«Елбасы кубогы» Бекболаттың Бақторысына бұйырды (ФОТО)

2735

Бүгін Елорданың жанындағы «Қазанат» атшабарында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атындағы кубок өтті. Бәйгенің төрт түрінен өткен жарысты Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі, Ұлттық спорт қауымдастығы және Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі бірлесіп ұйымдастырған.

Бәйгенің төрт түрінен сынға түскен саңлақтардың алғашқы легін жорға жарысы бастады.

Еліміздеің түкпір-түкпірінен келген мамыраяқ майпаңбоздар мен бота тірсек сужорғалар 1 млн 800 мың теңгені сарапқа салды.

7 шақырым қашықтыққа сусылдаған 10 жорға жер танабын қуырып, қайсысының жорғасы қатты, қайсысының тірсегі берік, діні мықты екенін танытты.

Сонымен мәре сызығын кескен 10 жорғаның үшеуіне жүлде бұйырды:

1-орын Солтүстік Қазақстан облысынан келген «Филипс» есімді жорғаға бұйырды. Петропавл қаласындағы «Құлагер» атшабарына тиесілі жорғаның бапкері – Аягөз Бикенова. Қанжығасына 1 млн теңге байланған «Филипсті» тақымдаған шабандоз – Евгений Чибисов.

2-орын тағы да Солтүстік Қазақстан облысынан келген жорғаға бұйырды. Бұған дейін де бірнеше рет жүлделі орыннан көрініп жүрген танымал жорға – «Реванш» әлі де бабында екенін көрсетті. Ирина Кизирова тақымдаған бұл тайпалма Арман Қабдоллаевтың меншігі. Жорғаны баптаған бапкері – О. Потошкина. «Реванштың» қанжығасында – 500 мың теңге жүлдесі бар.

Алғашты үштікті түйіндеген Ақмола облысы Бұланды ауданынан келген «Эдельвейс» атты сусылдақ. Қанжығасына 200 мың теңге байланған «Эдельвейсті» Жайлиев Фархат тізгіндеген болатын. Григорий Матюхтың жорғасының бапкері де Фархаттың өзі.

Жорғадан кейін бәйге жолына құнандар шықты.

9 шақырымда бақ сынайтын 24 құнаннан мәре сызығын кескен алғашқы үш құнанға жүлде берілді. 3 млн 200 мың теңгені сарапқа салған құнандар өз шама-шарқынша көсілді.

1-орын: 5-нөмірлі Жақсылық Серікжан тақымдаған «Талхиз» атты байтал. Алматы облысы Жамбыл ауданынан келген торы байтал Сұлтан Жоланұлының жүйрігі. Бапкері – Ноқатай Нұрдәулет. «Талхиздің» қанжығасында 1 млн 500 мың теңге жүлдесі бар.

2-орын: 11-нөмірлі Сүлетай Нұрболат тізгіндеген «Бабур Амир» есімді құнанға бұйырды. Бұл да Алматы облысы, Қарасай ауданынан келген. Ағылшын тұқымды торы құнанның иесі – Ержан Майлыбаев. Бапкері – Еділ Хұсайынов. «Бабур Амсирдің» жүлдесіне бұйырғаны – 1 млн теңге болды.

3-орын: 20-нөмірлі Олжас Әбдіхамит тақымында ойнатқан «Заманай» атты құнан. Алматы қаласынан келген ағылшын тұқымды қаракер, құнан «Нұр-Ай» шаруақожалығына тиесілі. Бапкері – Ержан Ақтасов. «Заманайдың» бәйгесіне 700 мың теңге берілді.

Құнан бәйгеден кейін кейбіріміз «топ бәйге», кейбіріміз «кіші аламан», тіпті біріміз «тоқ бәйге» атап кеткен жақын қашықтықтағы (16 шақырым) топ бәйге өтті.

27 ат бақ сынаған топ бәйгеде жүлде қоры – 4 млн 550 мың теңге болды. 16 шақырым қашықтыққа сүрінбей жетіп, сүрлікпей өтуді тілеген атбегілер өзінің үкілеген үмітін бәйге алаңына шығарды. Алғашқы 4 атқа бәйге берілген топ бәйгеде топ жарған бес ат төмендегідей:

1-орын: 3-нөмірлі Байқұрман Сабыржан тізгіндеген «Қарлығаш». Алматы облысы Қарасай ауданының Тұрар ауылынан келген таза қанды торы байтал. Ат иесі әйгілі атбегі Секенай Бөбекбай. Атты баптаған бапкер – Болат Бөбекбаев. «Қарлығашқа» 2 млн теңге көлемінде жүлде берілді.

2-орын: 12-нөмірлі Қасиет Арыстанбай тақымдаған «Ақшолпан» атты жүйрік. Маңғыстау облысы, Ақтау қаласынан келген бес жасар ағылшын тұқымды торы бие. Жүйріктің иесі Шадрах Ермекбайұлы, бапкері – Алмас Шугуров. «Ақшолпанның» жүлдесіне берілгені 1 млн теңге болды.

