Қазақ енді атқа мінген қазақтан қорқатын болды ма?

2858

Балконына мемлекеттік Туымызды ілгені үшін айыппұл төлеген жігіт бәріміздің есімізде. Сол кезде бәріміз де, «Ойбай, рухымызды көтерер Туымызды балконымызға іле алмасақ, онда неге керек ол Ту?» деп шулаған едік. Оспадарсыз бораттың әрекеті біздің мемлекетке ес жиғызды.

Осы елдің азаматы ретінде, осы мемлекетпен, Тумен мақтана алатын азамат ретінде Көк байрағымызды рухани, мәдени шараларда, жекелеген азаматтар өз үйінің төріне ілуге рұқсат беріді. Иә, рұқсат берілді. Бірақ ол – Туды қорласын, табанға таптап, мусор тасысын деген сөз емес!

Осы Туды патриоттық мақсатқа пайдалануға Президент жарлық шығарған сәттен бастап, елдің еңсесі көтеріліп, Көк байрағымызды көкке желбіретуге құлшындық! Бала көңіл халық едік, әке-шешесі тыйым салған ең қымбат ойыншығын қолына ұстатқан сәбидей мәз болдық! Біздің де ел қатарлы Көк туымызды көтеріп, көптің алдында көкірек керіп жүре алатынымызды көріп мәз болдық!

Алайда… алайда, «Қыз Жібек» фильмінде Қыз Жібектің Бекежан мен Төлегенге, «Ер азамат, бір елдің өліп-талып көрген аз қызығын бір көш бойына жеткізбедіңдер-ау» – дейтіні бар еді ғой. Біздің елдегі кейбір азаматтарға да осы сөзді айтқымыз келеді. 30 жыл Тәуелсіздікте Көк туы өз қолына енді тиген қарапайым халықтың аз қызығын бір айға да жеткізбедіңдер ғой?!

Иә, Туды қолдануға рұқсат берген сәтте Солтүстік Қазақстандағы намысты жігіттер жиналып, «Менің Туым – менің Отаным» челенджін бастады. Рас, өзге бұқара «байрактар» ұшырып, тапқаны танкі мініп, таппағаны тапаншамен қаруланған қазіргі заманда атпен соғысып береке таппаспыз (беті аулақ!). Десе де, қарсы келген ата жауын қойып, қойынындағы қатынының бетіне тік қарауға жасқанатын бүгінгі кей мәлжубастың көкірегінде қалған, санасында сартап болған рухқа дем берсе, несі жаман?!

Бекерде «қазақ жылқы текті», «қазақ жылқы мінезді», «әлемде алғаш болып жылқыны қолға үйреткен біздің ата-бабаларымыз» деп күпініп, көудені үшкір таспен ұрғанда көкіректеріңіз ала қаптай болушы еді ғой! Енді неге қолына Ту алып, астына тапқанын, (иә, тапқанын мініп жүр бәрі) мініп, өлімсіреген рухына жуалдыз шаншып отырған ағайынды неге күстәналадыңыздар?!

Тіпті, қызды-қыздымен «аттың теріне обал, қыста үсіп кетпей ме?» деп жатырсыздар. Жанашырлықтарыңызға рахмет! Әуелі сол аттың қасына барып, алдына бір уыс шөп тастап көріңіздерші, содан кейін айтарсыздар ақылдарыңызды!

Осы орайда әлеуметтік желіде атқа мініп, Ту көтерген қазақтарға қарсы келмеулеріңізді сұраған бірнеше жазба жарияланды. Соны назарларыңызға ұсынайын.

 

Марат Тоқашбаев, ардагер журналист. Атқа қонғандарды айыптамайық!

Соңғы тәуліктерде жалау көтеріп атқа қонған қалың қолды айыптаған түрлі жазбалар көбейіп кетті. Көпшілігі авасында суреті жоқ титушкілер. Қазақтың бар екендігін, тірі екендігін білдіріп челендж жасаса несі айып?!

