Ахмет ТОҚТАБАЙ. Ат ойындары
Атқа байланысты ойын – сауықтардың, тамашалардың ішіндегі ерекше бағаланатындары бәйге мен көкпар. Бәйге – жүйрік аттардың бәсекесі болса, көкпар – ат пен адамның бірігіп біте қайнасқан салтаттылық үрдістің шегіне жеткен бейнесі.
«Бір ай бұрын, көктем мейрамында біз көкпар ойынының шым-шытырық таласы мен шиыршық атқан күш-қуатын көрдік. Бұл әскери ойыннан алған әсерлеріміз біздің ойымыздан әсте кетпейді. Іріктелген шабандоздар мықты аттарымен ағызған күйі шаң-тозаң бұлтымен топырлап араласып барады, бірін-бірі итеріп, тепкілескен, тістескен аттар адамдардай саналы түрде айқасады. Адам мен ат тұтастай бірігіп кеткен нағыз кентаврлар, орлардан қарғып, дуал қабырғаларын шаңдатып, суларды шолпылдатып-шашыратып, айнала шапқылайды. Мұны көргенде заманында қазақтар мен өзбектердің арғы бабалары Шыңғысхан мен Темірдің туының астында соғысып, осындай қызыққа батқан ғой деп, еріксіз ойға қаласың. Сол заманда әрине, бұл қауіпті ойын кезінде адамдар өліп, аттар ақсап қалса да, бұл дүрбелеңге қатысқандардың қимыл әрекеттері мен көңіл-күйлері асқақтап, халық рухының асыл қазынасына қосылған баға жетпес үлесі болып табылады. Бұл салттың зияны болса да, пайдасы артығымен өзін-өзі ақтайды.» («Туркестанские ведомости» газетінен)
Сырттан алғаш рет көріп отырған автордың көкпаршылардың ептілік пен ержүректілікті үйреніп қана қоймай, рух күшінің асқақтағаны қандай болады деп сүйінсе, бұл ойынды көрушілердің де, әсіресе жастардың бойын жігер кернеп батыл болсам, батыр болсам демей ме. Көкпар сөзінің көк бөріден шыққанын зерттеушілер әлдеқашан дәлелдеген. А.Қалиұлы көкпар жөнінде «Біздегі қазіргі көкпар тарту әуелде әлеуметтік мәні бар әскери машықтың қажетінен туған. Түрік қағандығы кезінде «Дербес бөрі жасақ» дегеніміз осындай жаттығудан өтіп сарапталған батырлар тобы еді. Ол қазіргі тілмен айтсақ, гвардия деген сөз. Әскер тәрбиелеудің осындай әдісі келе-келе көкпар тарту спортына ұласып, халықтық рең алып кеткен…
Көкпар тарту әсте «қасқырды кергілеп тарту» дегенді білдірейді. Қайта, «көк бөріше кергілеп тарту», «көк бөрідей үстем шығу», «көк бөрідей ер болу» дегенді білдіреді. «Көкпар тарту» дегеннің байырғы мағынасы кең, дұрысы міне осы», — деп жазады. Автордың бұл тұжырымымен келісейін десең, көне фольклор деректерінде ертеде көкпарға көкбөрі тартқаны айдан-анық көрінеді. Екі құда Байбөрі мен Байсарының көкпарға таласқаны:
Байсарының қолынан
Көкбөріні бер деді
Көкбөріні Байсары
Құдаға енді бермеді.
Көкбөріні Байбөрі
Аламын деп егесті.
Екі байың ерегесті
Көкбөрі үшін екі хан.
(Алпамыс батыр)
Алғашында тартыс құралы бөрі-қасқыр болғанға ұқсайды, біртіндеп серкеге, тайыншаға ауысқан. Алғашқы бөрінің культінен біртіндеп терісі мықты, додада жыртылмайтын ешкі малы пайдаланылған. Екі байдың неге таласып жүр дегеніне келсек, «көкбөрі қолына түскен үйге бақыт, байлық қонады» деп ырымдаған. Мүмкін көкпарға тартылған серке, тана болса, байлар таласпаған да болар еді. Әлі күнге дейін қазақтар көкбөрінің ұрпағымыз деп, қасқырдың терісін аяқ астына тастамай, төрге іліп қоятын салты бар.