3-орын: 5-нөмірлі Жақсылық Серікжан тақымында ойнатқан «Беріктас» атты сәйгүлік. Алматы облысы Жамбыл ауданына келген таза қанды қаракер бесті Сұлтан Жоланұлына тиесілі. Ат бапкері – Ноқатай Нұрдәулет.

4-орын: 21-нөмірлі Айсұлтан Сағынбек мінген «Әсем-ай» атты бедеу. Алматы қаласынан келген таза қанды дөнежін байталдың иесі – Жапар Бекайдар. Ат бапкері – Арал Сатаев. «Әсем-айдың» қанжығасында 500 мың теңге жүлдесі бар.

«Тойдың көркі – аламан» дегендей, бүгінгі дүбірлі бәйгенің қызығы да аламанда. 31 ат бақ сынаған бәйгенің қашықтығы – 25 шақырым. Айтулы жүйріктер келмесе де, 124 тұяқ астана төсін дүбірге бөледі. Бас жүлдеге тігілген 5 млн теңге үшін барын салуға келген жүйріктердің арасында бұрыннан танылған Қарағандының «Бақторысы», Алматының «Қараторғайы» мен «Қаракөзі», «Үшқоңыр» мен «Нұртөбелі», Нұр-Сұлтанның «Бұйрығы» мен Оралдан келген «Бекторы», Жамбылдың «Нұрисламы», Алматы облысының «Жетісуы» мен Павлодардың «Сенімі» қатарлы дәмелі жүйріктер бар.

Алғашқы 7 жүйрікке жүлде берілді. Мәре сызығын 30 аттан 12 ат кесіп өтті.

7-орын: 15-нөмірлі Ділдахан Бекзат мінген «Асутор» атты жүйрік. Алматы облысы Қарасай ауданы Тұрар ауылынан келген таза қанды торытөбел байтал Сұлтан Жоланұлына тиесілі. Ат бапкері – Ноқатай Нұрдәулет. «Асутордың» қанжығасында – 100 мың теңге жүлдесі бар.

6-орын: 24-нөмірлі Олжас Абдихамит мінген «Көкойнақ». Алматы қаласынан келген ағылшын тұқымды көк ат «Нұр-ай» шаруақожалығына тиесілі. Ат бапкері – Ержан Ақтасов. «Көкойнаққа» бұйырмаған жүлде – 300 мың теңге. Бұйырмаған деп отырғанымыз, «Көкойнақ» мәре сызығын өтіп барып жығылды. Сол жығылғаннан жануар қайтып басын көтере алмады. «Бәйгеден келіп өлген жүйрікте арман жоқ!» дестік бәріміз.

5-орын: 21-нөмірлі Нұрбай Нұраид тізгіндеген «Болашақ» атты жүйрік. Қарағанды облысы Қызылжар стансасынан келген 7 жасар таза қанды күрең қасқа айғырдың иесі – Бекзат Әйнекбаев. Ат бапкері – Жамбыл Бөбекбай. «Болашақтың» қанжығасында – 500 мың теңге жүлдесі бар.

4-орын: 3-нөмірлі Байқұрман Сабыржан мінген «Үшқоңыр» атты жүйрік. Алматы облысы Қарасай ауданының Тұрар ауылынан келген таза қанды қарагер бестінің иесі әйгілі атбегі Секенай Бөбекбай. Атты баптаған бапкер – Болат Бөбекбаев. «Үшқоңырға» бұйырған бәйге – 750 мың теңге.

3-орын: 27-нөмірлі Бақжан Айдаралы тақымдаған «Керіауыз». Нұр-Сұлтан қаласының атынан шыққан таза қанды торы дөнен Нұрдәулет Әкімжанов пен Азамат Бегалиннің аты. Бапкері – Мақсат Таукенов. «Керауыздың» қанжығасында 1,5 млн теңге жүлдесі бар.

2-орын: 16-нөмірлі Нұрбек Абилайымов тізгіндеген «Қасиет» атты жүйрік. Алматы облысы Қарасай ауданынан келген таза қанды бес жасар күрең биенің иесі – Мәди Оразалиев. Атты баптаған – Ерлан Тұрсынәліұлы. «Қасиет» екінші орын үшін 2,5 млн теңге жүлде алды.

1-орын: 9-нөмірлі Мейірлан Нұрболатов мінген «Бақторы» атты жүйрік. Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданынан келген таза қанды торы жүйрік ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеуханға тиесілі. Атты баптаған – Бөбекбаев Болат. «Бақторы» 5 млн теңге және арнайы кубокке ие болды.

Сонымен 2020 жылғы карантиндік режимді сақтай отырып өткен «Елбасы кубогы» аламан бәйгесінде бас жүлде, яғни «Елбасы кубогы» Бекболаттың Бақторысына бұйырды.

Ержан Жаубай

baq.kz

1 comment

  1. ОқырманҚауым 20 октября, 2020 at 21:24 Ответить

    Арғымак сайтын ұялы телефонға программа ретінде жетілдірсеңіздер нұр үстіне нұр болары сөзсіз!

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!