Жолан Омаров атындағы «Жетісу жүйрігі» өтті

2655

«Ат – ер қанаты» деген аталы сөзді санасына сіңіріп өскен ұлтымыз қай уақыт болмасын ұлттық спорттың қасынан табылып, әрқашан делебесі қозып атой салатындығы анық. Дәл осындай дүбірлі дода Жамбыл ауданындағы Көкбастау атшабарында да өтті.

Тарқатып айтар болсақ, осымен бесінші мәрте өтіп отырған «Жетісу жүйрігі» Республикалық турнирі биыл марқұм Жолан Омаровтың атына беріліп, өзі тұрған өңірде жалғасын тапты. Айтулы бәйгеге еліміздің түпкір-түпкірінен шабандоздар қатысты. Жарысқа қатысушылардың басты мақсаты-оза шауып, бас жүлдені қанжығасына байлау болса, шабандоздың еркін шауып, қарсыластарын қапы қалдырып, артта тастауы ол әрине мінген арғымағында болмақ.

Дүбірлі додада 45 шақырымдық аламан бәйге, 21 шақырымдық топ бәйге, 11 шақырымдық құнан бәйге, 9 шақырымдық жорға бәйге, 5 шақырымдық тай жарысы бойынша ауыздықпен алысқан арғымақтардың бағы сыналды.

Бас жүлдеге үш автокөлік тігілсе, кейінгі орындарға 1 млн теңгеден 100 мың теңгеге дейін қаржылай сыйлықтар қарастырылды. Болат тұяқ, сымдай тартылған, бәйгеге жарап тұрған тұлпарлардың тұяғының дүбірі дүйім жұрттың делебесін қоздырды. «Ат шаппайды, бап шабады» дегендей, жүйрікттерін бәйгеге қосқандар тақым қысып, жанкүйер жандардың арқсы қозды.

Бұл жарыстың осылай жоғарғы деңгейде өтіп, дәстүрге айналуына тікелей себепші болған марқұм Жолан Омаров екенін бірі білсе, бірі білмес. Бұл жөнінде ұйымдастырушылардың бірі Алматы облыстық Ұлттық ат спортының президенті Досжанов Рүстем Әмірғазыұлы:

Бүгінгі додада тай-құнанын қосқанда 150 жүйрік бақ сынады. Жалпы бұл «Жетісу жүйрігі» турнирінің басты мақсаты – қолтума аттардың мәртебесін көтеру. Осымен бесінші мәрте ұйымдастырып отырмыз, жыл сайын айналымға бір шақырым қосып отырамыз. Биыл аламан бәйгеге 45 шақырымды межеледік. «Жетісу жүйрігі» турнирін оның құрылуына себепші болған, басы-қасында бірге жүріп, бір кісідей ат салысқан Жолан бауырымның құрметіне атадық. Осыған дейін екі рет Талдықорған өңірінде, екі мәрте Шалкөде жайлауында, биыл осы Көкбастау атшабарында өткізу бұйырып отыр. Бұл жарысты осыған дейін тек жетісу өңірінде ғана өткізумен шектелетін едік, бүгін Республикамыздың түкпір- түкпірінен, тіпті Қырғыз елінен келіп жүйріктерін қосып отыр. Алдағы уақытта халықаралық деңгейге дейін көтеріп, аясын кеңітеміз деген мақсат бар. Алғашында тек бір көлік тігумен басталған бұл дода қазір демеушілеріміздің, сонымен қатар Алматы облысының әкімінің, облыстық спорт басқармасының қолдауымен кеңейіп отыр,- деп демеушілер мен қолдаушыларға алғысын білдірді.

Айтулы жарыстағы үш автокөліктің бірін марқұм Жолан Омаровтың отбасы тіксе, бірін Ұзынағаш тұрғыны Өсербаев Мұрат, ал тағы біреуін атбегілер бірігіп тіккен екен. Ал қаржылай сыйлықтар облыстық спорт басқармасының, демеушілердің көмегінің көрінісі.

Бес шақырымдық тай жарыста Жамбыл ауданы Шиен ауылының арғымағы бірінші орынан көрініп, 500 мың теңгені қанжығасына байланса, екінші орынға Жолан Омаровтың ұлының атынан қосылған «Томирис» есімді жүйрігі оза шығып, 250 мың теңгені иеленді. Ал, Жорға жарыста мәре сызығын бірінші болып кесіп, 500 мың теңгелік бас жүлдені Шамалған ауылының шабандозы тақымдаса, 11 шақырымдық құнан бәйгегде топ жарып, «LADA Granta» автокөлігін иелеген Жамбыл ауданынан Үмбетовтер әулетінің «Тайфун» есімді жүйрігі болды.

Бірінен бірі өткен қыл құйрық тұлпарлар бәйге жолында тартысқа толы жарыс көрсетті. 21 шақырымды артқа тастап, өз ортасынан озық шыққан топ бәйгенің бас жүлдесіне тігілген «Damas» автокөлігін жамбылдық шабандоз Абзал Қайсарұлы тізгіндеді. Екінші орынға тігілген 1 млн теңгені талғарлық тұлпардың иесі Мұратхан Арнат еншілесе, үшінші орын Жолан Омаровтың ұлының атынан қосылған «Талхиз» атты сәйгүлігіне бұйырды.

Бабында тұрғанын дәлелдеп, Аламан бәйгенің бас жүлдесіне тігілген «LADA Granta» автокөлігі мен «Жетісу жүйрігі» кубогы Тараз қаласынан келіп, «Ақбақай» есімді тұлпарды тізгіндеген Асланбек Аңсар атты шабандоздың қанжығасына байланды. Екінші орындағы 2 млн теңге мен үшінші орынға тігілген 1 млн теңге Жамбыл облысы мен Қарағанды облысының жүйріктеріне бұйырды.

Желмен бірге жарысқан шабандоздар тұлпардың ауыздығымен алысып жүріп, айтулы жарысты да аяқтады. Айы оңынан туып, бағы мен бабы бірге шапқан тұлпарлардың бапкерлері марапатталып, жүлделі болғандар жеңіс тұғырының биік сатысына көтерілді.

Ұшқан сұңқардың қанаты талатын, шапқан тұлпардың тұяғы тозатын шексіз-шетсіз сайын даламызда өткен «Жетісу жүйрігі» турнирі жоғары деңгейде өтті. Алдағы уақытта да ұлттық спортымыз ұлықтала беретініне кәміл сенміз.

Айнаш Әлдибек,

«Талғар»

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!