Көкпарға тартылатын малға байланысты лақ көкпар, серке көкпар, тана көкпар деп бөлінеді. Ойын тәртібіне қатысатын адам санына, әдіс-тәсілдеріне қарай мәре көкпар (екі адам, екі топ серкені өз мәресіне апарып салады), алып қашпа көкпар (серкені алып қашып жеткізбей құтылып кетуі), айналма көкпар (екі жақта бір ғана белгіленген жерге серкені апарып тастау түрі). Адамның жасына орай «үлкен көкпар» және мектепе жасындағы балар тартатын «бота көкпар».
«Көкпаршылар ойын басталмастан бұрын тәртіптеріне келісіп алады. Мысалы: «орауыс жоқ» («орап шабу жоқ» немесе «орауыс бар», т.с.с.). «Орау» деп көкпарды тақымның астынан өткізіп, оның аяқ терісімен, кейде аттың қылымен ердің басына орап алатын тәсілін айтады. Мұндай жағдайда көкпарды тартып алу қиынға соғады. Көкпарды додадан жермен сүйретіп алып шығуға тыйым салынады. Көкпаршы адамның атын жетектеп тартуға болмайды, сондай-ақ бас киімсіз көкпарға жіберілмейді». (Ошанов О. «Көкпар»)
Көкпарды аптаның 1-ші, 2-ші күндерінен басқа күндердің бәрінде ойнауға болады.
Көкпар ойынын үш бөлікке бөліп «бірінші салым», «екінші салым» және үшін салым – «өгіз өлді» деп атаған. «Өгіз өлдіге» ең үлкен сыйлық берілетін. Істің аяқталатын сәтін қазақта өгізбен бітірудің ғұрыптық мәні бар. Қазақтың әдеттік құқығында ұзақ мерзімге созылған дау-шар бітіп, екі жақ бітімге келгенде өгіздің құйрығын кеседі.
Көкпарға мықты, епті, нағыз шабандоз жігіттер барады, жазда атын дайындап, күзде додаға түседі. Көкпаршылар дерек берушілердің айтуынша, тақымгер – тақымға салатын, екі жағына алма-кезек салатын болып бөлінеді. Шыңжаң қазақтарында (керейлердің – А.Т.) қыздардың да көкпарға түскені жайында әңгімелер кездеседі. Әндіжанда түркі елі тайынша тартады, басын кесіп, бір құлағын қалырып, ішек-қарнын алып тастайды. Көкпаршы мен оның атын сынау үшін ортаға құнан өгізді әкеп тастаған. Көкпаршылар құнан өгізді айналып не қыларын білмей жүргенде, Мақан көкпаршы: «Екі артқы аяқтарының тілерсектерін тесіңдер», — депті. Атпен ағызып келіп қамшыны тілерсектерден өткізіп жіберіп, алдына сарт еткізіп өңгерген. Атын аяңдатып отырып, жанында қиқулаған басқа көкпаршылар бар болыстың алдына алып келіп тастай салады. Болыс өзінің көкпаршысына риза болып, жорға атын сыйға бергені туралы деректер ел ішінде айтылады. Бұл оқиға 1890 жылы болған.
Ат ойындарын сөз еткенде біз жұртшылыққа етене таныс, бұрын зерттеліп жүрген ойындарға (қыз қуу, теңге ілу, жамбы ату, т.с.с.) тоқталғанымыз жоқ, себебі бұл ойындар жөнінде ақпарлар жеткілікті дәрежеде бар.
Көкпар мен мүше шабу (Атырау жақта кездеседі) ойынының ұқсастығы болуға тиіс. Қыз-келіншектер қыдырып бара жатқанда, жас жігіттер келіп мүше сұрайды. Қыздың жеңгесінің атын, болмаса өзін атайды. Сол мүше айтқан жігітті қуады. Мүше деп – жігіттердің қыздардан алатын кәдесін айтады.
«Тарқар мүше» ойынында елдің бір байы мал сойып қонақасы береді. Бұл ойында да көкпар мен мүшенің ұқсас екені көрінеді.
«Көкпарды тартып тойда, мүше шапты» делінеді халық жырында.