Солтүстік жерлерімізді қорғауда қаладағы қазақтар тым-тырс жатқанда ауылдағы жігіттер атқа қонса сол айып па екен?! Мұндай акция басқа түгілі мәшинесіне георгиев лентасын таққан өзіміздің орекеңдер үшін де сес. Олардың көпшілігі құдай оның бетін аулақ қылсын, ресейліктер қазақ жеріне басып кірсе дереу “зеленный человечек” болайын деп тұр. Аттылылар акциясы қазақтың ондай сепаратизмге жол бере алмайтынын аңғартады. Міндетті түрде қарсыласу қозғалысы болатынын ескертеді. Әдетте орыстар “грубый силадан” басқаны мойындамайды. Сондықтан мұндай акциялар өте орынды! Әсіресе, казак-орыстар әскери форма киіп көшеге шыққан күндері, мысалы 9-мамырда ту көтеріп, атқа мінген қазақтар кәдімгідей әлгілердің есін жинатар еді.

Ал сайлау күні Алматыда сегіз сағат көшеде тұрғандарға сонау 330 шм жердегі Нарынқолдан атпен неге жетіп келмедің деу ағаттық! Әрі екеуі саяси тұрғыдан екі бөлек оқиға. Сегіз сағат тұрғандар билікке наразылығын білдірді. Ал атқа қонғандар орекеңдердің сепаратистік пиғылдарына тосқауыл қойды. Ұлт үшін екеуі де маңызды.

Баяғыда әйгілі демограф Мақаш Тәтімов “Бізге жұмысшы болса да, қылмыскер болса да қазақтың саны керек, сан болса сапа да болады” деуші еді, сол айтпақшы, атпен шықса да, жаяу шықса да, ұшақпен шықса да солтүстік көршілерге айбар көрсетілгені дұрыс! Әрі мұндай наразылық Астана ма, Алматы ма, Нью-Йорк пе қай жерде өтсе де қазаққа қымбат!

Сондықтан қазақтың абыройы үшін атқа қонған жігіттерді қолдайық! Қолдай алмасақ, ең болмаса оларды айыптап титушкілер құсап кері пікір туғызбайық!

Сағындық Сәбитұлы, журналист: Атқа мінген жігіттің арқасы қозып, рухы оянатыны шындық!

Қазақ атам – «аттан түсіп амандас, сөйлес»-деуі бекер емес. Атқа мінген жігіттің арқасы қозып, рухы оянатыны шындық. Әсіресе, мынау біздің Қызылжар өңірінің аз қазағы, бар қазағы дүр сілкініп, атқа мініп, көк байрақты желбіретуі, доқ көрсеткендерге «мен бармын, бұл жердің иесі мен, атамнан қалған мұра, тоқымдай жерімді бермеймін де, бастырмаймын да, басындырмаймын да!»- дегені. Сондықтан, қолыңнан бар келетіні атқа міну мен деп шымшылап мысқылдап, кесірлене кекету жөн емес. Иә, біз азбыз, бірақ бармыз! Мынау теріскейдегі Шал ақын ауданының жігіттері атқа мініп, байрақты көтерген сәті. Тарихтан аз-мұз хабары бар адам Шал ақынның –Тілеуке, оның әкесі атақты Құлеке батыр екенін біледі. Осы жерде отырған әр қазақтың баласы үшін атадан қалған жер мирас, аманат! Жігіттер аманатқа адалмыз деп шығып отыр! Қыртып, пернетақтаны тарсылдата бергеннен гөрі, сіз де ұлтқа пайдаңызды тигізіңіз! Ал, біздің азаматтардың бас көтеруі – елсүйгіштігінің белгісі, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына тартуы!

Ербол Жанатұлы, журналист. Туды ұстап көр бірінші!

