «Жалаңтөс батыр», «Кентавр биі», «Мың жылқы» деп, «Түйтенің көк шағыры» деп күллісін тізсек, ұзақ бір керуенге жүк болатын ұзын сонар картиналарының өн бойын ылғи қыл құйрықтыға толтырды. Ол картиналар өңкей бір қылаң: ақ, көк, боз, сұр, бурыл, бөрте, құла жылқыларға толатын. Ол шығармалар ылғи бір баран: қара, торы, шабдар, жирен, күрең жануарларға кенелетін. Оның аттары ахалтеке шалыс та емес, жұрт сала беретін арабы да емес, қазақтың шыдамды қаба жон тарландары, мойымас қазанаттары.

Оның аттары қозғалып бір кетсе – аяңы (жел аяң дейсіз бе, көсілген аяң дейсіз бе) білінетін, желіп бір кетсе – бөрі бүлкек пе, бұлаң құйрық па, сар желіс пе, зар желіс пе, көрініп тұрады. Шабысынан жай шабыс па, шоқырақ па, текірек пе, ағынды шабыс па байқалып тұратын. Әгәркім, тайпалап бір кетсе – жол жорға ма, қой жорға ма, жортақы ма, он екі құлаш па, су шайқалмас па, ажырата салады. Жануарды салып отырып (баяғы бала кезіндей, көзін жұмып тұрып, аттың әрбір бұлшық етін зерттеп, алақанына толтыра жентектей қысып, рахаттана сипағанындай) жұлығы қайсы, көбе, шаша, жая, сербек, сауыр, сағақ, бөктеріншек, өндіршек, төс сүріншегі қайда, құндыздығын сезіне отырып дәл, дөп салады. Мінез-құлқын таниды. Құлағын жымырайтып, мойынын төмен сала, тұра ұмтылған айғырдың да емеурінін жазбай таниды.

Оның бейнелеген жылқыларының тоқпан жілігі, төс сүйегі анық білініп, сауыры кең, қабырғалы, жоталы, бөлек-бөлек омыраулы, күшті, бауыры жазық, шідерлігі жуан болып келеді. Оның жылқылары, Абай атам айтқандайын, сүрінбей, иек қағып, еліріп басады.

Оның кенепке түсірген батырлары атқа жайдақ мінгендей құныспай (аттың ертоқымы оның шоқтығынан кере қарыс биіктеп кететіні ескеріліп), үзеңгіні таралғысын үзердей шірене теуіп, шалқақ отырады. Биік шоқыдай болып айбарлана түседі.

Бейнелеу әлемінде ат тақырыбын айналдырған, кешегі «Батырлар жырын» көркемдеген Константин Барановтан тартып, бүгінгі Жұмақын Қайрамбаев, Қалиолла Ахметжанов, Камил Муллашев, Сергей Анарбеков, Қазақбай Әжібекұлы, Досбол Қасымов, Талғат Тілеужанов, Қуат Асқаров, Нұрлан Бажиров, Қанат Шүкірбеков, Айбек Бегалин, Құрманғазы Ақашев, (оның ішінде менің де Сәйгүліктерімді), Толқын Табысбек, Оралбек Қабөкелер салған жылқыларды бір өріске қаптатса – арасынан Сембіғали мен Ақтотының қазақи, аттары жұмыр тұяқтарын жерге нық қадап, мен мұндалап ерекшеленіп тұрар еді.

…Несін айтасыз, Сембіғали жылқының әсем жаратылысын нақпа-нақ, дәл салады. Оны бейнелеу өнеріндегі «атбегі» дерсіз, «атсейіс» дерсіз.

Осы сөзіміздің дәлеліндей қылып суретші:

Менің пырақтарымның төркінін іздесең (жалтырақ альбомдардан емес): шабдардың шабынан, шұбардың шаңынан, ақтаңгердің таңынан, құбақанның құлағынан, ақтанаудың балағынан, азбанның шоқтығынан, шағырдың шашасынан, сәуріктің сауырынан, бестінің белінен, жабағының жаңбырлығынан, қулықтың қынабынан, керқұланың қылынан, торының тұяғынан, сандалбоздың сағағынан, бурылдың борбайынан, теңбілкөктің төбелінен, Сембіғалидың тақымынан ТАБАСЫҢ! Таппасаң, парқы жетпеген: «ӨЙ бозкөтен ШІРІКСІҢ, жігіт емес мігітсің» дейтін үлкендер енді біз боп қалдық, – деп бір кетеді.

Тіпті, оның асау үйретіп, аяғына бүкпе салып жүрген, студент кезінде жазған «Менің әкемнің аттары» (1987 ж.) Мәскеу қаласындағы Шығыс халықтары музейінде сақтаулы тұр емес пе?

Жеңіс Кәкенұлы, суретші.

«Саңлақ суретші» мақаласынан ықшамдалып алынды

Фото: Сембіғали Смағұловтың жеке қорынан

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!