Қыз қашар ойынында құдандаласқан екі жақ қыз үшін тартысады. Қыз жағынан бір әйел қызды алдына алып құшақтап отырады. Оның артынан тағы оншақты әйел бірінің артынан бірі ұстап отырады. Алатын жақ қыздың қолынан, белбеуінен ұстап тартады, шамалары келмесе атпен келіп қызды тартады. Атқа бір жігіт тұрып қыздың белбеуінен жіп байлайды. Қыз алатын жақ белбеуден ұстап атпен тартады. Қарулы жігіт болса қызды көтеріп алып алдына отырғызады. Бәрі қыран-топан күлкіге батады. Бұл ықылым замандардан қалған, әйелдер билігі ерлер билігіне ауысқан шақтың жұрнағы деп топшылауға болады.
Қайыс тартуда мықты қайысты тұйықтап күрмеп байлаған соң дөңгелек-шеңбер болады. Екі жағынан екі салт атты аттың бауырына түсіп, екеуі екі жаққа оң қолдарымен ұстап тартады. Екеуі де аяқтарын үзеңгіге тіреп қойып, аттарының бастарын бос жібереді. Біреуі қайысты бұрап, жыға бастаса, екіншісі қайыстың астынан өтіп кететін, сөйтіп түзеліп алатын. Нағыз мықтылар қайысты бүтін айналдырып тұрып, дес бермей кетеді. Қайыс тарту нағыз қолдың күшін сынауға арналған. Қайыс тартуға қазіргі қайыстар жарамайды, үзіліп кетеді.
Қамшы тастау. Жерді сызып, салт аттыны бірнеше жүз метрден шапқылатып қоя береді. Аттың бар екпінімен келіп, қамшыны сызыққа тастайды. Қамшы сызыққа түспесе, иесіне зорлап май асатады, қымыз ішкізеді, көбінесе кінәлілер өлең айтып құтылады. Қамшы тастауға балалрдан бастап, қариялар да қатысады. Қамшыны межелі сызыққа нағыз ат құлағында ойнайтын шабандоздар ғана түсіре алады. Бұл ойын Қазақстанда мүлдем жоқ, Монғолия қазақтарында Наурыз, қымызмұрындық, сірге жияр, астарда орындалады.
Атпен табақ тарту. Өте сирек орындалатын ептілік пен батылдықты талап ететін ойын. Үлкен астарға келген қонақтарға арнап тігілген жүздеген, мыңдаған киіз үйлер бірнеше шақырымға созылатын. Мұндайда жеңіл жүрісті аттарға және жорғаларға мінген епті жігіттер табақ таситын. Бұл ешқандай ойын емес, қазан-ошақ пен киіз үйлердің қашқытығына байланысты істелген шара – мұны да атпен табақ тарту дейді.
Атпен табақ тартудың екінші түрі шабандоз ердің үстіне үзеңгісін айқастырып салады да өзі аттың үстіне шығып тікесінен тік тұрып, аяқтарын үзеңгіге салып, бір қолына табақ алады, бір қолына тізгінді ұстап аяңдап, не жорғалатып отырып құрметті қонақтың киіз үйіне келе жатады. Жанында бірнеше серіктері: «О, жарайсың, жігітім!» — деп айқайлап қоштай барады. Бұл өте сирек кездесетін салт, аса құрметті қонаққа көрсетіледі. Қонақ өз кезегінде табақты алып, шабандозға сыйлық береді. Бұл салт Арқа жақта (Ұлытау, Ақтоғай) орындалған. «Соғыстан кейін біздің елде (Алматы облысы, Кеген ауданы – А.Т.) бір үлкен той болып, сонда бір кісі атпен табақ тартуды көрсетті, 1929-1930 жылдары Балқаш жақтан ашаршылық кезінде көп ел келіп еді, сол елдің кісісі екен», — деп есіне алады Ақбас Ауғанбаев қария.
Салма – сайыстың бір түрі, сайысқа екі адам қатысса, бұған үш-үш адамнан бөлініп ойнайды. Алдымен ойынның тәртібіне келісіп, шоқпар, сойыл, қамшы, т.б. біреуіне келісіп алып, т үстінде сайысады, жеңілгендері шығып қала береді.
Ат ойындарының қазіргі таңда көрсетіліп жүргені небәрі оннан аспайды: бәйге, аламан бәйге, жорға, қыз қуу, теңге ілу, тіпті садақ тарту, жамбы атудың өзі де көрсетілмейді. Ат ойындарының көне архаикалық түрлерін іздеп-зерттеп, қайта жаңғырту қазіргі заманның талабы.
«Қазақ жылқысыныңтарихы» кітабынан