Жаяу тұрып. Сан ғасыр атойлаған бабаларыңның істеген амалдарының, әрекеттерінің қалыбы клеткаңда ақпарат боп жазылған. Сол оянады. Ту – елдіктің символы. Біздің ел бола алмай қалған жеріміз жоқ арғы тарихта. Енді атқа мініп, ту алып көр. Арқаның асау желі алай бір, бұлай бір туыңды шайқағанда аруағыңды қозғайды. Енді ту ұстап, ұрандап, атпен шауып өт. Мына үскірік аяздың өзін сезбейсің қаның тулағанда. Сөйтіп сенің бойыңда тарының түйіріндей рух болса, ұлтшылдық болса, соның оянады. Рас, дрондар, безпилотниктер заманында елді атқа мініп қорғай алмайсың. Бірақ ешкім атқа мініп соғысқа шыққалы жатпағанын тағы ескер. Бұл бір қалғыған рухты оятудың амалы деп біл. Істеп көр. Соның өзіне желкеңде тартып тұрған бәлең жібермесе, онда басқаша да еліңді қорғауға қолың бармайды, бұтағың тұрмайды. Қазақтың атқа мінгені – таққа мінгені. Атқа мінген қазақ ханға сәлем бермейді. 5 мың жыл бұрын осы далада алғаш адам баласы – соның ішінде біздің бабаларымыз жылқыны қолға үйретіп, бүкіл Еуразияны уысында ұстағаны тарихтан белгілі.

Сол бес мың жыл патшалық құрған рух оянсын. Беліңде болса да! Сол күні бәлкім біреуі әкенің белінен ананың құрсағына көшер. Бәлкім он айда осы елге іңгәлап келіп қосылар. Бәлкім, сол азамат ана Байрактар құсаған технократ болып, бізге шын тәуелсіздік сыйлайтын жол табар. Қайтесіңдер, аттың терін, ердің белін аяйсыңдар ма?! Шықсын! Шапсын! Сосын әлгі сақ бабаларымыз ұзақ жорықтан келгенде құлдары көтеріліс жасап, майданда ырық бермей бара жатқанда “бұлармен қылышпен емес, қамшымен соғысыңдар” деп, ақыры қамшының дыбысын естігенде құлдардың құлдығы есіне түсетіні бар ғой аңызда. Ол да бойындағы құлдық ақпараты оянғандықтан. Біздің елдегі аққұлақтардың да бойында бар сол бізге бағынышты кезіндегі мәліметі. Мен орыс ауылында өскен баламын. Көп қырылып, көп тәжікелестік.

Сонда бір байқағаным, күндіз ауыл көшесінде күпірейіп жүретін аққұлақтар кешке мал күтіп аларда біз бір-бір тай мініп шыққанда бар ғой, жүні жығылған мысықтай бола қалатын. Бекер емес. Ат көрсе айбыны қашады бұлардың. Ат мінсек айбарымыз тасады біздің. Аттан түскеннен кейін ғой жігеріміздің жасығаны, жібегіміздің түтілгені. Аштықты бастарда Голощекин әуелі жылқыны қырғанын білесіздер. Қойды неге қырмады? Неге жылқыны?

Чатта отырып сынау оңай, атқа отырып шығуға да жігер керек. Бастаған екен, бетінен қақпайық. Болар елдің жігіті бір-бірін батырым дейді. Арқасынан қағып, арқаландырайық. Олар да біледі, соғыс болса, атпен шықпайтынын. Өздері түскен еңсесін көтергісі келген шығар. Қайтесіңдер?! Шықсын, атойласын!! Ұран салсын! Ақырсын! Аруағын шақырсын! Ең жоқ дегенде анаау көмбе қыраттарда жатқан кешегі Кененің әскері, Абылайдың аламандары ұрпағының дүбірін естіп, бір аунап қалар!

Әсет Оразхан, әлеуметтік желі қолданушысы: Бұны жандандыру керек!

