Қаржаубай САРТҚОЖАҰЛЫ, Қадыл АЙДАУБАЙҰЛЫ. Жүйрік аттың сыны

16533

Қазақтың қара домалақ балалары аяғын басысымен-ақ шыбықты ат қып мініп, қолына бишік ұстап, асыр сап, ат болып жарысып, кісінеп ойнайтындығы баршаға мәлім. Бұл көрініс халқымыздың қанында жылқы рухы мәңгі сақталып, біте қайнасып қалғанының айқын куәсі іспетті.
Ат жалында өскен қазақ халқы талай мыңдаған жылдардан бері жылқыны жанындай көріп, жадында сақтаған. Оның сын-сипатын, бағым-күтімін, бабын бес сусақтың саласындай білген бай тәжірибелі халық. Бірақ жылқы да адам сияқты оның өңі, түсі, мінез-құлқы, дене бітімі, жүріс-тұрысы әр түрлі болатындықтан бір қарағанда-ақ, «мынау жүйрік» деп бұрынғының «көріпкел» сәуегейлерінше айта салу әркімнің қолынан келе бермейді. Сондықтан да әр жақты толық сынауды талап етеді. Әуелі жылқы малының семіріп жетілген кезі жаз, күздің жайма-шуақ күндерінде үйірлі жылқыны алыстан сынау керек. Жүйрік ат жылқының шетінде оқшау тұрады. Үйірдің ортасына әсте кірмейді. Егер жылқының жайылымы таулы жер болса қайткенде өр жағында болады. Елеңшіл, үнемі алысқа қарайды. Маңайына көз салмайды. Үнемі күнге қарап жайылады. Маңдайына өз көлеңкесін түсірмейді. Таңертең күн шығысқа қарап жайылса, кешке күн батысқа қарап жайылады. Күн батар алдында күнбатысқа қарап (күнмен қоштасқандай) селтиіп тұрады. Күн батар сәтте әсте жайылмайды. Іңірде немесе таңсәріде жатып жусайды. Міне, бұл алыстан сынау үшін жылқыны үркітпей-қорқытпай, абайлап немесе күндіз-түні 24 сағат бойы байқау жүріледі.

Байқау, тектеуден өткен соң шошытпай, үркітпей ұстап, ноқталап, әрбір мүшесін көзбен көріп, қолмен ұстайды. Жүйрік аттың сыртқы сынына ерекше мән беріп қарау жөн. Байқағаныңызда «үш шоқы», құлағы жалына басылмай артық шығып тұрумен қатар, кекіл сұйық, әрі көзге түспеген, үстіңгі ернінен астыңғы еріні ұзын, алдыңғы тұяғынан артқы тұяқтары үлкен, адам жақындағанда көз алмай тесіліп қарайтын болса жүйріктіктің белгісі.

Арғымақтың көз қарасына жақсылап көз салыңыз. Ол қылықты келіншектердей үзіліп қараса бағыңыздың жанғаны. Оның үстіне мінезі биязы, жуас, артқы екі аяғына салмақ салып шоңқайыңқырап тұрса, мүшелерін байыптап көріңіз. Маңдайы кең, қабырғаның сүйегі, ауыз омыртқа, арқа, қарын, көк ет, бұлшық ет, омырауы үлкен болса жүйріктің белгісі. Сонсоң жағының арасы кең (екі тізесінің арасына) екі алдыңғы аяқты қосып көргенде жұдырық еркін сиятындай, шаты кең, тістерінің арасы алыс болса, жүйрік аттың белгісі.

Жылқының ізіне көп көңіл бөлген жөн, ізі көп дүниені айтып бере алады.

1. Шауып бара жатқан немесе шапшаң жүрген аттың тұяғының ұшының ізінен басқасы толық айқын емес болумен қатар, артқы тұяқ алдыңғысының ізінің үстіне дөп түсіп жатқан болса, жүйрікке тән қасиет.
2. Егер артқы тұяғының ізі анық емес, алдыңғы тұяқтың ізі анық болумен қатар, артқы тұяқтың ізі алдыңғы тұяқтан асып түсіп жатса, онша жақсы емес.
3. Алдыңғы, артқы тұяқтың ізі ашық, айқын болумен қатар, алдыңғы тұяқтың ізіне артқы тұяқ жетпей жатса, ол шабандықтың белгісі. Міне, осы іспеттес жылқы малының сыртқы сыны көп дүниеден сыншыны хабардар етеді.

9f1a8f7afabf8d5c03eccab2e7d0f2b3Қаржаубай Сартқожаұлы,
IMG_1675

Қадыл Айдаубайұлы

(Мұқаба сурет Нармандах Шамақайдың фейзбук парақшасынан алынды)

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

error: Content is protected !!