Жылқышы қыздың елесі

1220

(Мистикалық әңгіме)

Сәрікті жайлауын қыстап қалатын он шақты түтін жылқысын тебінге бірге жіберіп, әр үйден бір адам кезекпен бағатын. Үйір-үйір жылқы бір-біріне қосылмай бір атырапта күпсек қарды теуіп, қашан қыс қыспаққа алғанға дейін далада жайылатын.

Бір күні кезек Алтай ақсақалға келеді. Түскі асын ішіп қайта барса, Сәменбектің қара айғырына бір қыз мініп жүр екен. Алғашқыда «Бұл кім болғаны? Көршінің баласы шығар» деген ой келеді. Артынан «Оның мұнда несі бар» деген ойға тағы қалады. Не де болса қасына барып көрейін деп жотаны өрлеп шықса, жылқылар сайға қарай тебіндеп кетіпті де, бағана ғана көрінген қыз ізім-ғайым жоғалып, қара айғыр өзі ғана тұр. Ақ қарда адамның көзі бұлдырап, неше түрлі бейнелер көрінуі ғажап емес қой. Кейде топ ши қасқыр сияқты боп көрініп, мылтық оқтағандар да болыпты. Алтай ақсақал мұны сондай жайдың біріне балайды да жылы жауып қоя салады.

Ертесінде жылқы бағуға Сәлменбектің өзі шығады. Жылқыны ықтасынға қайырып тастап, қасқыр ішігіне оранып, қарды нығыздап алып, атының шылбырын астына басып жата кетеді. Ақ даланың төсін бұрқылдатып тепкен тұяқтың дыбысы мен жылқылардың пысқырған дауысын естіп көзі ілініп кетсе керек, бие сауым уақыт жатқанын өзі де білмей қалады. Түс көреді. Түсінде жылқыға қасқыр тиіп жатыр екен. Көк тайдың сауырына жармасады, тісі батпайды. Дауыс салып айқайлайын десе үні шығар емес. Мылтығын қолына алып шүріппені басқанымен, атылмайды. Көкжал семіз қара айғырдың тақыр шабынан алмақ болып әрекет еткенімен онысынан ештеңе шықпайды. Қара айғыр теуіп, тістеп, үйірге жолатпайды. Қолын сермейді, айғайлайды, сөйтіп арпалысып жатқанда оянып кетеді. Басын жұлып алып, жылқы жаққа қараса, бағанағы қасқыр жегелі жатқан айғырдың үстінде біреу отырғандай болады. Өз көзіне өзі сенбей, жайлап орнынан тұрып жылқыға жақындайды. Қанжығадағы мылтығын еппен алып қайта қараса, әлгі көрінген сұлба жоқ, қара айғыр өзі тұр.

Кеште үйіне келгеннен кейін көрші-қолаңды шақырып, бүгінгі көрген-білгенін түгел баяндайды. Сөйтсе, мұндай жағдайды тек Сәлменбек пен Алтай ақсақал ғана емес, өзге жылқышылар да көргенін, алайда «қорыққанға қос көрінеді» дегенге сайып, жұртқа естіртуге ұялып жүргендерін айтады. Біреуі: «Жылқы иесі Қамбар ата болуы мүмкін» – дейді. Енді біреуі: «Елсіз жерде жын-шайтан көшеді. Солардың ойнап жүрген баласы да» – дейді ойын-күлкіге айналдырып.

Бірақ Сәлменбектің келіншегінің ойы арыда болатын. Екі жылдың алдында айдың-күннің аманында жарық дүниемен қоштасқан бойжеткен қызының елесі деп ойлайды. Көршілер сол мезетте Гүлбәданы есіне алып біраз үнсіздікке шомады. Биебау кезінде құлын тартып тұрған талдырмаш нәзік қызды осы қара айғыр қос аяқпен теуіп жазым қылмап па еді. Дәрігер келгенше әлдеқашан жүрегі тоқтап қалған қыздың қайғысы бұл отбасына ауыр тиіп еді. Сонда «Малдан өш алудың орны нешік, дәм-тұзы таусылып, жазмыш солай болған шығар» – деп тоқтау айтқан болатын жұрт.

Көршілер «жылқышы қызды» бірден Гүлбәданың елесіне жориды. Ертесі түсте барлығы жиналып, он екі де бір гүлі ашылмай арманда кеткен қыздың басына барып құран бағыштап қайтады. Алайда елес-қыз топ жылқыны айналсоқтап жүргенін қоймайды. Қар қалың жауып, кейін жылқылар қолға қарайды.

Сәлменбек жазда қара айғырды саудагерлердің үлкен жүк көлігіне салып береді. Бір ғажабы, олар қозыкөш жер жүрмей жатып машинасы бұзылып, айғырды алып кету қиынға соғады. Қалай амалдаса да бір жөнін келтіре алмайды. Қара айғырда бір тылсым күштің барынан алыс-жақындағы ел түгел құлақтанып, тіпті оны көру үшін келетіндер де болыпты. Өзін айналсоқтаған көп адамды көрсе құлағын жымырайтып, басын жерге салып қуатын көрінеді.

Сол жылы оны соғымға соямыз деп дайындалып жатқанда, аяқастынан үйірді тастап кетіпті. Айналаны түгел тінтіп қарап, еш жерден таба алмайды. Алысқа ұзап кетуі тіптен мүмкін емес. Сөйтіп оның орнына жирен қасқа биені сояды.

Өлілер мекеніне құран оқуға барғандар боз тұманның арасында бір жылқының жүргенін байқапты. Әлгі жылқы өзіне жақындаған сайын алыстайтын көрінеді. Қара айғыр енді қыздың бейтін айналсоқтап жүрген сияқты.

Бектұрған Лақадыл

Argymaq.kz

Басты фото: thedigestonline.com

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!