…Әнебір қаруын асынып жыл сайын шеру өткізетін тобыр бар ғой. Бөтен елдің әскери киімін киініп, жылда шеру ұйымдастыратын. Сол сорлыларға ләм дей алмайтын игі жақсыларымыз, Қазақтың жігіттері атқа мініп, көк туды желбіретіп шығып еді, мазақтап, күлкіге қарық болыпты. Айтыңызшы, кімді келемеждеп күліп отырсыз? Кімді мазақтап отырсыз? Өзіңіздің бауырыңызды ма? Қазақтың баласын? Әй, анау жоғарыдағы айтылған тобыр жаяу жүреді. Кірестін, жалауын, тағы бір нәрселерін көтеріп. Ол жалауы тағы баяғыда құлаған кәмөнес империясыныкі. Неге соларды мазақтамайсыз? Біле білсеңіз, сол атты жігіттерді көріп, кешегі оттаған боқ жегір ресейдің шовиктері көттері дірілдеп қорқып отыр. Болар елдің баласы бірін бірі батыр дер. #Жарайсыңдар_жігіттер! деуге аузың қисайып қалды ма? Әлде астына мінген аттың терлеуін жуу мен жем-шөбін салу сенің мойныңа артылды ма? Ол атты осындайда мінбегенде, атасының басында міне ме? Қайта осы нәрсені жандандыру керек. Жыл сайын осылай шеру өткізіп тұру керек. Дұшпаның үркіп, досың сүйсінеді. Әрбір осындай қазақылықты жандандыратын салт дәстүрді көтермелеп, мақтап, дем беріп отырмасақ, онда қазақылығымыз, әр қазақ менің жалғызым дегеніміз қайда?

Бақытылы Бекбергенова, ұстаз: “Ана кішкентай балапанның жүрегінде ұлтшылдық сезімі оянды-ау” деп риза болдым

Атқа мініп көк Туды желбіретіп жүргендерді жабыла жамандап жатқандарға таң қаламын. Жылт еткенді жамандауға қалай дайын тұрамыз? “Неге алаңға шықпайсыңдар? Неге қазақтың мұңын айтпайсыңдар?” деп атқа мінген қазақтарды жаппай кінәлау басталды. Біздің елде алаңға шығумен мәселе шешілмейтініне көзіміз жетті ғой.

Орыс шовинистеріне наразылық ретінде шықса да, қазақ атқа мінді ғой әйтеуір.

Қазақтар атқа тек мал бағу үшін ғана мінетін болып қалып еді ғой.

Көк Туымызды желбіретіп ұстай алмайтын едік қой. Туды көшеге ілсең, жүздеген мың айыппұл төлейтін едік қой.

Қазір, Аллаға шүкір, туымызды желбіретіп көшеге алып шығасың ба, үйіңнің ауласына ілесің бе, ерік берілді ғой.

Желбіреген байрақ адамға күш береді. Ал атқа мініп, ту ұстаған қазақтың рухы көтеріледі. Атақты Сүйінбай ақынның

Бөрілі менің байрағым.

Бөрілі байрақ көтерсе,

Қозып кетер қайдағым! – деген өлеңі бар емес пе? Сол өлеңде айтылғандай байрақ көтеріп, атқа мінген қазақтар біздің рухымызды көтерді. Жастардың жүрегіне рух берді, кеудесіне күш бітірді.

Ту көтеріп, атқа мінген қазақтардың бір видеосында ту көтерген жігіттердің жанында бір кішкентай бала жабағысын қамшылап шауып барады. Сол видеоны он рет көрдім-ау. “Ана кішкентай балапанның жүрегінде ұлтшылдық сезімі оянды-ау” деп риза болдым.

Ендеше рухтанып атқа мініп, мемлекеттік Туымызды дәріптеген қандастарымызды жамандап, сағын сындырмайықшы.

Керісінше, желтоқсан айында тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында ел азаматтары түгел ту алып,атқа қонса қандай жақсы болар еді?!

Ержан Жаубай, Argymaq.kz

Басты фото: Константина ВИШНИЧЕНКО

2 comments

  1. Дидар 15 Қаңтар, 2021 at 00:22 Жауап беру

    Аттан түспеген қазақ қашанда биік. Рухты намысты азаматтар барында. Сырттан сөз айтқандар тізгінді қолына алып көрсе алдымен, ту ұстап, тұлпар мінген әр қазағым рухтана берсін.

  2. Сәрсенбек 15 Қаңтар, 2021 at 17:46 Жауап беру

    Атқа қону деген жөні бөлек дүние ғой, бұлардың жүрісі бос жүріс. Көлігіне не балконына ту қыстырып алғанан. Қолындағы қоқысын урнаға апарып салған адамнан нағыз патриотизмді көруге болады өз ойым. Ал мына кісілер қолына бір бір күрек алып жалғыз бастылар мен мүгедектердің ауласын қардан тазартып берсе вот бір шаруа бітірер еді.

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

error: Content is protected !!